Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

АҚОРДАДА АУЫЗАШАР БЕРІЛДІ (ФОТО)

Ақорданың баспасөз қызметі akorda.kz 23.04.2022 5822 0 пікір
АҚОРДАДА АУЫЗАШАР БЕРІЛДІ (ФОТО)

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада арнайы дастарқан жайып, Рамазан айында ораза тұтқан жамағатқа ауызашар берді.

Президент жиналған қауым алдында сөйлеген сөзінде бұл игі дәстүрдің халықты береке-бірлікке шақыратынын атап өтті. Мемлекет басшысы әділетті қоғам құрудың маңыздылығына тоқталды. 

«Жақын арада Конституциямызды өзгертетін болдық. Бірақ, ең алдымен, жұртымыздың сана-сезімі жаңғыруы қажет. Бұл – оңай шаруа емес. Алдымызда көптеген түйткілдер бар, сондықтан бәріміз жұмыла еңбек етуіміз керек. Ең бастысы, ниетіміз таза, пейіліміз түзу болуға тиіс. Бір-бірімізге жанашырлық танытуымыз керек. Қазір бүкіл адамзатқа дәл осындай қасиеттер жетіспей жатыр» деді ол. 

Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға дұрыс бағыт-бағдар берілуі керек екенін, білімді, көзі ашық, көкірегі ояу, отаншыл жастар ғана келешектің иесі болатынын ерекше атап өтті. Президенттің пікірінше, жастарымыздың ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп, қазіргі заманның ғылым-білімін игеруі айрықша маңызды.

Мемлекет басшысы ислам дінінің өркениет құндылықтарын, бейбітшілік ұғымдарын насихаттайтынын атап өтті.

«Жұртымыз қашанда бейбіт өмірді бағалай білген. Біз осы ұстанымнан айнымаймыз. Ол үшін елімізге береке-бірлік, өзара түсіністік қажет. Ислам адамдарды бөлінуге емес, бірлікке шақырады. Имандылық – ең асыл қасиет. Сондықтан, дәстүрлі дініміз ұрпақ тәрбиесінің өзегі болуы керек. Ұрпаққа осындай өнегелі тәрбие беру – бәріміздің ортақ міндетіміз» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сөз соңында Қазақстан Президенті елімізге татулық пен тыныштық тіледі.

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру