Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Qazіr

29 March 2024

19 Ramazan 1445 Хижра

  DINI MEREKELER

АБАЙДЫҢ «КИТАБ ТАСДИҚ» ШЫҒАРМАСЫНДАҒЫ «ТАУХИД» МӘСЕЛЕСІ-3

Әзімхан ИСАБЕК muftyat.kz 12.02.2021 6495 0 пікір
АБАЙДЫҢ «КИТАБ ТАСДИҚ» ШЫҒАРМАСЫНДАҒЫ «ТАУХИД» МӘСЕЛЕСІ-3

(Жалғасы. Басы мына жерде)

Иә, Абай Құнанбайұлы өз шығармаларында уақытша дүние тіршілігін де сонымен қатар мәңгілік өмір тақырыбындағы ақырет, махшар мәселелерін кеңінен қамтыған тұлға. Бұл мәселенің астарында хәкімнің адамзат баласының болашағына алаңдаушылық білдіруі жатыр. Бұл туралы өзі де айтады:

Ол күндер – өткен күнмен бәрі бір бәс,

Келер, кетер, артына түк қалдырмас.

Соның бірі – арнаулы таусыншақ күн,

Арғысын бір-ақ Алла біледі рас.

Тәннің тілеуін тілеп, оның жолына түскен қауым біржола құриды, жанның жолына түскендері екі дүниелік бақытқа қол жеткізеді. Адамзат баласының игілігі жолында хәкимдер Күлтегінше айтқанда, күндіз отырмайды, түн ұйықтамайды. Жаратылысқа қарап, дүниеден себеп іздеп, оны жаратқан Жаратушыны тануға ұмтылады. Сол Жаратушының дүниені һәм адамды не себеппен жаратқанын ізденеді һәм сол ұлы миссияның жолына түседі. ақынның шәкірті Шәкәрім осы күрмеулі сұрақтың жауабын:

Әлемдегі діндердің түп мақсұты

Үш нәрседе бұлжымай құшақтасар:

Құдай бар, ұждан дұрыс, қиямет шын,

Еш діннің мақсұты жоқ мұнан асар, – деп береді.

Ал Абай әлемнің Жаратушысы хақында былай деп тебіренеді:

Алла мінсіз әуелден, пайғамбар хақ,

Мүмин болсаң, үйреніп, сен де ұқсап бақ.

Құран рас, Алланың сөзі дүр ол,

Тәуилін білерлік ғылымың шақ.

Білім иесінің ендігі мақсаты оқырмандарына әуелден мінсіз болған Раббымыздың сипаттарын баяндауды жөн санайды. Өйткені бұл бағытта профессор Мұхтар Әуезовтің: «Абайға шығыстан кірген бұйымдардың басы Ислам діні», – деп нақты тұжырым жасауының өзі жеткілікті. Өйткені Ислам діні – ақиқаттың діні, ең бастысы – Алланың діні. Ислам – Аллаға апарар жол. Абайтану мәселелеріндегі күрмеулі де, күрделі болған Алланы тану тақырыбында азды-көпті білгенімізді айттық. Ендігі кезек сол ұлық болған Жаратушының сипаттарын танып білуге ұмтылу.

Хакім «Китаб тасдиқ» шығармасында: «Алла Таъалаға ұхсай алам ба?» деб наданлықмәнән ол сөздән жиіркәнба, ұхсамақ – дәл бірдейлік даъуасы  бірлән емас, соның соңында болмақ. Аның учүн Алла Таъаланың сифатлары: Хайат, Ъилм, Қудрат, Басар, Сәмиъ, Ирада, Кәләм, Тәкуин», – деп сегізін шегелейді. Жаппар Жаратқанның сипаттары хақында тек Абай хәкім ғана емес, қазақтың алғашқы педагогі Ыбырай Алтынсарыұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы секілді тұлғалар да қалам тербеді. Мүжтаһид ғалым Әбу Ханифаның «әл-Фикх ул-Акбар» атты теңдессіз еңбегі де елеулі орынға ие. Бұлай деуіміздің басты себебі, Абай Құнанбайұлы осы еңбекті білген һәм қажетіне пайдаланған деуге де негіз бар. Өйткені хакім көрсеткен сипаттар Әбу Ханифаның кітабында көрініс табады және ұқсастықтар да жиі орын алады. Айтпағымыз Абай хәкім де осы кітаптан сусынданғаны бек мүмкін. Сондай-ақ ғалым, исламтанушы Р.Батталұлының «Ақида сабақтары» кітабында да Хақтың сипаттарын кемеліне келтіре талдаған десек, артық айтпаған болар едік. Біздің мақсат – осы еңбектерге сүйене отырып Жаппар иеміздің сипаттары туралы шарық-шамамыздың жеткенінше қаузап шығу.

Исламда Жаратушы Жаппардың сипаты затия һәм субутия деп екі топқа бөлінеді. Яғни Абай да бұл туралы: «Худай Табарака уа Таъала китабларда субутиа сифатлар бірлән, уа тоқсан тоқыз асма ул хүсналар бірлән білдіргән. Бұларның һәммасы Алла Таъаланың затиа, субутиа, уа фиълиа сифатлары дүр», – деген түсініктеме береді.

Сонымен затия сипатына Шәкәрім қажы былай деп анықтама береді: «Алла Тағала жалғыз, не серігі жоқ, не теңдесі, ұқсасы жоқ және еш нәрсе ұқсамайды. Кітапта (яғни Құранда) бұл алты сипатын «затия сипаты» дейді. Олар мынау: бар, өздігінен бар, бұрыннан бар, жоқ болмайды, жалғыз, еш нәрсеге ұқсамайды».

Ал субутия сипатына: «бұлардан басқа кітапта (Құранда) субутия деген сегіз сипаты бар. Олар мынау: тірі, білімді, құдіретті, талап қылушы, яғни бір нәрсенің болғанын ұнатушы, болғызушы, яғни бар қылса да, жоқ қылса да сөйлеуші, естуші, көруші. Бірақ бұл сипаттары адамдарға ұқсамайды», – деген анықтамасы Абай шығармашылығымен үндесіп тұрғанын анық әрі айқын аңғаруға болады.

  1. Хаят сипаты – Абай Алланың сипаттары әзәли (ежелден), әбәди (әдеби, рухани, мәдени) болады дейді. Хаят – Құдайдың әзәли сипаты. Яғни ол мәңгі, ешқашан жаралмаған, тірі екенінің өзі адам ақылы жетпейтін дүние. «Тірі» – деген сөздің өзі адамға айтылатындай мағынада емес, адамның тірілігі белгілі бір мерзімге дейін ғана. Ал Алла мәңгі – тірі. Құранның кейбір сүрелерінде бұл ойлардың айтылуы сөзімізге дәлел болсын: «Ешқашан өлмейтін, мәңгі Тіріге (әл-Хаййға) жүгініп, Оған ісіңді тапсыр (тәуекел ет) және Оған мақтаулар айтып, (барлық кемшіліктерден пәк) деп дәріпте» («Фұрқан» сүресі, 58-аят), «Алла – одан басқа құдай жоқ. Ол – әл-Хайй (мәңгі Тірі), әл-Қаййум (бәріне тіршілік беріп, Басқарушы)» («Әли Имрат» сүресі, 2-аят). «Ол – әл-Хайй (мәңгі Тірі), Одан басқа ешбір Құдай жоқ» («Ғафир» сүресі, 65-аят). Ыбырай Алтынсарин «Шариат ул-Ислам» еңбегінде бұл сипат туралы: «Әуел – хаят, яғни тірі-ді, біздің ақылымыз жетпейтін тірілікпен алим (білуші) болушы», - дейді.
  2. Ғылым сипаты (білуші) – Алланың әзәли сипаттарынан. Құранда 719 рет қайталанады. Бұл Ұлық Жаратушының хикметінің шексіздігін білдіреді. Әуелден ғаламды жаратпай тұрып-ақ не нәрсенің болғанын, ненің болатынын алдын ала білуші екен. Абайдың өзі де айтады:

Алла ішіңді айтқызбай біледі ойла,

Пендесіне қастықпен кінә қойма, – деген мысалының өзі-ақ «ғылым» сипатының мәні мен мазмұнын екшеп, түсіндіріп береді. Бір ғана мысал келтірейік, біз «жеті қабат жер» деген ұғымнан естіп болса да әм титімдей болса да хабардармыз, алайда «жеті қабат аспан» дегеннің не екенін білмейміз, көрмегенбіз одан хабарсызбыз. Ал Алла осыларды шеті жоқ шексіз білімімен біледі дегенді білдіреді. Өйткені ол – Жаратушы. Қасиетті Құранда: «Ғайыптың кілттері Онда (Аллада), оны тек Ол ғана біледі (басқа ешкім білмейді). Ол құрлықтағыны да, теңіздегіні де біледі. Оның білуінсіз бірде-бір жапырақ түспейді. Жердің қараңғылықтарындағы бір дән болсын, сулы немесе құрғақ нәрсе болсын, барлығы да анық Кітапта (жазулы)» («Әнғам» сүресі, 59-аят). «Сендер сөздеріңді жасырсаңдар да, не оны жарияласаңдар да, әлбетте, Ол (Алла) – көкіректердегіні (жүректердегіні) білуші» («Мүлік» сүресі, 13-аят).

 «(Ей, Мұхаммед!) Алланың аспандардағы және жердегі нәрселерді білетінін көрмедің бе (білмедің бе)? Үшеу құпия сөйлессе, Ол төртіншісі, бесеу сөйлессе, Ол алтыншысы болады. Әрі бұдан аз не көп болса да, олар қайда болмасын Ол әлбетте олармен бірге. Содан кейін Ол Қайта тірілу күні оларға істеген іс-амалдарының хабарын береді. Ақиқатында Алла – барлық нәрсені Білуші» («Мужәдәлә» сүресі, 7-аят).

  1. Құдірет сипаты – Алла Тағаланың мүмкіндігінің шексіздігін көрсететін әзәли сифаттарының бірі. Біз жоғарыда айтып өткен ғылым сипаты яки ілімі «құдірет» сипатымен жүзеге асады. Абай мұны «Китаб тасдиқта» былйаша айтып өтеді: «Бірақ аууәлда айтқанымыз Ъилм, Қудрат бізнің ұғуымызға ғана екі хисаб болмас, бірақ ъилмына қудрат болуға тиүс», – деп шегелеп отыр. Бұдан біздің білетініміз хакім сегіз сифаттың ішінен ғылым мен құдіретке ерекше мән беріп отыр. Өйткені ғылым сипатын – Алланың жоспары деп алатын болсақ, құдірет – оның іске асуын көрсетеді. Мәселен, ғылым сипатынан Құраннан бір дәлел келтірейік: «Сөзсіз, ол – ұлы Құран, Ләухул-Махфузда» («Буруж» сүресі, 21-22 аяттар). Демек, Жаратушы ғаламды жаратпай тұрып білімімен барлық болмысты «Ләухул-Махфузда» жазып қойды. Енді бұл ұлы жоспар «Құдірет» сифаты арқылы мінсіз жаратылып адамның еркіне берілді. Яки Құдірет сипаты Құранда былай баяндалады: «Алла барлық жаны барды (тіршілік иесін( судан жаратты. Олардың ішінде бауырымен жорғалайтындар бар әрі олардың ішінде екі аяқпен жүретіндер бар және олардың ішінде төртеумен (төрт аяқтап) жүретіндер бар. Алла қалағанын жаратады. Ақиқатында, Алла – әрбір нәрсеге Құдіретті» (24 сүре, 45 аят). Алланың мұндай ұлық құдыретінен Абай да хабардар, «Сократ хакимнің сөзінде» (жиырма жетінші қара сөз) Сократ Аристодимге: «Ей, Аристодим! Қалайша сен бір өзіңнен, яғни адамнан басқада ақыл жоқ деп ойлайсың? – деді. Адамның денесі, өзің жүрген жердің бір битімдей құмына ұқсас емес пе? Денеңде болған дымдар жердегі сулардың бір тамшысы емес пе? Жә, сен бұл ақылға қайдан ие болдың? Әрине, қайдан келсе де, жан деген нәрсе келді де, сонан соң ие болдың», – дейді. Бір сөзбен айтқанда, Жаратушының білімі, ғылымының іске асуы, оның Құдірет сипатын айқын аңғартады һәм танытады.
  2. Басар сипаты – өте көргіш, аса қырағы, әр нәрсені көруші деген ұғымдарды береді. Имам Ағзам Әбу Ханифа «әл-Фикх ул-Акбар» кітабында: «Ол (басар сипатымен) көреді, біздің көруіміз сияқты емес», – деген байлам айтады. Бұл деген сөз – адам белгілі бір қашықтықта ғана көре алады, ал Құдайдың көруші сипаты адамға ұқсамайды. Бұл туралы Құран Кәрім: «Ақиқатында, Алла – әл-Басир (барлық нәрсені Көруші)» дейді («Ғафир» сүресі, 20-аят).
  3. Сәміғ сипаты – өте естуші, адам сияқты емес Алла қалағанын естиді. Ұлы Жаратушының әзәли сипаттарының бірі. «Сәмиғ» сөзі Құранда 47 рет аталады екен. Ал Абай айтады: «Енді олай болса, айтқандай қылыб білдірәтұғын қудірәті йанә – Басар, Самиъ, Көручі, Естучі дигән. Көрмәгі, ешітмәгі бізләр секілді көзменен, құлақменен емәс болатұғұн нәрсәләрін көргәндай, ешіткәндәй болатұғұн ъилмының бір сифаты», – дейді. Сипат тұрғысында Құранда да аяттар жетерлік. Соның бірі: «Ақиқатында, Сен – ас-Самиъ (барлық нәрсені Естушісің)» («Бақара» сүресі, 127-аят). «Ол (Алла) әс-Самиъ (барлық нәрсені Естуші)» («Бақара» сүресі, 137 аят).
  4. Ирада сипаты – қалаушы. Алла Тағаланың сегіз сипаттарының бірі – қалау. Яғни Жаратушы барлығын өзі қалауынша жасап, жүзеге асырады. Адам баласының ойға алған, аңсаған мақсат-мұраттары кей жағдайларда іске аспай қалуы мүмкін. Ал Жаппар Раббымыз қаласа – болады, қаламаса – болмайды. Абай тағы «Китаб тасдиқта» айтады: «Әлбәттә, Ъилм, Қудраті бар болды. Хайаты – мағлұм, бірі – Ирада, яғни – Халамақ.Ъилм бар болса, халамақ да бар», – деуінде үлкен мағына жатыр. Әлем жаратылмай тұрып, Алла бар болатын. Дүние деген алып ғаламды жаратқысы келді. Ирада сипатымен қалады, ақыры мүлтіксіз етіп жаратты. Имам Ағзам Әбу Ханифа: «Жаратылыстың ешбірі болмаған, барлық нәрсені (Алла Тағала) жаратты. Болмыс жаратылмастан бұрын да, әзелден Алла Тағала заттар туралы білуші еді. Ол (Алла Тағала) заттар туралы алдын-ала жоспарлап, ол жоспардың (рет-ретімен) қалайша іске асатынын жазып қойды. Дүниедегі және ақыреттегі заттардың барлығы Алланың қалауы, білуі, алдын-ала жоспарлауы, іске асыруы және Лаухы махфузда жазуымен болады. Лаухы махфуздағы жазуы – сипат ғана, үкім немесе мәжбүрлік емес. Іске асыру, алдын-ала жоспарлау, қалау – әзелден Оның сипаты, ол қандай деп сұрауға келмейді. Алла Тағала жоқ нәрсені жоқтық күйінде де біледі». Аталмыш сипаттың негізгі құпиясы Құранның «Ясин» атты сүресінде ашыла түседі: «Ол бір нәрсенің болуын қаласа, Оның әмірі бар болғаны: «Бол!» – деу ғана. Сонда ол болады» («Ясин» сүресі, 82-аят).
  5. Кәлам – сөйлеуші мағынасындағы әзәли сипаты. Негізі Құдай Тағала әлбетте сөйлеуші. Алайда ол сөйлеу адамға ұқсайды дегенді білдірмейді. Адам сөйлеуде әріпке сосын дыбысқа мұқтаж. Ал Жаратушы ондай мақлұқтың ешқайсысына мұқтаж емес. Құранда: «Әрі Мұса Біз белгілеген уақытқа келгенде, Раббысы онымен сөйлесті» («Ағраф» сүресі, 143-аят). Тағы бір аятта: «Әрі Алла Мұсамен сөйлескен» («Ниса» сүресі, 164 аят). Бұл мұғжизаға Имам Ағзам Әбу Ханифа былай деп түсініктеме береді: «Алла Тағала (Мұса Пайғамбармен) сөйлескен кезде, әзелден Оның кәләм сипаты болған сөзбен сөйлесті. Оның сипатының барлығы жаратылғандардың сипатынан басқаша», – деген орнықты дәлелін алға тартады. Біздің бұл нәрседен ұғарымыз бізге сөйлеу үшін ауыз бен тіл берілген, оған қоса әріп, дыбыс сынды құралдарсыз адам баласы сөйлей алмасы анық. Есеп күнінде Алла Тағаланың әрбір құлынан сұрау алып, сөйлесетінін Абай отыз бесінші қара сөзінде анық айтады: «Махшарға барғанда Құдай тағала қажы, молда, сопы, жомарт, шейіттерді қатар қойып, сұрар дейді. Дүние үшін болғандарға айтар дейді: «Сендер дүниеде қажеке, молдеке, сопеке, мырзеке, батыреке аталмақ үшін өнер қылып едіңдер, ол дүниең мұнда жоқ. Сендердің ол қызықты дүниең харап болған, сонымен бірге қылған өнерлерің де бітті. Енді мұнда құрмет алмақ түгіл, сұрау беріңдер! Мал бердім, өмір бердім, не үшін сол малдарыңды, өмірлеріңді, бетіңе ахиретті ұстап, дін ниетің дүниеде тұрып, жұртты алдамақ үшін сарып қылдыңдар?» – деп.

Әне шын ниетімнен орнын тауып, бір құдайдың разылығы үшін өнер қылғандарға айтар дейді: «Сендер бір ғана менің разылығымды іздеп малдарыңды, өмірлеріңді сарып қылып едіңдер, мен разы болдым. Сіздерге лайықты құрметті орным бар, дайын, кіріңдер! Һәм ол разылықтарыңнан басқа осы махшар ішінде, сендердің осы қылғаныңа өзі қылмаса да, іші еріп, ынтық болған достарың табылса, шафағат қылыңдар», – деген ғақлиясында ақын Жаратушының ақыреттің күнінде құлдарымен сөйлесе отырып амалдарын таразыға тартатынын келтірген. Алланың өзі кітабында айтқандай: «(Ей,Мұхаммед!) Айт: «Егер де теңіз Раббымның сөздерін (жазатын) сия болғанда, тіпті тағы қосымша сол секілдіні әкелсек те Раббымның сөздері таусылудан бұрын теңіз таусылар еді», – десе, («Кәһф» сүресі, 109-аят) осы аяттың шархын ғалымдар: «Аса ұлы Алланың сөзінің соңы да шегі де жоқ. Аса ұлы Алланың әрбір сипаты сондай шексіз. Егер әлем мұхиты сия болып, ал жердегі барлық ағаштар қалам болғанда да сия таусылып, қаламдар түгейтін еді», – деп тәпсірлеп түсіндіреді.

  1. Тәкуин сипаты – Жаратушы қалағанын жоқтан бар етуші дегенді білдіреді. Алла Тағала ирада сипатымен қалап, ғылымымен тәртібіне келтіріп, тәкуин сипатымен бар етіп, құдірет күшімен жаратады. Міне, жаратылыс мәселесінде Жаппар иенің сипаттары өзіндік жүйеге сүйеніп отыр. Бір ғана мысал, Құран Кәрімнің «Бақара» сүресінің аятында: «Ол (Аллаһ) сондай, сендер үшін жер бетіндегі барлық нәрселерді жаратқан. Кейін аспанға (оны жаратуға) назар аударып, оны жеті аспан етіп жасады. Ол – барлық нәрсені Білуші» («Бақара» сүресі, 29-аят) делінген. Аятта Жаратушы Жаппар иеміз сендер үшін жараттым деп адам баласына айтып отыр. Дүниедегі барша игіліктерді Құдай Тағала адамға сый ғып тарту етіпті. Құдайын танысын һәм сипатын білсін деп.

Абай жиырма жетінші сөзінде Сократ арқылы осыған үн қатады: «Сонда Аристодим тахқиқ ойлап тексергенде, адамды жаратушы артық хикмет иесі екендігіне һәм махаббатымен жаратқандығына шүбәсі қалмады.

 – Олай болғанда және не ойлайсың, һәмма мақұлыхатты жас балаларына елжіретіп, үйірілтіп тұруын көргенде уа һәмма мақұлыхаттың өлімін жек көріп, тіршілікте көп қалмақтығын тілеп, ижтиһат қылуын көргенде өсіп-өнуінің қамында болудан басқа істі аз ойламақтары – бұларының бәрі жұрт болсын, өссін, өнсін үшін. Солардың жаратқанда көңілдерін солайша ынтықтандырып қойғандығы һәм мұның бәрі жақсы көргендігінен екенін білдірмей ме? – деуі жоғарыдағы аяттың «сендер үшін» деген сөзімен пара-пар келетіндей. Иә, Алла он сегіз мың ғаламдағы ғаламзаттың ішінен адамды артық көріп жаратты, көркем бейнеде жасады. Осыншалық құдіретке ие болған Жаратушы хақында Абай Құнанбайұлы:

Мазлұмға жаның ашып, ішің күйсін,

Харекет қыл, пайдасы көпке тисін.

Көптің қамын әуелден тәңірі ойлаған,

Мен сүйгенді сүйді деп иең сүйсін, – десе, адамды артық қылып жаратқан Құдіретті Алласын танысын, оған махаббат қойсын деген ниетпен:

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және хақ жолы осы деп әділетті, – деп кейінгі буынға даналықтың дәнін себеді. Абай хәкім адамзатты махаббатымен, білімімен жаратқан Алланы сүй, адамзатты сүй һәм Хақтың әділетін сүй деп шегелеп отыр. Және осыған ұқсас бір өлеңінде:

Адамды сүй, Алланың хикметін сез,

Не қызық бар өмірде онан басқа?! – дегенінен-ақ мына дүниедегі бақытты да, баянды ғұмыр кешудің жұмбағын шешіп береді. Құдайды жанымыздан артық сүйіп, оның шексіз, хикмет ілімін сезіне алсақ, дүниеде одан асқан қызықтың жоқ екенін мөрлеп береді. Алланың хикметі – терең. Тіршілікте тереңге бет қоймасақ, ғұмырдың несі сәнді, несі баянды? Өйткені Тәңір біреу-ақ, жалғыз. Мұны Абай да мойындайды, қуаттайды:

Күні-түні ойымда бір-ақ тәңірі,

Өзіне құмар қылған оның әмірі.

Халиққа махлұқ ақылы жете алмайды,

Оймен білген нәрсенің бәрі – дәһрі.

Бұл өлең жолдары тікелей қасиетті Құранның «Ықылас» сүресіне барып тіреледі. Онда Хақтың жалғыздығы төмендегіше сипаталады: «(Ей, Мұхаммед!) Айт: «Ол, Алла – Ахад (Жалғыз). Алла – ас-Самад (Мұқтажсыз, ал барлық жаратылыс Оған мұқтаж). Ол тумаған және туылмаған. Әрі Оған ешкім тең емес» («Ықылас» сүресі, 1-4 аяттар).

Қанша дегенмен Абайдың құдайтану ілімі және оның сипаттары туралы жазғандары Ислам әлемінен соның ішінде Құран ғылымынан алынған нәр екенін оқырман жұртшылық білуі тиіс. Ал Абай сол қасиетті кітап арқылы кейінгі буынға Жаратушы хақында орасан еңбек қалдырды. Оның жалғыз екенін мойындауға шақырды. Сондай мақсатпен ғұмыр кешті. Өйткені Абай, хадистің сөзімен айтқанда, Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шынайы мирасқорлары қатарынан еді.

 

Әзімхан ИСАБЕК,

Гуманитарлық ғылымдар магистрі

 

(соңы)

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру