Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Qazіr

20 April 2024

11 Sháýýál 1445 Хижра

  DINI MEREKELER

Өскеменде аймақтық ақындар айтысы өтті

Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінің баспасөз қызметі furqan.kz 25.04.2023 1443 0 пікір
Өскеменде аймақтық ақындар айтысы өтті

Ораза айт мейрамында ҚМДБ бастамасымен жарияланған «Ислам және ізгі қоғам» жылының аясында Шығыс Қазақстан облысы өкілдігі Өскемен қаласының «Достық үйі қоғамдық келісім орталығында» «Қош келдің, Ораза айт» атты аймақтық ақындар айтысын өткізді.

Айтысқа Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар, Жетісу облыстарынан сөз майданында танылған небір жүйрік 12 ақын қатысып, 6 жұпқа бөлініп, сөз додасын қыздырды. Достық үйінің 700 орынды залында ине шаншар орын болмай, көрермен сағаттап тұрып айтысты тамашалады. Бұл шараға Алаштың айтулы ақыны Балғынбек Имашев құрметті қонақ ретінде қатысып, айтыскер Айшолпан Төлеутаймен айтысып, көрерменге сый жасады.

Ақындар айтысында сөз сөйлеген осы бастаманың иесі Шығыс Қазақстан облысының бас имамы Ермек Қасболатұлы: «Бұл айтысты Ораза айт мейрамына орай халыққа сый ретінде ұсынып отырмыз. Ақындарымыз ораза айтты жырлап, дәстүрлі Исламды жырға қосып, отаншылдық, елді сүю құндылықтарын насихаттады. Сонымен қатар Шығыс Қазақстан өңірінен шыққан дін ғұламаларын, даңқты бабаларымыздың өнегелі ғұмырын жастарға үлгі етті. Асыл дініміздің құндылықтарын айтыс арқылы кестелі сөз, көркем оймен жеткізудің маңыздылығы жоғары. Төл өнерімізді дамытуға шама шарқымызша осылай үлес қосып жатырмыз» деп ерекше тоқталды.

Бас имам сонымен қатар дәстүрлі Исламды танытуда қазақтың айтыс өнерінің орын бөлек екендігін жеткізіп, айтысқа қатысқан ақындарға, қазылар алқасына, қол ұшын берген мекемелерге, көрермен қауымға шынайы алғысын білдірді. Айтысты кәсіби ақындармен әдебиет мамандарынан құралған қазылар алқасы бағалады. Айтыс өте тартысты, тапқыр сөзге, ұтымды жауапқа, суырыпсалмалық шеберлікке толы болды. Ақындардың тап бермеде сөз табуы, рухани құндылықтарды төкпелете жырлауы, өнегелі өмір иелерін жырға қосуы, әдепті әзілі, бір-біріне деген сыйластығы көрермен қауымға айырықша әсер етті. 

Екі айналым қорытындысы бойынша қазылар алқасының шешімімен өскемендік айтыскер ақын, бірқатар республикалық айтыстардың жүлдегері Серік Қуанған айтыстың бас жүлдесі Ұмра қажылығын жеңіп алды. Абай облысынан келген ақын Жасұлан Мақаев 1-орын, шығысқазақстандық ақын Жұлдызай Маратбекқызы 2-орын, семейлік Айбек Жеңісқазин үшінші орындарға ие болып қаржыай сыйлықтармен сыйланды. Сонымен қатар жетісулық айтыскер ақын Қазыбек Жеңісханға «Халифа Алтай» мешітінің арнаулы сыйлығы ұсынылды. 

Айтысқа «Уақып» қорының өңірдегі өкілдігі демеушілік жасады. Алыс-жақыннан келген ақындар өздерін жатын орынмен қамтамасыз етіп, Өскемен қаласында зор қонақжайлық танытқан өкілдікке және «Уақып» қорына және жауапты өкілі Берік Кәдірұлына ризашылық білдірді. Айтыс халықтың көңілінен шығып, көрермен қауым осындай ірі мәдени шараны аса жоғары деңгейде өткізген ҚМДБ ШҚО өкілдігіне толассыз алғыс жаудырды. Осылдайша Өскеменде ораза айт мейрамы аймақтың ақындар айтысымен түйінделді.

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру