Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Ол – Хабибулла

Бағдат Абдукаримов, «әл-Ғани» мешітінің бас имамы www.muftyat.kz 07.02.2018 5246 0 пікір

Ардақты пайғамбарымыздың (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) көптеген сипаттарының бірі ретінде – Хабибулла есімін айтамыз. Оның сыры, Құран Кәрімде:

«Мұхаммед! Оларға: Егер Алланы жақсы көретін болсаңдар, онда маған еріңдер. Сонда Алла сендерді жақсы көреді әрі күнәларыңды кешіреді...[1]».

Міне, осы аяттарды оқи отырып, біз әз пайғамбарды Хабибулла, яғни – Алланың сүйікті досы деп танимыз. Жаратушы Иеміздің пенделерінің ішінде ең ардақтысы пайғамбарлар болса, олардың ішіндегі ең таңдаулысы әрі досы – пайғамбарымыз Мұхаммед (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын). Өйткені, аятта кім пайғамбардың соңынан лайықты түрде ілесе білсе, ол адамды Раббымыз жақсы көретіндігі уәде етілуде.

Аяттың тағы бір қыры, Алла елшісіне (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бойұсынған адамға берілетін сый – Алла Тағаланың сүйіспеншілігі болса, сол сүйіспеншілікке себепкер пайғамбардың мәртебесі қалай болмақ? Сол жайлы ой жүгіртіп көріңізші. Міне, бұл оның Хабибулла екенінің тағы бір айғағы.

Хунайн ғазауатында арабтар бұрын соңды болмаған әскер жинап, мұсылмандарды біржолата қырып тастамақ болады. Ауыр шайқас мұсылмандар жеңісімен аяқталды. Пайғамбарға (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қарсы шыққан әскер толығымен тас-талқан болып, көптеген сарбаз тұтқынға түсті. Бұл шайқастың нәтижесі не болды? Жаудың мысы басылып, мұсылмандардың алпауыт күш екеніне көздері толығымен жетті. Жауын жеңген пайғамбар (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) олжалаған мал-мүлікті және тұтқын болған әйелдер мен бала-шағаны әскерге олжа етіп бөліп беруі тиіс еді. Бірақ, ешкімге тигізбей он төрт күн ұстады. Тарихта ешбір патша жауынан түскен олжаны кері қайтармаған. Екі жұма дегенде жау бас иіп, кешірім сұрап келеді. Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мал-дүниені немесе әйел мен бала-шағаның бірін таңдап алып кетуге мүмкіндік берді.

Әрине, «малым жанымның садақасы» деп әйелі мен бала-шағасын алып кетпек болып жатқанда мал-мүліктерін де қоса қайтарып беруге әмір етеді. Алайда, мұсылман әскерлері ішінен кімде-кім өзіне тиесілі ақысын иеленіп қойған болса, өзі біледі деп бұйрық береді. Кеше бес қаруын түгел асынып қырамын-жоямын деп келген жау пайғамбардың (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мұндай мейірімділігін көріп, жүректері жібіп иманға келген.

Келесі оқиға яһуди халқының ғұламаларының бірі Зайд бин Сағанамен байланысты. Мұсылман болған бір топ яһуди пайғамбарға келіп: біз жұртымызды Исламға шақырдық, олар қабылдады. Бірақ, бұл елдегі қуаңшылықпен тұспа-тұс келіп тұр. Адамдар бұл қиыншылықтың себебі Ислам дінін қабылдаудан басталды деген жаңсақ пікір тарайды ма деп қорқып тұрмыз. Жұртқа жәрдем берсеңіз, олар мұндай қате түсініктен арылсын деген өтінішпен келеді. Пайғамбарымызда (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оларға беретін ешбір нәрсе (қаражат, азық-түлік) жоқ еді. Осы сәтті пайдаланып, Зайд бин Сағана: Уа, Мұхаммед! Қаласаң сұрағаныңды қарызға берейін,-деді. Жарайды деп, көп мөлшерде бір қауым ел үшін қарызға құрма алады. Екеуі қарызды қайтаратын уақытты уағдаласады. Межелі мерзім таяп келген кезде, бірақ әлі уақыты жетпесе де, пайғамбарға (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) яһуди Зайд келіп: «Ей, Мұхаммед! Менің ақымды қайтар»,-дейді. Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Уақыт әлі болған жоқ»,-дейді. Сонда Зайд пайғамбардың (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жағасынан қатты тартып тұрып: «Мұхаммед! Менің ақымды қайтар. Сендер Һашим әулеті кеңшілік жасаған адамның қадірін білмейсіңдер»!,-дейді. Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) күлімсіреп Біләлға: «Ақысын қайтар»,-дейді. Мұны көріп тұрған Омар (р.а.) пайғамбарға (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жасалған мұндай пасықтыққа шыдай алмай: «Уа, Расулалла! Рұқсат етіңіз, Алла мен Оның пайғамбарына қарсы шыққан мына кәпірдің басын алайын»,-деді. Сонда пайғамбар (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ей, Омар! Мен де, ол да басқа әрекет етуіміз қажет еді. Мен оған алған қарызымды ең көркем түрде қайтаруға, ал ол берген қарызын ең жақсы түрде сұрауы керек болатын»,-деді. Сонда Зайд бин Сағана: «Алладан басқа құдай жоқ екендігіне және сіз Алланың елшісі екендігіне куәлік еттім»,-деп тілін калимаға келтіреді де: «Уа, Алланың елшісі! Менің бұл жасаған әрекетімнің бір ғана себебі бар. Ол сіздің бойыңыздан пайғамбарлықтың белгілерінің бірін көру еді. Таураттан сіздің белгілеріңізді оқығанмын. Сол оқыған барлық белгілерді таптым, тек бір ғана белгі қалған еді. Ол пайғамбардың жұмсақтығы ашуын жеңеді деген белгі. Мен сол белгіні көргім келген еді, оны да көрдім: Алладан басқа құдай жоқ, сіз Алланың елшісі екеніне куәлік етемін»,-деген екен.

Ендеше, пайғамбарға (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әрбір сөзіміз бен ісімізде ілесуге әрекет етейік.

 

 

 

[1] Әли Имран сүресі, 31-аят

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру