Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Құдай таза жаратты, сен таза бол!

25.01.2016 6178 0 пікір

Бізді мұсылман қылған Раббымызға шексіз шүкірлер болсын. Мұсылмандықтың әдебін үйреткен, көркем мінездің иесі пайғамбарымызға Алланың игілігі мен сәлемі болсын.

Пенделік нәпсі жаратылыстардың ғажайыбы болумен қатар, ол Алла Тағаланың мұғжизаларының бірі. Егер, нәпсі Аллаға бойсынып, ғибадат қылса, пайғамбарымыз оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын әкелген шариғат үкімдеріне сай амал етсе, тыныштық тапқан, тақуа әрі пәк нәпсі болып есептеледі. Алайда, ол Раббының тура жолынан ауып, шектен шығып, шайтанның жолына ерсе, күнәһар, бұзық әрі Алланың рахметінен қуылған нәпсі болып табылады.

Әр нәпсінің өзіне тән сипаттары, қызығушылығы, ұмтылыстары мен армандары болады. Сондай-ақ, әр нәпсіде қулыққа, алдауға және өзгеруге деген қабілеттер де бар. Пенденің сыртқы көрінісі, амалы көркем болып, ішкі жан дүниесі соған сай болып жатса, оның Алла алдындағы дәрежесі жоғары болатындығы ақиқат. Дегенмен, бұл көріністер кейбір адамдардың бойында үйлесімін таппауы мүмкін. Нәпсі иесі көпшілік алдында ізгі болып көрінгенімен, оның нәпсісі сараңдық секілді жаман қасиеттерге толы болуы мүмкін. Кейде, ол халық алдында шырайлы сөз сөйлегенімен, жеке қалғанда өсек, ғайбат сияқты жиіркенішті сөздер айтуы мүмкін. Сондай-ақ, кісі алдында кішіпейіл көрінгенімен, асылында бұдан өзін мақтауды қалап тұрған болуы мүмкін. Сондықтан,  Алла Тағала  пенденің сыртқы амалына емес, нәпсісінің пәктігіне, жүрек тазалығына қарап мәміле жасайды. Алла Тағала тек пәк, құлшылыққа берік, тақуа, шаһуатын тізгіндей білген нәпсі иелерінің ғибадатын қабыл етпек. Құран Кәрімде былай баян етілген: «Расында нәпсісін тазартқан кісі құтылды да, әлдекім оны кірлетсе қор болды», (Шәмс сүресі, 9-10). Пайғамбарымыз оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын бір хадисінде: «Расында Алла Тағала денелеріңіз бен бет-бейнелеріңізге назар салмайды, бірақ әлбетте жүректеріңізге назар салады», деген.  (Мүслим риуаяты). Бұл дүниеде кімде-кімнің ішкі жан дүниесі сыртқы келбетімен үйлесімін таппайтын болса, Алла Тағала қиямет күні олардың жасырған амалдарын әшкере етіп, масқараларын шығарады. Оларды барша халайықтар алдында амалдарын бетпе-бет қояды. Салихалы адамдар осы ақиқаттарды бұл дүниеде-ақ аңғарып, нәпсілерін пәк ұстауға, оны Ислам шеңберінде тізгіндеп, Алланың әміріне бойсынатын етіп тәрбиелеуге тырысады. Нәпсілері жасырып тұрған жаман әдеттерді танып, олардан өздерін алыстатуға әрекет жасайды. Расында, нәпсіні ақиқатпен шұғылдандырмаса, ол иесін жамандықпен шұғылдандырары анық. Сол секілді, нәпсінің қалауына ере беру де иесін тозаққа жетелейді. Нәпсіні пәк ұстау және оны дұрыс тәрбиелеу төмендегі жолдармен жүзеге асады.

– Әрдайым Алла Тағаланың бақылап тұрғандығын сезіну.

– Алла Тағаланы ертелі-кеш зікір ету.

– Ақыретті жиі еске алу.

– Алладан көп кешірім сұрау.

– Алланың ризалығынан басқаға үндейтіндерге жауап қатпау.

Алла Тағала өзінің Кітабы Құранда: «Ал енді кім шектен шықса. Оған дүние ісі әсер еткен болса. (яғни, дүние ісін ақырет ісінен артық қойса). Рас, оның барар жері тозақ. Ал, енді кім Раббының алдында тұрудан қорқып, нәпсі қалауын тежеген болса. Ақиқатында, оның барар жері жұмақ»,  деп баян еткен.

Нәпсілерімізді дұрыс тәрбиелеуде әрдайым Алладан жәрдем сұраймыз. Раббымыз нәпсіміздің пәк, жүректеріміздің таза болуын баршамызға нәсіп етсін. Әмин!

Қенжеәлі қажы МЫРЗАБАЕВ
ҚМДБ жанындағы имамдардың білімін жетілдіру ислам институтының директоры

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру