Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Qazіr

18 April 2024

9 Sháýýál 1445 Хижра

  DINI MEREKELER

Ақтөбе: Тұңғыш «Жамағат барысы» анықталды

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі nurgasyr.kz 27.03.2023 2221 0 пікір
Ақтөбе: Тұңғыш «Жамағат барысы» анықталды

ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігі, облыстық дін істері басқармасы және «Ихсан» орталығының ұйымдастыруымен қасиетті Рамазан айының басталуы және Наурыз мерекесіне орай жергілікті жамағат арасында ауызбіршілікті нығайту және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында қазақ күресінен «ЖАМАҒАТ БАРЫСЫ» турнирі өтті.

Ақтөбедегі «Жастар» спорт кешенінде тұңғыш рет өткен балуандар бәсекесі «Ислам және ізгі қоғам» жылы аясында ұйымдастырылды. Аталған доданы облыстың бас имамы Серікжан Еншібайұлы ашып, жиналған жамағатты Рамазан айы және Наурыз мерекесімен құттықтады.

«Ислам діні қоғамын қуатты да айбынды болуы үшін, спортқа ерекше көңіл аударып, онымен айналысуға шақырады. Қасиетті Құранның 42 жерінде «қуат» сөзі кездеседі. Әбу Һурайра жеткізген хадис-шәріпте хазреті пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы мәселеге байланысты:«Екеуінде де өз қайыры болса да, қуатты мүмін Аллаға әлсіз мүміннен жақынырақ және сүйіктірек», – дегенін ескеруіміз керек», -дей келе, исламдағы татулық пен бірлік туралы да баяндады.

Сайыс барысы екі салмақ дәрежесі бойынша өткізілді (80 кг ға дейін, 80 кг жоғары). Әрбір жарысқа қатысушы азамат 21 наурыз күні сағат 09:00 дейін тіркеліп болды. Ал тіркелген азаматтар сағат 09:00 ден бастап салмақ өлшеуге жіберілді. Салмақ дәрежесіне қарай 80 кг дейін және 80 кг жоғары болып екі топқа іріктелді. Аталған сайыстың Бас төрешісі Рүстем Серікұлы қазақ күресінің ережелерін  толық түсіндіріп өтті. 

Шара басталып, аяқталған уақытқа дейін жәдел-жәрдем қызметі, полиция және төтенше жағдайлар қызметтерімен қамтамасыз етілді.

Сонымен қатар сайысқа қатысушыларға Ақтөбе облысының  тұрғыны болуы, кәсіби спорт шеберлері мен арнайы жаттықтырушылар санатынан болмауы керек деген шарттар қойылды.   

Сайыстың қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталып, қаржылай сертификаттар мен ынталандыру сыйлықтары табысталды.          

80 кг дейінгі салмақта жүлделі І  орынды Әлібек Сержан (Нұрдаулет мешіті) иеленіп «ЖАМАҒАТ БАРЫСЫ» атанды (150 000тг). Ал ІІ орынды – Нұржанов Дулат (Бақытжан мешіті, 100 000 тг), ІІІ орын – Кенжалин Айбек (Нұрдаулет мешіті, 70 000 тг);

80 кг жоғары салмақта І  орынды Жамбыл Айсұлтан (Мұғалжар ауданы, Қадырәлі ата мешіті) иеленіп «ЖАМАҒАТ БАРЫСЫ» атанды (150 000 тг). ІІ  орынды – Байқазақов Медет (Ақтөбе қалалық орталық мешіті, 100 000тг), ІІІ орынды – Жұмабаев Азат (Досжан Хазірет мешіті, 70 000тг) иеленді.

Одан өзге ІІІ орын үшін финалға шыққан Даулетқали Нұрлан (Байғанин аудандық орталық мешіті), Наурызбаев Нұржау (Досжан Хазірет мешіті) есімді азаматтарға ынталандыру сыйлықтары табысталды.

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру