Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Qazіr

29 March 2024

19 Ramazan 1445 Хижра

  DINI MEREKELER

«Үйлену оңай, үй болу қиын», сондықтан да...

Шәмшат Әділбаева 20.07.2018 8660 0 пікір
Үйлену – сүннет десек те, тілек қосып, отау тігуге ниет еткен жастар бұл қадамға бармай тұрып, төмендегі керекті ақыл-кеңестерді ескергені жөн. Өйткені, үйлену үлкен жауапкершілік болғандықтан, арнайы ішкі дайындықты қажет етеді.  

Шынайы ниет, ықыласты дұға

 

Мұсылман кісі түтін түтетуге шынайы ниет білдіріп, оны құлшылық ретінде қабылдауы тиіс. Сондықтан, намаздарының соңында немесе күнделікті дұғаларында Алла Тағаладан екі дүниеде де қайырлы болатын, бірге қол ұстасып бақытты өмір кешетін, мінез-құлқы жақсы жар тілеуі қажет. Ықыласпен жасалған дұға – бақытқа жол ашатын ең сенімді жолдардың бірі. Шынайы көңілмен жасалған дұғадан кейін адам баласы Алла Тағаланың қайырлы жар нәсіп ететініне бек сенуі керек.

Болашақ жарды көру

 

Өмір бойы бір жастықты жастанып, қиын белестерден қол ұстасып бірге асатын екі жастың некеден бұрын міндетті түрде бір-бірін көріп, бір-бірі жайы мәліметтері болуы керек. Бұл шаңырақтың беріктігі үшін маңызды. Жігіттің қалыңдықты, қалыңдықтың жігітті көруі керектігі хадистерде де айтылған. Пайғамбарымыз үйленетін кезінде сахаба Мұғира ибн Шубәға: «Үйленетін қызыңды көр. Себебі, үйленбей тұрып оны көру отбасылық өміріңнің жемісті болуына жол ашады», – деген. Осы өсиетке сай үйленбей тұрып қалыңдығын көрген хазірет Муғира отбасылық өмірінде өте бақытты болғанын, екеуінің жақсы тіл табысқанын айтады. 

Бірақ үйленетін екі жастың бір-бірін көруі үшін қастарында қыз жағынан немесе жігіт жағынан бір туыс әйел адам болуы керек. Себебі, дініміз бойынша некесі қиылмаған қыз бен жігіттің оңаша қалуы харам. Кейбіреулер үйленбей тұрып екі жастың бірге жүріп-тұрғаны, бірге қыдырғаны бір-бірін тануы үшін пайдалы дейді. Бірақ үйленбей тұрып бір-біріне кемшіліктерін көрсете бермейтін қыз бен жігіт үшін бұның пайдасы шамалы. Сондықтан да, атам қазақ: «Қыз кезінде бәрі жақсы, жаман әйел қайдан шықты» демей ме? Қайта мұндай кездесулер екі жасты күнәға жетелеп, әртүрлі өкінішті жағдайларға ұрындыруы мүмкін. Мұндай қателіктердің алдын алу үшін екі жастың оңаша кездесуіне дінімізде тыйым салынған. Оның орнына жігіттің қызбен таныспай тұрып, сыртынан, қызға білдірмей көруі дұрыс деп саналады. Егер ұнаса ғана қызбен танысқаны дұрыс. Ал егер қызды алдын ала көрмей, танысып, одан кейін қызды ұнатпай жатса, қыздың нәзік көңіліне қаяу түсуі сөзсіз.

Үйленетін жастардың бір-бірімен сөйлесуі

 

Қалыңдық пен жігіттің тек қана бір-бірін көруі жеткіліксіз. Олар бір-бірін тануы үшін сөйлесуі де қажет. Сөйлесу барысында екі жас бір-бірінің сұрақтарына еш нәрсені жасырмай бүкпесіз жауап беруі керек. Әрі өздерінің талап-тілектерін де  білдіргені дұрыс. Сонда ғана олар болашақ жары жайлы дұрыс мәліметтерге ие бола алады. Қалыңдық пен жігіттің сөйлесуіне дініміз рұқсат бергенін мына оқиғадан көре аламыз. Халифа Омар хазірет Әлидің қызы Үммү Күлсімді айттырмақ болады. Сонда хазірет Әли: «Қызымның пікірін сұрап көрейін, ол не дейді екен?» – деп, қызына болған жайды баяндайды. Үммү Күлсім: «Халифа Омарды жақыннан көрген емеспін, оны танымаймын ғой», – дегенде, әкесі: «Олай болса сені халифа Омардың үйіне жіберейін, кездесіп, танысыңдар», – дейді. Үммү Күлсім халифа Омардың үйіне барып, онымен танысады. Екеуі сөйлескеннен кейін халифаның ұсынысын қабыл алып, оған тұрмысқа шығуға келіседі.

Сөйлесу барысында жоғарыда айтылғандай екі жақ өздерінің шарттарын ашық баяндауы қажет. «Алдымен үйленіп алайық, сосын шарттарды сөйлесе жатармыз. Шарттарымды қазір айтсам оны үркітіп алармын» деген жоспар құрылатын болса, шаңыраққа опасыздық болып саналады. Сондықтан, істің басында екі жастың  ешқандай ойын ішіне бүгіп қалмай, ағынан жарылғаны абзал. Бірақ сөйлесу кезінде де екі жастың жалғыз қалуына болмайды. Жоғарыда ескерткеніміздей қыздың жақыны немесе жігіт жағынан бір әйел адам қастарында болуы қажет. Қыз бен жігіттің жалғыз қалуына Пайғамбарымыз былай деп тыйым салған:

«Ер кісі қасында махрамы (яғни өзімен үйленбейтіндей жақын туыстары) болмаса басқа әйелмен жалғыз қалмасын» (Бухари, Никаһ, 111).

Тіпті бір хадисінде ер кісі мен әйел адам жалғыз қалғанда қастарында шайтан болатынын ескертіп былай дейді:

«Бөтен әйелмен жалғыз қалмаңдар, себебі олардың қасында үшіншісі шайтан болады».

Бұл бір жағынан қыз баланың намысын сақтауға, өсек-аяңға ілінбеуіне себеп болатын болса, екінші жағынан екі жасты адалдықтың ала жібін аттамай, шайтанның азғыруы мен нәпсінің жетегінде кетуден сақтайды. Осылайша дініміз әкесіз балалардың дүниеге келуінің алдын алып, жастардың опық жемеуін көздейді. Олардың ибалы да тәрбиелі тұлғасын имандылықтың адал салтымен қорғайды.

«Сүйдім, күйдім» деп атүсті некелесе салған адамдардың саны көп.  Әркім өз көкейіндегі арманмен үйленеді, жарының өз қалауынан шығуын күтеді. Бірақ бұны отбасын құрмай тұрып жары да армандады. Оның да өзіне тән қалауы болды. Бұны әркім түсіне бермейді. Бірақ қыз бен жігіттің сөз байласуы кезінде мұндай аса маңызды тақырыптар қозғала қоймайды. Кездесу барысында екі жастың арасында өрбіген әңгіме күнделікті амандық пен ойын-сауықты сөз етуден әріге аспайды. Қоғамымызда көптеп кездесетін, осындай «әттеген-айларды» саралап қарайықшы.

Кейде жас келін «мен ата-енеммен тұра алмаймын» деп мінез көрсетсе, жігіт «мен әке-шешемді тастап кете алмаймын» деп ширығады. Мұндай текетірестерді көргенде бұл екеуі сөз байласқан кезде қыдырудан басқа түк бітірмеген бе деген ой еріксіз көкейге келеді.  Мұндай ұрыс-керістердің дені ертеңге көз жүгіртіп, терең ойланбаудан туындайды. Біз көп ретте ойланудан қашамыз, бәрін білемін деп ойлаймыз. Кейде бәрі қарсы боп тұрғанын сезсек те, соңының жақсы болмасын іштей болжасақ та жақсы боп кетер деген бос үмітпен өзімізді алдаймыз. «Жастар ақылы кіріп, үй боп кетсе түзелер», «әйелі дұрыстар», «балалы болған соң аптығы басылар» деген сөздерге құлағымыз үйреніп-ақ қалған. Әрине, бұлай бола кетуі екіталай екенін уақыт қана көрсетеді. Үйленбей тұрып ертеңгі күннің мәселелерін талқылаудың бір пайдасы осында жатыр. Мұндай ашық әңгіме ертеңгі күнгі ашу мен көз жасының алдын алады. Танысу барысындағы әңгіме үстінде жігіт қызды, қыз жігітті тыңдауына, таңдауына мүмкіндік мол. Сондықтан, істің басында-ақ ойларын ортаға салып, бір-біріне пікірлерін білдіргені, осылайша өздерінің қандай арман-тілегі барын анықтағаны дұрыс. Егер екеуі осы сөйлесу барысында бір мәмілеге келсе, екі жақтың да жүрегі тыныш, ертеңгі күн бейбіт болады. Ал, қарсы жақ белгілі бір жағдайды қабылдай алмаймын десе, ондай ыдыс-аяғының сылдыры көп отбасын құруды тоқтатқан жөн. Себебі, кейіннен жанды қажытатын, түйіні шешілмейтін шулы шаңырақ болудан гөрі береке мен бірлік іздеп, өзімен үйлесе алатын жар іздеу артық емес пе? Дүниеде адамның бір рет жолы болмағанымен басқа кезде жолы болатынын ұмытпау керек.

Егер адам өз тағдырын басқа бір адаммен қосамын десе, одан сыр бүгуі қаншалықты дұрыс? Кейде адамдар бір-бірінен өз білімі, денсаулық жағдайы немесе отбасы туралы маңызды жағдайларды бүркемелеп қалады. Кейде тіпті бұрын үйленгендігін немесе баласының болмайтындығын біле тұра жасыратындар да баршылық. Сондықтан, үй боламын деген күннен бастап, екі жастың арасында жасырын сыр болмай, сабыр мен байыпқа барынша күш салу керек. Өмірдегі ең маңызды қадамды жасарда жан-жақты ойланбасқа бола ма?

 Қалыңдық немесе күйеу жігіт жайлы таныстарынан сұрастыру

 

Қалыңдық  немесе күйеу жігіт жайлы таныс кісілерден сұрап, білу де құрылатын шаңырақтың беріктігі үшін маңызды қадам. Үйленетін жастар бір-бірінің тегін, отбасын, алған тәрбиесін, мінез-құлқын оны жақын танитын кісілерден сұрастырып, жұртпен ақылдасқаны дұрыс. Бір істі бастар алдында елмен ақылдасу – Пайғамбар сүннеті. Бірақ, кеңескен адам дұрыс сөзді, жақсы мен жаманды айыра білетін кісі болғаны жөн. Бұл жайында орта ғасыр ғұламасы Имам Ғазали былай дейді:

«Әйелдің мінез-құлқы мен әдемілігін тек қана шыншыл, ақылды, дұрыс пен бұрысты ажырата білетін кісіден сұрау керек. Ақылдасқан кеңесші айттырылатын қызды қолдайтын  кісі емес, сырт көз болғаны дұрыс. Сонда ғана ол қыздың қасиеттерін бүге-шегесіне дейін жеткізеді. Ақылдасатын адам қызды жақтырмайтын кісілердің қатарынан болмауы тиіс. Өйткені, дұшпандықпен қыздың жақсы қасиетін жасырып қалуы мүмкін. Бұл мәселеде туралықты ұстанып, шындықты айтатындар өте аз».

Осы қағида қыз бала үшін де маңызды. Ол да күйеу жігіт жайлы оны танитындардан сұрастырғаны дұрыс. Бұрынғы кезде мұсылман елдерінде қыздың әкесі немесе ағасы жігіт тұратын жердегі мешіттің имамынан жігітті қаншалықты танитынын, мешітке қаншалықты келетінін сұрастырған екен. Сөйтіп, бірінші орында жігіттің имандылығын білуге тырысқан. Өкінішке қарай, біздің қоғамымызда жігіттің имандылығынан бұрын материалдық жағдайы сұрастырылады. 

Сондай-ақ, қыз бен жігіт бір-бірінің кімдермен араласатынын, нені қалап, нені ұнатпайтынын білуі қажет. Бұл мәлімет те адамға үйленетін кісісінің кім екенін тани түсуіне көмектеседі. Себебі, үмбеттің ұстазы Пайғамбарымыз:

«Адам досының дінінде болады. (Яғни сол сияқты ойланып, мінезі соның мінезіне ұқсап кетеді.) Олай болса әркім өзінің кіммен дос екеніне көңіл аударсын», – деген (Әбу Дәуд, Әдеп, 19).

Сондықтан, отбасын бірге құратын жартысының достары кім, қандай кісілермен араласады, олардың ой-пікірлері қандай екенін де анықтаған дұрыс. Атам қазақ «Жақсымен жолдас болсаң, жетерсің мұратқа, жаманмен жолдас болсаң, қаларсың ұятқа» деп бекер айтпаса керек.

Тағы бір айта кетететіні жігіт үшін қыздың үй шаруашылығына бейімділігін сұрастыру да маңызды. Себебі, әйелі тамақ пісіре алмайтын олақ, үйін ұядай қылып ұстай алмайтын салақ болса, мұндай шаңырақтан айқай-шу арылмасы анық. Бұл мәліметтердің бәрін тек қана екі жасты жақсы танитын, ақты ақ, қараны қара деп айтатын әділ жандардан сұрастыру арқылы ғана білуге болады. Оның тысында қыз бен жігіт қанша кездессе де, қыдырып табандарынан таусылса да бір-бірінің кемшіліктерін біле алмауы мүмкін. Өйткені, адам баласы қарсы жыныстың алдында әрдайым тек жақсы жағынан көрінуге тырысады.

Истихара намазы    

 

Жоғарыдағы амалдардан кейін кісі өз таңдауының дұрыс-бұрыстығын білу үшін истихара намазын оқығаны абзал. Ис­ти­ха­ра на­ма­зы – істің қай жақсысын рухани ишарат арқылы білуге сеп болатын екі рә­каттық нәпіл на­маз. Ал­ғаш­қы рә­кат­та «Ка­фи­рун», екін­ші рә­кат­та «Ықы­лас» сү­ре­сін оқу – мұс­та­хап. На­маз­дан кейін «ис­ти­ха­ра» дұ­ға­сы оқы­ла­ды. Дұ­ға­ны оқы­ған­нан кейін адам жү­ре­гі­нің қай жақын тартқанын таңдайды.

 

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру