Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Qazіr

24 April 2024

15 Sháýýál 1445 Хижра

  DINI MEREKELER

ҚАЗАҚСТАННЫҢ БҰҰ ҚАУІПСІЗДІК КЕҢЕСІНДЕГІ ТӨРАҒАЛЫҒЫНЫҢ БІРІНШІ ЖҰМЫС КҮНІ АЯҚТАЛДЫ (ВИДЕО)

24.kz 04.01.2018 3911 0 пікір
ҚАЗАҚСТАННЫҢ БҰҰ ҚАУІПСІЗДІК КЕҢЕСІНДЕГІ ТӨРАҒАЛЫҒЫНЫҢ БІРІНШІ ЖҰМЫС КҮНІ АЯҚТАЛДЫ (ВИДЕО)

Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі төрағалығының бірінші жұмыс күні аяқталды. Бұл – тарихи әрі маңызды оқиға. Еліміз алғаш рет жаһандық қауіпсіздікті қадағалайтын ауқымды ұйымды басқарып отыр. Сондай-ақ бұл күн тарихта Қазақстанның жаңа бастамасымен есте қалады, деп хабарлайды 24.kz арнасы.

Ядролық қарудан бас тарту, жаһандық соғыс қаупін жою, өңірлік қауіпсіздік пен ынтымақтастықты нығайту жолында Орталық Азия мүддесін алға жылжыту қажет. Ауғанстанда бейбітшілік орнатуға жәрдемдесу, Африканы тұрақты дамыту, терроризмге қарсы әрекеттерді күшейту және БҰҰ жұмысын XXI ғасыр талабына сәйкестендіру. Дәл осыдан бір жыл бұрын, 2017 жылдың қаңтар айында Президент Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ ҚК-нің мүшелеріне өз бастамаларын ұсынып, саяси үндеу жолдаған еді. Бұл ретте Елбасының Жолдауы бірауыздан қолдау тауып, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің ресми құжаты мәртебесіне ие болды. Содан бері мемлекетіміз Қауіпсіздік Кеңесінің 250-ге жуық отырысына қатысып, маңызды құрылымының 50 қаулысын әзірлеуге ықпал етті. Ал 2018 жыл еліміз үшін саяси қарқынмен басталды. Қазақстан Республикасы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне 1 ай бойы төрағалық етеді.

Қайрат Омаров, БҰҰ жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілі:

– Бұл жұмыста бізге тек Сыртқы істер министрлігінің ғана емес, Қазақстанның басқа да мемлекеттік органдарының көмегі көптеп тиді. Бірігіп, ұжым болып жасалған игі бастаманың мәні зор. Сол себепті төрағалық етуге тыңғылықты дайындалдық. Халықаралық маңызы бар мәселелерді шешу жолында бағыт-бағдарымызды алдын ала анықтап қойдық.

БҰҰ жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілі Қайрат Омаров ұйымға мүше мемлекеттерге қаңтар айындағы төрағалық етудің бағдарламасын таныстырды. Маңызды шара Қауіпсіздік Кеңесіне қайта таңдалған тұрақты емес алты ел, атап айтқанда Кот д’Ивуар, Экваториялық Гвинея, Кувейт, Нидерланд, Перу және Польшаның туларын көтеру рәсімінен басталды. Ұйымға мүше мемлекеттерге әлемде бейбітшілік орнатып, қауіпсіздік мәселесін  оңтайлы шешу жолында қандай жауапкершілік жүктелгенін көрсетті. Қолдау тапқан еліміздің бұл бастамасы енді жыл сайын қайталанып, кеңестің дәстүріне айналатын болады. Халықаралық қоғамдастықтың назары Қауіпсіздік Кеңесінде өтетін басты үш отырысқа ұсынылған тақырыптың өзектілігіне түсті. Ол – Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өтетін жаппай қырып-жою қаупі бар қаруды таратпау мәселесі атты тақырыптық брифинг, Ауғанстан мен Орталық Азияны тұрақты дамыту үшін өңірлік әріптестік құру туралы министрлік пікірталас және палестиналық мәселені қосқандағы Таяу Шығыс ахуалы.

Қайрат Омаров, БҰҰ жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілі:

– Бүгінде әртүрлі саяси көшбасшылар мен мемлекеттер арасында сенімді серіктестік орнатуды басты назарға алуымыз керек. Онсыз ешқандай мәселе шешімін таппайтыны анық. Және қазір әлемге ынтымақтастықты арттыру үрдісі жетпей тұрғаны сөзсіз.

Қауіпсіздік кеңесінің қаңтардағы бағдарламасы ресми түрде бекітілді. Содан соң БҰҰ жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілі Қайрат Омаров тілшілерге көптің көкейінде жүрген сұрақтарға баспасөз конференциясында жауап берді. Олар Солтүстік Кореяға қарсы санкциялардың тиімділігі, Палестинадағы жағдай және Иерусалимнің мәртебесі, Мьянмадағы босқындар дағдарысы және Йемендегі жанжалдың ушығуы сынды мәселелерге тоқталды. Бас қаламыз Астанада өткен «ЭКСПО-2017» көрмесінің халықаралық қауымдастыққа тиген оң пайдасы тілге тиек етілді. Осылайша Қауіпсіздік Кеңесінде Қазақстанның алдағы уақыттағы төрағалығы жаһандағы жағымсыз жайттарды уақтылы шешуге және әлемдік ұйымның негізгі құрылымдық қызметін үйлестіруге бағытталады.

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру