Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Qazіr

25 April 2024

16 Sháýýál 1445 Хижра

  DINI MEREKELER

ТАШКЕНТ САПАРЫ: БАС МҮФТИДІҢ БІР КҮНІ (ФОТОРЕПОРТАЖ)

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ, ҚМДБ баспасөз хатшысы muftyat.kz 29.03.2018 5143 0 пікір
ТАШКЕНТ САПАРЫ: БАС МҮФТИДІҢ БІР КҮНІ (ФОТОРЕПОРТАЖ)

Жуырда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз Ташкент шаһарына бір күндік ресми сапармен барды. Бас мүфти бір күнде бірнеше тарихи нысандарды аралады. Екі жақты кездесулерге қатысып, маңызды құжаттарға қол қойды. Сонымен қатар, жергілікті қалалық мешіттердің жұмысымен танысып, жамағатқа уағыз айтты.

 

 

24 наурыз. Сағат 9:00. Бас мүфти бастаған делегация Ташкенттегі Төле бидің қабірін зиярат етіп, бабамыздың рухына қасиетті Құран аяттарын бағыштады. Серікбай қажы мүфтият қызметкерлеріне Төле бидің ел аузында «Қарлығаш әулие» немесе «Қарлығаш би» атанып кету себебі жайлы әңгімелеп берді. Аңыз әңгімеде қарлығаш құсы Төле бидің үйіне ұя салған көрінеді. Ауылға жау шапқанда адамдар баспанасын тастап, жан сауғалап кеткен кезде бабамыз үйінде тапжылмай отыра береді. Жоңғар қонтайшысы мұның себебін білмек болғанда Төле Әлібекұлы: «Биыл шаңырағыма қарлығаш ұя салды. Балапандарының қанаты қатайғанша үйімді бұзбайын деп шештім. Біреу сендердің үйлеріңнің ойранын шығарып, балаларыңды шырылдатып қойса, жақсы ма?» – деп тығырыққа тіресе керек. Сөзден жеңілген қонтайшы шабармандарына Төле би отырған ауылды шаппауды бұйырған екен. Содан бері ел аузында «Қарлығаш әулие» атанып кеткен екен.

 

 

ҚМДБ қызметкерлері 10:00-де Ташкент Ислам университетіне ат басын бұрды. 1999 жылы Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовтың тапсырмасымен ресми ашылған университетте Ислам құқығы, экономика, қолданбалы ғылым, Ислам тарихы мен философиясы, исламтану, Ислам өркениеті, т.б. пәндерден дәрістер жүргізіледі екен.

 

Айта кетсек, Алматыдағы «Нұр Мүбәрак» оқу орны мен Ташкент Ислам университеті арасындағы өзара келісім бойынша екі жақты тәжірибе алмасу жұмыстары жүруде. Бас мүфти бұл бағыттағы іс-шараларды ұдайы жалғастыра беруді және «Нұр Мүбәрак» университетінің оқу бағдарламасына қазіргі заманауи пәндерді енгізуді тапсырды.

Сағат 10:30 бен 11:30 аралығында Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасының ғимаратында бауырлас екі ел Бас мүфтилерінің қатысуымен ресми кездесу өтті. Екі жақты басқосуда қазіргі әлемде орын алып жатқан сын-қатерлерге бірлесе жауап беру, ортақ пәтуаларды қабылдау, қазақ-өзбек тілінде қоғамға қажетті кітаптар шығару, бірлескен жобаларды жүзеге асыру, т.б. мәселелер талқыланды. 

 

 

Серікбай қажы Ораз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен биыл Қазақстанда Өзбекстан жылы болып жарияланғанын, ағайынды қазақ-өзбек халықтарының арасындағы ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті.

«Біз осы жылдың 2 наурызында Астана қаласында Еуразия мұсылман ғұламаларының форумын өткіздік. Халықаралық форумға Өзбекстаннан біртоп делегат қатысты. Біздің діни мектебіміз бен мәзһабымыз, жалпы діни жолымыз бір. Бұл сапарымыз Қазақстан мен Өзбекстанның діни басқармалары арасындағы байланысқа серпін береді деген сенімдемін. Қазақ халқында: «Көрші ақысы – Тәңір ақысы», – деген мақал бар. Өзбек халқы біздің ең жақын көршіміз әрі бауырымыз. Сізді Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырамын. Алла Тағала бауырлас елдердің достық қарым-қатынасын баянды еткей!» – деді Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы.

Өз кезегінде Өзбекстан мүфтиі Османхан қажы Алимов соңғы жылдары қазақ-өзбек арасындағы барыс-келіс жанданып келе жатқанын атап өтті.

11:30-да екі елдің мүфтилері дін саласындағы ұзақмерзімді ынтымақтастықты орнатуға арналған құжатқа қол қойды.

 

 

Меморандум Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы достық қарым-қатынасты одан әрі нығайтуды, екі елге ортақ діни мектепті жаңғыртуды, бірізді пәтуалар шығаруды, мәдени-рухани байланысты арттыруды, тәжірибе алмасуды, ғылыми жобаларды жүзеге асыруды, дін қызметкерлерінің біліктілігін көтеруді көздейді.

Меморандум аясында Тараптар Құранға, хадиске және ханафи мәзһабының іліміне, Қазақстан және Өзбекстан Республикасының халықаралық міндеттемелері мен ұлттық заңнамалары негізінде бір-біріне қолдау көрсетуге міндеттеледі. Келісім бойынша, азаматтардың екі ел аумағында орналасқан тарихи қасиетті жерлерге зиярат етуі қамтамасыз етілетін болды.

Ташкент сапарының басты жемісі һәм жеңісі – бекітілген пәтуалар негізінде діни мерекелерді Һижри жыл санауы бойынша бір күнде өткізу.

«Тараптар діни мерекелерді (ораза, құрбан айт, т.б.) Һижри жыл санауы бойынша бірізді өткізуге, заманауи өзекті мәселелерде ортақ пәтуа, шешім шығаруға міндеттеледі», – делінген меморандум мәтінінде.

«Өздеріңізге белгілі, осыған дейін біздің арамызда діни мерекелердің күніне қатысты айырмашылықтар болды. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында өзбекстандық әріптестерімізбен келісім негізінде өзара ынтымақтастық туралы меморандум қабылдадық. Меморандумда көрсетілген мәселелер бойынша өзекті тақырыптар аясында ортақ пәтуалар мен шешімдер қабылдайтын боламыз», – деді Бас мүфти Серікбай қажы Ораз Өзбекстанның орталық телеарналарына берген сұхбатында.

Делегация 12:00-де әйгілі сахаба Осман ибн Аффанның жинақтаған Құран нұсқасы қойылған мұражайға барды. Мұражайға тарту етілген құнды кітаптардың ішінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сыйға берген Құран Кәрім (мағынасы мен түсінігін аударған – Халифа Алтай ) де бар екен.

 

 

12:30-да делегация мүшелері Барақ сұлтан салдырған медресені аралады. Медресе XVI ғасырда тұрғызылған. Қазір бұл ғимарат қолөнер орталығына айналыпты.

 

 

11:00-де Бас мүфти «Хазірет имам» мешітінде жамағатқа уағыз айтты. «Исламдағы бауырмашылдық» тақырыбында айтылған насихатта Бас мүфти:

«Бізді Алла Тағала ең әуелі мұсылман етіп жаратып, парыз амалдарын орындауды нәсіп еткеннен кейін мұсылман бауырларымызбен қарым-қатынасымызды үзуімізге әсте болмайды. Бүгінгі таңда мұсылмандар арасында мықты байланыс, өзара түсіністік ауадай қажет. Аллаға шүкір, қазақ-өзбек халықтары арысындағы байланыс жаңа қарқын алып келеді. Хадис-шарифтің бірінде: «Уа, Алланың құлдары! Өзара тату, бауырмал болыңдар! Мұсылман – мұсылманның бауыры. Нағыз мұсылман – бауырына озбырлық жасамайды», – делінген. Ал Алла Тағала Құранда «Хужурат» сүресінің 10-аятында: «Шын мәнінде мүміндер туыс қой. Сондықтан екі туыстарыңның арасын жарастырыңдар. Және Алладан қорқыңдар. Мүмкін игілікке бөленерсіңдер», – деп бұйырған», – деді.

 

 

Бесін намазы мен түскі үзілістен кейін ҚМДБ төрағасы Серікбай қажы Сатыбалдыұлы сағат 15:00-де ел аузында Ақмешіт аталып кеткен Минар мешітіне зиярат жасады. Бас мүфти мешіт қызметкерлерімен сұхбаттасып, жамағатқа уағыз айтудың заманауи үлгілері туралы пікір алмасты. Ресми дерек бойынша, бүгінде Ташкент шаһарында 188 мешіт жұмыс істейді екен.

Минар мешітінен шыққан мүфтият қызметкерлері сағат 16:30-да «HILOL-NASHR» атты ірі баспахананың жұмысымен танысты.

Орталықтың жұмысымен танысқан Серікбай Сатыбалдыұлы наиб мүфти Алау Әділбайға баспахана мен мүфтият қызметкерлері арасында тәжірибе алмасу шарасын ұйымдастыруды тапсырды.

Кездесу соңында баспахана басшылығымен бірлесе мүфтияттың жариялаған «Ислам және отбасы» жылы аясында қазақ-өзбек тілдерінде отбасы құндылығын дәріптейтін кітаптар шығару туралы уағдаластық жасалды.

 

 

Кешкі сағат 18:00 мен 20:00 аралығында екі ел мүфтилерінің бейресми кездесу өтті. Емен-жарқын әңгімеде ынтымақтастық туралы меморандумда көрсетілген мәселелерді жоспарлы түрде жүзеге асыру жайлы сөз болды.

 

 Астана – Ташкент – Астана

 

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру