Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Qazіr

19 April 2024

10 Sháýýál 1445 Хижра

  DINI MEREKELER

Көкшетауда Мәуліт мерекесі тойланып өтті (ФОТО)

Бақыт СМАҒҰЛ 11.12.2019 2883 0 пікір
Көкшетауда Мәуліт мерекесі тойланып өтті (ФОТО)

«Көкшетау» мәдениет сарайында Мәуліт айының құрметіне өткізілген имани шарада барша адамзатты өзінің шуақ нұрымен шомылдырған Аллаһтың соңғы елшісі – Мұхаммед пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ізгілік пен мейірімділікке толы өнегелі келбеті жайлы сыр ақтарылып, ой қозғалды. Он сегіз мың ғаламның рақымы, шапағатшысы Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбардың өнегелі өмір жолы, Алланың дінін адамзатқа таратудағы тағылымға толы істері осы кештің негізгі арқауына айналды.
Кештің шымылдығы қазаққа танымал айтыскер ақын Жәкен Омаровтың Мәуліт шәріпімен ашылып, ол өзінің жыршылық өнерімен әсерлі орындады.


Барша мұсылман жамағатқа Мүфтияттың діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Бейбіт Мырзагелдиев Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың жолдаған ыстық сәлемін жеткізді. Ол ислам дінінің адамдарды ізгілікке, мейірімділікке және ынтымақ-бірлікке тәрбиелеудегі маңызды сипатына кеңінен тоқталды.Ұлық пайғамбарымыздың туған айы – Мәуліт мерекесін атап өтіп отырған барша қауымды осынау айшықты оқиғамен құттықтап, елдің бірлігі еңсемізді биіктететіні аталып көрсетілді.


Мәуліт мерекесі әртүрлі діни тәрбилік мәні бар әндермен жалғасын тапты. Әлихан Дүйсенбаев, Аслан Мұхамедияров, Сәрсенбай Хасенов сынды әншілердің орындаған терме жырлары да көпті тәнті етті.

Бір сәт көрермен назарына Шахмет Құсайынов атындағы қазақ драма театрының «Мәңгүрт» қойылымынан үзінді көрсетіліп, имансыз өмірдің адамды аздыратынын театр әртістері сомдаған бейнелерде көрініс тапты.

Науан хазірет мешітінің ел алдында жүрген тұлғаларды марапаттауы да өзінің талғамдылығымен есте қалды. Бұл жолы осы жақында республикалық имамдар форумында қабылданған » Жеті рухани азық» тұғырнамасындағы адам бойынан табылар жеті сипат әр аталымның өзегіне айналды. Марапат алғандар қатарында елге танымал Мұрат Оспанов, Нұрлан Сәбитұлы сияқты тұлғалар бар.
Ал, бұл сыяпаттарды жасауға Жабал Ерғалиев, Шияп Әлиев, Құдайберлі Мырзабек сынды зиялы қауым өкілдері сахнаға шақырылып, жақсылықтың жаршысы болар істің бірі болып есте қалды.


Мүфтияттан келген өкіл Бейбіт Мырзагелдиев және облыс имамы Қуаныш Сәбит Көкшетаудағы Құран жаттау орталығының директоры, қари бауырымыз Теміржан Мұратовқа демеушілер мен жамағаттың қаражатына сатылып алынған екі бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті.


Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің ректоры Мәди Елубаев ұсынған Ұмра қажылығына жолдама көрермен арасынан қазақтың бір қыз баласына бұйырды.


Пайғамбарды ұлықтау –оған иман келтіру тағылымы мол іс. Пайғамбарды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қошеметтеп, жақсы көрмейінше, оның лайықты үмметі бола алмаймыз. Өз хадисінде: «Сіздердің ешқайсыларыңыз мені өз ата-анасынан, балаларынан және барлық адамдардан артық көрмейінше иман келтіре алмайсыңдар» деген өсиет сөздері еңселі сарайдағы шарадан шыққан әр адамның жадында сақталып қалғандай болды.

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру