Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Qazіr

28 March 2024

18 Ramazan 1445 Хижра

  DINI MEREKELER

Атырауда әйел-ананың қоғамдағы ролі талқыланған жиын өтті

www.islam-atyrau.kz 07.11.2019 2737 0 пікір
Атырауда әйел-ананың қоғамдағы ролі талқыланған жиын өтті

Қоғамдағы әйелдің алар орны мен ролі. Бүгін Атыраудың орталық мешітінде осындай тақырыпта дөңгелек үстел шарасы өтті.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Әйелдер-қыздар секторының Атырау облысы бойынша өкілдігі ұйымдастырған іс-шараға Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы арнайы қатысты. Сондай ақ, іс-шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы "Әйелдер-қыздар" секторының меңгерушісі Ақбөпе Қанатқызы келді.

Әжелер мектебінің және "Әйелдер-қыздар" секторының 40-тан астам өкілдері қатысқан шарада ұстаз Алтынбек Ұтысханұлы әйел-ананың дініміздегі, қоғамдағы ролі туралы уағыз айтты. «Асыл дінімізде әйелзаты үлкен құрметке ие. Қазақ халқы да ықылым заманнан «Қыз – қонақ» деп, қыздарымыздың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Өз үйінде еркелетіп өсірген. Ұлттың болашағы әйелге байланысты. Сондықтан, әйел-анаға құрмет қай уақытта да маңызды болып қала бермек»,- деді Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.

Тарихтан тағылым болып жеткен әйгілі Шоқан Уәлихановтың әжесі Айғаным, дана Абайдың әжесі Зере, Кенесары батырдың қарындасы, Әбілқайыр ханның жары Бопай ханым, Бегім ана, Домалақ аналарымыздың батырлығы, парасаттылығы туралы кеңінен мысалдар келтірілген жиында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Әйелдер-қыздар секторының меңгерушісі Ақбөпе Қанатқызы, Әжелер мектебінің мүшесі Айсұлу Қайырқызы өз ойларын ортаға салды. Сонымен бірге жиында қоғамда жиі орын алып жатқан ажырасу, қыз тәрбиесі мәселелері кеңінен талқыланды.


Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру