Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Qazіr

29 March 2024

19 Ramazan 1445 Хижра

  DINI MEREKELER

«ХАЛАЛ ДАМУ» ДИРЕКТОРЫ – АТЫРАУ ӨҢІРІНДЕ

halaldamu.kz 01.03.2023 1620 0 пікір
«ХАЛАЛ ДАМУ» ДИРЕКТОРЫ – АТЫРАУ ӨҢІРІНДЕ

ҚМДБ «Халал Даму» стандарттау және сертификаттау орталығының директоры Айбек Асқарбекұлы жұмыс сапарымен барды.

Мекеме директоры мен технолог Әсел Таңатар, сондай-ақ жергілікті бақылаушы өкіл Дәурен Ермахамбетұлы Атырау облысында «QMDB Halal» сертификатын алған кәсіпорындарда және қасапханаға тексеріс жүргізді. Мал базарында мал сою пункті, тазалау қызметтері және сату мүмкіндігі бар. Аталған нысанның жалпы көлемі 1000 шаршы метрді құрайды. Тәулігіне 150 мал союға арналған кешенде 150 ұсақ малға, 150 ірі малға арналған қора салынған.

Жұмыс сапары аясында Айбек Асқарбекұлы жамағатқа «Халал – шариғат талабы» тақырыбында насихат айтты.

«Алла Тағала «Мәида» сүресінің 3-аятында: «Сендерге: Өлексе, аққан қан, доңыз еті және Алладан басқаның атынан бауыздалған мал арам етілді. Буынып, ұрылып, құлап, сүзіліп өлген малдар және жыртқыш (аң, құс) жеген мал арам. Бірақ, (жаны шықпай) бауыздалғандары басқа», – деп үкім ете отырып, жейтін етіміздің қайсысы адал, қайсысы арам екенін атап көрсетеді.

Халал өнімдері діни тұрғыда ғана емес, экологиялық тазалық тұрғысынан да пайдалы. Яғни, халал таңбасы халықаралық деңгейде сенімділік пен қауіпсіздік нышанына айналған, исламнан басқа да дін өкілдері тарапынан үлкен сұранысқа ие болып отыр. Адал ас – денсаулықтың да кепілі» деп атап өтті Айбек Асқарбекұлы.

Бұдан кейін «Иманғали» орталық мешітінде әйел жамағатына халал тақырыбында оқу семинары өтті. Семинарға Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы, «Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлы мен технолог Әсел Таңатар қатысты.

Көпшілікке күнделікті тұтынып жүрген өнімдерді қалай таңдау керектігі жайлы слайд көрсетіліп, тың мағұлматтар берілді. Мәселен, күріш, кәмпит, балмұздақ, май, сүт, шұжық, тауық, т.б. Зертханалық зерттеу жұмыстары кезінде кездесетін бірқатар проблемаларды сөз еткен мамандар: «Шұжық өнімдерінің басты проблемасы – бұл шұжыққа қосылатын тағамдық қоспалары болса, консерві өнімдерін тексеру барысындағы басты проблема-құрамына қосылатын ет өнімдерінде, яғни, шариғат талабына сай сойылғанын қадағалау. Консервіде еттерді сақтау үшін консерванттар қосылатын жағдайда, тексерісті зертхана арқылы жүргізу қажет. Ал сусын өндірісіндегі басты проблема – Халал стандартына сай емес қызыл түс беруші бояғыштың пайдалануы. Май өндірісіндегі басты проблема – өсімдік шикізатын жануар текті шикізатпен алмастырмау» деп өнімнің барлық құрамына аса назар аударылатынын айтып өтті.

Сонымен қатар Айбек Аташев пен Алтынбек Ұтысханұлы бастаған делегация Жылыой ауданында болды. Сапар аясында делегация Жылыой орталық мешітінде жергілікті жамағатпен кездесті. Кездесу барысында халал стандарттаудың мәні, адал ас ішудің маңыздылығы туралы насихат айтылды. «Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлы мен бас имам Алтынбек Ұтысханұлы «адал» ұғымының тарихи мәніне тоқталды.

Бұдан кейін делегация Жылыой өңіріндегі «Мако» цехына арнайы ат басын тіреді. Цехтағы өндіріс процесімен танысып, бірқатар сауалдар қойған делегация мұндағы қызметкерлермен де пікірлесті. Нәтижесінде шұжық өндіретін «Мако» цехына жаңартылған ҚМДБ халал стандарт сертификаты табысталды.

 

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру