Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Qazіr

16 April 2024

7 Sháýýál 1445 Хижра

  DINI MEREKELER

«Қыздар – ол мейірімді, игі жандар»

13.01.2015 7555 0 пікір

«Қыз өссе – елдің көркі, гүл өссе жердің көркі», «Шешесі отырып, қызы сөйлегеннен без», «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда» демекші, ата-бабаларымыз қыз баланың тәртібі мен тәлім тәрбиесін жоғары бағалап, қыздарды адамгершілікке, ізгілікке, әдептілікке, ар-ұятқа, нысаптылыққа, мәдениеттілікке, тәртіптілікке, еңбекшілдікке, сұлулыққа, сымбаттылыққа баулып отырған. Әрбір ата-ана Алла тағаладан жақсы перзент беруін тілейді. Сол баланы тәрбиелеу, оны жетілдіру өте маңызды. Дініміз Исламда да бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөледі.

 Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Кімде-кім үш қыз өсіріп, оларға жақсы тәрбие берсе және оларды (жақсы жерге) тұрмысқа берсе, жақсылық жасаса, Алла тағала ол кісіні жәннатына кіргізеді» (Әбу Дәуіт, Әдеп). «Дүниеге қыз келген уақытта, Алла тағала ол жерге періштелерді жіберіп, сәлемін айтып: «Мына үйдің тұрғындары, сендерге сәлем болсын», - дейді. Періштелер қанаттарымен жаңа туылған қызды қорғаштап былай дейді: «қандай әлсіз, қорғансыз еді, әлсіз денеден шықты. Егер әкесі оны тәрбиелеп өсірсе, қияметке дейін оған Алланың жәрдемі болады» (Набит бин Шурайттан Табарани риуаят еткен). «Қыздар – ол мейірімді, игі жандар». Бір қызы бар адамды Алла тағала тозақ отынан сақтайды. Екі қызы бар адам, солардың себебімен жәннатқа кіреді. Ал үш қызы бар адам немесе қыздары секілді кіші қарындастары бар адам, оларға қамқоршы болса, оның мойнынан жиһад пен садақаның жауапкершілігі түседі» (Анастан Дилми риуаят еткен).

 Ата-бабаларымыз қыз балаларымыз бен апа-қарындастарымызға тәлім-тәрбие бері ісінде асыл дініміздің маржан сөздерін арқау еткені белгілі. Қазақта «қызға қырық үйден тыйым» деген тәлімді тәрбие бар. Еліміздің ертеңі осы асыл аналарымыз бен қарындастарымыздың қолында екені анық. Сондықтан жастарға тәрбие беруде «дәстүрдің озығы мен тозығы бар» демекші заман талабына сай озық тұстарын ұтымды пайдалану керек. Қыздарымыздың ибалы һәм иманды, тәрбиелі болуына пайдасы тиер деген оймен ес біліп, етек жиған әрбір қыз өзі барған әрбір үйде мынадай қырық істен тыйылу керек немесе барған үйлері тыю керек деп қараған. Олар:

1. Үлкенге сәлем бер, жолын кесіп өтпе, жалғыз қыдыруға тыйым.
2. Үлкендердің алдында жарыса сөйлеуге тыйым.
3. Талтайып отыруға тыйым.
4. Шалқайып жатуға тыйым.
5. Көп алдында ұятқа қалмауды, ағайынға жеккөрінішті болмауды әрқашан ойлап жүр.
6. Орынсыз іске ұрынудан тыйым.
7. Өтірік, өсек айтпа және оны айтушыларды тыңдама.
8. Әурет жерлеріңді жауып жүр. Ашық-шашық жүруге тыйым.
9. Өзгелерге тіл және қол тигізуге тыйым.
10. Кісіге қарап керілуге, есінеуге тыйым.
11. Дастархан үстінде әдемі отыр, әдепті сөйле. Орынсыз сөзден тыйым.
12. Ұрлық-қарлыққа тыйым.
13. Жаназа оқылып жатқан жерден айналып кетпе. Адамды жерлеуге бара жатқандардан озба, жолын кеспе.
14. Бұраңдауға, қылымсуға тыйым.
15. Қызыл іңірде жатып, түске дейін ұйықтауға тыйым.
16. Жалқаулыққа, ластыққа тыйым.
17. Кісі алдында қасынуға, киім ауыстыруға тыйым.
18. Аш болсаң да, тоқ болсаң да құдайыңды ұмытпа.
19. Бейәдеп сөз айтудан тыйым.
20. Үйге, мешетке, қасиетті орындарға оң аяқпен кіру керек. Үлкендердің атын атауға тыйым.
21. Ішімдікке-шегімдікке тыйым.
22. Ұрыс-керіске тыйым.
23. Беттен алып, төстен шабуға тыйым.
24. Ер адамға әйел киімі жараспайтыны сияқты әйелдер мен қыздарға ер киімі де қонымсыз әрі тәңірінің бұйрығында да жоқ нәрсе.
25. Біреудің байлығына, дүние-мүлкіне, ақшасына сұқтанба.
26. Түнде суға жалғыз баруға тыйым.
27. Жат жыныстылармен араласып жатуға тыйым.
28. Құран, намаз оқылып жатқанда сөйлеме, қозғалма, тұрып кетпе.
29. Тарс-тұрс жүріс, қарқ-қарқ күлкіге тыйым.
30. Ерді қорлауға, зорлауға тыйым.
31. Адамды және жан-жануарларды тебуге тыйым.
32. Бүйірін, жағын таянуға тыйым.
33. Тәкаппарлыққа, сайқымазаққа тыйым.
34. Тамақты өз алдыңнан алып же, кісі алдындағыға қол созба.
35. Шектен тыс жасанып, сылануға тыйым.
36. Қызғаншақтыққа, күншілдікке тыйым.
37. Менмендік пен өзімшілдікке тыйым.
38. Алдап-арбауға тыйым.
39. Көрсеқызарлыққа, нәпсіқұмарлыққа тыйым.
40. Тойымсыздыққа тыйым.
Осы айтылған маржан сөздерді бойына сіңірген адам екі дүниенің бақытына бөленері хақ.


Мұхамеджан Естеміров,
ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имам орынбасары

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру