Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

ҚҰРБАНДЫҚҚА ҚАНДАЙ МАЛ ШАЛЫНАДЫ?

Хасан Аманқұл muftyat.kz 23.07.2020 38683 0 пікір
ҚҰРБАНДЫҚҚА ҚАНДАЙ МАЛ ШАЛЫНАДЫ?

Құрбандыққа таңдап алынған малдың сау, мінсіз болуы талап етіледі. Біріншіден, бұл пенденің Жаратушы Иесіне деген жоғары деңгейдегі әдептілік қарым-қатынасын көрсетеді. Құрбандықтың еті де, қаны да Алла Тағалаға қажет еместігі, Оған тек пенденің тақуалығы ғана жетіп баратыны белгілі. Осы орайда пенде құрбандық үшін сау, айыпсыз малды іздеп табу арқылы тақуалыққа әрекет етеді.

Екіншіден, осы арқылы кедейлердің жабырқаңқы көңілдері көтеріледі. Оларға жарамсыз, кемшілігі бар малдың етін емес, ең әдемі малдың етін сыйға тарту жақсы іс саналады. Олар өздерін құрметті адам ретінде сезіне бастайды.

Сондықтан, құрбандық дұрыс болу үшін бауыздалатын малға қатысты шариғатымызда мынадай талаптар қойылады:

  1. Құрбандыққа қой, ешкі, ірі қара немесе түйе шалу. Малдың еркегі де, ұрғашысы да жарайды. Еті көп, дәмі жақсы болғаны абзал.

Қой мен ешкі бір адамның атынан бауыздалады. Бір адам екі қой бауыздаса, екеуі де құрбандық болады және екі құрбандықтың сауабын алады. Ал, түйе мен ірі қараны бір адамнан жеті адамға дейін шалуға болады. Бұған Жабирдің (одан Алла разы болсын) «Алла елшісімен бірге Худайбияда бір түйені жеті адамның атынан және бір қарамалды жеті адамның атынан бауыздадық»[1] деп айтқан сөзі дәлел. Мұнда жеті адамның да ниеті құрбандық шалу немесе етін садақа ету болу керек.

  1. Ақауы жоқ, мінсіз малды құрбандыққа шалу. Көзі көрмейтін, бір көзі жоқ, ақсақ, тым арық, тістері жоқ, құлағы кесілген, желіні кепкен, құйрығы немесе құлағының үштен бір бөлігінен көбі кесілген малды құрбандыққа шалу дұрыс емес. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Төрт мал құрбандыққа жарамайды: қылилығы айқын, ауруы анық, ақсақтығы мәлім, жілік майы таусылған (тым арық) малдар», – деген[2].

Мүйізі жоқ немесе мүйізі сынған, құлағы жарылған немесе тесілген малды құрбандыққа шалуға болады. Сонымен қатар, піштірілген малды да құрбандыққа шалады. Ондай малдың еті мол әрі дәмі тәтті болады және ол айып болып есептелмейді[3].

Сатып алған құрбандық малы айыпты болып қалса, оны сау малға ауыстырады. Малды бауыздайтын кезде не бауыздау себебімен көзін шұқып алса немесе союға апара жатып аяғын сындырып алса, оның оқасы жоқ.

  1. Белгілі жасқа жеткен малды құрбандыққа шалу. Қой мен ешкі бір жасқа жету керек. Үлкендігі бір жасар қойға ұқсас алты айға толған семіз әрі ірі қойды да құрбандыққа шалуға рұқсат етіледі. Ал, ірі қара екі жасқа, түйе бес жасқа толуы шарт[4].

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мусиннадан басқасын соймаңдар. Сендерге қиындық туғанда ғана қойдың жазағасын сойыңдар», – деген[5]. «Мусинна» деп бес жасар түйеге, екі жасар ірі қараға, бір жасар қойға айтылады. Әбу Ханифа, қойдың жазағасы оның алты айлығы, деп түсіндіреді. 

Хасан АМАНҚҰЛ,

 Шариғат және пәтуа бөлімі

меңгерушісінің орынбасары

 

[1] Әбу Дәуіт, Муслим, Тирмизи риуаят еткен.

[2] Әбу Дәуіт, Нәсаи, Тирмизи риуаят еткен.

[3] «Фәтауа Һиндия», 5/344.

[4] «Раддул-мұхтар», 2/321.

[5] Муслим, Әбу Дәуіт, Нәсаи риуаят еткен.

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру