Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Qazіr

19 April 2024

10 Sháýýál 1445 Хижра

  DINI MEREKELER

Нұрбек ӘУЕСХАНҰЛЫ: ИСЛАМДАҒЫ ХАЛАЛ МЕН ХАРАМ

09.02.2016 10286 0 пікір

Ислам – мейірім, рахым һәм кеңшілік діні. Дегенмен шектен шығып қарсы келген, бұйрықтарды орындамаған пенде үшін ауыр азаптың да барлығын естен шығармағанымыз жөн.

Аспан мен жер аралығындағы барша жаратылыс Алла Тағаланың халифасы болған адамның көркем тіршілігі үшін жаратылған. Бұл туралы қасиетті  Құранда:

هُوَ الَّذِي خَلَقَ لَكُم مَّا فِي الْأَرْضِ جَمِيعًا 

«Алла жер бетіндегі барлық нәрсені сендер үшін жаратты» («Бақара сүресі», 29-аят) деп, ұшқан құс пен жүгірген аң, жеміс-жидек, көкөніс баршасын тек біздің игілігімізге арнағанын көреміз. Ал осы берілген сансыз нығметтерді дұрыс жолмен пайдаланып, жақсы тұрмыс кешудің заңы – шариғат.  Жаббар Хақтың тарапынан бекітілген, Пайғамбар () хадистерімен қуатталған ережелер жиынтығы шариғат деп аталады. Шариғат -  біздің әрбір деміміздің қалай шығатынына дейін қарастырғанын ескерсек, қалай тамақ ішу, киіну мен жүріс-тұрыс, әдеп мәселелері жан-жақты әрі толыққанды қамтылары даусыз. Осы бұлжымас конституцияда дұрыс деп пайымдалған дүние мен іс-әрекеттер халал, ал рұқсат етілмей, бұрыс деп табылған нәрсе немесе әрекет харам деп танылады. Ислам әлемінде осы аталған халал мен харамға өте қатты көңіл бөлінеді. Оны дөп басып айту құзіреті тек Алла Тағалаға ғана тән. Көптеген даулы мәселелерде ешқашан халал немесе харам деп кесіп үкім беру - зор қателік. Өйткені Қасиетті Кәләмда:

«Өз тілдеріңнің жалғаны мен қателіктерін Алла Тағалаға таңып, «мынау халал, мынау харам» деп айтпаңдар. Аллаға өтірік жала жапқан боласыңдар. Шындығында Алланың атынан өтірік айтатындар құтылмайды», - деп қатал ескерту жасаған.

Ал, енді дініміздің харам деп бекіткен үкімдеріне аз-кем тоқталып кетсек. Жоғарыда айтып өткеніміздей, шариғат рұқсат етпеген нәрсенің барлығы  харам. Ал харамнан тыйылмаған, заңға қайшы келген адам өмірдің заңы бойынша да, Алланың әмірі бойынша да жазаға тартылуы тиіс. Қарапайым осы дүниенің өзінде де, мемлекеттік Ата заңның шеңберінен шығып, ағаттық жасасаң оның өтемін міндетті түрде өтейсің, ал, сондай Ұлы болған Алланың заңын бұзып тұрып, жазасыз құтылам деу мүлде ақылға сыймақ емес. Мұсылман адам шамасы келгенше харам істерден тыйылып, Ұлы Құдіреттің Хақ жолымен жүруі тиіс. Хазіреті Пайғамбарымыз Мұхаммед () бір хадисінде:  «Әй, адамдар! Алла Тағала кіршіксіз таза, сондықтан таза еместі қабыл алмайды. Алла пайғамбарларға бұйырғанын мүміндерге де бұйырған. Мәселен;

يَا أَيُّهَا الرُّسُلُ كُلُوا مِنَ الطَّيِّبَاتِ وَاعْمَلُوا صَالِحًا 

«Әй, пайғамбарлар, таза нәрселерден жеңдер және ізгі іс істеңдер» («Мүминун» сүресі, 51-аят) десе, мүміндерге:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا كُلُوا مِن طَيِّبَاتِ مَا رَزَقْنَاكُم 

«Әй, мүміндер, сендерге ризық ретінде бергенімнің тазасынан жеңдер» («Бақара» сүресі, 172-аят) деп әмір еткен».

Артынша әңгімесін жалғап, Ардақты Пайғамбар ()  қасиетті сапарға шыққанмен үсті-басы ретсіз, шашы ұйпа-тұйпа, бірақ қолын жайып «Уа, Раббым! Уа, Раббым!» деп дұға оқып отырған біреу туралы «Бұл кісінің ішкені харам, жегені харам, кигені харам. Сөйте тұра тілегім қабыл болса дейді. Мұндай адамның дұғасы қайдан қабыл болсын?», - деген.( Хадисті Әбу һұрайрадан Мүсілім жеткізген). Міне, осы хадистен көріп отырғанымыздай, халал тамақтану, жүріс-тұрыста тәкаппарлық танытпау, киім киюде де қалай болса солай емес мән беріп жүру керектігін аңғартады. Біздің бұл өмірге келгендегі ең басты міндетіміз Алланы танып, оған ғана құлшылық ету екенін еске алсақ, харамнан тыйылмай бұл миссияны орындай алмасымыз тағы ақиқат. Алла Елшісі () бір сөздерінде харам жеген асқазанның қияметте тозақ отымен толтырылып, тек сол арқылы ғана тазаратынын ескерткен. Сол себепті сахабалар бұл мәселеге аса ыждағаттылықпен қараған. Мына бір қисса осының айқын дәлеліндей.  

Пайғамбардың ()  айнымас адал досы хазрет Әбу Бәкір (р.а.)  өзіне тамақ әкелген қызметшісінен әрдайым асты қайдан, қалай тапқанын сұрайтын көрінеді. Бірде хазрет Әбу Бәкір (р.а.) қызметшісі әкелген сүт пен етті әдеттегіше тексеріп жатпай бірден ауызға салады. Шамасы қатты ашығып тезірек ауыз ашу  асықса керек. Алдындағы астың біразын жегеннен кейін бірден іркіліп қалады. Күмәнді оймен қызметшісіне қарап: «Бұл тамақ қайдан келді? Қандай ақшаға алдың?»- деп сұрайды. Қызметшісі хазреті Әбу Бәкірдің (р.а.)  алдында өзін құл немесе қызметші секілді емес, өте еркін ұстайтын. Әбу Бәкірдің (р.а.)  күмәнді назарына еш тосылмастан: «Жаһилия кезінде пал ашушы едім. Сәуегейлік айтып, палшылықпен күнелтетінмін. Сол кездері пал ашып бергенім үшін бір кісі қарыз болып қалған-ды. Кеше қарызымды қайтарды. Тамақты сол ақшаға сатып алдым» деп жауап береді. Мұны естіген хазрет Әбу Бәкірдің  (р.а.) өңі қуарып, боп-боз болып кетеді. Іле-шала саусағын тамағына бойлатып, өзін зорлап тұрып ішіп-жегенінің барлығын ақтарып тастайды. Сөйтіп, ауыр өкінішпен: «Раббым, қаныма сіңіп кеткендерінің кесірін тигізе көрме!» деп тәубе еткен екен. Осымен қатар Жаратушы біздерге харам деп тапқан дүниелерді техника мен заман дамыған сайын медициналық тұрғыдан да денсаулыққа орасан зиян келтіретіні дәлелденуде.

Сөзіміз дәлелді болу үшін мысалдар келтірсек. Хақ Тағала «Исра» сүресінің 32-ші аятында:  

«Зинаға жақындамаңдар! Өйткені ол жамандыққа бастайтын арсыздық, анық жаман жол», - деп зинадан қатты тыйған. Бұл аятқа ислами тұрғыдан келсек, зина -  біріншіден харам болған іс. Оны жасау арқылы біз күнә табамыз, ал, күнә өз кезегінде ауыр азапқа душар етеді. Екіншіден, зина жасаудың бұл дүниедегі шариғи жазасы да тым ауыр. Үшіншіден, ол иман келтірген адам болса Жаратушы мен арадағы қарым-қатынас әлсіреп, дұғалар қайтарылып, ұзақ уақыт тағы зардап шегеді. Ал енді қоғамдық, медициналық тұрғыдан сарапқа салар болсақ, біріншіден, қоғамда тастанды балалар, әке-шешесі тірі жетімдер, жасанды түсіктер көбейеді. Мұндай қоғам алға қадам басып, өсіп-өркендемейді. Екіншіден, адамның есте сақтау, көру қабілеті нашарлап, қоғамдағы орны әлсірей береді. Үшіншіден, алуан түрлі жыныстық кеселдер, мәңгі жазылмас «ғасыр дерті» (СПИД) осы зинаның кесірінен болатынын ешкімнің жоққа шығара алмасы белгілі. Бұл зина тақырыбын адамзаттың Ардақтысының () сөзімен қорытындыласақ: «Ей, адамдар! Зинадан сақтаныңдар. Өйткені зинаның алты үлкен зияны бар. Оның үшеуі осы өмірде, үшеуі ақиретте. Осы дүниедегі көретіні: жүздің ажары мен нұрын кетіреді, кедейлікке ұшыратады, өмірін қысқартады. Ақиретте көретіні: Алланың ашуына себеп болады, сұрағы қатты болады, тозақ азабына тартылады».

Қазақ қазақ атанғалы қайда және қашан болмасын діннен жырақ тіршілік кешпеген. Ел басқарған көсемдер, сөз бастаған шешендер, аузы дуалы ақсақалдар әрдайым жұртты тазалық пен адалдыққа, харамнан бойды аулақ ұстап ар мен намысты ту етуді бұйырғанын ешкім де жоққа шығара алмас. ХІХ ғасырдың атақты Қашқынбай атты жырауы:

Адам безер сараңнан,
Қанша жарлы болсаң да,
Жимағын малды харамнан! - десе, ақын Ғұмар Қараш:

Жігітті Құдай ұрғаны,
Жігерсіз, жасық болғаны.
Ұрлық, өтірік секілді,
Келіссіз істі қолданып,
Адалға мойны жар бермей,
Арам істі қылғаны! - деп, қазақтың танымындағы қасиетті ұғым «жігіттіктің» құны хараммен өлшенетінін жырға қосып, ұрлық пен өтіріктің құрдымға апарар лас істерден екенін паш етеді.

Қорыта келгенде, қулығы мен сұмдығы асқан, зина мен екіжүзділік белең алған мына қоғамда Хақ жолымен жүру – қиынның қиыны. Әрдайым ішкен-жегеніңе, тапқан ырыздығыңа аса мән беріп қылыштың жүзімен жүрердей сақтықпен, Хақ нұрымен нұрланардай адамдықпен туралық туын ұстай білу -  нағыз мұсылманның сипаты...

Есмағанбет Нұрбек Әуесханұлы
ҚМДБ-ның Алматы қаласы бойынша өкіл имамы

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру