Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Qazіr

23 April 2024

14 Sháýýál 1445 Хижра

  DINI MEREKELER

Құрбан айт - діни һәм, дәстүрлі мерекеміз

30.08.2017 7892 0 пікір

Құрбандық шалудың дәстүрі Адам ата заманынан бастау алады. Заманында Алланың қалауымен Хауа анамыз бір ұл, бір қыз туғандықтан кейінгі туған қызбен, әуелгі ұлды қосатын болып ниеттенеді.

Алланың осы әміріне Қабыл атты ұлы қарсы шығып, өзімен егіз туған Ақлимаға  үйленемін деп қасарысады. Баласының осы қарсылығына қапа болған Адам (оған Алланың сәлемі болсын) екі ұлына Алла жолына құрбандық шалуды бұйырады. Кімнің құрбандығы қабыл болса, сол құрбандық иесі Ақлимаға үйленетіндігін жеткізеді. Сонда диханшылықпен айналысқан Қабыл өзінің сараңдығына салынып, егінінен нашар өскен жеміс-жидектерін әкеледі. Әбіл мал шаруашылығымен айналысқандықтан, малдарының ішінен ең жақсы қойды таңдап алып әкеледі.

Содан кейін Әбілдің шынайы ниетпен құрбандыққа шалған қойы Алланың құзырында қабыл болғандығын естіген Қабылдың тұла бойында қызғаныш оты оянады. Соның салдарынан бауыры Әбілді өлтіріп тынады. Уақыттың өтуімен осы Әбілдің құрбандыққа берген қойын кейінгі заманда Ибраһимге (оған Алланың сәлемі болсын) баласының орнына құрбандыққа шалу бұйырылды.

Бабамыз Ибраһимнен бастау алған құрбан айт күні ұлы күн болып саналады. Ал кейбір ғұламалар осы дүниедегі ең қайырлы, тіпті арафа күнінен де артық күн деген. Белгілі күндерді ұлықтау адам баласының тақуалығынан да хабар береді. Осы күндері Алланың рахымына жақындау үшін тақуалығы мен ықыласты арттыратын мезгіл. Бұл жайында Алла тағала Құран Кәрімде:

وَمَن يُعَظِّمْ شَعَائِرَ اللَّهِ فَإِنَّهَا مِن تَقْوَى الْقُلُوبِالحج 32

«Кім Алланың белгілерін ұлықтаса, шындығында ол жүректің тақуалығынан» 

Айт мейрамы негізінен мұсылман қауымы үшін ұлық мереке қуаныш. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Медине қаласына қоныс аударып келгенде, Медине халқы бұрыннан қалған екі күнді таңдап алып тойлайтын болған. Олардың тойлап жүрген мейрамдарының орнына Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  «Шындығында Алла Тағала сендерге ол екі күннің орнына екі жақсы күн берді. Олар Ораза айты мен Құрбан айты» деп ескірген мереке күндерінің орнын ауыстырған. Жалпы мұсылман адам үшін осы дүниеде үш айт бар.

Әрбір аптаның жұмасы айт, ал жылына екі рет келетін айттар олар ораза және құрбан айт күндері. Жұманың ерекше болуының бірден-бір себебі жұма күні Адам (оған Алланың сәлемі болсын) жаратылып, сол жұма күні пейішке кіргізілді. Осы жұма күні пейіштен шығарылды, қиямет күнінің сағаты да сол күні болады. Сондықтан да жұма күні аптаның ішіндегі ұлық күні болса, құрбан айт та жылдың ұлық күні деп қабылдаймыз.

لأن النبي صلى الله عليه وسلم قال: "إِنَّ أَعْظَمَ الأَيَّامِ عِنْدَ اللَّهِ تَبَارَكَ وَتَعَالَى يَوْمُ النَّحْرِ ثُمَّ يَوْمُ الْقَرِّ"[1].

ابو داود

Себебі Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мүбәрәк хадисінде: «Алла Тағала алдындағы ен қайырлы күндер ол - құрбан айт күні мен зулхижжа айының 11-ші күні» деген. Сонымен қатар Құран Кәрімнің Фәжр сүресінің 3-ші аятында Алла Тағала осы күндермен ант қылған.

وَالشَّفْعِ وَالْوَتْرالفجر 3

          Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) осы аятты тәпсірлегенде «шафғ» сөзіне құрбан күні «уәтр» сөзіне арафа күні деп түсінік берген. Осы күн ұлы қажылық күні деп те аталады. Себебі қажылық амалдарының басым көпшілігі осы күні өтеледі. Қажылар осы күні Муздалифадан Минаға барып шайтанға тас лақтырып, шаштарын қысқартып, құрбандықтарын шалып, ифада яғни, парыз тауафын өтеп, Мина тауына Тәшриқ күндерін өткізу үшін барады. Осылайша ең негізгі амалдар орындалады. Сонымен қатар ташриқ күндері жайында Құран Кәрімнің Бақара сүресінің 203 аятында

واذْكُرُوا اللَّهَ فِي أَيَّامٍ مَعْدُودَات البقرة 203

 «Санаулы күндері Алла Тағаланы еске алындар» деп көрсетілген. Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) белгілі  күндер ол - Зулхижжа айының 10 күні, санаулы күндер ол - ташриқ күндері деп түсіндірген.

Осы күндері ораза ұстау харам қылынған. Ал,  Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз хадисінде:

قال صلى الله عليه وسلم: "أَيَّامُ التَّشْرِيقِ أَيَّامُ أَكْلٍ وَشُرْبٍ وَذِكْرٍ لِلَّهِ

رواه مسلم

«Ташриқ күндері тамақ, су ішу және Алла Тағаланы еске алу күндері» деген. Басқа бір хадисте:

قال صلى الله عليه وسلم: "يَوْمُ عَرَفَةَ وَيَوْمُ النَّحْرِ وَأَيَّامُ التَّشْرِيقِ عِيدُنَا أَهْلَ الإِسْلاَمِ، وَهِيَ أَيَّامُ أَكْلٍ وَشُرْبٍ

الترمذى

«Арафа, құрбан шалу және ташриқ айту күндері мұсылмандар арасында тамақ ішу күндері» дейді. Имам Ахмад риуаят қылған хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Абдулла ибн Хузафаны (Алла оған разы болсын) Минаға жіберіп бүгін ораза ұсталмасын, бүгін тамақ ішіп жейтін күн деп ораза ұстауды арам етіп тыйған болатын.Осындай бір күні Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қажылардың әмірі қылып жіберген Абу Бакірге де (Алла оған разы болсын) Тәуба сүресінің 3-ші аятын оқуды бұйырады. Осы Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әмірін Алимен (р.а.) Абу һурайра (р.а.) орындап  осы аятты Минада адамдарға оқып берген.

وَأَذَانٌ مِنَ اللَّهِ وَرَسُولِهِ إِلَى النَّاسِ يَوْمَ الْحَجِّ الأَكْبَرِ أَنَّ اللَّهَ بَرِيءٌ مِنَ الْمُشْرِكِينَ وَرَسُولُهالتوبة3

«Ұлы қажылық күні, Алладан, Пайғамбардан (с.ғ.с.) адамдарға жарнама. Шындығында Алла Тағала және Елшісі (с.ғ.с.) мүшріктерден аулақ» делінген.

أَنْ لا يَحُجَّ بَعْدَ الْعَامِ مُشْرِكٌ وَلا يَطُوفَ بِالْبَيْتِ عُرْيَان

Бұл жылдан кейін мүшріктер мен жалаңаш адамдар Кағбаға тауаф жасамайды деді.

روى الترمذي عن عائشة رضي الله عنها قالت: قال رسول الله صلى الله عليه وسلم: ما عمل ابن آدم يوم النحر أحب إلى الله من إهراق الدم، وإنه ليؤتى يوم القيامة بقرونها وأشعارها وأظلافها، وإن الدم ليقع من الله بمكان قبل أن يقع بالأرض، فطيبوا بها نفسا. 

Имам Тирмизи риуаят қылған Айша (р.а.) анамыздан жеткен Пайғамбармыздың (с.ғ.с.) хадисінде «Құрбан айт күні адам баласының ізгі амалының Алла Тағалаға ен сүйіктісі құрбандық қойды сою. Шындығында қиямет күні сол қойдың мүйізі, жүні және тұяқтары алып келінеді. Ағызылған қаны Алланың қалауымен жерге түспестен бұрын бір жерге түседі, олар соған қатты қуанады» деген.

أن النبي صلى الله عليه وسلم قال لفاطمة: قومي إلى أضحيتك فاشهديها، فإنه يغفر لك عند أول قطرة من دمها كل ذنب عملتيه، وقولي: إن صلاتي ونسكي ومحياي ومماتي لله..... إلى قوله من المسلمين. ومنها ما رواه الإمام أحمد وابن ماجهعن زيد بن أرقم قال: قال أصحاب رسول الله صلى الله عليه وسلم: يا رسول الله ما هذه الأضاحي؟ قال: سنة أبيكم إبراهيم عليه الصلاة والسلام، قالوا: فما لنا فيها يا رسول الله؟ قال: بكل شعرة حسنة، قالوا: فالصوف يا رسول الله؟ قال: بكل شعرة من الصوف حسنة

Фатима (р.а.) анамызға Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шалынған құрбандығының жанында тұрып: «Куә бол! Себебі әуелгі тамған қанымен істеген алдыңғы күнәларың кешіріледі» – деген болатын. Сол уақытта Әнғам сүресінің 162, 163-ші аяттарын оқы деді. Имам Ахмад және Ибн Мажә риуаят қылған хадисте сахабалар «Я, Расулалла! Бұл не құрбан? – деп сұрағанда, – Бұл бабаларың Ибраһимнің (ғ.с.) сүннеті деді. Одан бізге қандай сауап бар?- деп сұрады сахабалар. Әрбір жүні сауап деді. Сахабалар түсінбей жүні ма?- деп қайта сұрады. Сонда Пайғамбарымыз: (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Әр-бір тал жүніне сауап» – деді. Имам Табарани риуаят қылған осыған ұқсас хадисте Фатима (р.а.) анамыз Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы дәреже бізге ма, әлде барлық момындарға ма деп сұрайды. Барлық момындарға деп Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жауап берген.

كان الرسول الله -صلى الله عليه وسلم- لا يخرج يوم الفطر حتى يطعم، ولا يطعم يوم الأضحى حتى يصلي

الترمذى

Имам Тирмизи риуаят қылған хадисте «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ораза айт намазына тамақ ішпей бармайтын, құрбан айт намазына тамақ ішпей баратын еді» дейді.

عظموا ضحاياكم فانها على الصراط مطاياكم 

«Уағызшылар маржаны» атты кітәбінде келтірген хадисте Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Құрбандықтарыңды құрметтеңдер! Шындығында ол, қыл көпірдегі көліктерің» деген. Шын мәнінде біз бұл дүниеге қонақпыз. Мәңгілік ақтық сапарға шегеміз. Сондықтан бұл дүниеге қонақ болған адам өзімен бірге алып кететін құндылықтар осы дүние тіршілігінде жасаған игі амалдарымыздың жиынтығы. Соның қатарында құлшылықтарымызбен бірге бір Алланың разылығын ойлап шалған құрбандықтарымыз болады. Әрбір мұсылманның білуі тиіс жайттардың қатарында мыналарды ескере жүргеніміз жөн. Құрбандыққа шалынатын малдың етін кез-келген адам жеуіне болады. Малдың еті үш бөлікке бөліп таратылады:

1– туыстарға, көршілерге. 

2 – мұқтаж жандарға.

3 – өз бала-шағасына.

Дегенмен,  малдың етін кедей-мұқтаждарға таратып беруіне болады. Құрбан айт күні жуынып, таранып, таза киім киіп, үстіне хош иіс сеуіп, айт намазына барған жақсы амал болып саналады. Намаздан кейін мал сойылып таратылады. «Айт құтты болсын!» деп  туған-туыс, көрші-қолаңды аралайды. Барынша жайдары болып, ренжіскен адамды кешіріп, табысады. Ауырған адамның көңілін сұрап, жетім-жесірге қол ұшын беріп, жақындарына, жора-жолдастарына сәлем-сауқыт, сый-сияпат жасаған жөн. Осылай адамдардың бір-біріне деген сыйластығы артып, қоғамның береке мен бірлігі артады.

Құрметті мұсылман бауырлар! Құрбан айтта Алла Тағала барша ниеттеріміз бен дұға-тілектерімізді, шалған құрбандықтарымызды қабыл етсін! Әмин!

Қарағанды облысының өкіл имаы Б.Өмірзақ

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру