Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Qazіr

24 April 2024

15 Sháýýál 1445 Хижра

  DINI MEREKELER

Исламдағы сауданың орны | жұма уағызы

21.06.2018 23850 0 пікір


Алла Тағаланың құлына деген мейірімділігінің көрінісі ризық-несібесін молынан беруінде. Алайда адамдардың көбі осы ризық-несібені табуда оның қандай жолмен келгеніне  аса мән бере бермейді. «Ең бастысы отбасымды асырасам болды» деген желеумен, кейде Алланың тыйған істеріне яғни харамға барып жатады. Атап айтқанда біреуді алдап-арбауға, парақорлыққа оның қаншалықты зиян екенін ойланбастан барып жатады.

Алайда Алла Тағала бізге тек адал жолмен мал табуды харамнан алыс болуға әмір етеді. Нәпақаны түрлі жолдармен табуға болатындықтан Ислам діні мұсылмандарға тапқан табыстың  тек қана адал болуын талап етеді.  Өйткені адал табыста берекет бар. Ықылым заманнан бері күнкөрістің негізгі көзі адал сауда болғандықтан, Ислам оны біздерге халал етті.

Алла Тағала қасиетті Құранда:

وَكُلُواْ مِمَّا رَزَقَكُمُ اللَّهُ حَلَالًا طَيِّبًا وَاتَّقُوا اللّهَ الَّذِي أَنتُمْ بِهِ مُؤْمِنُونَ 

«Уа, адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің халал әрі тазасынан жеңдер!» «Алланың өздеріңе халал әрі таза етіп берген ризықтарынан жеңдер!»[1]  десе,

Басқа бір аятта:

يَا أَيُّهَا الرُّسُلُ كُلُوا مِنَ الطَّيِّبَاتِ وَاعْمَلُوا صَالِحًا 

«Уа, пайғамбарлар, таза нәрселерден жеңдер және ізгі іс істеңдер»[2] дейді.

Ардақты пайғамбарымыз (ﷺ) мүміндерге мейлінше харамнан сақтану керектігін өсиет еткен: Әбу Һұрайра (р.а.) айтады: «Пайғамбарымыз (ﷺ) бір күні былай деді:

أَيُّهَا النَّاسُ ؛ إِنَّ اللَّهَ طَيِّبٌ لَا يَقْبَلُ إِلَّا طَيِّبًا 

 «Уа, адамдар! Алла Тағала кіршіксіз таза, сондықтан таза еместі қабыл алмайды[3]. Яғни кәсіптегі адалдық ол Алла Тағаланың мұсылмандарға бекіткен бұлжымас қағидасы.

Пайғамбарымыз (ﷺ) басқа бір хадисте:

الْعِبَادَةُ عَشَرَةُ أَجْزَاءٍ : تِسْعَةٌ مِنْهَا فِي طَلَبِ الْحَلالِ 

«Құлшылық он түрлі нәрседен құралады. Бұл он нәрсенің тоғызы адал ризық іздеуде»[4] деген.

Ислам діні адам баласын  шариғат шеңберіндегі тыйған нәрседен тыйылып өмір сүруге бұйырады. Соның ішінде сауда-саттыққа ерекше орын бөлген. Алла Тағала Құран Кәрімде:

وَأَحَلَّ اللَّهُ الْبَيْعَ وَحَرَّمَ الرِّبَا 

Алла сауда-саттықты халал, өсімді арам етті[5],  дейді.

Ал сауда жасаудың  берекелі екендігі жайында Пайғамбарымыздың (ﷺ)  мына хадисі дәлел: 

تِسْعَةُ أَعْشَارِ الرِّزْقِ فِي التِّجَارَةِ

Шын мәнінде ырыстың оннан тоғызы саудада[6]  деген.


САУДАНЫҢ ӘДЕПТЕРІ МЕН МІНДЕТТЕРІ:


Біріншi - cатқанда және сатып алғанда жеңілдік таныту.
 Сатушы сатып алушының жағдайына оның қажеттілігіне  мән беру керек. Мүмкіндігінше қарызға беруге күнделікті қажетті заттарға жеңілдік жасауда бар күшін салғаны абзал. Сатып алушы да сатушының ақшаға мұқтаждығын пайдаланып, бағасын тым түсіруден сақ болуы керек. Пайғамбарымыз (ﷺ) хадисінде: 

رَحِمَ اللَّهُ رَجُلاً سَمْحًا إِذَا بَاعَ ، وَإِذَا اشْتَرَى ، وَإِذَا اقْتَضَى

Сатқанда және сатып алғанда, қарызға бергенде және қарыз қайтарғада жеңілдік танытқан адамға Алла да мейірімділік танытады[7],– деген.

Екінші - cаудадағы сыншылдық. Тауардың түрін оның сапасын, кем-кетік тұстарын ашық баян етуі тиіс. Оны шамадан тыс асыра сипаттау ол мұсылман саудагеріне жат қылық. Пайғамбар (ﷺ) хадисінде:

التَّاجِرُ الصَّدُوقُ الأَمِينُ الْمُسْلِمُ مَعَ الشُّهَدَاءِ يَوْمَ الْقِيَامَةِ

Әділ саудагер қиямет күні шыншылдармен, шаһидтермен тіріледі[8]деген.

Басқа бір хадисте:

الْبَيِّعَانِ بِالْخِيَارِ مَا لَمْ يَتَفَرَّقَا ، فَإِنْ صَدَقَا وَبَيَّنَا بُورِكَ لَهُمَا فِي بَيْعِهِمَا ، وَإِنْ كَتَمَا وَكَذَبَا مُحِقَتْ بَرَكَةُ بَيْعِهِمَا

Алушы мен сатушы базардан шыққанға дейін ерікті. Егер екеуі де тауардың құны мен кемшілігін жасырмай шынын айтса, саудалары өздеріне берекелі болмақ. Керісінше тауардың кемшілігін айтпай, құнын жасырып, өтірік айтса (бәлкім пайда табар) сауданын берекесін жояды.[9]

Үшінші - ант-cу ішу. Мұсылман саудагері өз тауарын сипаттағанда оны сатарда сөзі сенімді шығу  үшін ант-су ішуден аулақ болуы ләзім. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:

وَلَا تَجْعَلُوا اللَّهَ عُرْضَةً لِّأَيْمَانِكُمْ أَن تَبَرُّوا وَتَتَّقُوا وَتُصْلِحُوا بَيْنَ النَّاسِ وَاللَّهُ سَمِيعٌ عَلِيمٌ

Жақсы іс істемеуге, тақуалық етпеуге, татуластырмауға ант ішу жолымен (Алла атымен ант ішу арқылы) Алланы көлденең тартпаңдар[10]  деген. Пайғамбарымыздың (ﷺ)хадисінде: (Алла атымен ант ішу (саудада), тиімді, бірақ берекені жояды)[11]  делінген.

Төртінші – cадақаны көбейту. Сауда Алланың адал еткен кәсібі дегенмен адам сауда барысында қателікке, кемшілікке бой алдырып жатады. 

Тауар дер кезінде иесіне  жетпей бұзылып, немесе сатушыға байқалмай қалған ақаулар болуы мүмкін. Сол себепті қате-кемшіліктердің орнын толтыру үшін садақа берген жөн. Пайғамбарымыз (ﷺ) бір хадисінде былай деген: «Шын мәнінде шайтан мен күнә әрекет саудада бірге жүреді, сол себепті садақаларыңды көбейтіңдер»[12].

Бесінші - таразыға мән беру.  Таразыдан жеу немесе оның  дұрыстығына мән бермеу ол Алланың қаһарына ұшырататын амалдар.

Құранда Алла Тағала:

وَيْلٌ لِّلْمُطَفِّفِينَ الَّذِينَ إِذَا اكْتَالُوا عَلَى النَّاسِ يَسْتَوْفُونَ وَإِذَا كَالُوهُمْ أَو وَّزَنُوهُمْ يُخْسِرُونَ  أَلَا يَظُنّأُولَـٰئِكَ أَنَّهُم مَّبْعُوثُونَ لِيَوْمٍ عَظِيمٍ يَوْمَ يَقُومُ النَّاسُ لِرَبِّ الْعَالَمِينَكَلَّا إِنَّ كِتَابَ الْفُجَّارِ لَفِي سِجِّينٍ

Кем өлшеушілерді қарғыс атсын! Олар біреуден алғанда толық алады да, басқаға өлшеп бергенде кемітеді. Сонда олар қияметте қайтып тірілетіндеріне сенбей ме екен? Ол күнде адам біткен күллі әлемнің Иесінің алдында тікесінен тік тұрады. Ондайлар (өлшеммен, таразыдан) жегенін қойсын. Жаман адамның амалы сөз жоқ сиджинде тұрады»[13], -деп,

оның соңы өкінішке ұласатынын ескертеді. Қазақта «Көп асқанға бір тосқан» деген осыған саяды.

Сауда жасаушы адам дүние тіршілігіне беріліп, Алланың парыздарын орындауда немқұрайлық танытпауы тиіс. Қазіргі кезде саудада жүрген кейбір бауырларымыздың намазға, оразаға қатысты айтатын уәжі «уақытымыз жоқ, жағдай жоқ» деп ақталады. Алайда шынайы мұсылмандарды дүниенің бұл алдамшы сынақтары басқа арнаға бұра алмайды. Алла Тағала Құранда  олар жайында:

رِجَالٌ لَّا تُلْهِيهِمْ تِجَارَةٌ وَلَا بَيْعٌ عَن ذِكْرِ اللَّهِ وَإِقَامِ الصَّلَاةِ وَإِيتَاءِ الزَّكَاةِيَخَافُونَ يَوْمًا تَتَقَلَّبُ فِيهِ الْقُلُوبُ وَالْأَبْصَارُ

«Алланың есімін еске алудан, намаз оқудан, зекет беруден ондай адамдарды сауда-саттық істері де тоса алмайды. Олар жүректері де, көздері де орнында тұрмайтын тауқыметті (қиямет күнінен) қорқады»[14] , – дейді.

Саңлақ сахабалардың сара жолдарына үңілсек, хазреті Омар (р.а.) заманында сүтке су қосып сатпау жайында жарлық шығарады. Бір күні халифа қала көшелерімен түнде келе жатқанда бір үйдің ту сыртынан анасы мен қызының әңгімесін құлағы шалып қалады. Сонда анасы қызына: «Қызым, ертең базарға шығарып сататын сүтке су қоса сал көбірек болсын» дейді. Мұны естіген қызы: «Жоқ, анашым, сіз хазреті Омардың (р.а.): «Сүтке су қоспау» туралы жарлығын естімеп пе едіңіз? Мен  сүтке су  қоса алмаймын» деп жауап береді. Анасы: «Тәйірі, сол Омар (р.а.)  сені көріп тұр деймісің?»,-дейді. Сонда қызы: «Омар (р.а.)  көрмесе де Алла көріп тұр ғой, анашым»,-деп ұтымды жауап береді. Демек, әрбір саудагер халықты алдағанымен Алланы алдай алмайтынын естен шығармаған жөн.

Әбу Ханифа саудагер отбасында туып-өсті. Содан болар, өмірінің соңына дейін саудадан қол үзген жоқ. Сондықтан, Исламдағы сауданың қыр-сырын меңгеріп, саудаға қатысты көптеген мәселелерге пәтуа да беріп отырды. Пәтуа бергенде өз ойынан емес, кез келген мәселеге қатысты қандай да бір үкім айту үшін ол алдымен Құран мен сүннетке сүйенетін. Егер бұл мәселенің шешімін осы екі негізгі қайнаркөзден таппаса, халықтың салт-дәстүріне үңіліп, шариғат өлшемдерінен қия баспауға жанын салатын.

Әбу Ханифа саудада мына төрт қасиетімен ерекшеленген. Осы төрт қасиетімен халыққа танылып, сенімді саудагер атанған.

1) Ынсапты, дархан еді. Кейбіреулерді кедей қылған тойымсыздық секілді тоғышарлықтың ине жасуындай ұшқыны байқалмайтын. Мүмкін, бұның себебі, иманының кәмілдігі мен бай отбасынан шыққандығынан болар.

2) Аманатқа қиянат жасамай, өзгенің дүниесін өз затындай көретін.

3) Өте жомарт, қолы ашық, сараңдыққа жаны қас болатын.

4) Діндар, тақуа, әр сәтін құлшылықпен өткізуге тырысатын. Күндіз  ораза ұстап, түнде намаздан бас көтермейтін. Ол ғұламалардың арасында беделділігімен қатар, саудада да алдыңғы қатардан көріне білді.

 

Бір күні Әбу Ханифа әлдебір әйелден жібек сатып алмақ болады. Бұрын сауда жасап көрмеген әйел болса керек, жібегін тым арзанға сатып тұр екен. Жүз дирхам дейді. Әбу Ханифа жібек құнының бұдан әлдеқайда қымбат екенін айтып, көбірек берейін десе де, әйел жүз дирхам деп тұрып алады. Өйтіп-бүйтіп әйелді төрт жүзге өткізуге көндіреді. Бірақ, бұл да арзан еді. Ақыры Әбу Ханифа басқа бір саудагерді алып келіп жібекті бағалатады. Жібек бес жүз дирхам шығады.

Әбу Ханфаның әділдігі осындай болатын. Өзінің қалтасынан бұрын сатушының  пайдасын ойлайтын. Сатушының аңқаулығын пайдаланып, пайда көру деген ол кісінің түсіне де кіріп шықпас еді. Керісінше сатушыға тура жолды көрсететін. Жарлы-жақыбайлар немесе өзінің туыстары келсе, затты оларға өз бағасымен сататын. Тіпті, тапқан табысын сыбағаң деп сыйлап та жіберетін.

Бір күні бейтаныс кейуана келіп:

–  Мен кедеймін, маған мына киімді өз бағасына сат! – дейді.

–  Төрт дирхамға ал! – дейді Әбу Ханифа.

–  Әзіліңді қой, – дейді қарт әжей, – сататын болсаң өз бағасына бер, әйтпесе сенімен әзілдесіп тұратын уақытым жоқ. Сонда Әбу Ханифа :

–  Әзіл емес, шыным сол. Бұл киімнен екеу сатып алған болатынмын. Біреуіне ақша қосып сатқанымда, екеуіне кеткен ақшаны төрт дирхам жаппай қалып еді. Сол төрт дирхамға саған-ақ берейін, – деп су тегінге беріп жіберген екен.

Тағы бір риуаят бойынша Әбу Ханифа саудадағы серігі Хафс ибн Абдурраһманды әлдебір заттарды сатып келуге жұмсайды. Бірақ, тауарларының ішінде сапасында кінәрат кездесетін бұйым да бар болатын. Әбу Ханифа Хафсқа жаңағы затты сатып алғысы келген адамға кемшілігін ескертуді тапсырады. Бірақ, Хафс Әбу Ханифаның тапсырмасын ұмытып кетеді. Келгеннен кейін ғана есіне түеді. Қас қылғанда, кімнің сатып алғанын да есіне түсіре алмайды. Әбу Ханифа сол жолғы саудасынан түскен табыстан бір сабақ жіп қалдырмай садақа етіп таратып жіберген екен.

Ислам діні белгілеген өлшемдер  бойынша жасалатын сауда  ғибадаттың бір түрі. Намаз, ораза секілді ислам парыздарының шарттары, рүкіндерін әрбір намаз оқитын мұсылман білуі керек болғандай, сауда жасайтын адам да дініміздегі сауданың шарттарын, негіздерін біліп, үйренуі ләзім. Хазреті Омар (р.а.) халифа болған дәуірінде: «Ислам ережелеріне сай сауда-саттық жасауды білмейтін адам біздің базарымызда сауда жасамасын. Өйткені ол өзі де білмей, өсім алып береді»-деген жарлық шығарғаны риуаяттарда келген.[15].

Адамзат баласы жарық дүниеге келгеннен бастап напақасын іздеу қамына кіріседі. Әрине, напақа табудың жолдары әр түрлі. Әйтсе де сол напақа табудың бір жолы – сауда. Сауда-саттықта Алла Тағала алдындағы әдебіміз Оның белгілеген шектеулері мен тыйымдарынан қашып, жүктеген міндеттемелерін бұлжытпай орындауымыз. Алла Тағала баршамызды адал құлдарынан болуымызды нәсіп етсін! Әмин!

 


 

[1] Мәида сүресі, 88-аят

[2] Муминун сүресі, 51-аят.

[3] Бухари, Муслим хадистер жинағы

[4] Дәйләмидің хадистер жинағы

[5] «Бақара» сүресі, 275-аят

[6] http://library.islamweb.net/hadith/display_hbook.php?bk_no=160&pid=108925&hid=56

[7] Бұхари хадистер жинағы

[8] Тирмизи хадистер жинағы

[9] Бұхари хадистер жинағы.

[10] Бақара сүресі, 224-аят.

[11] Бұхари, Муслим хадистер жинағы.

[12] Тирмизи хадистер жинағы.

[13] Мутафифин сүресі, 7-8 аяттар.

[14] Нұр сүресі, 37-аят

[15] Тирмизи хадистер жинағы.

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру