Жамбыл облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің бастамасымен Баласағұн мәдениет сарайында «Мұсылман Мұхаммедтің үмметімін» атты рухани кеш өтті. Кеш «Алғашқы уахидың түсуі» атты бейне роликпен басталып, орталық мешіттің наиб имамы Бектаев Қасымжанның әуезді үнімен Құран оқылды.

Дініміздің өркендеуіне қызмет етіп жүрген қала, аудан және ауыл мешіт имамдарының жыл бойы атқарған қайырымдылық жұмыстарымен таныстырылған бейнеролик көрсетілді.

Облыстық мешіттің бас имамы Қанат Жұмағұл жиналған жұртқа Мәуліт мерекесімен құттықтау сөзін айтып, тілегінің соңында «Туған жерге туыңды тік» деген ұранды ұстанған, өзі алтын алқа иегері бола тұра, кәсібінің нәсібін өзгелермен бөлісе білген Шымшық Мадалиева апайымызбен бірге, 5 бала тәрбиелеп отырған көпбалалы ерлі-зайыптылар Қасымбек Дарменбеков пен Балжан Байсүгіроваға Шу ауданы Балуаншолақ ауылынан төрінен баспана сыйлады. Бұл – ҚМДБ «Зекет» қорының «Ел үлесі пәтерге» жобасы бойынша беріліп отырған 166-үй.

Республикамызға өнерімен танылған «Өнер қырандары» театрының  «Сахабалардың Пайғамбарға махаббаты» және «Қажылық» атты қойылымдарынан  көрерменнің көңіліне түйгені көп болды. Танымал әнші Қанатбек Полатбектің орындауында «Толәғәл Бәдір» әні Алла елшісінің Мәдинаға келіп, мұсылмандар үшін жаңа кезеңнің басталғанын жырлады.

«Әулие ата» мешітінің бас имамы Ораз Баймаханов, орталық «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы Қасымжан Бектаев және медресе шәкірттері Алла елшісінің өмірінен сыр шертетін «Мәуліт» жырын қос тілде орындады.

Елімізге танымал дінтанушы, ғалым  Ерсін Әміренің «Пайғамбарға сағыныш» тақырыбында айтқан уағызы тыңдарманның көңілін босатып, Исламға деген құлшынысын арттырды. «Құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй» дегендей, елімізге танымал әнші Ринат Төренің орындаған әндері Хақ елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмметіне деген қамқорлығын бейнелеп берді.

Жиын соңында Бас имам Қанат Әділханұлы облысқа қарасты аудан және ауылдардың имам, молдаларына дініміздің өркендеуіне жасаған еңбегі үшін алғыс айтып, марапаттау рәсімін өткізді.

Мәулітті тамашалаған шаһар тұрғындары мен қонақтарына Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірінен сыр шертетін кітап, құрма және «Елдік елге байланысты» қоғамдық форумы үндеуін іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес діни жоралғылардағы ретсіздік пен жөнсіз ысраптың алдын алу мақсатындағы ұсынылған ас мәзірі салынған кәдесый таратылды.  

Мерекелік рухани кешті тамашалаған қала тұрғындары мен қонақтар елімізде дәстүрге айналып келе жатқан «Мәуліт» мерекесін ұйымдастырған орталық мешіттің ұжымына және «Өнер қырандары» театрының  өнеріне тәнті болып, ризашылықпен бата берді.