Алдымен орталық «Һибатулла Тарази» мешітінде күндіз қайырымдылық шарасы жасалып, кешке ауызашар берілді. 

 Қадір түнін барынша құлшылыққа толы өткізу үшін орталық мешіт барлық мүмкіндіктерді жасады. Мешітте ерлерге, медреседе әйел кісілерге, үйде қалған жамағат үшін тікелей эфирде Қадір кешіне арнайы бағдарлама ұсынылды. Балаларға арнайы батут құрылса, мешіт ауласына LED экран орнатылып, Youtube хостингінде asyldin.kz арнасында болып жатқан бағдарлама тікелей эфирден көрсетілді. Мешіттің дін мамандары өз кезегімен уағыз айтып, экранның арғы жағындағы жамағатқа насихатын жеткізді. 

Ұлтты ұйыстырған ұлық мереке тарауық намазымен басталды. Рамазан бойы тарауық намазында оқылған Құран хатымы аяқталып, дұғасы жасалды. Хатымды Республикалық қарилар сайысының жүлдегері Иманәлі Бейбітұлы оқыды. ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Бейбіт Әліпбекұлы хатым дұғасын жасап, ел амандығы үшін дұға етті. Құран түскен мүбарак түні үзіліс сайын құран оқылып, еркін құлшылыққа уақыт берілді. Мешіттің наиб имамдары кезекпен уағыз айтты. Сондай-ақ, наиб имамдар Нұрлан Мұрат және Бақытұлы Нұралы жамағатқа мешітте, мешіт ұстазы Жарбол Ақжігіт тікелей эфирде сұрақ-жауап ойынын ойнатып, үздік шыққандарға қасиетті кітаптар, онлайн көрерменге қаржылай сыйлықтар табысталды. ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы Әйел-қыздар секторының өкілі Нұргүл Алиханқызы әйелдер жамағатына дайындаған бағдарламасы бойынша арнайы слайд көрсетіп, уағыз айтып, ойын ойнатып, сұрақтарға жауаптар беріп, құлшылыққа бірге тұрып, арасында тіпті сергіту жаттығуын да жасатты. Жамағатпен тасбих намазы оқылып, көпшілік Алладан жарылқау тіледі.

Сонан соң мешітте қадір түнін өткізуге келген, ауыз бекіткен  жұртшылыққа сәресі асы таратылды. Таң қылаң бере жамағатпен бамдат намазы оқылды.