Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Qazіr

16 April 2024

7 Sháýýál 1445 Хижра

  DINI MEREKELER

Ислам дінінің баға жетпес құндылықтары

13.04.2016 7562 0 пікір

Ислам дінінен нәр алған алуан түрлі халықтардың  сана-сезімі, салт-дәстүрі, мәдениеті мен әдебиеті асыл дініміздің баға жетпес құндылықтарымен біте қайнасып, бірге дамыды. Бір-бірімен астасып, ажырамас құндылыққа айналды.

Ислам діні қазақ халқының негізгі идеологиялық бағыты болды, мемлекеттік діні болды. Салт-дәстүр дегенде, тек қана мәдени әдет-ғұрпымызды ғана емес, тағылымды тәрбие ұстанымдарын, даналықты, ізгілікті насихаттайтын сан ғасырлық мұраларымызды айтамыз. Ислам біздің қанынымызға сіңіп, рухымызға дарыған.

Асыл дініміздің көп салалы тұстарының бірі адамдармен қарым-қатынаста әдептілікке көңіл аудару. Әдеп – тәрбиелі, әдепті, ұялу, сыпайылық деген сияқты адамға жарасымды сөз бен амалдарға берілген атау. Адамдар арасындағы қарым-қатынаста да белгілі-бір қағида-құралдарға қарап, әдептілікті сақтау көрегенділікке жатады.

Осы қағидаларды алдымен адам өз бойында қалыптастырады, сосын ол қоғамға тарайды. Осылайша өмірдің сәні мен мәні кіреді. Ислам дінінің және оның Пайғамбарының ()  адамзат баласына танытпақ болған ең маңызды негіздердің бірі әдептілік болып табылады. Адам баласы әдеп арқылы Алла пен адамдар арасындағы басты міндеттерінің шегін біледі. Өйткені парыздарды толығымен орындау үшін уәжіптерге, уәжіптерді толық орындау үшін сүннеттерге; сүннеттерді толық орындау үшін мүстахаптарға, мүстахаптарды толық орындау үшін әдепке назар аударған жөн. Яғни әдептілікті сақтамай, парызды толығымен орындаймын деу әбестік. Пайғамбарымыздың () үмбетіне құлшылықтан бастап, тамақ ішіп-жеуге дейінгі барлық әрекеттерді егжей-тегжейлі көрсетіп беруінің сыры осында болса керек.

Қарым-қатынастағы әдептілікті сақтаудағы басты мақсаттардың бірі, мұсылмандардың салауатты өмір сүруін қамтамасыз ету. Үмбетіне көркем мінезділіктің озық үлгісін көрсете білген Пайғамбарымыз () бір хадисінде былай деген:

«Бұл бұлтарпас шындық, мен сендердің әкелерің іспеттімін, сендерге тәлім-тәрбие беремін, қажетті мәліметтерді үйретемін..»[1].

Бір мүшрік Салман Фарсиге мұрнын шүйіре қарап:

- Байқаймын, әлгі Мұхаммед деген достарың, сендерге барлық нәрсені тіпті әжетханаға қалай кіруге дейін үйрететін сыңайлы, - депті. Сонда Салман (р.а.) байсалды түрде:

- Иә, дұрыс айтасың, - деп сөзін растағаннан кейін Пайғамбарымыздың ()  әжетханаға кіруге байланысты өсиеттерін айтып береді[2].

Алла Елшісі (): «Жайдары мінез, жұмыстың пайымына бару және шектен шықпау, пайғамбарлықтың жиырма төрттен бірі»[3], деп әдептің маңызын көрсетіп берген.

Әдептің де сырты мен іші болды. Адамдардың басым көпшілігі әдепті, тек қана сыртқы қағидалардың орындалуынан тұрады деп ойлайды. Ал әдепті тереңінен түсінгендер болса, сыртымен қоса ішін де қорғап, Аллаға ерекше ықлас сезіммен құлай беріледі. Өйткені әдеп, жанның жарқыраған нұры.

Әдептілікті сақтаған ақылды адамның, беделі мен қадірі артады. Қорыта айтқанда өмірден өз орныңды тауып, рухани дүниеңді жай таптыру үшін Алла Тағаланың тәрбиесінде өскен Пайғамбарымыздың () көрсеткен әдебінен мықтап ұстану қажет.

ІШІП-ЖЕУ ӘДЕБІ

 

Өмірдің әрбір сәтінде әдептілікті ту етіп ұстануға тиісті мұсылманның, ішіп-жеу әдебі де пайғамбардың сүннетіне сай болуы шарт. Ішіп-жегенде тағамның адалдығы мен ысырап етпеуге назар аудару керектігі әмір етілген. Ислам қоғамының өзіне тән дастархан жасау үрдісі мен тамақтану әдебі бар. Оны біліп, бұлжытпай орындау адам өмірінің сау-саламат әрі бақытты да баянды болуына ықпалы зор.

ТАМАҚТАНУ ӘДЕБІ


Тамақтан алдын және тамақтан кейін қол жуу керек. Бұл тазалық пен ден- саулыққа өте пайдалы. Хадис-шәріпте: «Тамақтың берекесі, тамақтан алдын және кейін қол жуу арқылы келеді» деп осыған назар аудартады. Тамақтан алдын қол жуу кірді, кейін жуу тамақтың майын әрі сол сияқтыларды тазалайды.

Тамақтанардың алдында «бисмиллә» деп айтуды ұмытып кеткен адамның не істеу керектігін де Пайғамбарымыздың () өсиеттерінен табуымызға болады. Хазреті Айша (р.а.) анамыз айтады: «Бірде Алла Елшісі () алты сахабамен бірге тамақтанып отырған еді. Бір бәдәуи келіп тамақты екі асап бітірді. Пайғамбарымыз ():

«Егер мына адам «бисмилла» дегенде тамақ барлығымызға жетер еді. Олай болса кімде-кім тамақ жейтін кезде «бисмиллә» деп айтсын. Тамақтың басында мұны айтуды ұмытар болса:

بِسْمِ اللهِ فىِ أَوَّلِهِ وَأخِرِهِ

«Басында да соңында да бисмиллә» десін!» деген әмір берді[4].

Тамақты мүмкіндігі барынша көпшілікпен жеген жөн. Уахши бин Харбтың (р.а.) айтуына қарағанда бір топ сахабалар:

- Уа Расулалла ()! Тамақ жейміз, бірақ тоймаймыз, - деді. Алла Елшісі оларға:

- Шамасы тамақты бөлек-бөлек жейсіңдер-ау, - дейді.

- Иә, дәл солай, - деп жауап береді. Алла Елшісі () сонда:

- Бірге жеңдер. Бисмилла деп айтсаңдар тамақтарыңа береке келеді, - деді[5].

Тамақты алдымен үлкендерден бастау керек. Сахабалардың бірі Хұзайфа (р.а.) былай дейді. «Бірге тамақтанатын кезде, Пайғамбарымыз () бастамай тұрып тамаққа қол тигізбейтінбіз»[6]. Сахабалардың Расулалланың () үлкендігіне құрмет ретінде көрсеткен әдебі, ғасырлай бойы мұсылман отбасыларда берік ұсталынып келеді. Тіпті үйдің үлкені тамақты бастамай тұрып тамақ жеу, әдепсіздікке теңелген.

Мұсылман тамақты алдынан әрі оң қолымен жеуі керек. Сахаба Омар бин Әби Сәләмә былай деп  айтады:  

«Мен Расулалланың () қамқорлығында өскен баламын. Тамақтанғанда қолымды табақтың әр бұрышына соза беретінмін. Мұны көрген Пайғамбарымыз () маған былай деді:

يَا غُلاَمُ سَمِّ اللهَ وَكُلْ بِيَمِينِكَ وَكُلْ مِمَّا يَلِيكَ

«Құлыным, бисмилла деп, оң қолыңмен алдыңнан же!»[7].

Нығметті бергенге құрмет көрсетудің тағы бір түрі, тамақтан кейін дұға ету. Алла Елшісі () дастархан жинарда былай деп дұға қылатын; «Уа Раббымыз! Саған шынайы сезіммен, кемімей артатын, кері қайтарылмай қабыл болатын соңсыз мадақпен шүкір етеміз». Пайғамбарымыздың () мына дұғаны оқығандығы риуаят етіледі:

اَلْحَمْدُ للهِ الَّذِي أَطْعَمَنَا وَسَقَانَا وَجَعَلَنَا مُسْلِمِينَ

«Бізді тамақтандырған, сусындатқан әрі мұсылман еткен Аллаға шүкірлер болсын»[8]. 

СУСЫН ІШУДІҢ ӘДЕБІ


Су ішкенде «бисмилла» деп айтып, үш рет дем алып ішу керек. Ішіп болған соң «әлхамдулилла» деген жөн. Пайғамбарымыз () су және сол сияқты сусындарды үш деммен (үш рет дем алып) ішетін[9]. Осыған байланысты былай деген: «Түйе сияқты бір деммен ішпеңдер. Екі яки үш деммен ішіңдер. Ішетін кезіңде бисмиллә деп айт. Ішіп болған соң «әлхамдулиллаһ» деңдер!»[10]. (Тирмизи, 13)

Судың асқазанға аз-аздан баруынан адамның денесі, оны дереу қажетті жеріне жеткізеді. Суды шамадан тыс ішкенде дене, тепе-теңдік қалыбын бұзып, қызметін толық орындай алмайды. Тоңып тұрған адам, асқазанына бірден барған салқын судан одан сайын тоңады; қызып тұрған дене бірден келген көп суға қарсылық көрсетеді де салқын судан қажетті дәрежеде пайдалана алмайды. Ақырындап және аз-аздан ішкен жағдайда су сіңімді болады. 

Қандай да бір мәжілісте су, сүт және осы сияқты сусындар таратылғанда суды бергеннің оң жағынан бастағаны жөн. Пайғамбарымыз () су және шәрбат іспетті сусындар ішкенде қасындағыларға беретін. Су құйылған ыдысты әрдайым оң жағында тұрған адамға ұсынатын. 

КИІНУ ӘДЕБІ


«Негізінде тақуалық киімі жақсы»(«Ағраф» сүресі, 26-аят)

Адам баласы үшін тамақтану қаншалықты маңызды болса, киіну мен қоғам алдында жақсы көріну де соншалықты маңызды. Тән, тек қана киім-кешек арқылы сырт көзден қорғалып, әртүрлі айыптардан құтылып, сұлулығы кемеліне жетеді.

Шын мәнісінде жамылғы, Алланың барша жаратылысында кездеседі. Дүниенің атмосферасы, ағаш пен жемістердің қабықтары, жан-жануарлардың терілері мен жүндері, ананың қарнындағы баланы қорғайтын қабыршақтар киім іспетті сыртқы күштердің әсерінен қорқап, сырт бейнесін сұлуландыра түседі.

Құран Кәрімде:

يَا بَنِى آدَمَ قَدْ اَنْزَلْنَا عَلَيْكُمْ لِبَاسًا يُوَارِي سَواتِكُمْ وَرِيشًا، وَلِبَاسُ التَّقْوَى ذلِكَ خَيْرٌ 

«Әй адам баласы! Ұятты жерлеріңді жабу үшін киім және сәндік бұйым түсірдік. (жараттық). Негізінде тақуалық киімі жақсы»[11].

«Сондай-ақ сендер үшін ыстықтан қорғайтын киімдер және соғыста қорғанатын сауыттар пайда қылдық»[12] деп шындықты айқындап береді.

Алла Тағаланың қойған осы қағидаларына мойынсұнбай, адамды тақуалықтан алшақтататындай дәрежеде киіну, Исламның көрсетіп берген киім кию үлгісіне қайшы келеді. Пайғамбарымыз () анамыз Айшаның бауыры Әсманың жұқа киім киіп алғанын көргенде басын теріс бұрып:

- «Әй Әсма! Балағат жасқа келген соң, әйелдердің (жүзі мен қолын көрсетіп) мына жері мен мына жерлерінен басқа жерлерінің көрініуі дұрыс емес» - деген[13].

Киім киюдегі негізгі мақсат, дененің жарасымды түрде жабылуы мен сәнді болуы. Расулалла  () жаңа киім кигенде:

اَلْحَمْدُ للهِ الَّذِى كَسَانىِ مَا أُوَارِي بِهِ عَوْرَتِى وَأَتَجَمَّلُ بِهِ فىِ حَيَاتِى

«Әурет жерімді жапқан әрі өмірімде ол арқылы әдемі болып көрсеткен, мына киімді маған берген Алла Тағалаға шүкірлер болсын», деп дұға тілегеннен кейін; «Жаңа киім кигенде осылай шүкір етіп, ескі кимін садақаға берген адам, өмірінде Алланың  қамқорында болады» - деді[14].

Өз қасиетін сақтамай басқа жыныстың киімін кигендерге Пайғамбарымыздың () ескерту жасауы, ең алдымен киім-кешекке салғырт қарамау керектігін көрсетеді. Сондай-ақ ерлер мен әйелдердің арасындағы сезімнің жоғалуы бір-бірінің киімін киюден басталатындығы мәлім. Қазіргі таңдағы ер мен қызды киіміне қарап ажырата алмай қалатынымыз ащы шындық. Сонымен қатар қыз балаларды өз қасиетінен айыру үшін неше түрлі сәнді киімдер ойлап тауып, кеңінен таратуда. Енді бір жағынан адамдардың көзіне түсу әрі тәкәппарлануға себеп болатын киім үлгілеріне де тыйым салынған. 

ТҮЙІН


Алла Елшісінің () бізге үлгі боларлықтай қасиет, ахлақ пен әрекеттерінің бір парасына ғана тоқталдық. Осыған орай ең алдымен көркем мінезді Пайғамбарымыздың () сүннетін үйреніп, жан-дүниемізге терең сіңіруіміз қажет. Осылайша халық арасына асыл дініміздің абыройын асқақтатуымыз қажет. Пайғамбарды () танудың иманмен тығыз байланысы бар. Алла Елшісіне () жүрегінен орын бере алмаған адамдардың иманы да әлсіз болып келеді. Ал оған деген махаббаты кәміл болғандардың иманы жоғары болары хақ. Өйткені Пайғамбарымыздың () істеген амалдарына мән беріп, оны қаншалықты танысаң, шындықтан аларлық үлесің де соншалық болмақ

ҚМДБ-ның шариғат және пәтуа бөлімі


[1] Хадисті имам Әбу Дәуіт (Алла оны рақымына бөлесін) риуаят еткен.
[2] Хадисті имам Тирмизи (Алла оны рақымына бөлесін) риуаят еткен.
[3] Хадисті имам Тирмизи (Алла оны рақымына бөлесін) риуаят еткен.
[4] Хадисті имам ибн Мажа (Алла оны рақымына бөлесін) риуаят еткен.
[5] Хадисті имам Әбу Дәуіт (Алла оны рақымына бөлесін) риуаят еткен.
[6] Хадисті имам Мүслім (Алла оны рақымына бөлесін) риуаят еткен.
[7] Хадисті имам Бұхари (Алла оны рақымына бөлесін) риуаят еткен.
[8] Хадисті имам Әбу Дәуіт (Алла оны рақымына бөлесін) риуаят еткен.
[9] Хадисті имам Бұхари (Алла оны рақымына бөлесін) риуаят еткен.
[10] Хадисті имам Тирмизи (Алла оны рақымына бөлесін) риуаят еткен.
[11] «Ағраф» сүресі, 26 аят.
[12] «Нахыл сүресі», 86 аят.
[13] Хадисті имам Әбу Дәуіт (Алла оны рақымына бөлесін) риуаят еткен.
[14] Хадисті имам Тирмизи (Алла оны рақымына бөлесін) риуаят еткен.

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру