Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Qazіr

25 April 2024

16 Sháýýál 1445 Хижра

  DINI MEREKELER

Рамазан айында ораза ұстамаған кісі не істей алады?

Серік Темірбекұлы 21.06.2017 7051 0 пікір

Рамазан айында ораза ұстау, Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) Меккеден Мәдинеге көшіп барғаннан бір жарым жылдан кейін (624 ж), Шағбан айының 10-күні парыз етілген. Оразаның парыздығы Құран, сүннет және ижмағ арқылы дәлелденген. Енді оразаның шарттарына келетін болсақ, олар екіге бөлінеді. 1) Уәжіп (міндет) болу шарттары; 2) Ада ету (өтеудің, орындаудың) шарттары.

  • Уәжіб (міндет) болу шарттары: Мұсылман болу, бәлиғатқа жету, ақыл-есі сау болу;
  • Ада ету (өтеудің, орындаудың) шарттары: Денсаулық, иқамат (тұрғылықты мекенде болу), ниет (оразаға ниет ету), хайыз және нифаста болмауы.

Енді денсаулығына байланысты немесе белгілі себептермен ораза ұстай алмаған кісі не істей алады?

Жақсы, ізгі амаладар жасауға тырысу

Имам Муслим жеткізген риуаятта Алланың елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Адам баласының әрбір іс амалы оннан жеті жүз есеге дейін көбейтіледі», яғни әрбір амалымызға осыншама нығметтер беріледі екен. Ізгі амалдың сауабының еселенуі оның орындаған уақытына байланысты. Мысалы, зулхиджа айының алғашқы он күндігінде және рамазан айында жасалған қайырлы істердің мәртебесі биік. Бір хадисте «Қай садақа қайырлы?» - деп сұраған кісіге Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Рамазан айында берілген садақа»,- деп жауап берген. Олай болса ұлық айдың осындай шарапатынан құр қалмауы керек.

Тәубеге келу

Рамазан айы – жылына бір келетін зор мүмкіндік. Ғибадат айында рухани күйде іс-амалдарымызды електен өткізіп, иманды жаңартуға, ізгі істер арқылы жүректі жұмсартуға болады. Ал, осы бір мүмкіндікті кәдеге жарата алмау – өкінерлік жайт. Имам Хаким жеткізген риуаятта: «Бірде Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларына мінберді әкелуге бұйырады. Сосын әкелінген мінберге көтеріліп бара жатып: «Әмин»,- деп үш рет айтады. Сосын қайтадан төмен түседі. Сахабалар мұның мәнісін сұрайды. Сонда Алла елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Маған Жәбірейіл көрініп: «Рамазанға жетсе де, күнәсі кешірілмеген жан аулақ кетсін!» - деді. Мен: «Әмин»,- дедім. Екінші мәрте көтерілгенімде: «Сенің есімің аталғанда салауат айтпаған жан аулақ кетсін!»,- деді. Мен «Әмин»,- дедім. Үшінінші мәрте көтеріле бергенімде: «Ата-анасының екеуі, не біреуі көз алдында қартая тұра, жұмаққа кіруіне себепкер бола алмаған (ата-анасына лайықты қызмет ете алмаған) жан аулақ кетсін!» - деді. Мен тағы да: «Әмин»,- дедім». Сондықтан, тәубеге келіп, қалыбымызды дұрыстап, әрбір ісімізге мұқияттылық танытуымыз керек.

Тақуалық жолын ұстану

«Құдайдан қорықпағаннан қорық» дейді халық даналығы. Тегінде тақуалық – адам баласының ең көркем сипаты. Кейбір ораза ұстамайтын кісілер: «Менің аузым берік емес, деп күнаға бой алдырып жатады». Құдайдан қорқу пендені талай жаманшылықтан сақтайды. Сондай-ақ барша пайғамбарлар алдымен Құдайдан қорқуға шақырған, өйткені Құдайдан қорқу, тақуалық қасиетінің қалыптасуы болып табылады. Бұл айда пенде өткеніне бір қарап алып, ілгеріде жасағандарын таразылап, болашаққа нық сеніммен қарайды. Шындығында өз- өзіне есеп беру – тақуа жандардың дағдысы, байптылардың әдеті. Құран Каримде былай дейді:

إِنَّ اللَّهَ لَا يُغَيِّرُ مَا بِقَوْمٍ حَتَّىٰ يُغَيِّرُوا مَا بِأَنفُسِهِمْ

«Анығында, адамдар өздеріндегіні /иман, бойұсыну, ізгі амалдар,шүкіршілігін т.б./ өзгертпейінше, Алла олардағыны өзгертпейді» (Рағыд сүресі, 11-аят). Яғни, адамдар өздеріндегі жамандықты жақсылыққа өзгертпейінше, аса ұлы Алла олардың жақсылыққа өзгеруіне көмектеспейді, игілік етпейді не болмаса керісінше, адамдар жақсылықты жамандыққа өзгертпейінше, аса ұлы Алла оларды мейірімінен шет қалдырмайды. Алла разы болатын бағытқа бұру – ең алдымен әрбір пенденің ықылыс-ниетіне, ерік-жігеріне, қажыр-қайратына байланысты дүние. Пенде тура жолға ниет етсе, Алла да оның жолын жеңілдетіп, сауабын еселейді.

Омар ибн Хаттаб (Алла оған разы болсын): «Есепке тартылмастан бұрын өздеріңнен есеп алыңдар, амалдарың таразыға түспестен бұрын таразылаңдар, ең үлкен есеп беру күніне дайын болыңдар»,-деген. Ал, Алла Тағала Құрани Каримде былай дейді:

يَوْمَئِذٍ تُعْرَضُونَ لَا تَخْفَىٰ مِنكُمْ خَافِيَةٌ

«Сол күні сендер /Алланың/ алдына шығарыласыңдар, сендердегі ешбір құпия жасырын қалмайды» (Хаққа сүресі, 18-аят). Яғни, сонда әрбір адам әрбір ісіне есеп беруі үшін аса ұлы Алланың алдына шығарылады. Сондықтан пенде ақырының жақсы болуы үшін, өз-өзінен есеп алуы қажет.

Құран Кәрімді оқумен шұғылдану

Рамазан Құран түскен ай. Содықтан Құран оқып, хатым етсе тіпті сауапқа кенеледі. Осы айда Алланың елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) Жәбірейіл (а.с.) періштеге Құранды толық оқып тапсыратын. Хақ Тағаланың Пайғамбарларын (ғ.с.) жақсы көру және Оның кітабын үйрену – тәрбиенің негізі. Имам Табарани жеткізген хадисте: «Балаларыңды үш түрлі қасиетке баулыңдар: Пайғамбарларыңды сүюге, оның әулетін сүюге және Құран оқуға. Шындығында, Құранды жаттағандар ешқандай көлеңке болмайтын Қиямет күні, Алланың аршысының көлеңкесінде болады».

Сол сияқты қайсы бір мұсылман оразаны ұстай алмаса да, осынау құтты айдағы қайырлы істерден мақрұм қалуға болмайды. Сол игілікті істердің бастылары төмендегідей:

  1. Тарауих және таһажуд намаздарын оқу.
  2. Құранды қайталап оқу.
  3. Садақа беру.
  4. Ауызашар жасау.
  5. Ауызашарда дұға-тілек тілеу.
  6. Қадыр түнін құлшылықпен өткізу.
  7. Ата-ананы қадырлеу.
  8. Кеңпейіл болып, надантықтан алыстау.
  9. Күнделікті бес намазды уақытылы орындау.
  10. Алла Тағаланы көп зікір ету.
  11. Жетім-жесірлерге қарайласу.
  12. Туыстық қатынасты үзбеу.

Осыну қасиетті Рамазан айында ораза ұстай алмаған жандар, осы айдың керемет баға жетпес мол нығметтерінен қапы қалмай, көп сауаптарға кенелуді Алла Тағала нәсіп етсін. Әмин!

 

Рахым Серік Темірбекұлы

Лисаков қалалық «Әс-Сәләм»

мешітінің бас имамы 

 

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру