Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Qazіr

28 March 2024

18 Ramazan 1445 Хижра

  DINI MEREKELER

Нұр-Мүбарак университетінде Мәуліт кеші өтті

Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі nmu.kz 15.11.2021 2382 0 пікір
Нұр-Мүбарак университетінде Мәуліт кеші өтті

Нұр-Мүбарак университетінде мүбәрак Мәуліт айының құрметіне рухани кеш ұйымдастырылды.

Қасиетті Құран аятымен шымылдығы түріліп, белгілі сазгер, әнші Жәкен Омаров бастаған топтың мәуліт жырын оқып, салауат айтуымен ашылған мерейлі мәуліт кешіне келгендер көп болды. Ректор, профессор Мұхаммад әш-Шаххаттың адамзаттың абзалы Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жайлы тағылымды сөздері көпшілікке ой салып, жүректерді тербеді.

«Қасиетті Құранда «(Мұхаммед (ғ.с.): «Олар Алланың кеңшілігі, мәрхаматымен болған осылармен қуансын. Өйткені Құран олардың жиған-тергендерінен қайырлы» де» деген аят бар. Біз осы мәуліт арқылы қуанышымызды бөлісіп жатырмыз. Себебі кейбіреулер айтқандай, мәуліт – бидғат емес. Мәулітті діни қағидаларға қайшы дейтіндей еш дәлел жоқ. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)өзі туған күнінің құрметіне шүкірлік етіп, бейсенбі күні ораза тұтқанын білеміз. Осындай күні біз Пайғамбарымыздың адами құндылықтары жайлы насихат айтып, қоғамдағы мейірім мен адамгершілік, қайырымдылық қағидаларына бағыт-бағдар беруді қалаймыз» деп ректор Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегелі өмірінен ғибраттар бөлісті.

Мәуліт салтанатында сыр сүлейі, жыршы, термеші Марат Сүгірбай, Сержан Әлібек тағылымды терме мен әуезді әннен шашу шашса, университетіміздің магистранты айтыскер Сырым Әуезхан мен Бекжан Базарбектің айтысы тартысты өтіп, көпшілікті серпілтіп тастады. Әсіресе, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақтың балалар мен жасөспірімдер театры әртістерінің «Шығыстанушы, Батыс, ғалымдарындағы Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)» бейнесі атты қойылымы көрермен көңілінен шықты. Студенттер де Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірінен тағылымды көрініс ұсынды.

«Біздің мақсатымыз Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ғибратты ғұмырынан тәлім алып, өнегелі өмірін насихат ету. Сондықтан бүгінгі мәулітте Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)өмірін сан қырлы, күнделікті байқай бермейтін құндылықтарын қамтуға тырыстық» деді проректор, доцент Қайрат Құрманбаев.

Рухани кеште Алматы қаласының бас имамы Төлеби қажы Дәділұлы баяндама жасап, көпшілікті мүбарак Мәуліт айымен құттықтады. «Мұсылмандардың өміріндегі басты идеал Пайғамбардың (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегелі өмірі мен өсиетін, ғибратты ғұмырын халқымызға насихаттау – дін жанашырына ортақ игі іс. Бұл – дінімізді насихаттаудың, жас ұрпақты имандылыққа, жақсы мінез-құлыққа шақырудың орайлы сәті. Құран Кәрімде: «Расында, Алла пайғамбарға шексіз нығметі мен рақымын төгіп мерейін өсіруде. Ал Оның періштелері пайғамбарға үнемі игі тілек тілеп, дұға етуде. Уа, мүміндер! Сендер де оған салауат айтып, құрметпен сәлем жолдаңдар!» – деп ардақты Пайғамбарымызға (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтуға үндейді. Тағылымы мол Мәуліт айында Алланың қолдауымен Пайғамбар сүннеттерін жандандырып, туған-туыстарымызға жақсылық жасауды нәсіп етсін», – деді бас имам.

Мәуліт барысында Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сирасына қатысты марафон жеңімпазына «ER-ALIKO RAUDA» компаниясы умра қажылығын тарту етті. Сондай-ақ мүшайра жеңімпаздары марапатталды. Мәуліт шарасында ислам калиграфиясынан мен Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүйікті тағамдарынан жасалған көрме көпшілік көңілінен шықты.

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру