Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Ақтөбе: Мәуліт кешін ұйымдастырды

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі nurgasyr.kz 25.10.2021 1671 0 пікір
Ақтөбе: Мәуліт кешін ұйымдастырды

ҚМДБ Ақтөбе өкілдігінің ұйымдастыруымен Өнер орталығында «Адамзаттың асыл тәжі» тақырыбында рухани мәуліт кеші өтті.

Шара ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтумен басталды. Сонымен қатар Ақтөбе облысының бас имамы Серікжан Еншібайұлы:

«Біз бүгін адамзатты қараңғылықтан шығарып, нұрға бөленуіне дәнекер, әлемнің мәңгілік мақтанышына айналған, ең таңдаулы, мақтаулы, парасатты тұлғасына арналған Мәуліт кешіне жиналып отырмыз. Асыл дінімізде тойланатын кез келген мереке ізгілік пен құлшылыққа, қайырымдылық пен жақсылыққа үндейді. Алла елшісінің дүниеге келген айында орындалатын амалдар мұсылман баласын тақуалыққа тәрбиелейді.

Мәуліт – отбасылық мереке. Қасиетті Мәуліт айында отбасымызға ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегелі өмірі туралы насихат айтып, Алла елшісіне салауат жолдап, қарияларға құрмет көрсетіп батасын алу, балаларымызды қуанышқа бөлеу – мерекенің сәні мен мәнін арттыратын сауапты амалдар. Мұндай игі дәстүр біздің елде де бірнеше жылдан бері жалғасын тауып келеді. Көзі қырақты Ақтөбе халқы пандемияға байланысты бүгінгі күнге дейін сіздермен офлайн түрде еркін түрде қауышу мүмкіндігі болмады. Осы айда еліміздің әр түкпірінде пайғамбарымыз Мұхамедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туған күні, яғни мәуліт мерекесі аталып өтілуде. Бұл мереке – адамзаттың асыл тәжі болған Хақ Елшісіне (с.ғ.с) деген ерекше сүйіспеншіліктен туындағаны хақ екенін ұмытпауымыз керек» деп қала тұрғындарын Мәуліт айымен құттықтап, ұлық айдың қадір қасиетін айта келе, рухани кешті ұйымдастырудың мақсатына тоқталды.

Ал «Ақтөбе» медресе-колледжінің директоры Әбдімүтәлі Дәуренбеков Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті ретінде қандай жағдайда да мейірімділік таныту керектігі туралы уағыз-насихат айтты.

Ал кеш қонағы «Өнер қырандары» театры «Қуаңшылық» және «Талақ» тақырыбында қойылым қойып, театр әншілері иллаһи тақырыпта ән шырқады. Ақтөбе қаласының тұрғыны, 73 жастағы зейнеткер Перуза Нұрмағамбетова:

«Өнер қырандарының қойған қойылым көңілімнен шықты. Руханият тақырыптағы айтылған әндері де ұнады. Ақтөбе өкілдігінің ұйымдастырған шарасы жақсы өтті деген ойдамын, келгеніме өкінбеймін» деп мәуліт кеші туралы ойын білдірді.

«Өнер қырандары» театрының директоры Мадияр Мадияр Серікбаев: «Елдегі пандемиялық жағдай орын алған сәттен бастап яғни екі жылдан кейін бірінші рет Ақтөбе қаласында көрерменмен қайта қауышқанымызға Аллаға сансыз шүкір дейміз. Осындай мүмкіндік сыйлаған Ақтөбе өкілдігіне алғысымызды білдіреміз. Ал бүгінгі кештегі қойылатын қойылымға келетін болсақ, қазіргі қоғамдағы ең өзекті тақырыптарды қамтуға тырыстық. Мәуліт кешіне келген әр көрермен қандай да бір ғибрат алып, өз бағасын береді деген ниеттіміз» деп шара туралы лебізін жеткізді.

Мәуліт кешіне жиналған көрермен ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, осы секілді руханиятты байытатын игі шаралар көбейсе деген ұсыныстарын білдірді.

Шара қортындысында бас имам Серікжан Еншібайұлы БАҚ өкілдеріне Мәуліт кеші туралы сұхбат берді.

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру