Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

ТУҒАН ЕЛ – ӘР АДАМНЫҢ ТҮП ҚАЗЫҒЫ

11.12.2019 50255 1 пікір
ТУҒАН ЕЛ – ӘР АДАМНЫҢ ТҮП ҚАЗЫҒЫ

 

КІРІСПЕ

Туған елге, жерге оның топырағына деген сүйіспеншілік − әрбір жан үшін аса киелі ұғым, ыстық сезім. Туған ел кіндік қанымыз тамған туып-өскен жеріміз, отбасымыз, ата-анамыз, ауасын жұтып, суын ішіп жүрген, кең-байтақ атамекеніміз. Міне, осы туған ел мен жерге ие болу, амандығын тілеу әрбір мұсылманның діни әрі азаматтық борышы.

Әркімнің өсіп-өнетін жері – оның туған елі. Адам туған жерін қастерлеп, қадіріне жете білуі тиіс. «Туған елінің қадіріне жетпеген өз қадіріне жетпейді» деген халық нақылында. Ендеше туған жері мен елін құрметтеу, оның даңқын асыру әрбір азаматтың міндеті.

«Торғай екеш торғай да, өз ұясын қорғайды» демекші, расымен де туған жерге деген ыстық сезім жалпы адамзаттық, адамгершілік қасиеттерге жатады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің кіндік қаны тамған туған шаһары Мекке қаласына айрықша ықыласпен қараған. Мәдинаға қоныс аударып, сонда орнықса да Өзінің туған жерін әсте ұмытпаған. Сахабаларымен бірге Меккені сағынышпен еске алып отырған.

Тарихи деректе, Алланың Елшісі (с.ғ.с.) мүшріктердің қысымынан соң Жаратқанның пәрменімен Мәдинаға қоныс аударып бара жатқанда, сахабасы Әбу Бәкір (р.а.) екеуі алдымен үңгірге жасырынады. Сосын үңгірден түнде жолсыз даламен Мәдинаға бағыт алады. Кейін керуен жолына түсіп, Меккеге апаратын жолды көреді. Сонда Пайғамбар (с.ғ.с.) сол жолға қарап, Меккемен қимай қоштасады. Ибн Аббастан (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.ғ.с.) Меккеге қарап тұрып:

«مَا أَطْيَبَكَ وَأَحَبَّكَ إِلَيَّ وَلَوْلاَ أَنَّ قَوْمَكَ أَخْرَجُونِي مِنْكَ مَا سَكَنْتُ غَيْرَكَ»

«Сен мен үшін сондай қымбатсың, сүйіктісің. Егер де мүшріктер қуып шығармағанда сенен басқа жерде тұрақтамас едім», – дейді[1].

Адамзаттың асылы Алланың Елшісі (с.ғ.с.) туған жерін, өзі өскен елін қатты жақсы көрген. Елін, жерін жамандыққа қимаған. Туған-туысы, жұрты тура жолда болса екен деп дұға тілеген.

Сол кезде Жебірейіл періште көңілі жабырқау Пайғамбарды қуантатын Жаратқан Иенің мына сүйінші аяттарын түсіреді:

إِنَّ الَّذِي فَرَضَ عَلَيْكَ الْقُرْآنَ لَرَادُّكَ إِلَى مَعَادٍ

«Ақиқатында, саған Құранды түсірген (Алла) түбінде сені (Меккеге) қайтарады» («Қасас» сүресі, 85-аят).

Арада біраз уақыт өткенде Алланың уағдасы орындалып, Ислам діні жеңіске жетіп, Мекке ашылғанда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туған қаласына келеді. 

ҚҰРАН АЯТТАРЫ:

Бірінші аят:

وَضَرَبَ اللَّهُ مَثَلاً قَرْيَةكَانَتْ آمِنَةً مُطْمَئِنَّةً يَأْتِيهَا رِزْقُهَا رَغَداً مِنْ كُلِّ مَكَانٍ فَكَفَرَتْ بِأَنْعُمِ اللَّهِ فَأَذَاقَهَا اللَّهُ لِبَاسَ الْجُوعِ وَالْخَوْفِ بِمَا كَانُوا يَصْنَعُونَ

«Алла (ғибрат аларсыңдар деп) мынадай ауылды мысалға келтірді: Ол ауыл бейбіт, мамыражай еді. Ризық-несібесі жан-жақтан ағыл-тегіл келіп жататын. Алайда, ол ауылдың халқы Алланың осынау нығметтерінің қадірін біле алмады (яғни, тұрақтылық пен ризық-несібеге, Алланың нығметтеріне күпірлік етті). Сөйтіп Алла оларға қылықтарының салдарынан ашаршылық пен қауіп-қатердің шекпенін кигізіп, ащы дәмін таттырды»[2].

Қысқаша түсіндірме: Алла Тағала Мекке халқына және басқаларға керемет мысалдарды баян етеді. Олар ғажайып мамыражай, тату, берекелі кезеңді бастарынан кешіріп жатқан еді. Алланың нығметтері оларға күтпеген жерден еселеніп келетін. Осындай нығметтердің иесі бола тұра Аллаға сол нығметтер үшін шүкіршілік етпеді. Сол себепті Алла олардың жүректеріне қорқыныш ұялатып, тыныштық нығметін алып қойды.

Екінші аят:

لَئِن شَكَرْتُمْ لأَزِيدَنَّكُمْ وَلَئِن كَفَرْتُمْ إِنَّ عَذَابِي لَشَدِيدٌ

«Егер шүкір етсеңдер, сендерге оны міндетті түрде арттыра беремін. Ал, егер күпірлік етсеңдер, шын мәнінде азабым өте қатты»[3], деп ескертті.

Қысқаша түсіндірме: Егер шынайы түрде берген игіліктеріме алғыс білдіріп шүкір етсеңдер, нығметтерімді міндетті түрде арттыра беремін. Ал, егер бұл ұлы нығметтерді мойындамай күпірлік қылсаңдар, ондай залымдарға азабым тым қатты.

Үшінші аят:

وَإِذْ قَالَ إِبْرَاهِيمُ رَبِّ اجْعَلْ هَٰذَا بَلَدًا آمِنًا وَارْزُقْ أَهْلَهُ مِنَ الثَّمَرَاتِ مَنْ آمَنَ مِنْهُمْ بِاللَّهِ وَالْيَوْمِ الْآخِرِ ۖ قَالَ وَمَنْ كَفَرَ فَأُمَتِّعُهُ قَلِيلًا ثُمَّ أَضْطَرُّهُ إِلَىٰ عَذَابِ النَّارِ ۖ وَبِئْسَ الْمَصِيرُ

«Сол кезде Ибраһим Пайғамбар: «Уа, Раббым, бұл жерді қауіпсіз, бейбіт мекен қылғайсың! Бұл жердің халқына, араларындағы Аллаға және ақырет күніне иман келтіргендерге түрлі жеміс-жидектер мен көкөністерден ризық бергейсің!» деп дұға жасайды. Сонда Алла: (Ризықты тек мүміндерге емес бәріне беремін). Алайда араларынан кімде-кім (берген нығметтерім үшін шүкіршілік етпей) күпірлік қылса, оған (бұл дүниеде) аз ғана уақыт ризық-несібе беріп, өмірдің қызығын көрсетемін, содан кейін оны тозық азабына душар етемін. Ол қандай жаман тұрақ! Қандай жаман барар жер!» деп айтты[4].

Қысқаша түсіндірме: Бұл Ибраһим пайғамбардың қасиетті Мекке қаласына жасаған дұғасы: Аллаһым бұл жерді қауіпсіз, бейбіт жерлерден қылғайсың! Оларға жеміс-жидектердің, көкеністердің ең жақсыларын ризық етіп бергейсің. Оған жауап ретінде Алла Тағала: «Бұлардың ішінде егер кәпірлер болса, оларға деген ризығым тек бұл дүниелік ризықпен ғана шектеледі, ақыреттік ризықтан олардың үлесі жоқ, олардың барар жері лаулаған тозақ оты» деді.

ХАДИСТЕР:

Бірінші хадис:

مَنْ أَصْبَحَ مِنْكُمْ آمِنًا فِي سِرْبِهِ مُعَافًى فِي جَسَدِهِ عِنْدَهُ قُوتُ يَوْمِهِ فَكَأَنَّمَا حِيزَتْ لَهُ الدُّنْيَا بِحَذَافِيرِهَا

«Кімде-кім өз үйінде (отбасының қасында) амандықпен ешкімнен қорықпай, дені сау және бір күндік тамағы болып таң аттырса, бүкіл дүние алдына жиналғандай болады»[5], деген.

Екінші хадис:

دَعَا رَسُولُ اللهُ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «اَللَّهُمَّ بَارِكْ لَنَا فِي تَمْرِنَا، وَبَارِكْ لَنَا فِي مَدِينَتِنَا، وَبَارِكْ لَنَا فِي صَاعِنَا، وَبَارِكْ لَنَا فِي مُدِّنَا، اَللَّهُمَّ إِنَّ إِبْرَاهِيمَ عَبْدُكَ وَخَلِيلُكَ وَنَبِيُّكَ، وَإِنِّي عَبْدُكَ وَنَبِيُّكَ، وَإِنَّهُ دَعَاكَ لِمَكَّةَ، وَأَنَا أَدْعُوكَ لِلْمَدِينَةِ بِمِثْلِ مَا دَعَا لِمَكَّةَ، وَمِثْلَهُ مَعَهُ». رَوَاهُ مُسْلِمٌ.

Алланың Елшісі: «Уа, Алла! Біздердің құрмамызға береке бер, Мәдинамызға береке бер, өлшемдерімізге береке бер! Уа, Алла! Ибраһим Сенің құлың әрі досың және пайғамбарың һәм мен де Сенің құлыңмын әрі пайғамбарыңмын. Расында ол Сенен Мекке үшін дұға қылды, ал мен оның Меккеге дұға еткені сияқты һәм тағы да сондай (береке тілеп) Мәдина үшін дұға етемін!»[6] − деп дұға жасаған.

Үшінші хадис:

مَنْ خَرَجَ مِنْ الطَّاعَةِ ، وَفَارَقَ الْجَمَاعَةَ ، فَمَاتَ ، مَاتَ مَيْتَةَ جَاهِلِيَّةَ

Әбу Хурайрадан жеткен хадисте: «Кімде-кім бағынуға қарсы шықса және жамағаттан бөлінсе, надандық дәуірінің өлімімен өледі»[7] делінген.

Төртінші хадис:

عَنْ عَبَّادِ بْنِ كَثِيرِ الشَّامِيِّ، عَنِ امْرَأَةٍ مِنْهُمْ يُقَالُ لَهَا: فُسَيْلَةٌ، قَالَتْ: سَمِعْتُ أَبِي يَقُولُ: سَأَلْتُ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: يَا رَسُولَ اللهِ، أَمِنَ الْعَصَبِيَّةِ أَنْ يُحِبَّ الرَّجُلُ قَوْمَهُ؟ قَالَ: «لاَ، وَلَكِنْ مِنَ الْعَصَبِيَّةِ أَنْ يُعِينَ الرَّجُلُ قَوْمَهُ عَلَى الظُّلْمِ».

Аббад ибн Кәсир жеткізген риуаятта бір кісі Пайғамбардан: «Уа, Расулалла! Бір адам өзінің ұлтын, қауымын жақсы көрсе, ол рушылдық болып санала ма?» − деп сұрайды. Сонда Алла Елшісі: «Жоқ. Егер адам өзінің қауымының зұлымдық қылуына жәрдем берсе, сонысы рушылдық», − деп жауап береді[8].

Бесінші хадис:

قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «عَيْنَانِ لاَ تَمَسُّهُمَا النَّارُ، عَيْنٌ بَكَتْ مِنْ خَشِيَةِ اللهِ، وَعَيْنٌ بَاتَتْ تَحْرُسُ فيِ سَبيِلِ اللهِ».

Алланың Елшісі (с.ғ.с.): «Екі көзді тозақ оты шарпымайды: Алладан қорқыныштан жылаған көз, Алла жолында елін күзеткен көз»[9], – деген.

ІЗГІЛЕРДІҢ СӨЗДЕРІ ЖӘНЕ ІС-ӘРЕКЕТТЕРІ:

Халифа Омар ибн әл-Хаттаб (Алла оған разы болсын) туған еліне, жеріне деген жанашырлығын әрдайым іс-әрекетімен көрсететін болған. Ол елінің жағдайы төмен тұрғындары мен жетім-жесірлеріне көмектесіп отыратын. Сахаба Талхадан жеткен хабар бойынша, Хазірет Омар (р.а.) көп жылдардан бері көзі көрмейтін қарт әйелге тамағын әзірлеп, үйін тазалайтын болған.

Хазірет Осман (Алла оған разы болсын) әрдайым өз елінің жағдайына, тұрмысы төмен адамдарға көмектесіп отыратын болған. Ол бірде отыз бес мың дирһамға құдық сатып алып, Алла жолында елінің мұқтаж адамдарына, мүсәпірлерге пайдалану үшін тегін берген.

Хазірет Әли ибн Әбу Талиб (Алла оған разы болсын): «Нығметтің басы жеткен сәтте – аз шүкіршіліктің кесірінен оның келесі бөлігін өзіңнен қашырып алма!» деп ескерткен.

Хасан әл-Басри (Алла оған разы болсын) бір сөзінде: «Алла қалағанынша нығметке бөлейді. Егер соған шүкірлік етпесе, оны азаппен алмастырып қояды», дейді.

Әл-Хафиз ибн Хажар (Алла оған разы болсын) былай дейді: «Отанды сүю, оған мейірімділік таныту шариғи тұрғыда негізделген». 

ҒИБРАТТЫ ҚИССАЛАР:

Хазреті Омар (Алла одан разы болсын) халифа болып тұрған кезінде бір күні түнде халқына, еліне байланысты іспен шұғылданып отырады. Сол кезде біреу жеке басының шаруасымен оның алдына кіріп, шаруасын айта бастайды. Омар (Алла одан разы болсын) шапшаң орнынан тұрып, сол жерде жанып тұрған майшамды сөндіріп, басқа май шам жағады. Бұдан ештеңе түсінбей қалған қонақ Омардан (Алла одан разы болсын): «Екеуі де май шам. Қараптан-қарап біреуін сөндіріп, екіншісін жаққаныңыз не?» – деп сұрайды. Халифа Омар (Алла одан разы болсын) оған былай деп жауап береді: «Сөндірген май шам – мемлекеттікі. Сенімен жеке шаруа жайында әңгімелесу үшін мемлекеттің мүлкін қолдануға хақым жоқ. Сондықтан оны сөндірдім де, өз ақшама сатып алған май шамды жақтым» деген.

НАҚЫЛ-СӨЗДЕР МЕН МАҚАЛ МӘТЕЛДЕР:

Алтын ұяң – Отан қымбат, 

Құт-берекең – атаң қымбат, 

Аймалайтын – анаң қымбат, 

Асқар тауың – әкең қымбат (Қазыбек би).

Ұлтарақтай болса да, Ата қонысы жер қымбат.

Ат төбеліндей болса да, Туып өскен ел қымбат.

Ер жігіт: «Өскен елім» дейді, «Кіндік кескен жерім» дейді.

Отанға опасыздық еткенің, Өмірден қаралы боп өткенің.

Туған жердің топырағы жұмсақ, ауасы шипа, жуасы тәтті.

Туған жердің түйе жейтін жапырағы да, түйе аунайтын шаңдақ топырағы да дәрі.

ОТАНҒА ҚЫЗМЕТ – ЕРГЕ МІНДЕТ:

Біздің Отанымыз – Қазақстан

Қазақстан – осы елде туып өскен барша миллиондаған адамның отаны. Сырт елдерде жүрген қаншама миллион қазақтың жалғыз Отаны. Одан басқа Отан жоқ.

Еліміз жер көлемі жағынан әлемде 9-шы орында, ал мұсылман әлемінде ең үлкен аумақты мемлекет. Ислам әлемінің солтүстік және шығыс шекарасы Қазақстанмен аяқталады. Елімізде 100-ден астам ұлт пен ұлыстың, бірнеше конфессиялардың өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Менің туған жерім, елім Қазақстан дейтін әрбір адам өз Отанына зиян тигізуден, қиянат жасаудан, тіпті өсіп тұрған талдың өзін себепсіз сындырудан аулақ болуы тиіс. Керісінше, жанашырлықпен, ынтымақ-бірлікпен, көмектесуге, аянбай еңбек етуге атсалысу керек.

Елін сүю − имандылық белгісі

«Патриотизм – «Отаным сені сүйемін. Сен үшін құрбан болуға әзірмін» деп құрғақ сөзді гүмпілдете беру емес. Ол – формализм. Елді, жерді, Отанды сүйетіндігіңді сөзбен емес, іспен дәлелде. Ата-анасын сыйлаған шәкірт, студент сабағын да жақсы оқиды, тәртібін де дұрыс ұстайды, шаруакер, адал, әділ болып өседі. Іс деген осы, патриотизм осыдан басталады. Кімде-кім әскери қызметтен жалтарса, ол патриот емес. Намыскер емес адам – ерлік жасауға қабілетсіз. Ерлік – ұзаққа созылған тәрбиенің жемісі» (Бауыржан Момышұлы).

Отанды сүю – қоғам қауіпсіздігін, тұтастығын сақтау

Қоғамның бірлігі, әлеуметтің бір сөзділігі Отанның қуаттылығының жарқын белгісі болып табылады. Жаратқан Ие бізді бір-бірімізбен тату болуға бұйырады. Ағайынның алтыбақан алауыз болмай, айрандай ұйыған ауызбірлікте болуға үндейді. Қасиетті Құранда:

وَأَطِيعُواْ اللّهَ وَرَسُولَهُ وَلاَ تَنَازَعُواْ فَتَفْشَلُواْ وَتَذْهَبَ رِيحُكُمْ وَاصْبِرُواْ إِنَّ اللّهَ مَعَ الصَّابِرِينَ

«Аллаға және Оның Елшісіне бойсұныңдар, дауласпаңдар! Олай ететін болсаңдар, бірліктерің кетеді. Сабыр етіңдер, Алла сабырлылармен бірге!» деген[10].

Отаны бірдің тілегі бір, жүрегі бір

Дін және отан – қасиетті ұғымдар. Ел игілігіне тілектес діндарлар үшін де отаннан қымбат ештеңе жоқ. Аталарымыз ұзақ ғасырлар бойы армандап, бүгінгі ұрпақ қол жеткізген, талайлар аңсап өткен тәуелсіздік, егемендік үшін жанын қиған азаттықты көздің қарашығындай сақтауымыз керек.

Қазіргі кезде елімізге бойына ата-бабамыздың ел мен жерге деген сүйіспеншілік қасиеті дарыған, егеменді елімізге аянбай қызмет ететін, ой-өрісі кең, алғыр да жүректі, сауатты да салауатты азаматтар, мемлекетшіл мұсылмандар қажет.

«Отанды сүю – иманнан» деген қанатты сөздің мағынасы терең. Өйткені, иманды адам өз Отанын, Туған Елін сыйлап, қастерлей алады. Имансыз адам отанның қадір-қасиетін білмейді. Біздің Отанымыз – тәуелсіз Қазақстан. Отанды ешкім сатып ала алмайды. Сол себептен де Қазақстан біз үшін өте қымбат.

Отан бізге не берді емес, біз Отанға не бердік

Біз ортақ үйіміз, Отанымыз – Қазақстан үшін, еліміздің бірлігі үшін аянбай қызмет етуіміз керек. Мемлекет бізге не берді деп емес, біз осы елдің дамуы үшін не істей аламыз деп жұмыс жүргізуіміз қажет.

Отанды қорғау – құрметті парыз

Халық даналығы «Отан үшін отқа түс, күймейсің» дейді. Мұның мағынасы Отанды қорғау, тыныштығын сақтау жолында қажырлы еңбек ету деген сөз. Сондай-ақ, туған жер ата-бабаларымыздың сүйегі жатқан жер болғандықтан ұрпаққа перзенттік парыз жүктейді.

УАҒЫЗДАН АЛЫНАР ҒИБРАТТАР:

  • Отанды сүю – иманнан;
  • Туған Елді сүю, қызмет ету әрбір адамның борышы;
  • Мұсылманның абзалы – қоғамға пайда келтіргені;
  • Отанды сүю – жанашырлық іс-әрекетпен көрінеді;
  • Отанды сүю халқына деген құрмет, тау мен тасына, өзен-көлдеріне деген махаббаттан тұрады;
  • Мұсылманның міндеті Туған Еліне, Отанына әрдайым дұғада болу.

ҚОРЫТЫНДЫ СӨЗ:

Расында да әрбір адамға туған жердің топырағы ерекше ыстық. Ата-бабамыз түрлі жағдайлармен елінен жырақ кеткенде туған жердің топырағын, жусанын өзімен бірге алып жүреді екен. Сағынғанда есіне алып, сол топырақтан иіскеген. Тап осындай дәстүр арабтарда да бар екен. Араб әдебиетшісі Жахиздің айтуынша арабтар бір жорыққа аттанғанда немесе алыс сапарға шыққанда өздерімен бірге туған елдің топырағын алып жүрген. Елін, жерін сағынғанда сол топырақты иіскейтін болған. Сондықтан туған жердің ауасы, топырағы жанға шипа, тәнге дәру. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) науқас адамды ұшықтап, дем салғанда сулы қолын топыраққа тигізіп, науқастың денесіне тигізіп жағатын болған. Хадисте:

عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهَا قَالَتْ: كَانَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ فِي الرُّقْيَةِ: «تُرْبَةُ أَرْضِنَا وَرِيقَةُ بَعْضِنَا يُشْفَى سَقِيمُنَا بِإِذْنِ رَبِّنَا».

Айша анамыздан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дұғамен емдегенде: «Жеріміздің топырағы, аузымыздың суы, Раббымыздың қалауымен ауруымызға шипа болады»[11], − дейтін.

Міне сондықтан адамның жүрегі тыныштық тауып, тынығып алатын, құлшылығын да емін-еркін жасайтын мекені – өз туған елі, өз шаңырағы. Кез келген кісі өз үйінде өзін еркін сезініп, ерекше сезімге бөленеді. Мұндайда халық даналығы: «Өз үйім – өлең тесегім», – дейді.

Қай жерде, қай үйде үлде мен бүлдеге оранып, қошеметке бөленіп жүргенімізбен, өз үйімізге сағынышпен ораламыз. Өйткені, біздің жүрегіміз өз үйімізге байланған. Сол секілді, қаншама тау асып, елді шарлап, саяхат жасағанымызбен, өз Туған Еліміздің қадірін ұғып, ерекше сағынышпен кері қайтамыз. Өйткені әр нәрсе өз негізіне, өз тұрағына қайтады, яғни өз топырағыңнан қымбат дүние жоқ.

ДҰҒА:

رَبِّ اجْعَلْ هَٰذَا بَلَدًا آمِنًا وَارْزُقْ أَهْلَهُ مِنَ الثَّمَرَاتِ مَنْ آمَنَ مِنْهُمْ بِاللَّهِ وَالْيَوْمِ الْآخِرِ ۖ

Уа, Раббым! Бұл жерді қауіпсіз, бейбіт мекен қылғайсың! Бұл жердің халқына, араларындағы Аллаға және ақырет күніне иман келтіргендерге түрлі жеміс-жидектер, көкөністерден ризық бергейсің!

 

 

 

 

[1] Хаким, Табарани, Бәйһақи риуаят еткен.

[2] «Нахл» сүресі, 112-аят.

[3] «Ибраһим» сүресі, 7-аят.

[4] «Бақара» сүресі, 126-аят.

[5] Бұхари хадистер жинағы.

[6] Муслим хадистер жинағы.

[7] Шарх ән-Науауи әла Муслим №1848

[8] Ахмет, Ибн Мәжә риуаят еткен.

[9] Тирмизи хадистер жинағы.

[10] «Әнфал» сүресі, 46-аят.

[11] Бұхари риуаят еткен.

Pіkіrler (1)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Қуаныш | 13.12.2019 09:31

Тақырыптан қатты ауытқыпты, кейбір жұма уағыздарында тақырып ашылмайды. Осыны тек білікті мамандар жазса қалай болады?