Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

ЖАЛА ЖАБУ – ДІННЕН ЕМЕС

09.07.2019 31459 0 пікір

Дініміз Ислам - мейірімділіктің,  татулық пен ынтымақтың діні. Біздің дінімізбен де, дәстүрімізбен де мүлде ұштаспайтын дүниелер бар. Олар: жала жабу, өсек, өтірік, ғайбат атаулы дүниелер. Мұндай тіл кесапаттары салдарынан жақын адамдар бір-бірімен араздасып, арадағы достық қарым-қатынастары қастыққа айналады, адамдарға нақақтан күйе жағылып, қоғамдық байланыс әлсірейді. Осы себепті де жала жабу – дінімізде үлкен күнәлі істерден болып саналады. Халық даналығында да: «Жалада шындық болмайды», «Қаңқу сөздің қоспасы көп», «Аяғы жаман төрді былғар, аузы жаман елді былғар», «Итке төсек не керек, естіге өсек не керек?», – деген сияқты т.б. мақал-мәтелдер өте көп.

Жала жабу деп – адамның сыртынан оның ар-намысы мен қадір қасиетіне нұқсан келтіретін, абыройын түсіретін жалған мәлімет таратуды айтамыз.

Ғалымдар жала жабудың күнәсі ғайбаттан да ауыр екендігін айтқан. Себебі, жала жабуда өтірік қоса араласып жүреді. Әбу Һурайрадан  жеткен хадисте Алла елшісі  сахабалардан:

«أَتَدْرُونَ مَا الْغِيبَةُ؟» قَالُوا: اللهُ وَرَسُولُهُ أَعْلَمُ، قَالَ: «ذِكْرُكَ أَخَاكَ بِمَا يَكْرَهُ» قِيلَ أَفَرَأَيْتَ إِنْ كَانَ فِي أَخِي مَا أَقُولُ؟ قَالَ: «إِنْ كَانَ فِيهِ مَا تَقُولُ، فَقَدِ اغْتَبْتَهُ، وَإِنْ لَمْ يَكُنْ فِيهِ فَقَدْ بَهَتَّهُ»

«Ғайбаттың не екенін білесіңдер ме?», – деп сұрайды. Олар: «Оны Алла мен елшісі жақсырақ біледі», – деп жауап қатады. Пайғамбар : «Ғайбат деген – бауырыңды оның ұнатпайтын нәрсесімен еске алуың», – дейді. Сонда біреу: «Егер айтып жатқаным бауырымның бойынан табылса ше?», – деп сұрақ қояды. Пайғамбар : «Егер айтқаның оның бойынан табылса, ғайбаттадың демек. Ал егер бойында болмаса, онда жала жапқаның», – деп жауап береді»[1].

Құранда Алла Тағала жала жабудың үлкен күнә екендігі жайында былай дейді:

وَالَّذِينَ يُؤْذُونَ الْمُؤْمِنِينَ وَالْمُؤْمِنَاتِ بِغَيْرِ مَا اكْتَسَبُوا فَقَدِ احْتَمَلُوا بُهْتَانًا وَإِثْمًا مُّبِينًا

«Мүмін еркектер мен мүмін әйелдерді жоқтан өзгемен ренжіткендер, анық сол жаланы және үлкен күнәні өз мойындарына артқан болып есептеледі»[2].

Жала жабудың мынадай бірнеше түрі бар:

Бірінші: Алла Тағалаға жала жабу.

Бұл жаланың ең жаманы әрі ең ауыр түрі. Бұған: Құранда айтылмаған сөзді «Алла Тағала айтты» деу, Құранды әдейі бұрмалап тәпсірлеу, бір іске қатысты білімсіз түрде «адал не арам» деп үкім айту секілді істерді жатқызған. Құранда:

وَمَنْ أَظْلَمُ مِمَّنِ افْتَرَى عَلَى اللَّهِ كَذِبًا أَوْ كَذَّبَ بِالْحَقِّ لَمَّا جَاءهُ أَلَيْسَ فِي جَهَنَّمَ مَثْوًى لِّلْكَافِرِينَ

«Аллаға жасанды жала жапқаннан немесе келген шындыққа қарсы болғаннан залым бар ма? Кәпірлердің орны тозақ емес пе[3].

Басқа бір аятта:

قُلْ أَرَأَيْتُم مَّا أَنزَلَ اللّهُ لَكُم مِّن رِّزْقٍ فَجَعَلْتُم مِّنْهُ حَرَامًا وَحَلاَلاً قُلْ آللّهُ أَذِنَ لَكُمْ أَمْ عَلَى اللّهِ تَفْتَرُونَ وَمَا ظَنُّ الَّذِينَ يَفْتَرُونَ عَلَى اللّهِ الْكَذِبَ يَوْمَ الْقِيَامَةِ

«Қарамайсыңдар ма! Алланың сендерге берген несібесінен арам, адал жасадыңдар» де. «Сендерге Алла рұқсат берді ме? Немесе Аллаға жала жауып жүрсіңдерме?», – де. Сондай Аллаға өтірік жала жапқандардың, қиямет күні туралы ойы не? Расында Алла, әрине адамдарға кеңшілік иесі. Бірақ, олардың көбі шүкірлік қылмайды[4].

وَلاَ تَقُولُواْ لِمَا تَصِفُ أَلْسِنَتُكُمُ الْكَذِبَ هَـذَا حَلاَلٌ وَهَـذَا حَرَامٌ لِّتَفْتَرُواْ عَلَى اللّهِ الْكَذِبَ

«Тілдеріңнің «бұл арам,бұл халал» деп өтірік сипаттағанын айтпаңдар, Аллаға өтірік жала жапсырған боласыңдар. Шынында Аллаға өтірік, жала жапсырғандар, құтылмайды»[5], – деп айтылған.

Екінші: Алла елшісіне  жала жабу.

Жаланың екінші бір жаман түрі – Алла елшісіне  жала жабу. Пайғамбарымыздың тірі күнінде мүшріктер оған ақын, бақсы, сиқыршы т.б. түрлі жалаларды жапқанын тарихтан жақсы білеміз. Құранда:

وَمَا هُوَ بِقَوْلِ شَاعِرٍ قَلِيلاً مَّا تُؤْمِنُونَ *وَلاَ بِقَوْلِ كَاهِنٍ قَلِيلاً مَّا تَذَكَّرُون *تَنزِيلٌ مِّن رَّبِّ الْعَالَمِينَ

«Ол, бір ақынның сөзі емес. Сендер аз сенесіңдер. Сондай-ақ, ол бақсының да сөзі емес. Аз түсінесіңдер. Ол, әлемдердің Раббысынан түсірілген»[6].

Басқа бір аятта:

وَقَالَ الَّذِينَ كَفَرُوا إِنْ هَذَا إِلاَّ إِفْكٌ افْتَرَاهُ وَأَعَانَهُ عَلَيْهِ قَوْمٌ آخَرُونَ فَقَدْ جَاؤُوا ظُلْمًا وَزُورًا

«Күпірлік қылғандар: «Бұл Құран мүлде жасанды. Оны өзі шығарды, оған басқа ел де көмектесті» деп, олар орынсыз жала жапсырды»[7].

Пайғамбарымыздың  айтпаған сөзін оның хадисі деу немесе хадистің мағынасын әдейі бұрмалау сияқты істер де жалаға жатқызылады. Бұл жөнінде Әз Пайғамбарымыз    былай дейді:

وَمَنْ كَذَبَ عَلَيَّ مُتَعَمِّدًا فَلْيَتَبَوَّأْ مَقْعَدَهُ مِنْ النَّارِ

«Кімде-кім менің атымнан жалған сөз айтса, өзіне тозақтан орын дайындай берсін!» [8].

Үшінші: Адамдарға жала жабу.

Өзге адамның айтпағанын «айтты» деу, істемеген ісін «істеді» деп жалған айту. Мүмін адам өзге біреуді дәлелсіз жамандаудан, кемшілігін іздеуден барынша сақ болуы қажет. Өйткені, өзгенің кемшілігін айтқан адамға арнайы сауап жоқ. Керісінше жалғаншы адамның ауыр күнәға бататыны сөзсіз. Әбу Һурайрадан жеткен хадисте Пайғамбар :

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ عَنِ النَّبِيِّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: »اِجْتَنِبُوا السَّبْعَ المُوبِقَاتِ، قَالُوا: يَا رَسُولَ اللهِ، وَمَا هُنَّ؟ قَالَ: الشِّرْكُ بِاللهِ وَالسِّحْرُ وَقَتْلُ النَّفْسِ الَّتِي حَرَّمَ اللهُ إِلَّا بِالحَقِّ وَأَكْلُ الرِّبَا وَأَكْلُ مَالِ اليَتِيمِ وَالتَّوَلِّي يَوْمَ الزَّحْفِ وَقَذْفُ المُحْصَنَاتِ المُؤْمِنَاتِ الغَافِلَاتِ

 «Жеті күйзелтушіден сақтаныңдар», – деген. Сонда: «Олар не?» – деп сұрағанда, Ол : «Аллаға серік қосу, сиқыр, Алланың тек ақиқаттан өзге жағдайда өлтіруіне тыйым салған жанды нақақтан өлтіру, өсім жеу, жетімнің малын жеу, қан майданда артқа қашу, ештеңеден қаперсіз, бейкүнә мүмін әйелдерге жала жабу», – деген»[9].

Пайғамбарымыздың  сүйікті жары Айша анамызға  екіжүзділер тарапынан жалған жала жабылғанын баршамыз жақсы білеміз. Бұл оқиға Бәни Мусталақ ғазауатынан кейін болған. Ислам тарихында ол «Ифк оқиғасы» деп аталған. Фиқһ әс-сира кітабында былай делінеді:

«Айша анамыз  ол турасында былай дейді: Пайғамбар  ғазауаттан кейін Мәдинаға қайтып келе жатыр еді. Кешке қарай жолға шығуға бұйрық берілді. Мен осы мезгілде түзге бармақшы болып күймеден шықтым. Күймеме қайтып келген мезгілде мойнымдағы алқамды түсіріп алғанымды байқадым.  Қайтадан кейін барып, алқамды іздедім. Көп уақыт алды. Осы мезгілде менің күймемді түйеге артып, алып кеткен. Олар мені күйменің ішінде деп ойлаған екен. Мен алқамды тауып күймеме қайтқанша көп уақыт өткен еді. Орда кетіп қалған. Мен сол жерде отырып күттім. Менің жоқ екенімді білген мезгілде кейін қайтып, мені іздейтін болар деген үмітте болдым.

Орда кетіп қалғаннан кейін артта қалған нәрселерді тексеру үшін Саффан ибн Муатталды қалдырып кеткен екен. Таң ата қарауытқан бір нәрсе көрініп, жақындайды. Мен ұйықтап қалған болатынмын. Ол мені танып, истиржа (ұйықтаған адамды ояту үшін: «иннә лиллаһи уә иннә иләйһи ражиғун» деп айту) айтқан мезгілде мен ояндым да, бірден жилбабыммен бетімді жаптым. Уаллаһи, арамызда ешбір сөз болмады. Ол жетегіндегі түйені шөктірді. Мен де түйеге міндім. Ордаға түстің қайнаған ыстығында жеттік. Осы мезгілде маған жалған жалалар айтыла бастады. Осы жаланы жайып жүргендердің арасында Убәй ибн Салул бар еді. Мәдинаға келген мезгілде бір ай төсек тартып жатып қалдым. Ауырып жатқанымда Пайғамбардың  әрекетін еш түсінбедім. Өйткені, маған көрсететін ыстық ықыласы мен сүйіспеншілігін еш көре алмадым. Тек қана жаныма келген мезгілде сәлем беріп: «Жағдайың жақсы ма?» деп сұрайды да, шығып кетеді. Соңында, біраз жақсы болған мезгілде кешке қарай Мистахтың анасымен бірге дәретке шықтық. Ол кездері арнайы әжетхана болмағандықтан қаланың сыртындағы далаға шығатынбыз. Қайтып келе жатқанда Умму Мистахтың аяғына етегі оратыла берген соң «Қарғыс атқыр Мистах», – деп қарғап жіберді. Мен бір түрлі болып қалдым: «Не деген жаман сөз. Бәдірге қатысқан адамға қарғыс айтып жатырсыз ба?», – дедім. Ол маған: «Сен оның не айтқанын білмейсің ғой», – деді. Осыдан кейін ол болып жатқан барлық жағдайларды жайып салды. Содан кейін барып Мәдинада мен жөнінде не айтылып жүргенін білдім. Ауруым екі есе асқынды. Сол күні түнімен жыладым. Көз жасым тоқтамады. Кейіннен мен жөнінде Пайғамбардың өзіне жақын адамдарымен пікірлескенін білдім. Тіпті, ажырасу мәселесі де қозғалыпты. Осы мезгілде кейбірі «Алланың елшісі ! Ол сенің жанұяң. Біз олар жөнінде жаман нәрсе естімедік. Біз де оларды жақсы танимыз», – деді. Кейбірі де: «Бұл сен үшін мәселе болмасын. Дүниеде әйел көп...», – деді. Сонымен бірге кейбірі: «Бәриреден  сұра, ол шын болған нәрсені айтады», – деп жатты. Пайғамбар Бәрирені шақырып: «сен Айшадан күмәнді нәрсе байқаған жоқсың ба?», – деп сұраған. Ол: «Жоқ, одан жақсылықтан басқасын көрмедім», – деген. Осыдан кейін Пайғамбарымыз  мінберге шығып: «Иә, мұсылмандар! Менің жанұяма байланысты жамандық ұйымдастырған адамға қарсы жәрдемші болатын адам жоқ па? Алла Тағалаға ант етейін! Мен ешқашан жанұямнан жаман нәрсе көрмедім. Көріп те жатқан жоқпын. Бір адамның атын шатастырып жатыр, бірақ ол адамды мен жақсы жағынан қайта танимын», – деді. Осы кезде Сағд ибн Муғаз орнынан тұрып «Алланың елшісі! Ол адамның сазайын тарттырамын. Ауз тайпасынан болса басын кесемін. Егер Хазреж тайпасынан болса сенің бұйрығыңды орындаймыз», – деді. Мешіттің ішіндегі халық арасында тартыс әңгіме күшейіп кетті. Пайғамбарымыз  оларды тыныштандырды.

Пайғамбарымыз  үйге кірді. Қасымда әке-шешем бар еді. Олар менің жылғанымнан өкпе, бауырымның езілгенін сезгендей еді. Пайғамбар  жалған өсек таралғаннан бері менің қасымда отырмаған еді. Осы жолы келгенде шаһадат айтып отырды да былай деді: «Айша! Біліп отырсың, сен жөнінде осындай әңгімелер жүріп жатыр. Егер сенің айыбың жоқ болса, Алла сені дұрысқа шығарып ақтайды. Егер бір күнәға келген болсаң, тәубе мен истиғфардан басқа жол жоқ». Бұл сөзді естігенімде менің жасым тоқтап қалды. Тіпті, бір тамшы да келмеді. Не істерімді білмей, әкеме қарап: «Пайғамбарға жауап бер», – дедім. Ол: «Уаллаһи, не айтарымды білмей тұрмын», – деді. Анама қарадым, ол да солай жауап берді. Мәжбүр түрде өзім былай дедім: «Уаллаһи, менің түсінгенім бойынша сендер бір нәрсені естіп алып, соған сеніп қалғансыңдар. Бәрібір мен күнә істемедім десем де сенбейсіңдер. Тек қана Алла менің айыбымның жоқ екенін білдіргеннен кейін барып сенесіңдер. Мұндай жағдайда мен еш нәрсе айта алмаймын. Бірақ, мен сендерге хз. Жүсіптің әкесінің: «Енді ең дұрысы тек сабыр ғана. Олардың сипаттаған  нәрселеріне қарсы тек қана Алладан жәрдем сұраймын», – деген сөзін естеріңе саламын», – деп айттым да, теріс қарап жатып қалдым. Сол мезгілде үйден әлі ешкім шықпастан алдын, Алла уахи жіберді. Уахидың әсеріне Пайғамбар  ауыр халге түсті. Уахи қыс уақытында келсе де порша, порша болып терлейтін. Біраздан кейін ауыр халден айығып басын көтерді. Қуанышы бетінен көрініп тұр еді. Алғашқы сөзі мынау болды: «Сүйінші Айша! Сені Алла дұрысқа шығарып ақтады». Оны естіген анам: «Тұр, рахмет айт», – деді. Мен: «Уаллаһи айтпаймын. Мен Алладан басқасына хамд айтпаймын. Өйткені аятын жіберіп, маған жәрдем берген және мені ақтаған – Алла», – дедім. Менің жаман жолға бармағанымды анықтаған уахи мына аят еді: «Сендерге жалған айтып келгендер араларыңдағы бір топ адам болатын. Бұл жаланы өздеріңе жаман нәрсе деп ойламаңдар. Керісінше ол сендер үшін бір жақсылық. Ал олардың әрбірі істеген жаманшылықтарының жазасын алады. Олардың арасында ең үлкен күнәні бастап жүрген адамға ең ауыр азап бар»[10]. Менің әкем бір жағынан туысқан, бір жағынан кедей де болған үшін Мистах деген адамға садақа беріп тұратын еді. Осы оқиғадан кейін әкем: «Уаллаһи, Айшаға ол адам жала жапты. Енді оған еш нәрсе бермеймін», – деді. Осы мезгілде Алладан мына уахи келді: «Әй иман келтіргендер! Байлық пен мал мүлікке ие болған адамдар туысқандарына, кедейлерге, Алла жолында хижрет жасағандарға садақа беруден қашпасын. Кешірім жасап, мейіріммен қарасын. Алла сендердің күнәларыңды кешіргенін қаламайсыңдар ма?». Бұл аяттан кейін әкем: «Уаллаһи, әлбетте Алла менің күнәларымды кешіргенін қалаймын», – деп, антын бұзып, қайтадан Мистах деген адамға садақасын бере бастады.

Пайғамбар бұл уахиды бірден халыққа жария етті. Одан кейін осы жалған оқиғаны шектен тыс жария қылғандарға жаза берілді. Олардың ішінде Мистах ибн Әсаса, Хасан ибн Сәбит, Ханнату бинти Жахш бар еді»[11].

Қоғамда жала жайылмас үшін мұсылман адам мына амалдарды орындауы қажет:

  1. Жала жабушының сөзіне сенбеу. Құран аятында былай деліген:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا إِن جَاءَكُمْ فَاسِقُ بِنَبَأٍ فَتَبَيَّنُوا أَن تُصِيبُوا قَوْمًا بِجَهَالَةٍ فَتُصْبِحُوا عَلَى مَا فَعَلْتُمْ نَادِمِينَ

«Әй мүміндер! Пасық біреу хабар әкелсе, оны анықтаңдар. Әйтпесе, білмей бір елге кесірлерің тиіп, істегендеріңе өкінесіңдер»[12].

Бесінші әділетті халифа деген атпен танымал Омар ибн Абдулазизге бір кісі келіп, әлде бір адам жөнінде жаман сөздерді айта бастайды.  Сонда Омар: «Бұл айтқан сөздеріңді тексеріп көрелік. Егер өтірік айтқан болсаң: «Пасық біреу хабар әкелсе, оны анықтаңдар», – деген аятта айтылғанындай пасық адам болғаның. Егер сөзің рас болса: «Өте айыптағыш, өсек тасығышқа да (бой ұсынба)»[13]», – делінген адамдардансың. Ал егер сөзімді қайтарып алдым десең, айтқаныңа кешіріммен қарауға әзірміз», – дейді. Сонда әлгі кісі: «Мені кешіріңіз мүміндердің әміршісі! Енді бұндай іске бармаймын» – дейді[14].

  1. Жала жабушыға насихат айтып, ақ пен қараны таныту. Жала жабу – адамдар арасын алыстатып, береке мен бірлікке сызат түсіретін, бейкүнә адамды өзгеге жаман етіп көрсететін күнәлі істерден. Мұндай сөздерді айтушыға мұсылман адам жұмсақтықпен насихат айтып, жақсылыққа шақыруы тиіс. Қаблиса (Қабан) жырау бабамыз мұндайда ұрпағына мынадай насихат қалдырған екен:

Тіл алсаңдар шырағым,

Өсек сөзді елеме.

Үйір болғын шырағым,

Жақсы сөзге өнеге.

Тіршілікте сыйласқын

Дүние қайтып келе ме?

Дүниеге сенім жоқ,

Мінерсіз бір күн кемеге.

Айтар әркім білгенін

Сөз ғып оны немене.

Қағыспай халқым тек жүрсін

Онан пайда өне ме?

Өсек-аяң сөз болса,

Жуытпағын денеңе.

  1. Жала жабылған адам турасында жаман ой ойлаудан сақтану. Өзгенің

сыртынан ешбір дәлелсіз айтылған сөздер арқылы әлде біреу турасында жаман ой  ойлауға, күмәндануға, оны жек көруге болмайды. Құранда Айша анамызға  жабылған жаладан кейінгі түскен аятта:

وَلَوْلا إِذْ سَمِعْتُمُوهُ قُلْتُم مَّا يَكُونُ لَنَا أَن نَّتَكَلَّمَ بِهَذَا سُبْحَانَكَ هَذَا بُهْتَانٌ عَظِيمٌ

«Егер оны естіген сәтте: «Бұны біздің айтуымызға болмайды. Алла сақтасын. Бұл бір ірі жала» деген болсаңдар еді»[15], – делінеді.

Бір ғалым өз сөзінде: «Егер қандай да бір мұсылманның жаман ісі туралы хабар естісең, оған жетпіс түрлі ақтау ізде. Егер жетпіс түрлі ақтауды қабылдай алмасаң «Әй менің жүрегім! Не деген қатты жүрек едің», – деп өзіңнің жүрегіңді айыпта», – деген екен. Құранда Алла Тағала біздерді жаман ойдан сақтандырып, былай деген:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اجْتَنِبُوا كَثِيرًا مِّنَ الظَّنِّ إِنَّ بَعْضَ الظَّنِّ إِثْمٌ وَلاَ تَجَسَّسُوا وَلاَ يَغْتَب بَّعْضُكُم بَعْضًا أَيُحِبُّ أَحَدُكُمْ أَن يَأْكُلَ لَحْمَ أَخِيهِ مَيْتًا فَكَرِهْتُمُوهُ وَاتَّقُوا اللهَ إِنَّ اللهَ تَوَّابٌ رَّحِيمٌ

«Әй мүміндер! Күмәнның көбінен сақтаныңдар. Өйткені, күмәнның кейбірі күнә. Сыр тексермеңдер, біреуді-біреу ғайбаттамасын. Біреулерің өлген туысының етін жеуді жақсы көре ме? Әрине оны жек көресіңдер. Расында Алла тәубені тым қабыл етуші, ерекше мейірімді»[16].
  1. Жала ретінде айтылған сөзді таратпау. «Ауруда – шаншу жаман, сөзде – қаңқу жаман» делінгендей, дәлелсіз айтылған жала сөз қаңқу сөзге жатқызылады. Мұсылман адам әр сөзін сөйлемес бұрын, онда қандай пайда не зиян бар екендігін ойлап барып сөйлейді. Өйткені сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед хадисінде:

وَمَنْ كَانَ يُؤْمِنُ بِاَللَّهِ وَالْيَوْمِ الأخِرِ فَلْيَقُلْ خَيْرًا أَوْ لِيَصْمُتْ

«Кім Аллаға және де қиямет күніне иман еткен болса, жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін»[17], – деп айтқан.

Алла Тағала баршамызды береке-бірлігімізге сызат түсіретін өсек, өтірік, ғайбат, жала сынды сөздерден аулақ етіп, елімізге амандық, жерімізге тыныштық нәсіп етсін! Әмин.

 

 

 

[1] Муслим (2589), Тирмизи (1934), Әбу Дәуд (4874);

[2] «Ахзаб» сүресі, 58-аят;

[3] «Ғанкабут» сүресі, 68-аят;

[4] «Жүніс» сүресі, 59-60-аяттар;

[5] «Нахыл» сүресі, 116-аят;

[6] «Хаққа» сүресі, 41-48-аяттар;

[7] «Фурқан» сүресі, 4-аят;

[8] Бұхари (3461),  Ахмад (2/159);

[9] Бұхари, Мүслім риуаят еткен.

[10] «Нұр» сүресі, 11-аят;

[11] Мұхамед Сәйд Рамазан әл-Бути, «Фиқһу әс-сира», 299-301 беттер;

[12] «Хужурат» сүресі, 6-аят;

[13] «Қалам» сүресі, 11-аят;

[14] Доктур Мухаммад Мансур, «Әл-мухтасару әл-муфиду фи тәрбияти ән-нәфс», 27-бет;

[15] «Нұр» сүресі, 11-16-аяттар;

[16] «Хужурат» сүресі, 12-аят;

[17] Бұхари (6017), Муслим (47);

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру