Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Qazіr

23 April 2024

14 Sháýýál 1445 Хижра

  DINI MEREKELER

Түркияда Қожа Ахмет Яссауиге арналған шара өтті

24.kz 01.02.2018 3844 0 пікір
Түркияда Қожа Ахмет Яссауиге арналған шара өтті

Ыстамбұлдағы «Топкапы» түркі дүниесінің мәдениет орталығында әйгілі шығыс ойшылы, дін қайраткері Қожа Ахмет Яссауиге арналған жиын өтті. Алқалы отырыста Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті өкілетті кеңесінің төрағасы, профессор Мұса Йылдыз ЮНЕСКО-ның 2016 жылды «Қожа Ахмет Яссауи жылы» деп жариялауына орай қолға алынған негізгі шаралар жайлы есеп берді.

Мұса Йылдыздың айтуынша, соңғы екі жылда әлемнің 8 елі мен 14 қаласында ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған 400-ге жуық ғылыми-практикалық конференциялар, семинарлар мен келелі кездесулер өткен. Сондай-ақ Яссауи ілімін өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттау мақсатында оның хикметтерінен өрілген ертегі кітаптар да жарық көріпті. Ал тырнақалды туындысы деп есептелетін «Диуани хикмет» еңбегі көру және есту қабілетінен айырылғандар үшін арнайы әзірленіп, оқырман қауымға жол тартқан.

Мұса Йылдыз, Қ.А. Яссауи атындағы ХҚТУ Өкілетті кеңесінің төрағасы: 

«Қожа Ахмет Яссауи жылы» аяқталғанымен, біз әйгілі ойшылды зерттеуді, оның еңбектерін елге насихаттауды тоқтатпаймыз. Осы күнге дейін бірқатар маңызды дүниені іске асырдық. Алматы мен Астана қалаларында мазмұнды симпозиумдар, Қырғызстан мен Әзербайжанда түркі дүниесінің зиялы қауым өкілдері мен ғалымдарының қатысуымен ғылыми конференциялар ұйымдастырдық. Болашақта да осы іспетті жұмыстар жалғасын табады.

Кемал Картанер, «Түркі дүниесі» мәдениет орталығының директоры: 

"Қожа Ахмет Яссауидің түркі халықтарының мәдени, рухани өміріндегі орны бір төбе. Ол – Анадолы жерінде ислам өркениетінің кеңінен таралып, қанат жаюына ықпал еткен тұлға. Сондықтан ұлы ғұламаның өмір жолы мен ғылыми еңбектері Түркияда ерекше әспеттеледі. Біздің орталықта «Қожа Ахмет Яссауи жылы» аясында киіз үй үлгісінде музей ашылды. Онда тайқазан мен Яссауи кесенесінің макеті орналасқан. Оны тамашалауға біздің орталыққа қала қонақтарынан бөлек ЖОО студенттері мен мектеп оқушылары арнайы келеді".


Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру