Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Тұлғалық тәуелсіздікке 5 қадам

Бағдат Абдукаримов, «Әл-Ғани» мешітінің бас имамы www.muftyat.kz 04.04.2018 4934 0 пікір

Бұл бес қадам іскерлік тақырыбына қатысты емес. Кәсіпкерлікпен де байланысы жоқ бес қадам. Бұл – перзентіңіздің ешкімге елеңдемей өз бетінше қалыптасуына септігі тиетін алғышарттар.

Баламен санасу

Баланың аты бала. Десе де, баланың ой-пікірімен санасу және оны тыңдай білген дұрыс. Мәселен, балаға дәрі ішкізу өте қиын. Дәрі ішпеймін десе яки болмаса ойыншығымен бөлмені басына көтеріп ойнап жатса, бірден тыйып тастамаңыз. Не үшін дәрі ішу керек? Неге шулап ойнауға болмайды? Тағы басқа көптеген негелердің себебін түсіндірмейінше бала сізді дұрыс түсіне алмайды. Бала оның барлығының себебін білгені жөн. Сіздің сөзіңіздің төркінін түсінбеген бала мұндай тыйымдарды ұдайы есту арқылы бойындағы тұлғалық батылдық бірте-бірте жойыла бастайды. Ал, себебін білетін болса, келесі жолы өз бетінше дұрыс әрекет жасайды. Жасамаған күнде де, сіздің кезекті ескертуіңіздің себебін біліп тұрады.

Еркіндік

Киім-кешек және тамақтануда белгілі дәрежеде таңдау еркіндігін беріңіз. Басқаша сөзбен айтқанда басты мәселелерде бағыт-бағдар беру қажет. Алайда, әр басқан қадамын бақылап, әр қимыл-әрекетін түзете берсеңіз, өз бетінше шешім қабылдау қабілетінен айырасыз. 

Жауапкершілік алу

Жас мөлшеріне қарап, өзіне жұмыс немесе тапсырма беріп, соны өзінің пайымымен орындап шықсын. Басы-қасында тұрмай, өз еркіне беріңіз. Жұмысын бітірген соң, жұмысын мұқият тексеріп қабылдап алыңыз. Жігерлендіріңіз. Қате-кемшілігі болса, себебін сұрап көріңіз. Баланың өз пайымымен өзіндік әрекеті болар. Мұндайда бала дербес ойлауға, өзіндік шешім қабылдауға үйренеді. Оқтын-оқтын осындай тапсырмалар беруді әдетке айналдырыңыз.   

   Ойын жеткізу

Бала қашан да ата-анасы үшін бала. Алайда, дәрігер, мұғалім немесе жаттықтырушы үшін ол емделуші, оқушы және жаттығушы спортшы. Сондықтан, он үште отау иесі демекші, бала өздігінше дүкенде немесе басқа да қоғамдық орында өзіне қажетті жайтта өзі сөйлескені дұрыс. Мәселен, үйге қонақ келгенде балаға сұрақ қойып жатса, оның атынан әкесі ретінде сіз емес баланың өзі жауап беруі қажет. Бірінші кезде сәтсіз болуы мүмкін алайда кейін ойын жақсы жеткізуді үйренеді. Бұл баланың емін-еркін көпшілік орында және әкесіндей үлкен кісілер алдында да қысылмай сөйлеуіне мүмкіндік тудырады. Ал, мұндай қабілет балаға өмірінде өте қажет.

Ақша жұмсау

Балаға ақша жұмсауды да үйретіңіз. Бұл да аса маңызды. Мектептегі және қосымша үйірмедегі елеулі жетістігі үшін сыйлық беріп жатамыз. Кейде сыйлық ретінде ақша беріп, дұрыс және тиімді пайдалануға кеңес беріңіз. Осылайша бала маңдай терімен келген табысты қажетті етіп пайдаланады.

Ардақты пайғамбарымыздың өмірбаянын оқып отырсаңыз, Алла елшісінің жас балалармен әңгімесі және мәмілесінен олардың тұлға боп қалыптасуына ықпал еткенін қарапайым қадамдарды байқайсыз. Мәселен, он жасар Абдулла бин Аббасқа айтқан кеңесі, жас Әнастың балалық қателігі үшін ешуақытта бір ауыз сөз айтпауы, керісінше күлімсіреп балалығын түсінуі. Омардың он бір жасар ұлы Абдулла пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бастаған үлкен кісілердің мәжілісінде отыруы. Сондай-ақ, Омар бин Хаттаб та Аббастың ұлы Абдулланы жастығына қарамай ақсақал сахабалардың мәжілісіне қатыстыратын. Ал, олар өз заманының елағасы боп ер жетіп, елдің ақылшысына айналғаны белгілі. Міне, мұндай мысалдар көп. Осы жайттарды ержетіп тіпті ел ағасы болған шақта сахабалар есіне ала отырып, пайғамбарымыздың оларға еркіндік пен дербес шешім қабылдауына мүмкіндік беруі орасан зор пайдасын тигізгендігін айтып отыратын.

Сондықтан, ара-кідік балаңызды үлкендер жиынына бірге алып барыңыз. Бұл бала үшін баға жетпес өмір мектебі болмақ.

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру