Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

БАЛАҢЫЗ РАМАЗАНҒА ДАЙЫН БА?

Әйгерім Есқожаева muftyat.kz 16.05.2018 7500 0 пікір

 

Рамазан – күллі әлемдегі мұсылмандар үшін өте ерекше уақыт.

Бұл ай – Жаратушыға жақындау айы, рухани емделетін, дұғаның қабыл болатын әрі күнәлардың кешірілетін, Жаратушымен жалғыз қалуға мүмкіндігі мол ай.

Алайда бала-шағамызға бұл айдың қасиеттілігін қалай сездіндірудің жолын таба алмай жатамыз. Кей кезде қарапайым ғана Рамазан айындағы жасалатын діни жоралғылардың мән-мағынасын түсіндіре алмай қаламыз. Баланы қанша жастан бастап ораза ұстауға дағдыландыруға болады?

Әлбетте, баланың ораза деген ықыласын жастайынан оятқан жөн. Сіздің ораза ұстап жүргеніңізді көріп жүрген баланың сізбен бірге ораза ұстауға деген ынтасы болары сөзсіз. Балалар үлкендерге еліктегіш келеді әр еліктегенді ұнатады. Өйткені, көпшілік отбасыларда ауыз ашар мерекелік көңіл-күймен өтетіні жасырын емес.

Әрине, балаларға күні бойы нәр татпай жүру шарт емес. Бұл оның жетіліп келе жатқан ағзасына айтарлықтай зиянын тигізуі мүмкін. Оның үстіне, оларға әлі ораза парыз бола қойған жоқ. Алайда егер баланың дені сау болса, оған күніне үш сағат ораза ұстауға рұқсат беру керек. Бұл оның дінді тәжірибеде ұстануына, дағдылануына көмектеседі. Баланың қанша сағат ораза тұтатынын жасы мен мүмкіндігіне қарай өзіңіз анықтайсыз.

Рамазан айы келмес бұрын оның қандай ай екенін, мұсылмандар неге ораза ұстайтынын түсіндіріп беріңіз. Балаңызбен бірге жақындарыңызға Рамазанмен құттықтау қағазын жасаңыз, үйдің ішін сәндеңіз. Шарлар, шамшырақтар, өз қолымен жасаған әшекейлерін қолдануына рұқсат етіңіз. Қасиетті айдың келуі олар үшін айтулы мереке болсын.

Рамазан айының әр кешінде оларға пайғамбарлар тарихын, ғибратты әңгімелер айтып беруді әдетке айналдырған жөн. Баланың ауыз ашарда ішетін тағамы өте құнарлы болмағаны дұрыс, себебі ол сізден қарағанда ертерек ауыз ашады. Оларға өздері ұнататын тәттілерін әзірлеп беріңіз. Ауыз ашарға өзі қатарлас достарын шақырып, ауыз ашар уақытын тағылымы мол жиынға айналдыруға болады. Ол үшін небір қызықты сұрақтар мен жарыстар ұйымдастырып, сыйлық ретінде балаларға тәттілер не болмаса қолдан жасалған ойыншықтар табыстауға болды. Балалар қонақ келсе қуанатыны жасырын емес. Бұл айда үйге жиі қонақ шақыруға тырысыңыз. Егер олар өзінің де балаларын ерте келсе, тіпті жақсы болады.

Алайда, кей кездері балалар ораза ұстаудан бас тартуы мүмкін. Мұндай жағдайда оларды зорлықпен көндіруге болмайды. Мұндай жағдайдан саналы түрде шығудың жолын ойластыру керек. Бір танысым өзінің балалық шақтағы Рамазаны жайлы естелігімен бөліскен болатын. Мектеп қабырғасындағы оқушы кезі екен, ата- анасымен бірге ораза ұстапты. Ал оның үлкен әпкесі болса ораза ұстаудан бас тартқанға ұқсайды. Ал анасы болса қызына үндемей сәресі мен ауызашарға небір тәттілер дайындап, оларды ораза ұстамағандардың жеуіне тиым салған екен. Бірнеше уақыттан соң әпкесі өзі-ақ ораза ұстауға ниетінің бар екенін айтқан көрнеді.

Демек, кішкентай мұсылмандардың қымбатты ата-аналары, балаңыз қуана әрі өз еркімен ораза ұстауы не болмаса ораза ұстауы парыз болған шақта мәжбүрлеп ораза ұстауға көндіру сіздерге байланысты болмақ. Балаңыздың Рамазан айына деген сүйіспеншілігін оятуда Алла жәрдемші болсын!   

 

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру