Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Орал: «Имам барысы» турнирі өтті

БҚО бойынша өкілдіктің баспасөз қызметі islam-oral.kz 02.11.2021 2215 0 пікір
Орал: «Имам барысы» турнирі өтті

ҚМДБ Батыс Қазақстан облыстық өкілдігінің бастамасы және Орал қалалық Мұхаммед Ғариф Түлбаев мешітінің ұйымдастыруымен шаһардағы «Жекпе-жек» спорт кешенінде Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Имам барысы» атты қазақ күресі турнирі өтті.

Алдымен әнұран шырқалып, Батыс Қазақстан облысының бас имамы Бақытжан Сабралиев сөз алды. Бас имам «Атқа міну, садақ ату, күрес пен жүгіру – созылмалы аурулардың бірден-бір дауасы» екеніне тоқталды.

«Салауатты өмір салтын ұстанып, денешынықтырумен айналысу аса қажет. Өйткені ол – қуат. Дене қуаты, ой ұшқырлығы, иман қуаты – ер жігіттің көркемдігі. Спорт – нәпсінің құлдығынан сақтайтын ең жақсы жол. Спорт – Алланың парыздары мен білім үйренуден кейінгі ең абзал әрекет. Спорт адамға кішіпейіл, кешірімді болуға, сәттіліктер мен жеңісті қарапайым қабылдап, тәкаппарланбауды үйретеді. Осыған қоса, басқа түскен қайғы мен жеңілістерге қарсы сабырлыққа бейімдейді» деген Бақытжан Сабралиев салауатты өмір сүрудің маңызын насихаттады.

Имамдар арасындағы қазақ күресі сайысына қала, аудан, ауыл мешіттерінің  имамдары мен ұстаздары қатысты. Турнирге 19 имам екі салмақта, яғни түйе және өгіз палуан дәрежесінде белдесіп бақ сынасты. Балуандар күрестің амал-тәсілдерін шебер қолданып, төрешілердің берген ұпай бойынша бағаланды.

«Имам барысы» турнирінің түйе балуан атағын Жаңақала ауданының наиб имамы Алтынбек Болатов (Жаңақала ауданы) иемденсе, екінші орын Бақытжан Бектияровқа (Орал медресе-колледжі), үшінші орын Еркінбек Ебелекқажиевке (Теректі ауданы) бұйырды.

Өгіз палуан атағын Тәжиден Батырұлы атындағы Орал қалалық мешітінің наиб имамы Әсет Романқұлов қанжығасына байласа, екінші орын Ержан Темірешев (Казталов  ауданы), үшінші орын Нұрәлім Қисметовке (Жаңақала ауданы) бұйырды. 

Екі балуанға да арнайы тапсырыспен жасатылған «Имам барысы» белдігі берілді. Турнирде жүлделі орын алған жеңімпаздар ақшалай сыйақы мен облыстық спорт комитетінің дипломына ие болып, медалмен марапатталды. Сондай-ақ турнирге қатысқан барлық балуанға жомарт жандар қаржылай сыйақы табыстады.

Жеңімпаздарға марапаттарды Батыс Қазақстан облысының бас имамы Бақытжан Құралбайұлы, БҚО грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Бауыржан Беғайдаров, БҚО қазақ күресі ассоциациясының президенті Әсет Сұлтанұлы табыстады.

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру