Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Qazіr

19 April 2024

10 Sháýýál 1445 Хижра

  DINI MEREKELER

Сәбит Ибадуллаев: Фақиһ ФАТИМА ханым

18.04.2016 4858 0 пікір

Көне замандарда Әмудария мен Сырдарияның аралығы ما وراء النهر «Мауараннаһр аймағы» деп аталған болатын. Оның мағынасы өзеннің яки Әмударияның арғы жағындағы аймақ дегенді білдіреді. Бұл аумақ тұрғындарының басым бөлігі түркі тектес болғандықтан Түркістан аумағы деп те аталды.

Осы аумақтағы Самарқан шаһарының маңында Касан деген мәшһүр бір кент болды. Мұнда ханафи мазһабының фиқһ ілімінің білгірі Мұхаммед ибн Ахмет ас-Самарқанди өмір сүрген-ді. Ол ханафи фиқһы саласында әл-Лубаб («Таңдаулы») және Тухфатул-фуқаһа («Фақиһтардың сыйы») атты сүбелі екі еңбек жазып қалдырған.

Ғұламаның Фатима атты қызы бар еді. Әкесі оны мұсылмандық дәстүрмен тәрбиелеп, жастайынан ғылым-білімге, керім ахлаққа, әдеп-инабаттылыққа, даналық-хикметке баулыды. Тумысынан алғыр жеткіншек зерек әрі зерделі болып өсті.

Имам Абдул-Хайи әл-Лакнауи өзінің әл-Фауаид әл-баһийя атты еңбегінде былай дейді: «Әкесінен тәлім-тәрбие алған Фатима әйел затынан шыққан ғұлама фақиһке айналды. Ол әкесінің Тухфатул-фуқаһа атты кітабын жатқа айтатын».

Фақиһ-ғалымның қызы араб каллиграфиясы – хұсни хат іліміне де жетік еді. Оның аса көркем айшықты қолтаңбасы шартарапқа мәшһүр болатын. Мұхаммед қызы Фатима әс-Самарқандия Касан шаһарындағы ең білімді һәм пайым-парасаты аса жоғары ғалымға айналды. Әкесіне шартараптан сан алуан сұрақтар түсетін. Олардың кейбіріне жауап беруді қызына тапсыратын. Сонда Фатима өзінің нәзік нұсқалы жазуымен бұлтартпас дәлел-дәйектерімен тиянақты жауап жазатын. Сосын әкесіне тексертіп, қолын қойдырған соң оның астына өзінің қолын да қоятын. Сөйтіп, ғұлама әс-Самарқандидің әрбір жауабында екі қолтаңба: әкесі мен қызынікі тұратын.

Айттыру

 

Ғалым бойжеткеннің атағы күллі Түркістан атырабына мәшһүр болды. Дегдар қыздың даналығы мен тақуалығына тәнті болған жұрт оны бір көруге, айттыруға ынтызар болды. Тіпті, шет жерлердегі бай-бағыландар мен әмірші-патшалардың өздері қыздың әкесіне талай мәрте құда болуға қолқа салды. Алайда олардың ешқайсысы имандылықты басқа байлықтан жоғары қойған тақуа ғалымның көңілінен шықпады.

Үздік шәкіртіне бұйырды

 

Мұхаммед әс-Самарқандидің күн сайын жүздеген шәкіртке дәріс беретін. Шәкірттерінің ішіндегі ең озығы Әбу Бәкір ибн Масғұд әл-Касани деген жігіт болатын. Ол ұстазынан бір елі қалмай жүріп ғылым үйренді. Ханафи фиқһы мен негіздерін жетік меңгерді. Бірде ол ұстазыныңТухфатул-фуқаһа атты кітабына түсініктеме-шархын жазды. Біраз жылдардан соң көлемді еңбекті жазып болып, ұстазына ұсынды. Түсіндірме кітабының атын Бадайъ ас-санаиъ фи тәртиб аш-шараиъ («Шариғат заңдарының тәртібі туралы еңбектердің ең көркемі») деп атады. Бұл кітап кейіннен ханафи мазһабының фиқһындағы ең шоқтығы биік шығарма аталды. Оқуға да, оқытуға да жеңіл дәйекті еңбекке айналды. Ал авторы фақиһ ғалымдардың арасында «мәликул-улама» яғни «ғұламалардың патшасы» деген лақапқа ие болды.

Мұхаммед әс-Самарқанди өзінің ісін жалғастырушы шәкіртінің бұл еңбегін өте жоғары бағалады, қатты қуанды. Разылығының белгісі ретінде талай бай-бағланға беруден бас тартқан дегдар қызын осы шәкіртіне қосты. Әрі шәкіртінің ерен еңбегін қызының мәһріне балады.

Бұл оқиға ел арасында кең тарап, сол ғасырдың ғұламаларының аузында жүрді. Әл-Касани «ұстазының кітабына түсіндірме жазып, қызын алған шәкірт» деген лақапқа лайық болды. Екі білімдар жас отау құрған соң әс-Самарқандидің үйінен шыққан пәтуа жазбаларына енді үш адамның қолы қойылатын болды. Әс-Самарқандидің өзі, қызы Фатиманың қолы және күйеу баласы әл-Касанидің қол қоятын.

Тұрмысқа шыққан соң да Фатима білім жолындағы ізденісін бір сәт те тоқтатпады. Бір жағынан дәріс берсе, бір жағынан сұрақтарға жауап беретін. Оған түрлі мәселелердің шешімін алыстан арнай ат арылтып сұрап келетіндер көп болатын. Тарихшылардың жеткізуіне қарағанда Фатима фиқһ саласындағы алуан түрлі мәселелерді, мазһабтардың пікірлерін жетік меңгерген еді. Тіпті, кейде күйеуінің шешімдеріндегі кейбір нақыстықтарды байқап, толықтырып отыратын.

Фақиһ ханым әрбір күнін ғибадатқа, оқуға, жаттауға және дәріс беру мен жазуға арнап, әрқайсысына арнайы уақыт бөлді. Нәтижесінде, бетке ұстар пәтуа беруші ғалымдардың біріне айналды.

Қоныс аудару

 

Фатиманың күйеуі ханафи мазһабының ғалымы Әбу Бәкір әл-Касани білім жолында мұсылман елдерін аралады. Рум, Шам аймағын аралап, Халеб қаласына тұрақтады. Мұндағы патша Нуриддин Махмудпен тіл табысып, Аййубиндер әулетінің қол астында мұсылмандарға қызмет етті.

Ғұламаларды құрметтеуі

 

Абдулқадир әл-Қураший өзінің әл-Жауаһир әл-мудииа атты еңбегінде былай дейді: «Дәуіт ибн Әли атты Халебтік фақиһ ғалым: «Халебтегі медреседе Рамазан айында ғұламаларға тәтті тағам тарату дәстүрінің негізін салған осы Самарқандтық Фатима болатын», – деген».

Ол рамазан айында өзінің бағалы заттарын, әшекейлерін сатып, әрбір түніне ауызашарға тамақ дайындайтын. Аталмыш үрдіс бүгінге дейін жалғасын тауып келеді.

Еңбектері

 

Зерттеушілердің айтуынша Фатима әс-Самарқандияның бірнеше еңбектері болған. Соның бірі фиқһ бойынша жазған Мажмаъ әл-фауаид атты еңбегі бар. Еңбектері ғұламалардың арасында мәшһүр болған.

Құрметі

 

Халеб шаһарының әміршісі сұлтан Нуриддин Зәнки және басқа да әміршілер фақиһ ханым Фатиманың білімін жоғары бағалап, кейбір мәселелерде одан пәтуа сұрап тұратын. Елдің кейбір ішкі мәселелерінде онымен кеңесетін. Терең білімі мен парасат-пайымы үшін оған ұдайы сый-сияпат жіберіп тұратын. Фатиманың еліне қайтқысы келетінін естіген сұлтан оның күйеуі Әбу Бәкір әл-Касаниден Халебте қалуды сұрады. Сонда Әбу Бәкір жұбайын өзінің ұстазының қызы ретінде де құрмет тұтатындығын жеткізді. Сосын Халеб сұлтаны Фатимаға хабаршы ретінде арнайы бір әйелді жіберіп, өз елінде қалуды өтінді. Әміршінің өтінішін екі етуді қаламаған ғұламалар отбасы қалған ғұмырларын осы қалада өткізді.

Қайтыс болуы

 

Самарқандтық Фатима ханым шамамен һижри 581 жылы Халеб қаласында дүниеден өтті. Артында қалған жары ғұлама әл-Касани әрбір жұмада жұбайының қабірі зиярат етіп, дұға ететін. Арада көп уақыт өтпей 587 жылы ол да қайтыс болды. Қайтыс болардан бұрын өзін жұбайымен қатар жерлеуді өсиет етті. 

Ханафи мазһабының ғұламаларының жанұясы кейінгі ұрпақ үшін үлкен өнеге қалдырды. Самарқандтық Фатиманың жарқын өмірі қыз тәрбиесінде әрбір мұсылман отбасына үлгі. Бұл отбасының жазып қалдырған ғылыми еңбектері ханафи мазһабының фиқһының аса құнды кітаптарының санатына жатады.

Жаратқан Иеміз ханафи мазһабының көрнекті ғалымы Мұхаммед әс-Самарқандиді, оның қызы Фатима мен күйеу баласы Әбу Бәкір әл-Касаниді рахым етсін.

Сәбит Ибадуллаев

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру