Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Qazіr

18 April 2024

9 Sháýýál 1445 Хижра

  DINI MEREKELER

«Әйел және дін» тақырыбына арналған форум

05.03.2013 7507 0 пікір

2013 жылғы 4 наурызда Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде «Әйел және дін» тақырыбына арналған Форум болып өтті.

Аталмыш шара Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия, Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігі және Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті тарапынан ұйымдастырылды. 

Форумға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ғалымдар, оқу орындарының оқытушылары, қоғам қайраткерлері, діни бірлестіктер, мемлекеттік органдардың өкілдері, көпбалалы батыр-аналар мен студенттер қатысты. 

Іс-шара бағдарламасында төмендегі тақырыптар қарастырылды: «Қоғамның дамуы мен рухани жаңғыруындағы әйелдердің ролі»; «Ислам және қазақ халқының ұлттық құндылықтары»; «Діндегі әйел-аналар мәртебесі мен ролі»; «Дін, қоғам және отбасылық құндылықтар».

Форумда Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Г.Н.Әбдіқалықова сөз сөйлеп, қоғамдағы жалпыадамзаттық құндылықтарды дамыту мен өскелең ұрпаққа тәрбие берудегі әйел-ананың рөлін және нәзік жандылардың саясатқа араласуына барлық жағдайлардың жасалуы қажеттігін атап өтті. 

Қазақстан Республикасы халқының санағы нәтижелері бойынша ел тұрғындарының саны 16009,6 мың адамды құраса, олардың 8297,4 мыңы әйел қауымының өкілдерінен тұрады. Қазақстан әлемнің 135 елінің ішінде гендерлік теңдік көрсеткіштері бойынша 31 орынға көтерілді. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметкерлердің 60%-ын әйелдер құрайды, ал сот жүйесінде – 61%, сотта – 42%, Парламент депутаттары арасында – 34%, кәсіпкерлікте – 40% әйел азаматтар қызмет атқарады.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Мемлекет үшін және менің жеке өзім үшін де ананы қорғау – ерекше мәселе. Қымбатты ханымдар! Сіздер – отбасының демек, мемлекеттің тірегісіздер. Еліміздің болашақта қандай болатыны балаларымыздың бойына өзіміз қандай тәрбиені сіңіретінімізге тікелей байланысты. Ең алдымен, біз қыздарымыздың тәрбиесіне көп көңіл бөлуіміз керек. Олар – болашақ жар, болашақ ана, шаңырақтың шырақшылары», - дей келе: «Біз әйел затына – анаға, жарға, қызға деген қапысыз құрметті қайта оралтуға тиіспіз», - деп айрықша атап өткен болатын.

Заманауи әлемдік қоғамдастықта, оның ішінде елімізде әйелдердің қоғамдағы орны мен рөлі қызу талқылануда. Осыған байланысты, өткен жылдың 30-31 мамырында өткізілген Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері IV съезінің бір секциясы: «Дін және әйел: рухани құндылықтар мен заманауи сын-тегеуріндер» тақырыбына арналды.

Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф өз сөзінде бұл Форумның елімізде тұңғыш рет «Әйел және дін» атауымен бірегей оқу ордасы – Қазақмемлекеттік қыздар педагогикалык университеті қабырғасында өтуінің өзімен-ақ рәміздік және тарихи мәнге ие болып тұрғанын баса айтты.

Форумда қарастырылған тақырыптардың өзектілігі бүгінде елімізде қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрлерін жоққа шығаратын, хижаб киініп, қоғам өмірінен алшақтаған қыздар санының арта түсуімен де байланысты болып отыр. Олардың көпшілігі өз қауымдарының аясымен шектеліп, тұйықталуда.

Бұл ретте Қ.Лама Шариф әйелдердің діндегі құқықтары жөнінде ой қозғай отырып, Қасиетті Құранда ер мен әйелдің Алла алдындағы құқықтары мен міндеткерліктері бірдей екендігін куәландыратын тұстардың көптігін айрықша атап өтті. Қазақ халқында әйелдер күнделікті өмірде жүзін жауып жүрмеген, өзгелерден оқшауланып немесе ерлерінің рұқсатынсыз басқалармен сөйлесу құқығынан айырылып көрген емес. Қазақ тілінің бай да құнарлы сөздік қорында «хижаб» ұғымы жоққа тән.

Форумның пленарлық отырысында Ресей Федерациясы Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі Иман Валерия Михайловна Порохова-Аль-Рошд «Ислам дініндегі әйел» тақырыбында, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Асанғазы Оразкүл «Ислам – имандылықтың бастауы, әйел – ұлттың  ұйытқысы» тақырыбында, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің жанындағы Азия және Африка елдері институты директорының орынбасары, Дін істері кеңесінің сарапшысы, тарих ғылымдарының докторы, профессорЖібек Сыздықова «Жаһандану жағдайындағы әйел және дін» тақырыбында, «Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының» президенті, ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, әлеуметтік ғылымдар докторы Раушан Сәрсембаева «Гендерлік саясаттың ислам елдерінде іске асырылуы» тақырыбында баяндама оқыды.

Форум барысында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалык университетінің кешенінде ұйымдастырылған «Қыз Жібек» клубының тұсаукесері өтті. Бұл бастаманың басты мақсаты – қыздарды ұлттық дәстүрлер мен төл дүниетаным аясында тәрбиелеу және оларға озық заманауи құндылықтарды сіңіру. 

Ұйымдастырушылар «Қыз Жібек» клубының аясында өзіндік тәрбие мектебінің қалыптасуын көздейді. Яғни, клуб алдыңғы буын өкілдері мен замандас құрбылардың сырласып, пікір алмасатын сұхбат алаңына айналуға тиіс. Болашақта клуб тәжірибесі игі бастама ретінде еліміздің басқа да аймақтарына таралатын болады, сондай-ақ осы тектес клубтар еліміздің өзге де жоғарғы оқу орындарында ашылады.

Дереккөз: din.gov.kz

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру