Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Qazіr

25 April 2024

16 Sháýýál 1445 Хижра

  DINI MEREKELER

Маңғыстаулықтар Мәуліт кешін өткізді

Маңғыстау облыстық «Бекет ата» мешітінің баспасөз қызметі beket-ata.kz 01.11.2021 1714 0 пікір
Маңғыстаулықтар Мәуліт кешін өткізді

ҚМДБ Маңғыстау облыстық өкілдігі Нұрмұхан Жантөрин атындағы музыкалық–драмалық театрында «Сағынышқа айналған әз-Мұхаммед» атты Мәуліт кешін ұйымдастырды.

Рухани іс-шара шымылдығын облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Құдайбергенұлы мен жазушы, ақын Сабыр Адай кеш қонақтарын мүбәрак мерекемен құттықтады.

Алланың берген қабілетін имандылықпен байланыстырған дарынды жігіттеріміз ардақты пайғамбарымыз, екі дүние сұлтаны Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құрметіне жыр, терме орындағаннан кейін, Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Ізімбайұлы бірқатар азаматтарға алғыс хат табыстады.

«Маңғыстаудың киелі топырағында көптеген жылдар бойы қызмет етіп, Бекет атадан бастап Ержан хазіретке дейінгі тұлғалардың мұрасын жалғап, қиналғанға қамқор, жұртқа жанашыр, үлкенге іні, кішіге аға, шәкіртке ұлағатты ұстаз болып, қоғамның руханиятын арттыруда атқарған еңбектеріңіз үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты Маңғыстау өкілдігінің атынан Сіздерге шын жүректен алғыс білдіреміз», дей келе бас имам Ақшұқыр, Ақшымырау, Онды, Сайөтес, Сенек ауылдық мешіттерінің имамдарына қаржылай сертификаттар берді.

Жүрегі кең, қолы ашық жергілікті кәсіпкер ағаларымыздың қолдауымен Асқар Қожаұлы және Тимур Молдаханұлы есімді екі кемтар бауырларымызға кіші қажылыққа жолдама берілді.

Осыдан кейін Маңғыстау өкілдігінің ізгі бастамаларына атсалысып жүрген өлкетанушы, жазушы Кенжебек Сержанұлы, сондай-ақ, түрлі деңгейдегі іс-шараларда тағылымды һәм тәрбиелік бағыттағы ғибратты қойылымдарымен көрерменнің көзайымына айналған «Өнер қырандары» театрының ұжымына да арнайы алғыс хаттар табыс етілді.

Закон қажы апамыз Маңғыстау қажыларының атынан «Өнер қырандары» театрының актрисасы Дана Тұрарбекқызының иығына қазақы дәстүрге сай шапан жапқанын да атап кеткеніміз жөн.

Өңірімізге арнайы келген Жамбыл облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы, РАНТ мүшесі Нұрәлі Бақытұлы Мәуліт мерекесінің тарихы туралы әсерлі уағыз-насихат айтты.

Облыстық орталық «Бекет ата» мешітінің азаншысы Әли Қазақ бастаған Ақтау медресесінің шәкірттері қазақ және араб тілдерінде Мәуліт жырын оқып, жамағатпен бірге пайғамбарымызға  (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ерекше көңілмен салауаттар айтып, сәлемдер жолдады.

«Өнер қырандары» театрының ұжымы болса Мәуліт мерекесіне арналған өнегелі қойылымдарын қойып, діни тақырыптағы әндерді шырқады.

Шарапатты Мәуліт мерекесіне келген Ақтау қаласының тұрғындары мен қонақтары ерекше әсерге бөленіп, ұйымдастырушыларға ризашалықтарын білдіріп, алғыстарын жаудырды.

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру