Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Дін және әйел

18.11.2015 7250 0 пікір

Барша мақтау бүкіл əлемдердің Раббысы Аллаға тəн. Бір Алладан басқа ғибадатқа лайықты ешбір тəңірдің жоқтығына жəне Мұхаммед Пайғамбардың оның құлы, əрі елшісі екеніне куəлік береміз. Пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның əулетіне, сахабаларына Алланың игілігі мен сəлемі болсын.

Жанұя ошағының негізгі тірегі әйел заты. Әйел баласының қоғамның қабырғасын қалаудағы рөлі ер кісінікі секілді емес. Жалпы алғанда одан да күштірек. Бұлай айтсақ артық айтқандық болмас. Неге десеңіз Ислам тарихында бұның алғашқы үлгісін Хз. Хадиша (р.а) анамыз салып кетті. Сондай ауыр, қиын-қыстау заманда Пайғамбарымыздың (ﷺ) қасынан табылып, Ислам жолында Пайғамбарымыздың жанашыры әрі қамқоршысы болды. Тіпті материалды жағынан да өзінің көмегін аямады, рухани тірегі болды. Міне осындай жұптан Ислам әлемі дүниеге келді. Исламда әйел сүйіспеншілігі ахыретке дейін жалғасатын бақыттың нышаны. Адам нәсілінің жалғасуында да өте маңызды болғандықтан ана – қашанда адамзаттың қайнар бұлағы. Дүниеге келмеген нәрестелердің өзі де анасының құрсағында заттық қоректерімен қатар рухани қажеттіліктерін де солардан алып отырады. Сондықтан Ұлы дініміз тарапынан өздеріне осыншалық мәртебе берілген әйел қауымы да бұның қадірін біліп, осыған лайықты қызмет көрсетулері керек.

Қазіргі таңда отбасы мәселесі ең басты мәселелердің біріне айналған. Неге десеңіз бүгін де отбасының бақытты болуы, оның сақталып қалынуы, салауатты өмір салтын жүргізуі тым қиындап кеткені шындық. Осының барлығының негізгі түп-тамыры әйел баласының мінез-құлқының, жүріс-тұрысының, өмірге көзқарасының өзгергеніне байланысты сияқты. Тек әйелдер ғана емес оларға деген қоғамның көзқарасың да өзгеруі арқылы әйел де өзгеріп отыр, ал әйел өзгерген соң отбасы да, артынан қоғам да өзгеріске ұшырады. Өйткені отбасының түп қазығы, тамыры, өзегі осы әйелдің қолында десек артық айқандық болмас. Ертеңгі ел басқарар ел басы да, өнерші де, қойшы да ақжаулықты ананың қолында тәрбиеленіп жетіледі, бой түзейді.

Әйел мәселесі әрқашанда әрбір қоғамның әр ғасырдың өзекті мәселелерінің бірі болып келген. Өйткені әйел – болашақтың шамшырағы. Әйел – келешектің кепілі. Әйел – қоғамның іргесі. Әйел – отбасының ұйытқысы. Осы сөздің барлығы да өтірік емес шындық . Адамзаттың қандай тұйыққа тірелгенін айқындырақ білдіру үшін адамзаттың жарымын құрайтын әйелдер жайына біраз тоқтала кетейік.

Көп ұлттар әйел затын төмен ұстаған. Азияны алсақ та, Еуропаны алсақ та әйелдер құқықтан мақұрым еді. Ер кісілер әйелді қаласа алып, қаласа шығара беретін еді. Әйел мүлік есебінде қаралатын, үйде қызмет мәселесінде салынатын және қажет жағдайда сатылатын. Иранда маздек, қарындас және шешемен үйленуді заңды көрген. Қарғыс атқыр бір өзінің құртқан зәрдуштер де қарындасымен де үйленуге жол қойған.

Қытай мен үндістан сияқты байырғы ұлттардағы әйелдердің тағдыры аянышты болғаны баршаға әйгілі. Ескі қоғамда әйелдердің орны, өкінішке орай өте төмен болған, әсіресе Үндіде өте бейшара мақұлық саналады, ешбір құқығы болмады.

Әйел көңіл көтеру құралы есептелетін манах әйелдергеде азғындық әрекеттер істелетін. Тәңірдің музыка мен биді сүйеді деп сенгендіктен, сыйынатын жерлерде бір топ биші әйелдер әміріне дайын тұратын. Әйелдердің оқуы, ғибадатқа қатысуы, тәңірге құрбан шалу мерекесіне ортақтасудан шектелген.

Әйелдің діні мырзасына қызмет ету саналды. Өлген күйеуінің сүйегімен бірге өзін өртеп құрбан еткен адал жұбай, ең бағалы, ең жақсы, ең қадірлі әйел саналып, бүкіл Индияның жерлерінде мадақталатын. Бұл қандай жауыздық әдет десеңізші?! Жесір қалған әйел аянышты күде өртеліп, өзін құтқарған саналатын.

Ана бола алмаған әйел аянышты жауыздықпен кедейлікке душар болатын. Философтар мен ойшылдардың ешбіреуі жас жесірдің кез болған бешаралығына, зұлымдығына қарап, үндерін шығара алмаған. Үнділерде әйелдердің өмірі осылайша қорлықпен өтетін

Жалпы,  ислам әйелді өз апа-қарындасындай құрметтеуге шақырады. Бұл туралы Алла Тағала Елшісі (ﷺ) былай деген-ді: «Әйелдерге ер кісілер өзінің апа-қарындастарындай мәміледе болуы керек. Еркекті адам ететін әйел».

Әйел дегенде ана еске түседі. Ал, Құранда әкеге құрмет көрсетуді анадан бөле- жара қарастырмайды:

وَقَضَى رَبُّكَ أَلَّا تَعْبُدُوا إِلَّا إِيَّاهُ وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَانًا إِمَّا يَبْلُغَنَّ عِنْدَكَ الْكِبَرَ أَحَدُهُمَا أَوْ كِلَاهُمَا فَلَا تَقُلْ لَهُمَا أُفٍّ وَلَا تَنْهَرْهُمَا وَقُلْ لَهُمَا قَوْلًا كَرِيمًا (23) وَاخْفِضْ لَهُمَا جَنَاحَ الذُّلِّ مِنَ الرَّحْمَةِ وَقُلْ رَبِّ ارْحَمْهُمَا كَمَا رَبَّيَانِي صَغِيرًا

«Сендерге Алла Тағала тек өзіне ғана бойсұнуды бұйырды, ата-аналарыңа жақсылық жасауды өсиет етті. Олардың біреуі немесе екеуі бірдей қартайып (қалжырап) қалса «үһ» деуші болмаңдар, зекіп ұрыспаңдар. Екеуіне де ізетті болыңдар. Екеуіне де зор мейіріммен, кішіпейілмен бас иіңдер. «Алла Тағалам, олар мені бала кезімде қалай мәпелеп өсірсе, Сен де оларға сондай рахымдылық ете гөр!» - деп айт» («Исра» сүресі, 23-24 аяттар). Тағы бір аятта:

أُحِلَّ لَكُمْ لَيْلَةَ الصِّيَامِ الرَّفَثُ إِلَى نِسَائِكُمْ هُنَّ لِبَاسٌ لَكُمْ وَأَنْتُمْ لِبَاسٌ لَهُنَّ

«Сендерге оразаның кешінде әйелдеріне жақындасу халал етілді. Олар сендерге киім, сендер де оларға киімсіңдер»

Құран Кәрімде әйел және отбасына қатысты жүзден астам аят бар. Және бұл туралы жеке бір томдық кітап болатындай Хз. пайғамбардың хадистері де бар. Сонымен қатар, фиқһ мәзхабтары пайда болған ғасырдан бастап, әр мәзхабтың фиқһ және пәтуә кітаптарында отбасына қатысты тараулар, сол мәзхабты ұстанатын жерлерде «заң» болған

Үйлену, жеке отбасын құру қоғамдағы әлеуметтік жағдайға аяқ басудың алғашқы қадамы. Ел тыныштығы, халық арасындағы берекеттіліктің басты себебі. Қоғамның ең кіші бөлігі болған отбасының тату болуымен байланысты. Сондықтан, үйленуден бұрын отбасын құратын адамның әсіресе үйдің ұйытқысы болған әйелдің діні, мінез-құлқы, руы және әдемілігі мен байлығына мән берумен үйленіледі екен.

Бұл турасында пайғамбарымыз (ﷺ) Әбу Хурайрадан риуаят етілген хадисінде былай деген:

«Әйелдің төрт түрлі сипатына қарап неке қиылады: дініне, мінезіне және руы мен байлығына қарай. Әй мүминдер! Сендер бұлардың дініне өте көп көңіл аударыңдар».

Демек, мінез-құлқын, көз-қарасын, ақыл-ойын алдын-ала біліп, танысу қажет. Сол үшін де, қоғамның мызғымастығы жолында әйел баласының орны бір бөлек. Неге десеңіз отбасыдан қоғам құралады, сол қоғамды құрайтын отбасының құрылуында әйелдің салмағы еркектен көрі анғұрлым басымдырақ. Міне, сондықтан да ертеңгі отбасын құрар, бәйбіше болар бүгінгі қыз баланың ары мен абыройы, сыры мен сымбатын сақтауы, келешек өміріне даярлығы әрқайсысы өз алдына дербес тақырып. Болашақтың тәрбиешілері, дүние мүлікке көз-қарасы, зейін-зердесі, туған-туысқандарымен қарым-қатынасы, бауырмалдығы, қайырымдылығы, ұқыптылығы, мінез-құлқы. Осыған орай «Алған жарың жақсы болса, жұмақтағы хормен тең, алған жарың жаман болса маңдайға біткен сормен тең».

Отбасы құратын бой жеткеннің басты міндеті – ерін күте білу. Аналық борышы – бала тауып өсіру, тәрбиелеу, қонақ күту, киім тігу және т.б. үй шаруашылығына қатысты міндеттерді жақсы меңгеруі тиіс. Халық даналығы «Өнерсіз қыздан без, өнегесіз ұлдан без», деген екен.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ): «Кімнің үш қызы болып, оларға дұрыс тәрбие берсе, маңдай терімен тапқанымен киіндіріп бақса, олар (яғни, қыздарды тәрбиелеп өсіргені) ол үшін тозақ отынан қалқан болады», деген. Бұл шынымен де қыз бала тәрбиесінің ата-ана үшін оңайға түспейтіндігі. Бұл тақырыптарда қаншама ғылыми еңбектер, мақалалар жазылып жүр.

Педагогика ғылымдарының докторы, профессор К.Ж.Қожахметова ұлттық тәрбие арқылы сана-сезімі толысқан қазақ қызының бейнесін төмендегі өлшемдермен бағалайды.

Тектілігі: текті жердің қызы әдепті, көрегенді, инабатты, іске шебер, қиыншылыққа төзімді, өскен ортасы мен ата-анасының артынан жаманат сөз ергізбейді. «Көріп алған көріктіден, көрмей алған текті артық».

Ақыл-парасаттылығы: бойжеткеннің дүние-мүлікке көзқарасы, зейін-зердесі, туған-туысқандарымен қарым-қатынасы, бауырмалдылығы, қайырымдылығы, ұқыптылығы, мінез-құлқы. «Алған жарың жаман болса, тазалық жоқ нас болар, алған жарың жақсы болса, қартайғанда жас болар».

Іскерлігі: басты міндеті – ерін күте білу, аналық борышы – бала тауып өсіру, тәрбиелеу, қонақ күту, шай құю, құрт қайнату, т.б. үй шаруашылығын атқара білуі керек.

Көріп отырғаныңыздай әйел мәселесі әрбір қоғамда және әрбір ғасырда өзекті мәселелердің басында келген. Өйткені әйел мен қоғам тығыз байланыста әрі бір-бірінсіз өмір сүрмегі мүмкін емес. Қоғамды отбасы құрайды, отбасын құрайтын отбасы мүшелері, ал отбасының мығым, мызғымас мықты әрі бақытты болуында әйелдің орны ерекше, оны жоғарыда жан-жақты баяндап кеттік. Бұрынғы қоғамдар мен діндер де, әйелге әр түрлі мәміле жасаған, біреулері мақтаса енді бірі даттаған. Бірақ ешқашан да ешбір қоғамда ислам дінінің әйелге көңіл бөлуі сияқты, оған мәртебе беруі сияқты тарихта еш кездеспеген, болмаған, бұны да жоғары да баяндап кеттік. Мұны бір дінді мақтайық, енді бірін даттайық деп айтып отырғамыз жоқ. Тарихи фактілерге сүйене отырып айтып отырмыз. Ислам, отбасы мүшелерінің арасында өздеріне тән әлеуметтік, экономикалық тепе-теңдік құрған. Үйдің қожасы, балалардың әкесі болған ер адам отбасының барлық шығындарын мойнына алған. Сол себепті оларға балалардың тәрбиесі және жанұяда тәртіп орнату мәселелерінде кейбір артықшылықтар берілгендіктен, қарындасына қарағанда мирастан алатын пайы арттырылған, осылайша оларға экономикалық  қолдау жасалынған. Өйткені жұбайының, балаларының, отбасындағы жағдайы шашар кейбір жақындарының күнкөрісін арқалаған адамға осындай қолдау қажет екендігінде күмән жоқ.

Тұрмыс құрған әйел күнкөріс қажеттіліктеріне өзінің қаражаты болса да жұмсауға міндетті емес. Оған күйеуі қарауға міндетті. Құран Кәрімде: «Олардың (аналардың) дәстүрге сай тамақтануы және киімі әкенің мойнында», (Бақара сүресі 233-аят) «Мүмкіндігі мол адам мүмкіндіген қарай қаражат берсін; күнкөрісі ауыр адам Алла Тағаланың оған берген мөлшеріндей берсін». (Талақ сүресі 7-аят) «Оларды (ажырасқан әйелдерді) шамаңызға қарай отырған жеріңіздің бір бөлшегінде тұрғызыңыз», (Талақ сүерсі 6-аят) делінеді.

Хадисте: «Сендердің мойындарыңда жұбайларыңның жағдайына сәйкес тамақтану және киіну хақылары бар» - делінеді.

Бұл жағдайда әйел тұрмысқа шығып күйеуінің үйіне орналасқаннан кейін барлық ішіп-жем, киім-кешек және баспана шығындары күйеуінің мойнында. Бұл қажеттіліктер, ысырапшылдық жасалмай және сараңдық көрсетпей жұбайларының әлеуметтік дәрежесі назарға алына отырып орындалады.  Киім үшін, отбасының жағдайына қарай және Ислами салт-дәстүр негізге алынады. Әйелдің біреуі жаздық, екіншісі қыстық жылына ең азынан екі қабат киім киюге хақысы бар. Киімнің ішіне күнделікті үйдің қажеттіліктері де кіреді. Отағасы әйелін ішінде отыруға жеткілікті заттары бар, жаман көршілерден аулақ бір баспанамен қаматамасыз етуге міндетті . Ислами әмірлер мен тиымдарды орындауда да еркек пен әйел арасында маңызды айырмашылық жоқ. Бірақ кейбір құлшылықтарда немесе ғибадаттың орындалу барысында әйелдерге қолайлы кейбір жеңілдіктерді көруге болады. Осыларға намаз, ораза, қажылық, зекет және жихад сияқты ғибадаттарға қатысты мәселелерде көруге болады. Мысалы әйелдерге бес уақыт намаз оқу парыз болғанымен жұма, айт және жаназа намаздарынан босатылған. Бес уақыт намазда жамағатпен орындаудың орнына үйде оқыған тіпті абзал болғандығы тағы бір жеңілдік.

Әйел мәселесі әрқашанда әрбір қоғамның әр ғасырдың өзекті мәселелерінің бірі болып келген. Өйткені әйел – болашақтың шамшырағы. Әйел – келешектің кепілі. Әйел – қоғамның іргесі.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек әйелдің мәртебесін пайғамбар хадистеріндей және пайғамбар Мұхаммедтің өміріндегідей  ешкім, әрі еш уақыт көтермеген, көтерілмейді де. Өзіңіз оқып білгеніңіздей хадистердің көбісі дерлік әйел мәселелеріне, әйел проблемаларына олардың қоғамдағы және отбасындағы орны мен роліне арналған. Ендігі кезек осы хадистерді оқып, оқып қана қоймай оны санамызға тоқып, өз өмірімізге шамшырақ қыла білу. Міне сонда ғана баянды-бақытты отбасы, шайқалмас-мықты, келешегі жарқын қоғам құрамыз деген ойдамыз.

Сұлтанов Руслан Тыныштықұлы
 
ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкіл имамы

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру