Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Qazіr

20 April 2024

11 Sháýýál 1445 Хижра

  DINI MEREKELER

ЖАҚСЫЛЫҚ ТА, ЖАМАНДЫҚ ТА – БІР АЛЛАНЫҢ БЕРГЕНІ

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі muftyat.kz 04.03.2022 12567 0 пікір
ЖАҚСЫЛЫҚ ТА, ЖАМАНДЫҚ ТА – БІР АЛЛАНЫҢ БЕРГЕНІ

الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

 

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға салауаттар мен сәлемдер болсын!

 

Біздер әу бастан «Әмәнту биллә» иман шартын айтқан кезде жақсылық пен жамандықтың бір Алладан келетіндігіне сендік. «Сүннеттің анасы» атанған Жебірейіл періштенің ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адам кейпінде келіп, «Ислам», «Иман», «Ихсан» жайында сұрайтын атақты хадисте, иман жайлы сұраққа Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

أَنْ تُؤْمِنَ بِاللهِ، وَمَلَائِكَتِهِ، وَكُتُبِهِ، وَرُسُلِهِ، وَالْيَوْمِ الْآخِرِ، وَتُؤْمِنَ بِالْقَدَرِ خَيْرِهِ وَشَرِّهِ

«Иман дегеніміз – Аллаға, періштелеріне, кітаптарына, елшілеріне, ақырет күніне, тағдырға, оның жақсылығы мен жамандығына иман келтіруің», – деп жауап берген (имам Мүслим).

Алла Тағаланың құдіреті арқылы жер бетіндегі әрбір нәрсе жұп-жұбымен жаратылған. Жақсылық пен жамандық ұғымдары да бір‑біріне қарама‑қайшылық жұп. Дегенмен, олардың жұптық қасиеті болған соң, әркез бір‑бірін толықтырып отыратын хикметі бар. Жамандықтың бет‑пердесін жақсылық, жақсылықтың мәнін жамандық ашады. Адамдардың дәрежесі Алла құзырында да жақсы не жаман амал жасауына байланысты. Егер мұндай айырмашылық болмаса, барлығымыз бейне бір періштедей күнәсіз болып, дүниелік сынақтың ешқандай да маңыздылығы қалмас еді.

Адам баласының басына келетін жақсылық пен жамандықтың мән-мағынасын дұрыс түсінуіміз үшін келесі жайттарды ұғынуымыз аса маңызды:

 

Бірінші: Алла Тағала бүкіл істі белгілі өлшеммен жаратқан.

Тағдыр дегеніміз – араб тілінде «қадар» деген сөзден шыққан. «Өлшеу, бір нәрсені белгілі бір өлшем бойынша жарату, белгілеу» деген мағынаны білдіреді. Ал, ша­ри­ғат­ термині бойынша Алла Тағаланың әу ба­ста болатын бар­лық нәрсені жа­рат­па­стан бұ­рын шек­сіз ілі­мі ар­қы­лы ег­жей-тег­жейіне дейін білуін және оларды бел­гі­лі бір өл­шем­ге қа­рай реттеуін, жүйе­леуін, арнайы бел­гі­леуін «тағ­дыр» дей­міз.

Тағдыр – осы әлемді және оның ішіндегі сан алуан түрлі жаратылыс иелерін белгілі бір жүйе мен тәртіп бойынша басқаратын иләһи заңдылық. Жер бетіндегі күллі мақлұқаттың болмыс-бітімі Жаратқанның белгілі бір тәртібімен өлшеніп қойылған. Алла Тағала Қасиетті Құранның «Рағыд» сүресі, 8-ші аятында:

وَكُلُّ شَيْءٍ عِنْدَهُ بِمِقْدَارٍ

«Оның құзырында әр нәрсе өлшеулі», – деп айтқан. 

Ал «қаза» дегеніміз – Алланың ежелден белгілеп, тағдырға жазып қойған құбылыстар мен жаратылыстардың уақыт-сағаты, мезгілі мен мекені, сәті келгенде жүзеге асуы. Яғни, әуелден бекітілген нәрселердің уақыты келгенде табиғаттағы барлық нәрсе Алланың тағдыры мен қазасына сәйкес іске асады. Еш нәрсе тағдыр мен қазадан тыс өздігінен, яки кездейсоқ жүзеге аспайды.Алла Тағала қасиетті Құранның «Тәубе» сүресі, 51-ші аятында:

قُلْ لَنْ يُصِيبَنَا إِلا مَا كَتَبَ اللَّهُ لَنَا هُوَ مَوْلانَا وَعَلَى اللَّهِ فَلْيَتَوَكَّلِ الْمُؤْمِنُونَ

«(Мұхаммед! Оларға айт): Бізге тек Алланың жазғаны ғана болады. Ол біздің иеміз. Мүминдер Аллаға тәуекел етсін», – делінген.

Аятта айтылғандай, басымызға келетін жақсылық та, жамандық та, үміт пен қорқыныш та, қиыншылық пен амандық та тек Алланың құзырында жазылған тағдыр бойынша ғана іске асады. Яғни, мұсылман баласы барлық ісін Аллаға тапсырып, басқа ешкімге арқа сүйемеуі керек.  

 

Екінші: Жамандыққа пенденің өзі себепші болады.

Мұсылман жақсылық та, жамандық та бір Алладан деген пайымды ұстанады. Алла адамды жамандыққа итермелеп, кезкелген қасіретті әдейі басымызға душар етпейді. Пенде өзінің ерік‑жігерінің таңдауымен жақсылықты, дәл сол секілді жамандықты да басына тілеп алады. Жаратушымыз оның қалауына сай сол істі жүзеге асырады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ниса» сүресі, 79- аятында:

مَا أَصَابَكَ مِنْ حَسَنَةٍ فَمِنَ اللَّهِ وَمَا أَصَابَكَ مِنْ سَيِّئَةٍ فَمِنْ نَفْسِكَ

«Саған нендей жақсылық келсе, Алладан. Ал бір жамандық келсе, өзіңнен», – деп айтқан. Бұл аят «Шура» сүресі, 30-аятындаодан әрі былайша  түсіндіріледі:

وَمَا أَصَابَكُم مِّن مُّصِيبَةٍ فَبِمَا كَسَبَتْ أَيْدِيكُمْ

«Бастарыңа келген бір ауыртпашылық, қолекі істегендеріңнің кесірі».

Хәкім Абай жиырма сегізінші қара сөзінде: «Жақсылық, жамандықты жаратқан Құдай, бірақ қылдырған құдай емес, ауруды жаратқан Құдай, ауыртқан құдай емес, байлықты, кедейлікті жаратқан Құдай, бай қылған, кедей қылған құдай емес деп, нанып ұқсаң болар, әйтпесе – жоқ», – деуі осыдан.

Қасиетті Құранда Ибраһим Пайғамбардың(оған Алланың сәлемі болсын):

الَّذِي خَلَقَنِي فَهُوَ يَهْدِينِ وَالَّذِي هُوَ يُطْعِمُنِي وَيَسْقِينِ وَإِذَا مَرِ‌ضْتُ فَهُوَ يَشْفِينِ

«Ол (сондай Алла) мені жаратты. Маған тура жол көрсетеді. Ол мені тамақтандырып, сусындандырады. Ауырсам, Ол шипа береді», – деп айтқаны баяндалған («Шұғара» сүресі, 78-80-аяттар).

Аталмышаятта Алла Тағалаға қатысты: «Мені жаратты», «Маған тура жол береді», «Мені тамақтандырып, сусындандырады» деп айтылғанымен, сырқат мәселесінде «Мені ауыртса» деп емес, «Ауырсам» деп, аурудың себебін өзіне қатысты етіп айтуы тегін емес. Өйткені жамандық, сынақ атаулының келуіне адамның өзі себеші болады.

 

Қисса:

Бірде хазірет Омар (Алла оған разы болсын) іс-сапармен бара жатқан Шам өлкесінде жұқпалы індеттің, яғни оба ауруының шыққаны белгілі болады.Бұл хабарды жолда естіген Омар (Алла оған разы болсын) жанындағы үзеңгілестерімен ақылдаса келе, Шамға бармастан кері қайтуға шешім қабылдайды. Сонда сахаба Әбу Үбәйда ибн Жәррах (Алла оған разы болсын):

«Уа, Омар! Алланың тағдырынан қашып барасың ба?» – деп сұрайды.

Сонда хазірет Омар (Алла оған разы болсын) «Иә, Алланың тағдырынан Алланың тағдырына қарай бара жатырмын», – деп жауап берген екен.

 

Үшінші: Алла Тағала адамдарды зұлымдыққа бұйырмайды.

Алла Тағала пендесінің жасаған жамандық істеріне ешуақыт разы болмайды. Жамандық, зұлымдық, күнә атаулыны пенде өз нәпсісіне еріп жасайды. Алла Тағала қасиетті Құранның «Нахыл» сүресі, 33-аятында:

وَمَا ظَلَمَهُمُ اللَّهُ وَلَكِن كَانُواْ أَنفُسَهُمْ يَظْلِمُونَ

«Алла оларға зұлымдық етпеді. Бірақ олар өз-өздеріне зұлымдық еткен еді», – деп, барлық мәселеде пенденің өзі кінәлі екенін білдіреді.

Шәкәрім Құдайбердіұлы «Мұсылмандық шарты» кітабында:«Және анықтап ұғу керек. Алла Тағала ешқашан пенденің көңілін жаман іске аудармайды. Жаман істі бенде өзі нәпсісіне еріп, шайтанның алдауына еріп, талап қылады. Оны Алла Тағала көрмеуі де шариғат һәм молдалар сөзіменен тыйып, жасырын да ойы жүрегіне сезгізіп тыяды, оған да болмай ұмтыла берген соң, қаһар қылса тоқтатпайды. Жақсылыққа әрқашан бұйырып һәм көңілін де соған аударады. Тілегі дұрыс, жүрегі таза бендесін бірде болмаса, бірде түзу жолға салады», – деген.

Алла Тағала қасиетті Құранның «Ағраф» сүресі, 28-аятында:

إِنَّ اللَّهَ لا يَأْمُرُ بِالْفَحْشَاءِ

«Расында Алла Тағала арсыздыққа бұйырмайды», – деп айтылған

Мысалы, ата-ананың балаларына жамандық қаламайтыны түсінікті жайт. Керісінше, ата‑анасы баласын сәт сайын жамандықтан жиіркендіріп, жақсылыққа үндеуден ешқашан жалықпайды. Бірақ, ата‑анасының адал көңілі мен баланың шалыс қылығы көп жағдайда сәйкес келе бермейді. Ата‑ана баласының шалыс басып, жаман жолға түскенін қаламайтыны секілді, Алла да пендесінің тозаққа баруын қаламайды. Ата-анасын тыңдамаған бала теміртордан бір-ақ шығады немесе қоғамдағы сүйкімсіз, жағымсыз адамға айналады. Сол секілді пенде де Алланың әмірлері мен тыйымдарына құлақ аспаса, Алланың ақ жолымен жүрмесе, тура жолдан адасып, о дүние де азапқа душар болмақ.

 

Төртінші: Тура жол мен адасушылық пенденің ниетіне қарай беріледі.

Пенде тура жолға түспек болып  ниет етсе, барлық ықыласымен Алладан тілесе, шүбәсіз оған тура жол нәсіп болады. Егер адасушылардың жолын таңдап, хақ жолды қабыл еткісі келмей бұра тартса, онда оған адасушылық жолы ашылады. Асыл дініміз Исламда ешкімді дінге, иманға, қинап кіргізуге болмайды. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 256-аятында:

لا إِكْرَاهَ فِي الدِّينِ

«Дінде зорлы жоқ», – деп айтқан.

Пайғамбарлар да ешкімді иманға мәжбүрлемеген, тек Алланың ақ жолына шақырып,  өз міндеттерін ғана атқарған. Иманға көңілі бұрмайтын пендеге пайғамбар ешқандай да бұйрық бере алмайды. Себебі, жол таңдау пенденің қалауында. Қалауына қарай Алла Тағала сол жолдың есігін ашады. Ардақты Пайғамбарымыз да (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көкесі Әбу Тәлібке қанша жалынып, сұранғанымен иманға келтіре алмаған. Ақырында иман келтірмеген күйінде дүниеден озды. Кейін Алла Тағала қасиетті Құранның «Қасас» сүресі, 55-аятын түсіріп:

إِنَّكَ لَا تَهْدِي مَنْ أَحْبَبْتَ وَلَٰكِنَّ اللَّهَ يَهْدِي مَن يَشَاءُ

«Расында сен жақсы көргеніңді тура жолға сала алмайсың. Бірақ Алла кімді қаласа, оны тура жолға салады», – деп айтқан.Бұл аятқа қатысты тәпсірде: «Алла Тағала кімнің тура жолға, кімнің адасушылыққа лайық екендігін жақсы біледі», – деп түсіндірілген.

Тіпті, шайтан да адамдарға адасушылықтың жолын көрсетіп, алдап-арбағанымен, бірақ ешбір пендені зорлап адастыруға құдіреті жетпейді. Ал шынайы мүминге зәредей де зиян тигізе алмайды. Алла Тағала Қасиетті Құранның «Хижр» сүресі, 42-аятында:

إِنَّ عِبَادِي لَيْسَ لَكَ عَلَيْهِمْ سُلْطَانٌ إِلاَّ مَنِ اتَّبَعَكَ مِنَ الْغَاوِينَ

«Менің шынайы құлдарыма ықпалың жүрмейді. Бірақ, саған кім ерсе, адасқандардан болады», – деп айтқан.

 

Қадірменді жамағат!

Тағдырға және жақсылық пен жамандыққа қатысты мынадай түйіндеме айтуға болады:

Біріншіден, жаратылыста иләһи тағдыр мен бағдарлама бар, адамда ерік пен пейіл бар.

Екіншіден, Алла Тағаланың ілімі шексіз, ол уақыт пен кеңістікке тәуелді емес өткенді, қазіргіні және болашақта болатын нәрселерді толық біледі.

Үшіншіден, біз ісімізді Алла Тағала солай жазды деп істемейміз, керісінше, Алла Тағала біздің өз қалауымызбен не істейтінімізді білгендіктен солай жазады.

Төртіншіден, Алла Тағала тағдырымызды жазатын кезде, біздің дербес қалауымызды ескереді әрі оны қалай қолданатынымызды да есепке ала отырып жазады. Біздің басымызға келетін жақсылық пен жамандық та өзіміздің ішкі ниет, қалауымызға байланысты беріледі.

Бесіншіден, егер біз қалауымызды ізгі жолда қолданатын болсақ, онда Алла Тағала өзінің мол мейірімімен бізге мына өмірде нығметтер беріп, ақыретте де жәннатты нәсіп етеді.

Алла Тағала ниет-тілектерімізді қабыл етіп, қасиетті жұма күнін баршамызға мүбарак еткей!

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру