Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Qazіr

20 April 2024

11 Sháýýál 1445 Хижра

  DINI MEREKELER

Семей: Қос мұнаралы мешіт қайта жөнделді

Семей Қос мұнаралы орталық мешітінің баспасөз қызметі 26.11.2019 3721 0 пікір
Семей: Қос мұнаралы мешіт қайта жөнделді

Семейдегі Қос мұнаралы орталық мешіт – еліміздегі санаулы  тарихи ғимараттардың бірегейі. 1862 жылы Сүлейменов, Әбдешов, Рафиқов, Халитов есімді бай көпестердің қаражатымен бой көтерген мешіт – Құнанбай қажы, Шоқан Уәлиханов, хакім Абай, Шәкәрім қажы, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы сынды көптеген әйгілі тұлғалардың ізі қалған тарихи ғимарат.

Өзінің бірнеше жерасты жолымен ерекшеленген мешіт үйінде бай кітапхана болғаны ғимараттың жерасты қабатын жөндеу кезінде анықталды. Семейлік мұсылмандар үшін үлкен рухани орда болған ғимарат кеңестік дәуірде көптеген қиындықтар көріп, әртүрлі қолданыста болды. Соған қарамастан мешіт өзінің тарихи келбетін сақтап, ел тәуелсіздігінің  алғашқы жылдарынан бастап Семей қаласының орталық мешіті деген мәртебеге ие болды.    

2002 жылы өкілдіктің бастамасымен қалалық әкімшілік, жергілікті кәсіпкерлер мен жұртшылықтың қолдауымен Қос мұнаралы мешіттің іші-сыртына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген еді. Сонымен қатар ұзақ жыл бойы қолданыста болмаған мешіттің жертөле қабаты толықтай тазартылып, қолданысқа берілді.

Ұлтымыздың рухани ұстазы Абай бабамыздың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында өкіл имамның бастамасы және Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Кенжетайұлының қолдауымен «Фирма АЗИЯ» ЖШС басшысы Сәуле Досқожанованың ұйымдастыруымен тарихи мешітке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, тарихи мешіттің келбеті бұрынғыдан да нұрлана түсті. Төрт ай ішінде мешіттің шатыры, күмбезі толық жаңартылып, алды мәрмәр таспен безендендіріліп,  мешіт ауласы толық асфальтталды. Бастапқы архитектуралық үлгісін сақтай отырып, жаңарған шежірелі ғимарат бүгінде қала қонақтары мен туристер қызыға қарайтын көрікті орындардың біріне айналды.

Тарихи мешіттің сәулетін жаңғыртып, игілікті іс атқарған ел ағаларына, ұлтжанды азаматтарға Семей тұрғындары атынан зор алғыс білдіреміз. Алла Тағала егеменді еліміздің игілігі жолындағы жауапты қызметтеріне зор табыс нәсіп етсін! Әмин!

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру