Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Qazіr

28 March 2024

18 Ramazan 1445 Хижра

  DINI MEREKELER

Мұсылмандардың ұлық мерекесі – ораза айт

22.06.2017 23454 0 пікір

 

Әлемдердің Раббысы Алла Тағалаға сансыз мадақ, Пайғамбарымыз Мұхаммедке (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), оның отбасына және сахабаларына салауаттар болсын.

Қазақ халқында бағзы заманнан айт күндері қырық немесе жетпіс үйге айттап кіріп шығу керек деген дәстүр бар. Әлбетте, шариғат мұндай санды міндеттемейді. Бұл қонақжай қазақ халқының ақжарма, кең пейілдігінен туындаған ізгі салт екені белгілі. Жалпы, отыз күнгі ораза мұсылмандарды тақуалыққа баулыса, айт күнгі қуаныш күйбең тіршіліктегі өкпе-назды ұмыттырып, мұсылмандардың бауырмалдығын күшейте түседі.[1]  

Қос мерекенің пайда болуы былай баяндалады:

عَنْ أَنَسَ - رَضِيَ اللهُ عَنْهُ - قَال : قَدِمَ النَّبِي - صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ - المَدِينَةَ ، وَلَهُمْ يَوْمَانِ يَلْعَبُونَ فِيهما ، فَقَال : ( مَا هَذانِ الْيَوْمَانِ ) ؟ قَالُوا : كُنَّا نَلْعَبُ فِيهِما فِي الْجَاهِلِيةِ . فَقَالَ رَسُولُ اللهِ- صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ - قَدْ أَبدلَكُمْ اللهُ بِهِما خَيْرا مِنْهُما : يَوْمُ الْأَضْحَى ، وَيَوْمَ الْفِطْر

Анастан (Алла одан разы болсын) жеткен хадисте «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Мәдинаға келгенде, олардың екi мерекесi болатын. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Бұл қандай күндер?», – деп сұрағанда: «Жаһилия дәуiрiнде ол күндердi ойын-күлкiмен өткiзетiн едiк», – дедi. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алла Тағала осы екi күндi олардан да жақсы Құрбан және Ораза айт күндерiмен алмастырды», – дедi.[2]

Ғаламдық деңгейде мәртебесі биік діни мереке саналатын Айт - барша мұсылман  қауымына ортақ ұлық мейрам.  Мұсылмандар оразадан кейін ауыз бекітпейтін ең алғашқы күн. Отыз күн оразада жасаған құлшылық ғибадаттан кейін құлдың бір сәт үзіліс алып, мерекелік көңіл-күйде Алланың сансыз нығметтеріне ой жүгіртетін кезі. Осынау ұлық мереке біздің ұлы даламызда аса жоғары бағаланып, осы уақытқа дейін ұлықталды. Тарихи құжаттарға үңілер болсақ, 1926 жылға дейін Ораза айт 3 күн, Құрбан айт 3 күн, Наурыз 1 күн ресми мереке ретінде тойланып келген. Оған негіз 1921 жылғы 5 наурызда Орынбор қаласында өткен Қазақстан Автономиялы Республикасы Орталық атқару комитеті Төралқасының «Мұсылмандар мерекесі» туралы қабылдаған шешімі. Оған C.Меңдешев төрағалық жасаса, Алаш арыстары А.Байтұрсынұлы мен Ә.Бөкейхан Төралқа мәжілісіне қатысқан екен.[3] Сондай-ақ көркем әдеби шығармаларда Қажығұмар Шабданұлының “Пана” атты романында Зуқа батырдың елінде айт намазы кезінде еркек кіндіктінің бірі қалмай, сапқа тұрғаны суреттеледі.[4] Кеңес өкіметі 1926 жылдан күштеп тоқтатқан мұсылмандар мерекесін қазақ қоғамының жүрегінен өшіріп тастай  алмады. Тәуелсіздік алғаннан кейін қайта ресми мәртебе беріліп, тарихи әділеттілік қайта орнығып, қасиетті мерекемен еліміз қауышты.

Ораза айтындағы мұсылманның істеуі тиісті амалдары:

Бірінші: Пітір садақасын беру.

Пітір садақасы Рамазан айында, яғни Рамазан айы басталғаннан бастап айт намазына дейінгі аралықта берілу қажет. Егер пітір садақасын бермегендер болса бірінші кезекте Айт намазына дейін пітір садақасын беруі тиіс. Айт намазынан кейін берілген пітір садақа жәй садақа болып қалады.

Пітір садақасы мұсылмандарға һижра жыл санауы бойынша екінші жылы шағбан айында парыз болды. Бұл жөнінде пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мүбарак хадисінде келген: «Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) адамдарға рамазан айында пітір садақасын беруді парыз етті»[5]. Пітір садақасының мөлшері жыл сайын шариғат бекіткен азық-түліктердің бағасына байланысты өзгеріп тұрады.

Екінші: Тәкбір айту.

Айт күндері тәкбір (Алланы ұлықтау) айту дінде заңдастырылған амалдардан. Алла тағала Құран кәрімде:

{ وَلِتُكْمِلُوا الْعِدَّةَ وَلِتُكَبِّرُوا اللَّهَ عَلَى مَا هَدَاكُمْ وَلَعَلَّكُمْ تَشْكُرُونَ }

Сендерді тура жолға салған Аллаға шүкірлік етулерің үшін санын толтырыңдар. Әрі Алланы ұлықтаңдар.[6]  

Имам әз-Зухри былай деп баяндайтын: “Адамдар тәкбірлерді айт күні үйінен шығар кезде намаз орындалатын жерге барғанға дейін және имам көрінгенге дейін айтатын. Ал имам көрінген кезде, олар имам тәкбір айта бастағанға дейін тынышталатын, ал содан соң олар тағы да тәкбір айтатын”.[7]

Үшінші: Айт намазын оқу.

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)өсиетiнде: «Айт күнi бiрiншi орындайтынымыз – намаз оқу», – делiнген. Айт намазы дiнiмiзде уәжіп амал болғандықтан, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмiрiнде оны бiр рет те қалдырмай оқыған. Ислам кез келген мерекенiң ғибадаттармен өткерiлуiн құптайды. Сондықтан айт мерекесі арнайы ғибадаттармен басталады.
Айт намазы үшін азан айтылып, қамат түсірілмейді. Намазға бет алған кезде бір жолмен барып, екінші жолмен қайту сүннет болып саналады. Пайғамбарымыз (с.а.у) мүбарак хадисінде: «Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айт күні мешітке барған жолымен қайтпай, басқа жолмен қайтатын»[8].

Төртінші: Намазға шығар алдында құрма жеп шығу.

Сүннет бойынша мұсылман адам намазға шығар алдында құрма дәмінен ауыз тиюі керек. Бұл пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оразаның аяқталып, айт күндері басталғаны жайында берген белгісі.

Бесінші: Жаңа  киім кию, ғұсыл құйыну, әтірлену.

Бұл ұлық мерекеде мұсылман адам шамасы келгенше мешітке жаңа киім киіп, әтірленіп барған абзал. Имам Мәлик: «Мен ғалымдардың айт күндерінде жасанудың және хош иістер жағудың абзал екендігі туралы айтатынын естігенмін», – дейтін. Дегенмен, жібек матадан ер азаматтардың бойын аулақ ұстағаны жөн.[9] Себебі, бұл туралы  Ибн Омар былай деген: «Бірде Омар бин әл-Хаттаб базардан жібек көйлек сатып алды да, оны Алла Елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) алып келіп: «Уа, Алланың Елшісі, мынаны айт күндерінде, сондай-ақ сізге елшілер келгенде киіңіз», – деді. Бұған Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Мұндай киімді ақыреттен үлесі болмаған адам ғана киеді»,  – деп жауап берді».[10] 

Алтыншы: Қуаныш, шаттық көрініс табу.  

Айт барша мұсылмандандың мерекесі болғандықтан, оны еңбектеген баладан еңкиген шалға дейін сезінуі тиіс. Сыйлықтар таратылып, мерекелік мәдени шаралар ұйымдастырылуы абзал амалдардан. Жүзден аса ұлт өкілі тұрып жатқан еліміздегі әрбір азамат осы мерекенің лебін сезінуі қажет. Ұлтаралық, дінаралық байланысты күшейту мақсатында айт мейрамына орай құттықтаулар таратылып, арнайы дастархандар жайылады. «Бір-бірлеріңе  сыйлық беріңдер, сүйіспеншіліктерің артады» деген хадисті негізге алған қазақ даласында қонақ кәдесі, сүйінші, байғазы, тағы басқа адамдарды жақындыққа апаратын амалдар  көп. Солардың бірі – айттық сұрау. Айт мерекесімен құттықтап, айттық сұраған жанды қазақ бетін қайтармай қолда бар сыйлықтарын аямаған. Міне бұл ғасырлар өте дәстүрге айналып, бүлдіршіндер үшін айттың бір керемет көрінісі болып есте қалған. 

Жетінші: Ораза және Құрбан айт күндері ораза ұстауға болмайды.

Қуаныш пен шаттыққа толы бұл қос мейрамда мұсылмандар ораза ұстамайды. Бұл туралы Абу Са’ид әл-Худри былай деп баяндаған: «Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) адамдарға Ораза айт пен Құрбан айттың екі күнінде ораза ұстауға тыйым салатын». [11]

Сегізінші: Мұсылмандардың бір-бірін құттықтауы.

Намаз біткен соң мұсылмандар қол алысып, төс қағысып, бір-бірін Айт мерекесімен құттықтайды, жақсы тілектерін айтады. Ренжісіп қалған ағайын-туыс, жора-жолдас бір-бірінен кешірім сұрап жарасады. Ал әйелдер қауымы үйде қазан асып, дастарқан жайып, айттық шай әзірлейді. Көрші-қолаң бір-бірінің үйіне кіріп дәм ауыз тиеді, шаңырақ иесіне аман-саулық тілеп, айтпен құттықтайды. Хадисте келгендей, айт күні пайғамбарымыз (с.а.у) адамдарға былай деп айтқан:

يَا أَيُّها النَّاس أَفْشُوا السَّلامَ وَأَطْعِمُوا الطَّعامَ وَصِلوا الْأَرْحَامَ وَصَلوا بِالليلِ وَالنَّاسُ نِيامٌ تَدْخُلُوا الْجَنَّةَ بِسَلَامٍ 

«Ей, адамдар, бұл күні сәлем жайыңдар, тамақтандырыңдар, туыстық қатынасты күшейтіңдер және адамдар ұйқыда болған кезде намаз оқыңдар, еш алаңсыз жәннатқа кіресіңдер»[12] деген. Сол секілді өзі жақсы көрген бауырын айт күні зиярат етуі мұсылман адамды үлкен сауапқа кенелтеді. Пайғамбарамыздың хадисінде : «Бірде-бір адам айт күні көрші ауылдағы досын зиярат етуге жолға шығады. Жолда оған Алла періште жіберіп, ол адамнан : «Қайда бара жатырсың» , деп сұрайды. Ол: «Бұл ауылда бір бауырым бар еді, соған бет алдым». Періште: «Бір шаруаң бар ма еді ол адамда». Ол: «Жоқ, мен оны Алла разылығы үшін жақсы көрем сол үшін» дейді. Сол кезде періште: «Алла мені саған жіберді, сен ол адамды жақсы көргенің үшін Алла да сені жақсы көрді» [13]дейді.

Әсіресе, осы мереке күні ата-анаға деген мейірімділік оларға сый-сияпаттар жасау игі амалдардан.

Ораза күні қайыр жақсы амалдар күні болғандықтан жетім-жесірлер, кедей-кепшіктер жомарт, рақымды жандардан мейірім лебін сезгісі келетіні анық. Осы күндері төмендегі адамдарға жақсылық жасаған абзал:

- Жесір әйелдер мен міскіндерге көмектесу, үйлерін қуанышқа бөлеу. Пайғамбарымыздың  (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Әбу Һурайрадан келген хадисінде: «Жесір әйелдер мен міскіндерге жәрдем еткен адам Алла жолында жиһад жасаған адаммен бірдей», деген[14].

- Жетімдерге көмектесу. Алла тағала Құран кәрімде:

{ وَاعْبُدُواْ اللّهَ وَلاَ تُشْرِكُواْ بِهِ شَيْئًا وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَانًا وَبِذِي الْقُرْبَى وَالْيَتَامَى وَالْمَسَاكِينِ وَالْجَارِ ذِي الْقُرْبَى وَالْجَارِ الْجُنُبِ وَالصَّاحِبِ بِالجَنبِ}

Алла (Т.) ға құлшылық қылыңдар. Оған еш нәрсені ортақ қоспаңдар. Және әке-шешеге, жақындарға, жетімдерге, міскіндерге, жақын көршіге, бөгде көршіге, жан жолдасқа, жолда қалғандарға және қол астындағыларға жақсылық қылыңдар.[15]

- Айт - басқаларға кешірім жасайтын күн. Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Абдолла ибн Амрудан (Алла одан разы болсын) келген хадісінде Алла елшісінен адамдардың ең жақсысы кім деп сұрады. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) : «Әрбір жүрегі пәк, тілі шыншыл адам» деді. Сахаба: «Тілі шыншыл деген түсінікті, жүрегі пәк дегенді қалай түсінеміз» деді. Пайғамбарымыз (с.а.у): «Жүрегі пәк дегеніміз - тақуа, таза, ыза және көре алмаушылықтан ада адам»[16] деді.

Қорыта келе  Айт мерекесінің басқа мерекелерден ерекшелігі -  қуаныш шаттықпен бірге Аллаға деген құлышылықтың қатар жүруінде, суып бара жатқан туыстық қатынастардың қайта жандануы, ашу, ыза кернеген жүректердің жібіп, Алланың рақымын талап етуі, өмірді қайта саралауға мүмкіншілік алу, өмірдің мәнін түсініп, Аллаға деген құлшылын күшейту. «Отыз күн оразаның бір айты бар, әр қылған жақсылықтың бір қайты бар» деп атамыз қазақ айтқан, осындай ұлы күндерімізді ұлықтайық, шынайы мұсылман болайық!

Кенжетай қажы Байкемелұлы,

ҚМДБ-ның СҚО бойынша өкіл имамы,

«Қызылжар» орталық мешітінің Бас имамы

 

خُطْبَةُ الْجُمُعَةِ

اَلْحَمْدُ للهِ اَلْحَمْدُ للهِ اَلْحَمْدُ للهِ الَّذِي هَدَانَا لِلْإِيمَانِ وَالْإِسْلاَمِ. وَجَعَلَنَا مِنْ أُمَّةِ مُحَمَّدٍ عَلَيْهِ الصَّلاَةُ وَالسَّلاَمُ. وَفَضَّلَ الْجُمُعَة عَلَى سَائِرِ الْأَيَّامِ. كَمَا جَاءَ فِى الْأَخْبَارِ أَنَّ الْجُمُعَةَ حَجُّ الْمَسَاكِينِ وَسَيِّدُ الْأَيَّامِ. نَشْهَدُ أَنْ لاَ إِلَهَ إلاَّ اللهُ وَحْدَهُ لاَ شَرِيكَ لَهُ شَهَادَةً مُوصِلَةً إِلَى دَارِ السَّلاَمِ. وَنَشْهَدُ أَنَّ مُحَمَّدًا عَبْدُهُ وَرَسُولُهُ سَيِّدُ الْأَنَامِ. صَلَّى اللهُ تَعَالَى عَلَيْهِ وَعَلَى آلِهِ وَأَصْحَابِهِ الْبَرَرَةِ الْكِرَامِ. خُصُوصًا مِنْهُمْ عَلَى أَبِي بَكْرٍ الصِّدِّيقِ وَعُمَرَ الْفَارُوقِ وَعُثْمَانَ ذِى النُّورَيْنِ وَعَلِىٍّ الْمُرْتَضَىۤ أَئِمَّة. رِضْوَانُ اللهِ تَعَالَى عَلَيْهِمْ أَجْمَعِينَ. أمَّا بَعْدُ. أَيُّهَا النَّاسُ أُوصِيكُمْ عِبَادَ اللهِ وَنَفْسِيَ أَوَّلاً بِتَقْوَى اللهِ.

أَعُوذُ بِاللهِ مِنَ الشَّيْطَانِ الرَّجِيمِ. بِسْمِ اللهِ الرَّحْمَنِ الرَّحِيمِ.

وَاعْبُدُواْ اللّهَ وَلاَ تُشْرِكُواْ بِهِ شَيْئًا وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَانًا وَبِذِي الْقُرْبَى وَالْيَتَامَى وَالْمَسَاكِينِ وَالْجَارِ ذِي الْقُرْبَى وَالْجَارِ الْجُنُبِ وَالصَّاحِبِ بِالجَنبِ

 صَدَقَ اللهُ الْعَظِيمُ

 

Алла Тағала «Ниса» сүресінің 36-аятында:

Алла Тағалаға құлшылық қылыңдар. Оған еш нәрсені ортақ қоспаңдар және әке-шешеге, жақындарға, жетімдерге, міскіндерге, жақын көршіге, бөгде көршіге, жан жолдасқа, жолда қалғандарға және қол астындағыларға жақсылық қылыңдар – деп баяндаған.

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):

عَنْ أَنَسَ - رَضِيَ اللهُ عَنْهُ - قَال : قَدِمَ النَّبِي - صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ - المَدِينَةَ ، وَلَهُمْ يَوْمَانِ يَلْعَبُونَ فِيهما ، فَقَال : ( مَا هَذانِ الْيَوْمَانِ ) ؟ قَالُوا : كُنَّا نَلْعَبُ فِيهِما فِي الْجَاهِلِيةِ . فَقَالَ رَسُولُ اللهِ- صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ - قَدْ أَبدلَكُمْ اللهُ بِهِما خَيْرا مِنْهُما : يَوْمُ الْأَضْحَى ، وَيَوْمَ الْفِطْر

Анастан (Алла одан разы болсын) жеткен хадисте «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Мәдинаға келгенде, олардың екi мерекесi болатын. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Бұл қандай күндер?», – деп сұрағанда: «Жаһилия дәуiрiнде ол күндердi ойын-күлкiмен өткiзетiн едiк», – дедi. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алла Тағала осы екi күндi олардан да жақсы Құрбан және Ораза айт күндерiмен алмастырды», деген. (Нәсәи хадистер жинағы).

Құрметті жамағат! Алла Тағала күнәларымызды кешіріп, Оған шынайы иман келтірген құлдарының қатарынан етіп, жәннатын нәсіп еткей! Әмин!

بَارَكَ اللهُ لَنَا وَلَكُمْ فِى الْقُرْآنِ الْعَظِيمِ. وَنَفَعَنَا وَإِيَّاكُمْ بِالْآيَاتِ وَالذِّكْر الْحَكِيمِ. إِنَّهُ هُوَ الْغَفُورُ الرَّحِيمُ. اَلْجَوَادُ الْكَرِيمُ الْعَلِىُّ الْعَظِيمُ السَّمِيعُ الدُّعَاءِ.

Қысқа отырыстан кейін:

اَلْحَمْدُ للهِ نَحْمَدُهُ وَنَسْتَعِينُهُ وَنُؤْمِنُ بِهِ وَنَتَوَكَّلُ عَلَيْهِ. وَنَعُوذُ بِاللهِ مِنْ شُرُورِ أَنْفُسِنَا وَمِنْ سَيِّئَاتِ أَعْمَالِنَا مَنْ يَهْدِ اللهُ فَلاَ مُضِلَّ لَهُ. وَمَنْ يُضْلِلْ فَلاَ هَادِيَ لَهُ. نَشْهَدُ أَنْ لاَ إلَهَ إِلاَّ اللهُ وَنَشْهَدُ أَنَّ مُحَمَّدًا عَبْدُهُ وَرَسُولُهُ صَلَّى اللهُ تَعَالَى عَلَيْهِ وَعَلَى آلِهِ وَأَصْحَابِهِ أَجْمَعِينَ. وَارْحَمْنَا مَعَهُمْ وَاحْشُرْنَا مِنْهُمْ بِرَحْمَتِكَ يَا أَرْحَمَ الرَّاحِمِينَ.

 

[1] http://islam.kz/kk/articles/islam-jane-qogam/oraza-ait-ulyq-merekelerdin-biri-291/#gsc.tab=0

[2] Нәсәи хадистер жинағы

[3] http://www.inform.kz/kz/musylmandardyn-eki-ulyk-meyramynyn-biri-oraza-ayt-barshamyzga-kutty-bolsyn_a2301769

[4] islam.kz/kk

[5] Бұхари, Мүслим хадистер жинағы

[6] Бақара сүресі, 185-аят

[7] Ибн Әбу Шайба

[8] Бұхари хадистер жинағы

[9] http://www.asylarna.kz/maqala/maqalainfo/232

[10] Бұхари, Мүслім хадистер жинағы

[11] Бұхари хадистер жинағы

[12] Ибн Мәжә, Тирмизи хадистер жинағы

[13] Муслим хадистер жинағы

[14] Бұхари, Муслим хадистер жинағы

[15] Нисә сүресі, 36-аят

[16] Ибн Мәжә хадистер жинағы

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру