Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Qazіr

25 April 2024

16 Sháýýál 1445 Хижра

  DINI MEREKELER

Ақтөбе имамдары киелі орындарды зиярат етті

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі nurgasyr.kz 02.11.2021 1891 0 пікір
Ақтөбе имамдары киелі орындарды зиярат етті

Отандық туризмді қолдау мақсатында құрылған ҚМДБ «Darhan Dala» жобасы аясында Ақтөбе өңірінің дін қызметкерлері аймақтағы киелі жерлерге зиярат етті.

Атап айтқанда, имамдар тарихы терең Темір қаласындағы мешіт пен Темір ауданындағы Шұбарқұдық елдімекеніне жақын жердегі қасиетті ата-баба қорымына барып, Қоңыр Қашақ баласы Досжан хазіреттің басына Құран оқыды. 

Киелі жерлерге зиярат етуге облыстың бас имамы мен қала және аудан имамдары қатысты. Темір қалалық мешіті мен Темір ауданындағы Досжан хазіретке зиярат ету барысында бұрынғы медресе орнымен танысып, бұлақ басынан су ішіп, арнайы келген қонақтарға жаңадан салынған қонақүйдің ішкі-сыртқы күйіне шолу жасады.

Ақтөбе облысының бас имамы Серікжан қажы Еншібайұлы сапар барысында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен Ихсан іліміне айрықша көңіл бөлініп жатқанын айтып, ата-бабамыздың ғасырлар бойы ұстанып келген рухани тәрбие жолы екенін тілге тиек етті.

«Дос­жан ишан Қашақұлы – діни ұстаз-ағартушы, ірі ойшыл, өз дәуіріндегі қоғамдық және елдік мүдделерге етене араласқан қоғам қайраткері. Азан шақырып қойған есімі – Досмұхаммед, бірақ ел аузында Досжан, Досеке, Дошеке деп көп айтылып, солай тарап кеткен. XIX ғасырда қазақтардың Мекке-Мәдина шаһарларына қажылық парызын өтеу сапарларына мұрындық болған. Қазақ шежіресіне қатысты деректер жинаған. Бұдан біз Досжан хазіреттің Ихсан ілімін ұстанғанын аңғарамыз. Демек Ақтөбе өңірі осы ілімнің қазақ даласындағы қайнар көзінің бірі десек, қателеспейміз» деді Серікжан қажы Еншібайұлы.

Қазіргі таңда Темір ауданында Досжан хазірет мемориалдық кешенінің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар өңірдің бас имамы ҚМДБ тарапынан қабылданған «Ас беру мәдениеті», «Зират және зиярат мәдениеті» құжаттарының маңызына тоқталды.

Темір мешіті – ХХ ғасырдың басында салынған төртбұрышты (10х22 м), екі қабатты құрылыс. Ақтөбе облысы Темір ауданы Темір қаласында орналасқан. Мешітті Ақтөбе облысы аумағындағы тарих және мәдениет ескерткіштерін паспорттау мақсатында ҚазССР Мәдениет министрлігінің «Казреставрация» Бірлестігінің экспедициясы (жетекшісі – С.Әжіғалиев) зерттеген. М.Кемешовтың «Тарихы терең Темір» кітабында Темір мешіті туралы деректер бар. Мешіт 1905 жылы Орынбор көпесі Мәжит Батқұлұлының қаржылық көмегімен Темір қаласында бой көтерді. Деректерге сүйенсек, дінді уағыздаушы Ахмет халфе мешітке ие болып, қызмет еткен. Ахмет Қазан, Уфа медресесін тәмамдап, халфе атанған, діни білімі жоғары адам болған. Темір қаласының өркендеуіне, заманның қиындығына қарамай діннің халық арасына жайылуына, қадір-қасиетінің өсуіне осы жанның көп әсері болып, халық арасында Ахмет халфе атанды. 1926 жылы Уфада өткен мұсылмандар съезінің делегаты болды. Ахмет халфеге Батыс Алашорда үкіметі діни басқармасының төрағасы болған Ахмет Байтұрсынұлы пен Мұстафа Шоқайдың досы Сағидолла Ізтілеуовпен бірге халық арасында дінді насихаттадың деген айып тағылды. Сөйтіп 1937 жылы ату жазасына кесілді.

«Дін қызметкерлерінің Ақтөбе өлкесіндегі тарихына қызығушылық танытуы, оны білуі – өте қажет дүние. Себебі осы топырақта Ислам діні кеңінен насихатталды. Имамдарымыз дін мен дәстүрді, дін мен тарихты, дін мен шежірені қатар алып жүрсе, кейінгі ұрпақ жат ағым жетегінде кетпейді» деді облыстың бас имамы.

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру