Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Qazіr

25 April 2024

16 Sháýýál 1445 Хижра

  DINI MEREKELER

Серікбай қажы ОРАЗ: Қазақ мұсылмандығы – сыртқы ықпалға төтеп беретін тегеурінді ұстын, рухани тірек

17.11.2015 4507 0 пікір

Ұлтпен бірге оның діні де дамып, бірге қалыптасады. Демек, діннен бастау алған адамгершілік құндылықтар сол қоғамда дағдыға немесе дәстүрге айналады. Керісінше, дін келместен бұрын салтпен сабақтасқан әдет-ғұрыптарды шариғат қуаттай түседі яки құпталған қағида ретінде қабылданады. Біз кеше ғана мұсылман болған ел емеспіз. Ұлтпен қатар өмір сүріп келе жатқан дініміз, өміршең діліміз, тамыры терең тарихымыз бар.

Ислам сөзі терминді, тіркесті, тұжырымды, пенденің қосымша түсіндіруін немесе анықтама беруін қажет етпейді. Осы кезде классикалық Ислам, орта жолды ұстанатын Ислам, дәстүрлі емес Ислам деген атаулар пайда болды. Мұсылмандық – онсыз да орта жол дегенді білдірмей ме? Ислам – ұлы ұғым, ол барлық ұлтқа, ұлысқа ортақ дін. Ал Құран – Алланың сөзі. Оны өзгертуге немесе қосымша атау беруге әсте болмайды.

Жуырда біз Орталық Азия ғұламаларының форумын өткіздік. Бұл – Қазақстанның бастамасымен ұйымдастырылған тұңғыш тарихи шара десек, артық айтқанымыз емес. Тәжікстанның, Қырғызстанның Бас мүфтилері, ғұлама-ғалымдары қатысқан халықаралық форумда Қарар қабылдап, Үндеу жарияладық. Өйткені, біздің тағдырымыз, тамырымыз, тарихымыз бір. Ғалымдар Орталық Азияның қалыптасқан исламдық дәстүрлі ағарту мектебінің рөлін, ықпалын арттыру туралы бастаманы бірауыздан қолдады. Біртұтас мұсылман үмметін қалыптастыру, сан ғасырлық тарихы бар діни ұстанымды қайта жаңғырту туралы идея көпшілік қолдауға ие болды.

Иә, діни мектеп – кешенді жүйе. Біздің мақсатымыз – бүгінгі мұсылман жамағатын ортағасырлық дәуірдің діни, рухани мұрасымен терең таныстырып, сабақ алып, бүгінгі жағдайымызбен сабақтастырып, Ислам өркениетінің қайта өрлеуіне қызмет ету. Игі идеяның дамуына үлес қосатын қабілетті, байсалды, заманның өзі талап етіп отырған бәсекеге төтеп беретін, жылт еткен ағымға алданып, соңынан ере бермейтін зиялы ортаны қалыптастыруды, жастарды осыған тәрбиелеуді көздейміз. Астанада өткен тұңғыш имамдар форумында қабылдаған «Бүгінгі мұсылманның тұлғалық бейнесі» атты тарихи құжатымыз да осынау мақсатты бағдар еткен. Жуырда Елордада басқосқан ҚМДБ-ның жұмысын жетілдіру бойынша Сарапшылар Кеңесінің мүшелері де Орталық Азия исламдық дәстүрлі мектебін қайта қалыптастыру қажеттігін талқылады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Исламның Орталық Азия мектебінің ұстанымдарын қайта жаңғыртуда көшбасшы бола алатыны айтылды. Шариғат негізі (фиқһ), Ислам этикасы (ахлақ), негізгі діни ұстанымдар, Ислам негіздері туралы мол мұра қалдырған ханафи мектебінің белді өкілдерінің тізбегі мен олардың еңбектерін қайта зерттеу жұмысын бастап кеттік.      

Ортақ тарихымыздан белгілі жайт: ӘбуХанифа мәзһабы Орталық Азияда үстемдікке ие болды. Ханафи мектебінің белді өкілдері, мысалы, имам Мұхаммед әл-Бұхари, Әбу Мансұр ас-Самарқанди, Әбу Мансұр әл-Матуриди, Әбу Насыр әл-Фараби, Әбу Әли ибн Сина, Жүсіп Баласағұни, Қожа Ахмет Иасауи, әс-Сарахси, Әли ибн Осман әл-Уши секілді т.б. ғұламалар мұсылмандық дәстүрлі мектептің қалыптасуына зор ықпал етті.

Әлемдік деңгейде танылған ғұлама-ғалымдарымыз бен олардың орасан еңбектері күллі мұсылман үмбетінің мақтанышына айналды. Бүгінде дүниежүзі мұсылмандары Орталық Азия мұсылмандарын жоғарыда аты аталған ғалымдардың тікелей ұрпақтары деп санайды. Бізге берілген бұл мәртебе баршамызға зор жауапкершілік жүктейді.

Қазақ мұсылмандығы туралы сөз еткенде, Түркістан, Сайрам, Самарқан, Бұқара, сонымен қатар алғашқы қазақ хандығының астанасы болған Сығанақ сынды ортағасырлық қалаларды, рухани, діни ордаларды мақтанышпен мысал етеміз. Исламның тамыры жайылған Мәуренаһрда жергілікті дін ғұламалары діни шешімдер мен қаулылар шығарып отырды.

Аталған ортағасырлық ғалымдардың шежірелік тізбегі мен олардың еңбектерін қазақ даласынан шыққан ағартушы-ғалымдарымыз, ойшылдарымыз – Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының, Шәкәрім Құдайбердіұлының, Абай Құнанбайұлының, Ыбырай Алтынсариннің рухани мұраларымен ұштастырып, сабақтастырып, халқымызға жеткізуде ғалымдарымыз, дін қызметкерлері белсенділік танытып келеді. Қазақ мұсылмандығының қалыптасқан рөлін арттыру мәселесі басты назарымызда. Бұл идеяны жүзеге асыруға біздің қабілетіміз де қауқарымыз да жетеді. Кеңес отырысында ортақ діни таным, діни сана, діни тәжірибе, діни жол қалыптастыруға қатысты ойлар ортаға салынды.

Ислам әлемінің белді ғалымдары діни-ғылыми салада Орта Азия ғұламаларының еңбектерін пайдаланып, ислами қайнаркөздің бірі ретінде басшылыққа алып отырған. Тарихты жасау оңай емес, ал сол тарихты жазып, ұрпаққа қалдыру – маңызы бөлек мәселе. Осы ретте бабадан қалған мирасты, ғылыми-діни еңбектерді аударып, қайта басып шығу қажеттілігі туындайды. Осынау игі жобаларды жүзеге асырып жатқан Діни басқарма жанындағы «Әбу Ханифа» ғылыми-зерттеу орталығы мемлекеттік қолдауды қажет етеді. Қаржы мәселесі шешілмеген жоба тұралап қалатыны белгілі емес пе?

Кейде кейбір ел ағаларының аузынан: «Халықты бір мәзһабты ұстануға үндеу – қалған мәзһабтың құқығын шектеу емес пе?» – деген уәжді естіп қаламыз. Әбу Ханифа мәзһабы – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұстанған жолы. «Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы Заңымызда да төл мәзһабымызға мәртебе берілді.

Әбу Ханифа мәзһабы дала халқының болмысына, табиғатына жақын болды. Имам Ағзам – мәзһаб негізін қалаған ғұламалардың ұстазы болған. Либералды жолды таңдауымыздың тағы бір сыры – мәзһабымыздың жергілікті салт-дәстүрімізге құрметпен қарауында.

Ана тілімізде айтылып жүрген «ғұрып» сөзі арабшада «әл-ъурф» деген сөзден шыққан. Араб тіліндегі  «әл-ъурф» сөзі адамдарға үйреншікті болған, әдеттегі іс-әрекет, үрдіс деген мағыналарды білдіреді. Ал шариғаттағы терминдік анықтамасы: «Ақыл-ойдың, логиканың құптауымен көңілдерге орныққан, адам табиғаты қабыл алатын нәрселер» (Әл-Маусуа әл-фиқһия әл-куәйтия, 30-том, 53-бет).

«Әдет» сөзі де арабшада «әл-ъаада» деп аталады. Оның мағынасы: адамдар арасында дағдыға айналған амалдар. Демек, әдет пен ғұрыптың мағынасы бір арнаға тоғысқан. Шариғат кітаптарында осы екі сөз бірдей қолданылған.

Алла Тағала қасиетті Құранның «Ағраф» сүресінде: «Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет...» деп бұйырған. Шариғатқа қайшы келмеген ғұрып әрқашан, әр дәуірде құпталып отырған.  

 «Дәстүр» сөзі де араб тілінде «дустур» деп аталады. Ереже, заң деген мағыналарды білдіреді. Қазіргі тілмен айтқанда, Конституция ұғымын береді. Бізге бұл ұғымдар шариғатымызбен ұштасқан кешегі дала заңдарын еске түсіреді. Осылайша, дәстүріміздің қуатты күшке ие болғанын байқаймыз.

Біздің бабаларымыз Ислам дінін осыдан мың жылдан астам уақыт бұрын жүрек қалауымен қабылдады. Содан бері исламдық дәстүрлі діни мектеп, орта жол қалыптасты. Қазақ топырағында бұрын-соңды діни алауыздық, келіспеушілік, түсінбеушілік болған емес. Ал қазіргі қоғамда, әсіресе жастар арасында пайда болған түрлі діни көзқарастар о бастағы бағытынан, тамырынан, алтын қазығынан  алшақтай бастағанының айғағы деп айтар едік.

Орта буын, аға буын, зиялы қауым өкілдері, дін қайраткерлері, баршамыз жұмыла жұртымызға жоғалтқанын түгендеп, құндылықтарын қайтарып беруде бірлесе қызмет етуіміз қажет.

Орталық Азия дәстүрлі мектебі – сыртқы діни ықпалға төтеп беретін тегеурінді күш, қазақ мұсылмандығының ұстыны, халықты бірлікке бастайтын берік жол, рухани тірек.

Күн санап көрініс тапқан діни ағымдар осы рухани тірегімізге тіреліп, кері құлап, әлсіреп қала бермек. Бұл – діни дүрдараздыққа ырық бермейтін бабалар жолы.

Қоғамдық пікір қалыптастырып жүрген тұлғаларды, ел ағаларын ұсақ сөздерді ұран етпей, сыртта отырып сынап қалумен шектелмей, осынау игі бастамаларға жанашырлық танытуға, қолдан келгенше қолдау білдіруге, тым болмағанда ағалық ақыл-кеңес айтуға шақырамыз. Болашақ үшін бәріміз жауаптымыз.

Серікбай қажы ОРАЗ,
наиб мүфти, «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру