Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Qazіr

24 April 2024

15 Sháýýál 1445 Хижра

  DINI MEREKELER

ИСЛАМ ӨРКЕНИЕТІНІҢ ҚАЙТАЛАНБАС ЖАУҺАРЫ – АНДАЛУСИЯ ӘМІРЛІГІ

19.11.2015 9189 0 пікір

X-XI ғасырларда Еуропа мемлекеттері «Қараңғы дәуірде» өмір сүріп, қараңғы көшелерде жүрген кезде, олардың қақ іргесінде қалаларына канализация орнатып, көшелерін шырақтармен жарқыратып өркениетті өмір кешкен Еуропадағы Андалусия мұсылман мемлекеті жайында біреу білсе, енді біреу біле бермес.

Иә, қазіргі Испания жерінде VIII ғасырдың бірінші жартысынан XV ғасырдың соңдарына дейін билік жүргізіп, өз алдына дамыған өркениет тұрғызған Андалусия елі жайында білуде пайда бар. Себебі осы мұсылман Андалусия мемлекетінен еуропалықтар қағаз жасауды, науқасты емдеуді, сондай-ақ астрономия, математика, философия, физика, медицина ғылымдарының өзегін үйреніп еді. Онымен қоса Еуропалықтар осы андалус мұсылмандарының арқасында алғаш рет апельсин, күріш, өрік, анардың дәмін де татқан болатын.

Андалусия расында да жоғарғы мәдениетке ие, ғылымы дамыған, ғұламалар құрметтелген мемлекет болатын. Бірақ, өкінішке орай бұл өркениет сол кездегі испан королдіктерінің бастаған «реконкиста» (қайта басып алу) жорықтары нәтижесінде 1492 жылы тарих сахнасынан жоғалып кетті. Осылайша өзімен бірге 8 ғасыр бойы өркендеп келген Андалусия өркениетін де тарих қойнауына алып кетті.

Қазіргі уақытта Испанияда Андалусия деген аймақ болғанымен ол жерде енді мұсылмандар өмір сүрмейді. Тек қана Кордоба, Севилья сияқты қалаларда Андалусия өркениетінен қалған бірен-саран шіркеуге айналған тарихи мешіттерді көруге болады.

Бұл материалда Андалусия мұсылман мемлекетінің қысқаша тарихына, қоғамдық тұрмыс-тіршілігіне, білім-ғылымына шолу жасап, сондай-ақ андалустықтардың қазіргі Еуропа мәдениетіне әсері жайлы сөз қозғаймыз. Сонымен әуелі тарихынан бастайық.

Андалусия тарихына қысқаша шолу

«Андалусия» сөзі Испания териториясында V ғасырда өмір сүрген «вандалдар» атауынан негіз алады. Мұсылмандар Андалусия жеріне аяқ баспай тұрып ол жерде вестготтар патшалығы билікте болатын. VIII ғасырдың бастарында мұсылмандар бүкіл солтүстік Африканы өз биліктеріне алып, ендігі ойлары теңізді асып ары қарай Еуропаға жылжу еді. Осы мақсатта 710 жылы Ұмауи халифатының Солтүстік Африкадағы уәлиі[1] Мұса бин Нұсайыр халифа Уалид бин Абдулмаликтың рұқсатын алып, Испанияға білікті қолбасшы Тариқ бин Зиядты 500 әскермен әуелі барлауға жібереді. Тариқ Пиреней түбегін мұқият барлап, мағлұмат жинап қайтады. Қайта оралған кезде уәли Мұса бин Нұсайырге Испанияға кіруге ыңғайлы уақыт екенін жеткізеді. Себебі ол кезде вестготтар өз араларында таққа таласып жатқандықтан әскери қуаттары әлсіреген болатын. Осы жағдайды пайдалануды жөн санаған уәли Мұса бин Нұсайыр Тариқ бин Зиядты 12000 мың әскермен Испанияны жаулап алу үшін жібереді. Тариқ әскерлерінің Түбекке не мақсатта келгенін жау білмеуі үшін жауынгерлерін кемемен бөліп-бөліп, саудагерлер кейпінде түбекке өткізеді. Қолбасшы Тариқ бин Зияд кейін өзінің атымен аталып кеткен Жабал ат-Тариқ («Тариқтың тауы») тауына барлық әскерін жинап сол жерге штабын құрады. Тариқ жорығын әуелі кішігірім қалаларды жаулаумен бастап, бірнеше күннен кейін Андалусияның тағдырын шешкен Рио Барбате жағалауында вестготтар патшасы Родригез әскерімен кездеседі. 30000 әскермен вестготтар сан жағынан 12 мыңдық мұсылман әскерінен едәуір көп болғанымен мұсылман күші 3 күн тоқтамай жалғасқан шайқаста жау әскерін айқын басымдылықпен жеңеді. Тариқ бин Зияд Родригезтің негізгі күшін жойғаннан кейін, ары қарай айтарлықтай қарсылық кездестірмей солтүстікке тура жылжиды. Көп өтпей вестготтардың астанасы Толедомен қоса басқа да ірі қалаларының бәрін басып алып, Андалусияға Ислам билігін орнатады. Осылайша Испанияда мұсылмандардың дәуірі басталады.  

Жалпы Испаниядағы мұсылмандардың 8 ғасырлық билігін 6 кезеңге бөлуге болады:

1. Уәлилер кезеңі (714-756 ж.ж.)
2. Ұмауи Андалусия әмірлігі кезеңі (756-1031 ж.ж.)
3. Тауааиф ал-Мулук[2] кезеңі (1031-1090 ж.ж.)
4. Мұрабиттер[3] билігі (1090-1147 ж.ж.)
5. Муаххидтер[4] билігі (1147-1229 ж.ж.)
6. Гранададағы бани Ахмар әмірлігі (1147-1492 ж.ж.)

Мұсылман әскері Испанияны басып алған  714 жылдан бастап Андалусия тарихында «уәлилер кезеңі» басталады. Бұл кезеңде Андалус губернаторлары Дамасктағы Ұмауи халифатының орталық билігіне тәуелді болып, солардың тарапынан сайланып отыратын еді. Уәлилер кезеңінде Андалусияда билік үшін ішкі талас-тартыстар болып отырғанымен мұсылман әскерлері Еуропаға ары қарай жайылуды да ұмытқан жоқ. Дегенмен, 732 жылы Турс және Пойтерс қалалары арасындағы жерде француздарға жеңілген мұсылман әскерлері одан кейін Еуропаға ары қарай жылжуға мүмкіншілік таба алмады.

750 жылы Ұмауия халифаты құлап, оның орнын Аббасилер иеленген кезде Ұмауи династиясының мүшелері қуғынға ұшырайды. Осы сүргіннен аман қалған Ұмауи халифасы Хишам бин Абдулмаликтың немересі Абдуррахман бин Мағауия 756 жылы Андалусияға келіп, сол жерде жаңа Андалусия Ұмауи Әмірлігінің негізін салады. Андалусияның жаңа әмірі I Абдуррахманның кезінде елдегі түрлі саяси топтардың басы бірігіп, тұрақтылықтың арқасында Испания гүлдене түседі. Сондай-ақ осы кезеңде Андалусияда Мәлики мазхабы ресми фиқһ мазхабы ретінде кеңінен таралады.

Әмірлік дәуірінде Андалусия тағы монархия жүйесі бойынша атадан балаға қалып отырды. Айта кететін жәйт X ғасырдың басында таққа отырған III Абдуррахман кезеңінде мұсылман Испаниясы өз дамуының шырқау шегіне жетті. Ғылым-білім тереңдеп, архитекторлық алаңда үлкен белестер бағындырылды. Билік басында үлкен жетістіктерге жеткен III Абдуррахман саяси билікпен қоса халық алдында рухани күшке де ие болу мақсатында 929 жылы «Насыр ли-Динулла» лақабымен өзін Андалусияның халифасы ретінде жариялайды. Бұл Испанияның әмірліктен халифат режиміне ауысқанын білдіретін еді.

Бұл кезеңде Андалусия елі осындай әділ патшалардың сауатты саясаттарының нәтижесінде тұрақты түрде гүлденген үстіне гүлдене түсті. Алайда өкінішке орай XI ғасырдың бастарында мемлекеттің іргесі шытынай бастады. Бұл тұрақсыздықдың басты себебі «Хажибтердің» (бас уәзір қызметін атқаратын үкімет адамдары) халифаның ісіне араласып, оның рөлін өздері атқара бастауы болатын. Мысалы, 1010 жылдары Андалусияда бас уәзірлік қызметін атқарған Абдуррахман өз атына ақша бастырып, тіпті сол кездегі халифа II Хишамға өзін оның таққа мұрагері етіп атауын талап етеді. Осы және басқа да ұқыпсыз саясаттардың нәтижесінде онсыз да қымбат салықтарға наразыланған халық жаппай көтерілеске шығып, нәтижесінде 1031 жылы Андалусия Ұмауи халифаты құлап тынады.

Күйреген мемлекеттің орнын жаңбырдан кейін шыққан саңырауқұлақтар сынды көптеген тәуелсіз жеке кньяздықтар басты. 

Бас-басына әмір болған тәуелсіз кньяздықтар кезеңінде бітпейтін өзара қақтығыстар себебінен Андалусия жерінен берекет түбегейлі қашты. Осы кезде бір-бірімен қырқысып күштері әбден әлсіреген кньяздықтардың жұпыны жағдайын пайдаланғысы келген Испан королдіктері шабуылға көшті. Солтүстіктен келген испан-христиан әскерлері Андалусияның қалаларын ақырын-ақырын басып ала бастайды. Оларды тоқтатып, тойтарыс бере алатын біріккен мұсылман армиясы болмағандықтан оп-оңай оңтүстікке тура жылжыған Кастилия патшасы VI Алфонсо, 1085 жылы мұсылмандарың астанасы Кордобадан кейінгі екінші үлкен қала Толедоны басып алады.

Міне, осы кезде андалусиялықтар есін жиып, шын қауіпті сезді. Бұл тығырықтан шығудың жолын іздеген ғұламалар кеңесе отырып, жауға қарсы бірге соғысуға солтүстік Африкадағы діні бір Мұрабиттерді көмекке шақырады. Андалусиядағы мұсылман бауырларына көмекке асыққан Мұрабит әскері түбекке өтіп, мұсылман жерлерін жайпап келе жатқан Кастилия королі VI Алфонсоны 1086 жылы Зелаққа соғысында қуғынға ұшыратады. Осыдан кейін аз да болса Андалусияда тыныштық сақталды.

Дегенмен, көп ұзамай-ақ Испаниядағы мұрабиттердің билігі әлсірейді де солтүтіктегі Испан королдіктерінің мұсылмандар жеріне жорықтары қайта жанданады. Бұл жолы тағы да солтүстік Африкадан Андалус мұсылмандарының көмегіне Муаххидтер келді. Муаххид әскерлері неміс, француз, ағылшындар бастаған крест жорықтарына тойтарыс бере алды. Алайда олар отандары солтүстік Африкаға қайта оралғандарында христиандар реконкиста («қайта басып алу») әрекеттерін тағы бастайды. Себебі олар Андалусияны мұсылмандардан қайтып алмай жандары тыныш таппайтын еді. Оның үстіне бұл жорықтарға сол кездегі Рим папасы бар ықыласымен үгіттеп жатқан болатын. Осының нәтижесінде 1230 жылы Кастилия, Леон королдерімен күш біріктірген Арагон патшасы I Жакз 1236 жылы Андалусия мұсылмандарының бас қаласы Кордобаны, 1238 Валенсияны, 1242 жылы Шилбты, 1250 жылы Сантарем сияқты үлкен қалаларды мұсылмандардың қолынан алды. Бұл – Пиреней Түбегіндегі мұсылмандардың талассыз үстемдігінің соңы дегенді білдіретін еді.

Христиандармен соғысқан үлкен жеңілістерден кейін жерлерінің 90 пайызынан айырылған мұсылмандар Андалусияның ең оңтүстігіндегі Гранада, Малага, Севилья деген қалаларда ғана биліктерін сақтап қала алады. Бұл аймақтардың өзінде мұсылмандар өз биліктерін өте қиын шарттарда тағы да екі жарым ғасыр жалғастыра алды. Дегенмен 1462 жылы реконкиста әрекетінің қайта жандануымен Кастилия мен Арагон патшалықтарының біріккен күштері мұсылман Гранада әмірлігіне соққы беріп, 1492 жылы бас қаласы Гранаданы да басып алды.

Испаниядағы мұсылман билігі құлағанымен мұсылмандар өте қиын жағдайда болса да тағы бір жарым ғасыр Испания жерінде өмір сүрулерін жалғастырды. Бұл аралықта испан патшалары мұсылмандарды хриситиан дінін қабылдауға зорлады, ал қабылдамағандарды қудалады. Мешіттерді шіркеулерге өзгертті. Жағдай осылай жалғасып, соңғы қалған мұсылмандар 1609-1614  жылдары Пиреней түбегінен толықтай шығарылды.

Осы ретте, Осман мемлекетінің қиын жағдайдағы Андалусия мұсылмандарына жасаған көмектерін атап өтуге болады. Мысалы, 1530 жылы сол кездегі Осман сұлтаны Сүлеймен Қануни жәрдемге мұқтаж мұсылмандарға 30 кеме жіберіп, 70000-ға жуық адамды Испаниядан солтүстік Африкаға өтулеріне көмектесті.        

Андалус қоғамы

Андалусия арабтар мен берберлерден[5] құралған мұсылман жауынгерлері тарапынан басып алынған болатын. Сәйкесінше Андалусия билік жүйесінің кілт жерлерін де осы екі топ иеленді. Арабтар көбінесе уәзірлік сияқты басқарушы орындарда отырса, өз кезегінде берберлер әскери және белгілі үкіметтік лауазымдарға ие болғандарымен ара-арасында өздерінің шеттетіліп жатқандарын сылтауратып, билікке қарсы көтерілістер жасап тұратын. Арабтар мен берберлерден басқа Андалусия мұсылман қоғамында Сақалибтер мен Муаллидундар да өмір сүретін. «Сақалиб» деп тегі неміс, француз, италияндықтарға келетін құлдардан құралған сарай әскерлеріне айтылатын. Ал, «Муаллидун» деп жергілікті халықтан Ислам дінін қабылдап, мұсылман болғандарын айтатын. Айта кетерлігі, Андалус қоғамында кез-келген адам шыққан табына, тегіне қарамастан династияға қатысты лауазымдардан тыс барлық билік иерархиясына, тіпті бас уәзірлікке дейін көтеріле алатын. Яғни ұлтына, нәсіліне, табына қарап шеттету жоқ еді. Басқа дін, ұлт өкілдері де өз діндерін, әдет-ғұрыптарын еркін ұстап, мерекелелерін қалағанынша тойлай алатын. X ғасырға испандықтардың көбісі екі тілде арабша және ана тілдері испанша сөйлейтін. Арабша әсіресе жастардың арасында кең таралып, кейде араб емес испандықтар арабшаны арабтардың өздерінен жақсы сөйлейтін. Және испандықтарды үкімет алдында ұсынатын, мүдделерін қорғайтын жетекшілері болатын. Олар «Комес» деп аталатын.

Бір жағынан Андалусияның жергілікті халқы латындардың арабша үйленулері мұсылмандар мен басқа Еуропа елдері арасында мәдениеттер алмасуының көпіріне айналды. Тағы бір айта кететін жәйт вестготтардың кезінде қысымға ұшыраған, діндеріне зорлық жасалған яһудилер мұсылмандардың кезінде діндерін, салттарын еркін ұстанатын еді. Тіпті яһудилер мұсылмандардың басқа халықтарға, діндерге деген толеранттылығы мен құрметі жайында естігеннен кейін, Тариқ бин Зияд әскері Андалусияны басып алу барысында мұсылмандарға көмектескендері де айтылады.

Андалусияның барлық қалаларында моншалар болатын. Бұл моншалар бір күн еркектерге, бір күн әйелдерге арналған еді. Сондай-ақ әйел демекші, Андалус қоғамында әйелдер бостандыққа ие болатын. Олар көшелерде еркін жүретін, жиналып әңгіме дүкен құратын және намаздарының көбісін мешіттерде жамағатпен оқитын. 

Андалусия Әмірлігі кезінде салынған Кордоба қаласының Орталық мешіті

 

Басқару жүйесі.  Андалусия басқару жүйесінің заманымыздың үкімет құрылымынан қатты айырмашылығы жоқ еді. Андалус билік иерархиясы басында Әмір яғни президент, одан кейін «Хажиб» деп аталатын бас уәзір келетін. Бұны қазіргі тілмен прьемер-министр деп айтуға болады. Бұдан соң уәзірлер бар. Уәзірлер заманымыздың министрлері сияқты әрқайсысы бір саладан жауапты болатын. Сондай-ақ «Хазин ул-Мал» – қаржы және экономикаға, «Сахиб ал-Барид» – пошта, қалааралық коммуникация істеріне жауапты лауазым иелері де жүйеде еді. Ал, «Қади ал-жамаа» ел арасында орын алған проблемаларды шешіп, неке қию, намазда имам болу, мирас мәселесі сияқты тақырыптарда басты рөлді атқаратын. Тағы бір қызықты да маңызды лауазым «Мұхтасиб» деп аталатын. Мұхтасиб базарлардағы тауарлардың бағаларына, сапасына бақылау жасайтын. Сондай-ақ мұхтасибтың құзыретіне мешіттер, көшелер, өзен жағалары тазалығын қадағалау да кіретін. Андалусия Мұсылман Әмірлігі әрдайым көршілерімен соғыс жағдайында болғандықтан дайын 25000-50000 әскер ұстайтын. Әскер жаяу және атты болып екіге бөлінетін.

Андалуясияның мұндай дамыған сауатты жүйеге экономикалық қуаттылығының арқасында жеткені анық. Андалусия экономикасының негізін егіншілік, сауда-саттық және өндіріс құрайтын.

Білім мен ғылым. Андалусия Мұсылман Әмірлігінде білім алу жүйесі үш этаптап тұратын. Әуелі алты жасқа толған бала 7-8 жыл бойы Құран, араб тілі, шиір (поэзия), әдебиет үйренеді. Бұл сабақтарды мешіттерде немесе мұғалімдердің үйлерінде алатын. Сондай-ақ балалар жатып оқитын интернаттар да бар еді. Бұл интернаттағы мұғалімдердің жалақыларын үкімет, ал мешіттер мен үйлерде оқитын балдардың оқуларының ақысын ата-анасы өтейтін. Бұл бағдарламаны бітірген балдар халқаларда (ұстаздың айналасына дөңгеленіп жиналып отыру) шейхтардың алдынан фиқһ, тәпсір, хадис, математика, химия, тарих сияқты сабақтардан дәріс алатын. Үшінші этапта балалар медреселерде немесе Каир, Мәдина, Дамаск, Бағдад сияқты сол уақыттың үлкен білім ордаларында білім алуға аттанатын.

Міне осылай білім аясында өсіп өнген балалардың ішінен заманының ең үлкен ғалымдары шықты. Андалус астрономдары дүниенің көлемін ежелгі гректерге қарағанда нақтырақ тапты. Сондай-ақ андалус ғалымы Абу Исхақ Ибрахим ал-Зарқали ол замандар үшін мінсіз саналатын астрономия құрылғыларын ойлап тапты.

Медицина мен ботаника. Андалусия елі ғылымның әр саласына көңіл бөлетін. Мысалы, ботаника саласының ғалымдарына өсімдіктердің түрін қарастыратын, топырақтың құнарлылығын, суару, теру жүйесін зерттеу үшін арнайы тәжірибе жасайтын орындар (лаборатория) бөлінген болатын. Бұл бақша ғалымдарының сол заманда көзге көрінгендері Ибн Уафд, Ибн Хажжаж, Ибн ал-Аууам, Ибн ал-Байтарлар еді.

Андалусия ғалымдары физиология және медицина салаларында да өздерін көрсете білді. Олар физиология мен анатомия зерттеулерінде ескі грек Гален, Гипократ сияқты ғалымдарының еңбектерін пайдалана отырып, олардың кітаптарына түзетулер де енгізді. Сондай-ақ, Андалусияның хекимдері (дәрігерлері) практикалық медицинада да үлессіз қалған жоқ. Олар алғаш рет операция жасайтын құрал-саймандар ойлап тауып, олардың қалай қолдануы жайында маңызды еңбектер жазды. 

Оған қосы сан алуан дәрі-дәрмектердің түрлерін ойлап тауып, Еуропада алғаш рет дәріханалар ашты. Деректерде халифат кезеңінде Андалусияның бас қаласы Кордобаның өзінде үлкенді-кішілі 50 емхананың жұмыс істегені айтылады.

Андалусияның Еуропа өркендеуіне әсері

VIII ғасырдың бірінші жартысында мұсылмандар Андалусияға кіріп, Испания даму мен көркею бағытын алған кезде Еуропа мемлекеттері әлі ол жерде болып жатқандардың байыбына бара алатын дәрежеде емес еді. Себебі ол кезде біз білетін Еуропа ақылмен ойлануды дінге қайшы көріп, өздері «Қараңғы дәуір» деп атап кеткен мерзімде өмір сүріп жатқан болатын. Бірақ, соңынан әсіресе XI ғасырда Андалусияға жасалған реконкиста шеңберіндегі крест жорықтары барысында христиандар мұсылмандармен жақын танысуға мүмкіншілік алды. Олар өздері жабайы деп ойлаған халықтың қандай өркениет құрғанын көріп таң қалды. Мұсылмандардың қалайша мұндай жоғары өркениетке жеткенін білуге қызығушылық танытты. Осы орайда бұл сұрақтардың жауабын табу үшін христиан ізденушілері арабшаны үйреніп, мұсылман ғалымдарының еңбектерін аудару жұмыстарына кірісіп кетті. Бұл аудару жұмыстары X ғасырда бастағанымен жүйелі түрде аударма ісіне кірісулері XII ғасырдың бірінші жартысына тең келеді. Сицилия мен Испания аталмыш аударма жұмыстарының негізгі орталықтары еді. 

Ортағасырдағы аударма жұмыстарының арқасында еуропалықтар алғаш рет Аристотель туралы естіді. Мұсылман ғалымдарының дін мен ақылды ұштастыру пікірлері еуропалықтардың арасында ғылыми төңкеріске себеп болды. Ибн Рушдтың «Туһфатул фаласефа» атты еңбегі еуропалықтардың арасында үлкен құрметке ие болды. Еуропалықтар бұл еңбектің шіркеу доктринасына қарсы келетін тұстарын алып тастап, Париж және басқа да Еуропаның үлкен университеттерінде оқыта бастады.

Еуропалықтар XII ғасырға дейін адам сырқаттанып қалса бұл жаман рухтардың әсерінен, және науқас поптың жасаған дұғасы арқылы ауруынан айығады деп ойлайтын. Дегенмен медицина саласындағы аудармалар нәтижесінде бұл қате түсінікті тастап, ауруды дәрі-дәрмек арқылы емдеу әдісіне көшті.

Сондай-ақ қазіргі кезге дейін математика, астрономия салаларында кең қолданыста жүрген «Алгебра» (ал-Жабр), «Бателгауз» (Байтул Жауз), «Ценит» (Ас-Семт) деген терминдерден-ақ еуропалықтардың қаншалықты мұсылман ғалымдарының еңбектерінен әсер алғанын түсінуге болады. Тіпті атақты италиян жазушысы Данте Алигьери де Мираж түнінің латынша аудармасын оқығаннан кейін әсерленіп, өзінің мәшһур «Құдайшыл комедия» атты әдеби-философиялық еңбегін де сол мұғжизалы түнге ұқсастырып жазғаны айтылады. 

Еуропалықтар музыка саласында да мұсылмандардан пайдаланудан кем қалған емес. Мысалы, 1190 жылдары негізі қаланған «Франкониан» атты музыкадағы нота жүйесінің ойлап табушысы Келн қаласынан шыққан Франко болып есептелгенмен,  жасалған зерттеулер нәтижесінде одан 400 жыл бұрын яғни VII-VIII ғасырларда аталмыш нота жүйесін мұсылман музыканттарының латыншаға аударған еңбектерінде жазылғаны белгілі болып отыр.

Күнделікте өмірде, өндірісте маңызды екі нәрсе: мақта мен қант да Еуропаға андалустық мұсылмандар арқылы таралған болатын. Бұл екі элементтің арқасында Еуропа қандай жетістіктерге жеткенін бәріміз білеміз. Мақта мен көмір қосындысының арқасында Еуропа елдері индустрияда төңкеріс жасаса, ал қант еуропалықтардың ас мәзіріне ғажап өзгерістер әкелгені белгілі.

Сондай-ақ судың буланып жоқ болып кетуінің алдын алу үшін жер асты құбырлар жасауды да испандықтар Андалусиядан үйренді. Кейіннен олар бұл әдісті латын Америкасына апарды. Тіпті еуропалықтар архитектура саласында да андалустіктердің ғимараттарына ұқсастырып салатын. Мысалы, XII ғасырларда испан патшаларының тұрғызған сарайлары Кордободағы мұсылман әмірлерінің сарайларының бір нұсқасы ғана еді.

Сөз соңы

Қазіргі заманның мұсылмандары біз көбінесе неге Еуропа дамып кетті? Неге біз қалып қойдық? деген сияқты сұрақтарды жиі қоямыз. Ал, бұл сауалдардың жауабы өзімізде жатқанын біз сезе бермейміз. Ақыл мен иман, білім мен еңбек бір араға келген кезде мұсылман қауымының қандай үстем өркениеттер мен жауһар мәдениеттер құра алатынын тарихтың өзі көрсетті. Жоғарыдағы Андалусия мысалы көп мысалдардың бірі ғана. Бұл тізімге Бағдад, Осман мемлекеті, Ұмауи халифаты өркениеттерін де қорықпай қоса аламыз. Бұл тарихи мұсылман мемлекеттерін оқу арқылы біздер Ислам дінінің тек қарапайым сенім емес, сондай-ақ мәдениет, өркениет, саясат, әдебиет, ғылым сияқты өмірдің барлық салаларының қамтыған кешенді жол екеніне көз жеткізе аламыз. 

Бурхануддин Абдулхаким
Дінтанушы, РhD докторанты



[1] Әміршісі, губернаторы.
[2] Тәуелсіз кньяздықтар.
[3] Мурабит – арапшадағы «рибат» сөзінен келіп «байланғандар» мағынасын білдіреді. Басында діни топ ретінде пайда болып, кейіннен (11 ғасырларда) әуелі солтүстік Африкадағы қазіргі Морокко, Алжир жерлерінде билік құрған, сосын Андалусияны біршама уақыт басқарған саяси топқа айналды.
[4] Муахидтер – «(Құдайды) жалғыз деушілер» мағынасына келеді. Мұрабиттерден кейін солтүстік Африкада пайда болған саяси топ.
[5] Солтүстік Африканың жергілікті тұрғындары

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру