Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

САЛИҚАЛЫ ҰРПАҚ – ҰЛТ БОЛАШАҒЫ

18.12.2019 39005 0 пікір
САЛИҚАЛЫ ҰРПАҚ – ҰЛТ БОЛАШАҒЫ

 

КІРІСПЕ

Парасатты, ізгі тәрбие неден басталмақ? Бұл ең әуелі баланың өз ата-анасын сыйлауы, иманды болып өсуі, жанашыр, адал, еңбекқор, кішіпейілділік секілді ізгі қасиеттерді бойға сіңіруі. Қоғамды құрайтын жанұяның бір мүшесі ол – бала. Ата-ана болудың зор жауапкершілігі де осы кезден басталады. Ислам дінінде бала – өмірдегі сынақтардың бірі ретінде қаралады. Сол себепті сынақтан сүрінбей өту үшін балаға өмірде жақсы-жаманның, обал-сауаптың не екенін, қалай еткенде жақсы адам болып қалыптасудың жолдарын үйрету, парасатты тәрбие беру – ата-анаға міндеттелген іс. 

Әдепті болуы, қай кезде де текті тәрбиенің жемісі. Міне, мұндай ұрпақ – Абай атамыз айтқандай, ата-ананың көз қуанышы, қызығы мен сүйініші. Ата-ананың бұл төңіректе білген-түйгені неғұрлым жан-жақты әрі тереңірек болған сайын, балаға берілер тәрбиенің де соғұрлым жақсы болары сөзсіз. Егер ата-ана баласын мейірімге бөлеп, ойы мен жүрегін ізгілікке бағыттап, өзіне әрі қоғамға пайдалы азамат етіп тәрбиелесе, ұлтқа тұлға болатын берік тірек сыйламақ. Ал адамдық қасиеттеріне көңіл бөлмей, тек материалдық тұрғыдан қамтамасыз етумен шектелсе, онда қоғамды ішінен ірітетін зиянкес болып өспек. Жалпы алғанда ата-ананың перзенті алдында көптеген міндеттері бар. Соның ішінде маңыздысы, яғни ең болмағанда мынадай тәрбие беруді ұмытпауы тиіс. Олар:

Біріншіден, баласына жақсы тәрбие беру;

Екіншіден, сауаттылыққа, білім алуды үйрету;

Үшіншіден, олар үшін әрдайым жақсы дұға-тілекте болу.

ҚҰРАН АЯТТАРЫ:

Бірінші аят:

رَبِّ اجْعَلْنِي مُقِيمَ الصَّلاةِ وَمِنْ ذُرِّيَّتِي رَبَّنَا وَتَقَبَّلْ دُعَاءِ

«Раббым! Мені және менің ұрпақтарымды намаз оқитындардың қатарынан қыл! Раббымыз! Менің дұғамды қабыл ала көр!»[1].

Қысқаша түсіндірме: Бұл Ибраһим пайғамбардың (Алланың оған сәлемі болсын) ұрпағына жасаған дұғасы болатын: «Аллаһым, мені және менің ұрпақтарымды намазына берік жандардан ете гөр!».

Бұл мұсылманның, әсіресе ата-ананың ұрпағына жасайтын ең қайырлы дұғасы, өзі және ұрпағы намаз оқығандардан болу – адам үшін ең ұлы бақыт, өйткені намаз діннің тірегі.

Екінші аят:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا قُوا أَنفُسَكُمْ وَأَهْلِيكُمْ نَاراً وَقُودُهَا النَّاسُ وَالْحِجَارَةُ

«Уа, иман келтіргендер! Өздеріңді және отбасыларыңды отыны адамдар мен тастардан болған оттан (тозақтан) құтқарыңдар»[2].

Қысқаша түсіндірме: Уа, Аллаға иман келтіргендер! Өздеріңді және отбасыларыңды лаулаған тозақ отынан сақтаңдар. Тозақ отынан құтылудың жолы – Алланың әмір еткенін орындау, тыйым салғанынан қашық болу. Мужәһид бұл аяттың тәпсірі жайында «Жанұяларыңды тақуалыққа бұйырып, тозақ отынан қашық болыңдар. Ер азамат жанұясы үшін ақыретте сұралады. Шынымен жанұясын жақсы көрсе ғана отыны адамдардан болған тозақтан құтқарады» деген.   

Үшінші аят:

وَاعْلَمُواْ أَنَّمَا أَمْوَالُكُمْ وَأَوْلاَدُكُمْ فِتْنَةٌ وَأَنَّ اللّهَ عِندَهُ أَجْرٌ عَظِيمٌ 

«Негізінде малдарыңды және балаларыңды сынақ деп біліңдер. Алланың қасында зор сыйлық бар»[3] – деп бұйырған.

Қысқаша түсіндірме: Адамның дүние-мүлкі, жанұясы адам үшін үлкен сынақ. Өйткені Алла Тағала жанұямыздың шариғат шеңберін қаншалықты сақтайтынымыз жайында бізден есеп алады. Сол секілді бұл екі нығмет (дүние-мүлік пен бала-шаға) Алла алдындағы міндетімізді ұмыттыратын себептердің бірі. Сол себепті өмірдің уақытша ләззаттарына алданбай Аллаға шынайы құлшылық етіңдер. Сонда ғана Алла құзырындағы зор сауаптарға жетесіңдер.

Төртінші аят:

وَالَّذِينَ يَقُولُونَ رَبَّنَا هَبْ لَنَا مِنْ أَزْوَاجِنَا وَذُرِّيَّاتِنَا قُرَّةَ أَعْيُنٍ وَاجْعَلْنَا لِلْمُتَّقِينَ إِمَامًا 

«Олар (Рахманның тақуа құлдары): «Раббымыз! Бізге жұбайларымыздан, ұрпақтарымыздан көзайымын бер! Әрі бізді тақуалардың алды қыла гөр!» – деп айтады»[4].

Қысқаша түсіндірме: Уа, Жаратушы! Біздердің жұбайларымызды, ұрпақтарымызды Сенің әмірлеріңді орындайтындардан ете гөр! Оларды өміріміздің қуанышы ете гөр! Оларды үлгі-өнегеде тақуалардың алды ете гөр!

Бесінші аят:

وَأْمُرْ أَهْلَكَ بِالصَّلَاةِ وَاصْطَبِرْ عَلَيْهَا

«Үй ішіңді намазға бұйыр және өзің де оған көңіл бөл»[5].

Қысқаша түсіндірме: Уа, Мұхаммед! Жанұяңа, үмметіңе намаз оқуға бұйыр. Намаздың толық орындалуына, парыздары мен әдептерінің сақталуына ерекше мән беріп сабырлықпен қара.

ХАДИСТЕР:

Бірінші хадис:

اِفْتَحُوا عَلَى صِبْيَانِكُمْ أَوَّلَ كَلِمَةٍ بِلا إِلَهَ إِلَّا اللهُ وَلَقِّنُوهُمْ عِنْدَ المَوْتِ لَا إِلَهَ إِلَّا الله.

«Сәбилеріңнің алғашқы сөзін «Лә иләһә иллалламен» бастаңдар және өлер кезінде «Лә иләһә иллалланы» айту керектігін үйретіңдер»[6], – деген.

Екінші хадис:

مُرُوا أَبْنَاءَكُمْ بِالصَّلَاةِ لِسَبْعٍ وَاضْرِبُوهُمْ عَلَيْهَا لِعَشْرٍ وَفَرِّقُواْ بَيْنَهُمْ فِي الْمَضَاجِعِ.

«Балаларыңа жеті жастан намаз оқуға бұйырыңдар, ал он жасқа толғанда (есіне түсіру үшін) ұрып қойыңдар және төсектерін бөлектеңдер»[7], – деген.

Үшінші хадис:

إِذَا مَاتَ اْلِإنْسَانُ، اِنْقَطَعَ عَمَلُهُ إِلَّا مِنْ ثَلَاثِ، صَدَقَةٍ جَارِيَةٍ أَوْ عِلْمٍ يُنْتَفَعُ بِهِ، أَوْ وَلَدٌ صَالِحٌ يَدْعُو لَهُ .

«Адам баласы дүниеден өткен соң, оның амалының барлығы үзіледі, (тоқтайды) тек үш түрлі амалы үзілмейді: жәрия берген садақасы, артынан қалдырған пайдалы ілімі немесе оған дұға жасайтын салиқалы ұрпағы»[8].

Төртінші хадис:

لِأَنْ يُؤَدِّبَ أَحَدُكُمْ وَلَدَهُ خَيْرٌ لَهُ مِنْ أَنْ يَتَصَدَّقَ كُلَّ يَوْمٍ بِنِصْفِ صَاعٍ عَلَى المَسَاكِينِ.

«Біреулеріңнің баласына әдеп үйретуі оған әрбір күні жарты сағ (бір уыс бидай не құрма) садақа бергенінен артық»[9], – деген.

Бесінші хадис:

مَنْ وُلِدَ لَهُ وَلَدٌ فَلْيُحْسِنْ اِسْمَهُ وَأَدَبَهُ فَإِذَا بَلَغَ فَلْيُزَوِّجْهُ فَإِنْ بَلَغَ وَلَمْ يُزَوِّجْهُ فَأَصَابَ إِثْمًا فَإِنَّمَا إِثْمُهُ عَلَى أَبِيهِ.

«Кімнің баласы туылса оның есімін жақсы етіп қойсын, әдебін жақсартсын. Балиғатқа жеткен кезінде оны үйлендірсін. Егер балиғатқа жеткенде үйлендірмей, ол күнәға батса (яғни, зинақорлыққа барса), оның күнәсі әкесіне»[10], – деген.

Алтыншы хадис:

حَقُّ الْوَلَدِ عَلَى الْوَالِدِ أَنْ يُعَلِّمَهُ الْكِتَابَةَ وَالسِّبَاحَةَ وَالرَّمْيَ، وَأَنْ يُؤَدِّبَهُ طَيِّبًا.

«Әкенің баланың алдындағы міндеті: жазу-сызуды, жүзуді және садақ атуды үйрету әрі жақсы етіп тәрбиелеу»[11], – деген.

ІЗГІЛЕРДІҢ СӨЗДЕРІ:

Әділетті халифа хазіреті Омар (Алла оған разы болсын) Шам еліне жазған хатында: «Өз балаларыңа садақтан оқ атуды, суда жүзуді және атқа мінуді үйретіңдер», – деген.

Имам Ғазали бала тәрбиесі жөнінде: «Баланың тәрбиесі ата-ананың алдында таза парақ секілді, қалаған нәрсеңді жаза аласың».

Хазіреті Әли (Алла оған разы болсын) «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңді және отбасыларыңды отыны адамдар мен тастардан болған оттан (тозақтан) құтқарыңдар»[12], деген аятқа қатысты «бала шағаларыңа ілім үйретіңдер, әдепке баулыңдар» деп түсіндірген.

Утба ибн Әби Суфиян: «Балаңа берер бірінші тәрбиең ең алдымен өзіңді жөндеуің, өйткені олардың назары сенің іс-әрекетіңде. Сенің істеген ісің олар үшін жақсы амал, тәрк еткенің жаман амал, соны біліп қой» деген.

ҒИБРАТТЫ ҚИССАЛАР:

Бірінші қисса: 

Бірде Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мадиналық бір кісі Амр ибн Рай деген баланы жетектеп келеді. Үрейден әбіржіген бала Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әрең жақындайды. Оны әкелген кісі: «Мына бала менің құрма бағыма кіріп, ағаштарыма тас лақтырып, құрмаларымды ұрлап жеп жүр. Оған лайықты жазасын беріңіз!» – деп шағымданады. Бала «Қандай жаза береді екен?» деп қатты қорқып кетеді. Ұрлық жасаған балаға жылы жүзбен қараған Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жұмсақ дауыспен: «Ботақаным», – дейді. Пайғамбарымыздың мейірімділік танытқанынан үрейленіп тұрған баланың көңілі жайланып қалады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оны өзіне жақын тартып еді, ол да жан сырын жайып салуға дайын екенін байқатты. Яғни, бала қандай ақыл кеңесті де қабыл алғалы тұр еді. Сондықтан, ең алдымен, балаға мейірімді болу керек. Содан соң Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әлгі баладан: «Балам, сен неге ұрлық жасадың?» – деп сұрайды. Бала: «Қарным ашты», – дейді. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бұдан былай қарның ашса, тас лақтырып, ағаштың басындағы құрмаларды түсірме, өздігінен жерге төгілгендерін ғана теріп же», деп жылы сөзбен ақыл айтады да, қолын жайып бата береді.

Екінші қисса:

Әбу Ханифаның әділдігі

Шариғат ілімінің негізін салушы, төл мазһабымыздың жетекшісі болған Имам Ағзам Әбу Ханифаның бүкіл ғұмыры исі мұсылманға игі өнеге. Біле білсек, оның күнделікті тіршілігіндегі тақуалығы, әділдігі, парасаттылығы Жаратқанның жарылқауынан үміт еткен кез келген мұсылманға үлкен үлгі.

Бірде Әбу Ханифаға баласын ертіп бір әйел келеді. Ол имамға баласының жағымсыз әдеті туралы шағым айтады. Айтуынша оның ұлы тәттіге өте құмар екен. Сол әдеттен тыс құмарлығының салдарынан тістері ауырып, түсуге айналыпты. Жанашыр ана Әбу Ханифадан осының амалын сұрай келген. Әйелдің әңгімесін естіген Әбу Ханифа аз-кем ойланып отырады. Сосын: «Сіз балаңызбен бірге қырық күннен кейін қайтып келіңіз», – дейді.

Арада қырық күн өткен соң әлгі әйел баласын ертіп ұлы ғұламаға қайта келеді. Шариғат білгірінен баяғы мәселенің жауабын сұрайды. Сонда Әбу Ханифа балаға қарап: «Ей, ұлым! Тәттіні көп жеме. Шынында тәттіні көп жесең, тісің ауыратын болады, басқа денсаулығыңа да зиян. Анаңды тыңда. Тәттіні көп жеме», – дейді.

Баланың анасы тағы бірдеңе айтар деген үмітпен ғалымның жүзіне қарайды. Бірақ ғалым барлық жауабым осы дегендей ишарат жасайды. Сонда баланың анасы: «Уа, мұсылмандардың имамы! Мен сізден нақты ақыл күткен едім. Қырық күн күттіріп қойғанда бар айтқан жауабыңыз осы ма сонда? Олай болса бұл жауабыңызды сол кезде айта салмадыңыз ба?» – деп реніш білдіреді. Сонда Әбу Ханифа данышпан: «Уа, дін қарындасым! Сіз маған алғаш келгеніңізде (қырық күн бұрын) өзім де тәттіні көп жейтін едім. Сондықтан ол кезде балаға ақыл айта алмадым. Өзім тәттіні көп жеп тұрып, басқаға жеме десем, менікі нағыз екіжүзділік, жалғандық болар еді. Ондай сөзімнің балаға да әсері болмас еді. Сондықтан осы бала үшін өзім тәтті жеуді қырық күн доғардым. Сөйтіп барып балаңызға кеңес айттым», – деген екен.

Үшінші қисса:

Омардың (р.а) халифалығы кезінде бір адам оған баласын ертіп келіп: «Ей, мұсылмандардың әміршісі. Мынау менің ұлым. Өзіме қарсы шығып, жапа шектірді» – деп шағымданады. Омар балаға қарап «Құдайдан қорықпайсын ба? Баланың әке-шешеге қарсы шыққанын кімнен көрдің? Ата-ананың ақысын білмеуші ме едің?» деп ұрсады. Бала еш қаймықпастан. «Халифам, сіздің айтып тұрғаныңыз әке шешенің ақысы. Ал, баланың ата-анасында ешқандай ақысы жоқ па?» деп сұрайды. Омар «Иә, ата-ананың мойнында баланың да ақысы бар. Ең әуелі үйленерде баласына ана болатын жақсы жар таңдауы тиіс. Тәрбиесіз қызға үйленсе, болашақта туылатын балаға қиянат жасаған болады. Баласы туылғанда оған жақсы ат қоюы керек. Сосын ес білгенде оған Алланың кітабы Құранды үйрету қажет» – деп санап береді. Мұны естіген бала! «Уа, мұсылмандардың әміршісі! Әкем жоғарыдағы айтқандарыңыздың ешбірін орындаған жоқ. Біріншіден, менің анамды құл базардан сатып алған. Оның өткен өмірі белгісіз. Екіншіден, маған қара қоңыз деген мағына білдіретін «Жуал» деген нақұрыс ат қойған. Үшіншіден, Құраннан бір әріп те үйретпеді» деп зарлап қоя бергенде, Омар баланың әкесіне бұрылып: «Балаңның қиянат жасағанын айтып шағымданасың. Негізінде сен оған қиянат жасағансың. Енді амал жоқ. Бар жолыңды тап», – деп шығарып салады.

Төртінші қисса:

Төле – Тəуке ханның жеті жарғы, бас биінің бірі. Əз Тəуке тұсында Қазақ хандығының ішкі жəне сыртқы жағдайының нығайғаны белгілі.

Шу өзенінің Балқашқа жақын жайылымына үйсін мен арғын тайпаларының белді бектері таласыпты. Екі жақтың да билері бас қосып, кеңесіп, бəтуаласа алмай отырғанда, топқа еріп келген он бес жасар Төле билік айтушылардың бірде-біріне көңілі толмай:

Ақты ақ деп бағалар,

О, игі жақсы ағалар!

Өзегі талса ел біткен,

Өзен бойын жағалар, – деп сөз бастай бергенінде: «Ата тұрып, ұл сөйлегеннен без, ана тұрып, қыз сөйлегеннен без», деуші еді. Мына бала кім өзі?», – дейді төрдегі би. Төле қасқая қарап тұрып:

О, би аға, он үште отау иесі демес пе,

Кінəлімін бе келіп қалсам он беске!

Сөз сөйледім, бұйыра көрмеңіз айыпқа,

Ала көз болу ағайын адамға лайық па?

О, игі асқар тауымыз,

Əділ ме осы дауымыз?

Жар астында тұрғанда

Жасырынып жауымыз? дейді. Сонда төрдегі би:

  • Қой асығы демеңдер,

Қолыңа жақса, сақа қой.

Жасы кіші демеңдер,

Ақылы асса, аға ғой,  деген екен.

Балам, ағалық билікті саған бердім, дейді. Бала Төле жұлып алғандай: Сары табақтан сарқыт қайтады деген. Билікті маған берсеңіз, Шу өзенінің оң жағын үйсін, сол жағын арғын жайласын, деп билік айтады. Бұл шешімге екі жақ та риза болып, бітімге келеді. Сонда төрдегі би:

Үй баласы ма деп едім,

Ел баласы екенсің.

Ай маңдайлы арысым,

Талабың алдан өтелсін.

Ауылыңның таңы бол,

Маңдайдағы бағы бол! деп, бала Төлеге бата берген екен. Осыдан бастап Төленің аты шығып, ел арасындағы дау-жанжал келіссөзге араласып, билік айта бастапты.

НАҚЫЛ-СӨЗДЕР МЕН МАҚАЛ-МӘТЕЛДЕР:

Атың жаман болса, қырың кетер, Балаң жаман болса, арың кетер.

Әдепті бала – арлы бала, Әдепсіз бала – сорлы бала.

Баланың ұяты – әкеге, Қыздың ұяты – шешеге.

Болар елдің баласы он бесінде «Баспын» дер, Болмас елдің баласы отыз бесте «Жаспын» дер.

Ер бала он үште отау иесі.

Қарағайға қарап тал өсер, Қатарына қарап бала өсер.

БАЛА ТӘРБИЕСІНДЕ ЕСКЕРІЛУІ ТИІС МӘСЕЛЕЛЕР:

Біріншіден, оған сөзбен емес, іспен үлгі болу. «Айтпа – көрсет, үндеме – үйрет» деген принцип осындайда ауадай қажет. Оның көзінше күнәлі іске бой алдырмай, барынша теріс қылықтарды жасаудан бас тартқан абзал. Өйткені бізден кеткен қателікті періште сәби «дұрыс екен» деп қабылдайды. Әсіресе біреу іздеп келгенде немесе телефон арқылы хабарласқан сәтте баланың аузымен «әкем үйде жоқ» деген өтірік сөзді айтқызу – апатқа апаратын амал. Өзіміз өтірікке үйір болғанымызбен қоймай, баланы да осыған мәжбүрлейміз.

Екіншіден, жұмсақтық қажет. Бала ата-анасынан жылулық сезінбейінше, оның бойында мейірім-махаббат оянбайды. Қателігін бетіне басу – орынсыз. Өз қателігін өзі түсініп, көз жеткізуі ләзім. Бұрыс басқан қадамынан сабақ алған бала саналы түрде ендігәрі жат қы­лықты қайталамауға тырысады. Мінезі қырсық баланы таяқпен тү­зей­мін деу – әурешілдік. Санасына келсе – сабасына түседі. Бала бол­ған соң, бүлдірмей қоймайды. Оны солай қабылдауымыз қажет-ақ.

Үшіншіден, кейде қаталдық та қажет. Қатал болғанда да өз орнымен. «Қатал бол, бірақ қатыгез болма» деген тұжырым бар. Ол өзінің әдепсіз әрекеті үшін әкесінің ашуланатынын білуі керек. Жұмсақтық жақсы, бірақ бұл ұстаным баланы босаңсытып жібермеуі тиіс. Сол үшін даналықпен қаталдық жасаған абзал. Қаталдық жасау – оны қатты жазалау деген сөз емес. Жекіп тастағаннан гөрі қабақ шытудың өзі жеткілікті. Бұл – баланың жаман әрекетін құптамаудың ишарасы. Сонда ол өз қателігін түсінеді. Ескеретін жайт: сынған кесе, сызылған қабырға, т.б. ұсақ-түйек дүниелер үшін қабақ шыту – дұрыс ұстаным емес. Дүниелік заттар баланың жүрегін ауыртудың қасында түк те құны жоқ. Жат қылық, жаман әдет, күнәға жетелейтін істер үшін қабақ шыту – дүниелік нәрсенің қасында әлдеқайда қайырлы.

Төртіншіден, баламен үлкен адамдарша пікірлесу, сөйлесу ләзім. Көп жағдайда оған өз ойын ашық айтуға мүмкіндік жасаған жөн. Өз пікірін жеткізе алмай өскен бала есейгенде ынжықтық танытады. Бұған да мән бергеніміз жөн. Балаға ертегі немесе ғибратты оқиғаны әңгімелеп бердіңіз делік, айтылған жайттан алар пайдалар туралы кішкентайдың пікірін міндетті түрде сұрауымыз керек. Бұл тәсіл ойлануға, ой қорытуға көмектеседі, әр нәрсенің тағылымды тұстарынан тәрбие алуға итермелейді. Тұжырымды ой айтуға дағдыланған бүлдіршіннің өзіне деген сенімділігі артады.

Бесіншіден, бала тәрбиесімен жүйелі түрде айналысу қажет. Аптасына бір уақытты арнау – оның тәрбиесін жүйелі қадағалауға мүмкіндік береді. Бала болған соң, бұзықтық жасайды, босаңсиды, теледидардан көргенін қайталайды. Бұл – бүлдіршінге тән табиғи құбылыс. Сондықтан оған ұдайы көңіл бөлген абзал. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Балаға бір рет көңіл көліп, тәрбие беру – бір сағ (бір сағ – 2120 граммға тең) көлемінде садақа бергеннен де жақсы» деген.

Алтыншы, оның қолымен қайырлы істерді жасау. Мысалы, көшеде кетіп бара жатырмыз делік. Жол бойында қайыр сұраған қарияға, мүгедекке балаңыздың қолымен нан, ақша, т.б. беру. Болашақта мұндай қайырлы істер оның бойында қалыптасып, өмірінде көрініс табады. Отбасымен бірге науқас адамды зиярат етудің, қайырымдылық шараларға қатысудың маңызы үлкен.

Жетінші, сыйлық беру. Сыйлық – кез келген жүректі жібітеді. Сыйлық беру арқылы жаттаған «тақпақты» немесе берген тапсырманы оңай талап ете аласыз. Өйткені сыйлық алған адам берушіге «берешек» боп қалады. Беру арқылы, өз «билігіңізді» жүргізесіз. Алла Елшісі сыйлық беру адамдар арасындағы сүйіспеншілік пен махаббатты оятып, мейірім мен бауырмашылдық сезімді арттыратынын айтқан. Мереке күндері, аптаның айтулы сәтінде, әсіресе айт мейрамы, қасиетті жұма күндері отбасын қуанышқа кенелту, оларға сыйлық тарату – сауапты іс.

Сегізінші, дұғагөйлік. Игі ұрпақты, құлшылығы мен тіршілігі үйлескен үлгілі баланы Алладан тілеу – әр мұсылманның міндеті. Өйткені қайырлы ұрпақты пайғамбарлар да Жаратушыдан сұраған. «Бала бер, бала берсең сана бер. Сана бермесең ала бер» деген қанатты сөз қайырлы ұрпақты тілеуден туған ниет. Дұға – мұсылманның қорғаны. Қасиетті хадис-шарифте айтылғандай, әр пендеге ниет еткен нәрсесі беріледі. «Жақсы сөз – жарым ырыс».

Тоғызыншы, балаларды алаламау, бәріне бірдей қарау, бірдей көңіл бөлу қажет. Бірін екіншісінен артық жақсы көру – үлкен қателік. Мұны бала да сезеді. Дұрыс көңіл бөлінбеген бала дағдарыс пен күйзелісті бастан кешеді.

УАҒЫЗДАН АЛЫНАР ҒИБРАТТАР:

Ұрпақ сүю – Алланың ұлы нығметі

Ұрпағымыз үшін Алланың алдында жауаптымыз

Әке-шешенің ұрпағының алдындағы ең ұлы міндеті – жақсы тәрбие беру

Бала әке-шешенің сөзіне емес, ісіне қарап өседі

Салиқалы ұрпақ тәрбиелеу – Алланың алдындағы мәртебені өсіреді.

ДҰҒА:

Құрандағы Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардың дұғасы:

رَبِّ اجْعَلْنِي مُقِيمَ الصَّلاةِ وَمِنْ ذُرِّيَّتِي رَبَّنَا وَتَقَبَّلْ دُعَاءِ

«Раббым! Мені және менің ұрпақтарымды намаз оқитындардың қатарынан қыл! Раббымыз! Менің дұғамды қабыл ала көр!»[13].

 

 

 

 

[1] «Ибраһим» сүресі, 40 аят.

[2] «Тахрим», сүресі, 6-аят.

[3] «Әнфал» сүресі, 28 аят.

[4] «Фурқан» сүресі, 74 аят.

[5] «Таһа» сүресі», 132-аят.

[6] Хаким хадистер жинағы.

[7] Әбу Дәуіт хадистер жинағы.

[8] Муслим хадистер жинағы

[9] Табарани хадистер жинағы.

[10] Байһақи хадистер жинағы.

[11] Байһақи хадистер жинағы.

[12] «Тахрим» сүресі, 6-аят.

[13] «Ибраһим» сүресі, 40 аят.

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру