Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

БҚО: Сансыз салауаттар айтылды

Бөрлі аудандық мешітінің баспасөз қызметі 25.11.2019 2991 0 пікір
БҚО: Сансыз салауаттар айтылды

Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданы Ақсай қалалық мешітінде мұсылман баласы үшін шаттық пен қуаныш күні Мәуліт мерекесі аталып өтті.

Пайғамбарлардың ең соңғысы әрі ең үстемі Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туған күні Рабиғәл-әууәл айының 12-жұлдызында тойланады. Бөрлілік жамағат жиналған мешіт үйінде пайғамбарымыз еске алынып, мәуліт оқылып, сансыз салауаттар айтылды.

Қасиетті жұмада «Әзірет Сұлтан» мешітінің ұстазы, РАНТ мүшесі Мақсатбек Қайырғалиев Ақсай қалалық мешітінің жамағатымен кездесіп, «Шынайы достық» тақырыбында уағыз-насихат айтты.

«Адам баласы дос таңдауда өзінің иманын күшейтіп, дінді үнемі есіне салатын адамды таңдаса, ол адам баласының бұл өмірде де, ақыретте де пайдасына болады. Бұл турасында адамзаттың асыл тәжі болған ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде: «Жақсы дос жалғыздықтан жақсы, ал жалғыздық жаман достан жақсы», «Әрбір адам жолдасының дінінде болады. Сондықтан да сендердің әрбірің кіммен жолдас екендігіне қарасын» (Әбу Һурайра) деп шынайы достықтың алар орны ерекше екенін атап көрсеткен.

Ал қасиетті Құранда Алла Тағала: «Арақ ішу, құмар ойыны және басқа да Алланы еске алудан алыстататын күнәлі істер жолындағы достық ақыретте опық жегізеді»,  «Достардың тақуаларынан басқалары сол күні (Қиямет күні) бір-біріне дұшпан болады» («Зухруф» сүресі, 67-аят)«(Қиямет күні залымдар былай дейді: «Қап, әттеген-ай! Пәленшені дос тұтпаған болсам еді. Ол мен өзіме жеткен зікірден (Құраннан) алыстатты..» («Фұрқан» сүресі, 28-29 аяттар) делінген.

Дос болған адам әрқашан бір-бірі үшін жаны ашып, қол ұшын беруге асығып тұруы керек. Бірақ достықтың  шекарасынан  шықпаған абзал» деп сөзін қорытындылады Мақсатбек Қайырғалиев.

Иә, асыл дініміз Исламда достық қарым-қатынастарға аса терең мән мағына берілген. Адам өзін қоршаған ортамен, маңындағы адамдармен үнемі жақсы қарым-қатынаста болатыны айқын. Ал адам өмірінде достықтың орны бөлек. Доссыз адам болмайды. Достық –адамды бір-біріне ашық болуға, адал болуға тәрбиелейтін қасиет. Достық адамдарды сенімділікке, өзара татулыққа, бірлікке жетелейді.

Іс-сапар барысында «Әзірет Сұлтан» мешітінің ұстазы Мақсатбек Қайырғалиев Бөрлі ауданының тұрғындарымен, теріс діни ағымдардан жапа шеккен азаматтармен, сонымен қатар Орал қалалық Тәжиден Батырұлы мешітінің де жамағатымен кездесті.

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру