Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Qazіr

28 March 2024

18 Ramazan 1445 Хижра

  DINI MEREKELER

Ғайырфулла Қуанышбекұлы: ҚҰМАР ОЙЫНҒА ҚҰМАРТПА!

11.11.2015 6320 0 пікір

Адамның санаулы ғана ғұмырында көптеп кездесетін, алдыңды жиі орап, сананы еліктіріп өзіне тартатын нәрсенің бірі – құмар ойындары десек қателеспейміз. Адам баласының көп жағдайларда құмар ойындарына құмарта отырып, өзінің күнәлі істерге жол беріп алатынын ескере бермейтіндігі өкінішті.

«Құмар» негізі арабша сөз, бірақ аятта құмар сөзі емес «майсир» сөзі келтірілген. Бұл сөз жеңіл  жолмен мал табу мағынасын білдіреді.

Кейбір жандар арақ-шарапты пайдалануын қоймай ішкен үстіне іше түседі және құмар ойнауын қоймай құмартқан үстіне құмарта береді. Бұл қазіргі кезде қоғамда көптеп кездесіп отырған келеңсіздіктердің бірі десек артық айтқандық емес.

Асыл дінімізде құмар ойындары харам етіліп, лағынеттелген. Бұл туралы Құран Кәрімнің «Мәида» сүресінің 90-91-аяттарында былай деген:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا إِنَّمَا الْخَمْرُ وَالْمَيْسِرُ وَالْأَنصَابُ وَالْأَزْلَامُ رِجْسٌ مِّنْ عَمَلِ الشَّيْطَانِ فَاجْتَنِبُوهُ لَعَلَّكُمْ تُفْلِحُونَ  إِنَّمَا يُرِيدُ الشَّيْطَانُ أَن يُوقِعَ بَيْنَكُمُ الْعَدَاوَةَ وَالْبَغْضَاءَ فِي الْخَمْرِ وَالْمَيْسِرِ وَيَصُدَّكُمْ عَن ذِكْرِ اللَّهِ وَعَنِ الصَّلَاةِ ۖ فَهَلْ أَنتُم مُّنتَهُونَ 

«Әй, мүміндер! Арақ, құмар, тігілген тастар (пұттар) және бал ашатын оқтар лас, шайтанның істерінен. Одан сақтаныңдар, құтыларсыңдар. Негізінен шайтан арақта, құмарда араларыңа дұшпандық әрі кек салып, Алланы еске алудан және намаздан қалдыруды қалайды. Ал сонда да тыйылмайсыңдар ма?». 

Бұл аятта ең үлкен күнәлардың қатарында Аллаға серік қосумен бірге арақ ішу, бал ашу т.б. бірге құмар ойнауды да ерекше атаған. Сол себепті де құмар ойындары Ібіліс лағынеттің істерінен екені еш шүбәсіз деп білуге тиіспіз.

Құран кәрімде құмар ойындарының адамды мас ететін ішімдіктермен бір қатарға қойылып, олардың адамға, отбасына, айналасына, қоғамға, қоршаған ортаға, моральдық құндылықтарға тигізетін кесірінің бірдей екендігі анық айтылған.

Сонымен қатар, құмар ойындары дос-жаран мен туған-туыстың арасына да іріткі салатын нәрсе. Ақшаның елесі оған еліткен жанды адастырып, көзін тұмандатып, жақын-жұрағаттарын ұмыттыратындығы сөзсіз. Оған берілген жан барша дүниені ұмытып, барлық есіл-дерті ақшаға ауып, соны қалай ұтып алуды ғана ойлайды. Былайша айтқанда, оның мақсаты құмарға тігілген ұтысты жеңіп алу ғана болады.

Ойынға араласқан барлық ойыншының мақсаттары – тек қана ұту. Ал ұтыстың тек бір адамда ғана қалатындығы белгілі. Жеңіліс тапқандар болса ашу-ызаға булығып, шайтанның арбауына мас болып, түрлі арам ойларға ерік береді.  «Жығылған күреске тоймайды» демекші, алдамшы сеніммен  ұтылған ақшасын қайтарып алу мақсатында тағы да ойнап, тағы да ұтылып, сол жерден айналшықтап кете алмайды. Қайтсе де жеңіске жету жолында шайтанның арбауымен қалтасындағы барын салады, болмаса қарызға ойнайды, нәтижесінде тағы да ұтылады. Соңында өзі де азғындайды, отбасы мен жақындарын да ұятқа қалдырып, аш-жалаңаштыққа ұшырайды, азып-тозады.

Ал ұтқан адам ше? Ұтқан қаржысына қанағаттана алмаған ол, ақша көбейген үстінен көбейе түссін деп шайтанның лас ісіне ары қарай арбалған үстіне арбала береді. «Өгізге туған күн бұзауға да туады», - демекші, дүние-кезек, күндердің бір күнінде ұтылыс бұған да жетеді. Оның да нәтижесі жоғарыда аталғандай болып шығады.

Құмар ойындары сондай-ақ, қоғамды жалқаулармен, еріншектермен, ар-ұятын сатушылармен толтырып, өзін, отбасын, айналасын, дінін ұмыттырады. Ондайға ұшыраған жанның барар жері белгілі.

Осы орайда дана Абай атамыздың:

-Өтірік, өсек, мақтаншақ,
еріншек бекер мал шашпақ, - немесе:

-Тамағы тоқтық, көйлегі көктік,
аздырар адам баласын, - деген өлең жолдары еріксіз ойға оралады.

Шын мәнінде, шариғат адамға зиян келтіретін ойындардың бәріне тыйым салған. Бұл туралы Пайғамбарымыз ﴾﴿ өзінің бір хадисінде: «Кім өз досына: «Жүр, құмар ойын ойнайық» десе, садақа берсін»[1],-дейді. Бұдан аңғаратынымыз, кімде-кім досына құмар ойынды ойнауға ұсыныс жасаса оның садақа беруі - міндет. Демек, ол күнәсі үшін садақа беріп қана құтыла алады деген сөз.

Сонымен қатар, хадисте айтылып тұрған  мағынада ойынды ойнау былай тұрсын, тек шақырудың өзі де харам екенін білдіреді. Сол себепті өтеу ретінде садақа беру - үкім болып табылады.  Пайғамбарымыздың ﴾﴿ бұл хадисте садақа беріңдер деп меңзеп тұрғаны ол жеке адам емес, бүкіл қоғамға зиян келтіретіндіктен жеккөрінішті құмар ойындарға тыйым салынғандығын көрсетеді. Өйткені қазіргі таңда құмар ойыны адам баласын өз-өзіне қол жұмсау, бір-бірін өлтіру, ажырасу, ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылық, қарызға бату сияқты халге де жеткізіп отыр. Бұдан да сорақысы құмар ойынға елітушілердің арасында өз әйелін, үйін, көлігін, т.б. қажеттіліктерін бәске тігушілердің де кездесетіндігі жасырын емес. Осылардың салдарынан қаншама отбасы ойран болып, жапа шегуде.

Кейбір адамдар білімінің төмендігінен Алланың кеңшілік-мәрхеметі мен кешірім-мейіріміне сүйеніп, көптеген парыз етілген әмірлер мен тиым салынған харам істерге жол беруде. Яғни, олар мойындарына парыз етілген істерді тастап қойып немесе оны атқаруда жалқаулық танытады да, сол өзінің кемшілігіне Алланың кеңшілігін айтып сылтауратады. Болмаса, Алла харам еткен істі жасайды да: «Алла кешіруші, мейірімді», – деп өз айыбын ақтауға тырысады, яғни, өзін өзі алдарқатады.

Қайталана берумен кішкене күнәлардың үлкен күнәларға айналатындығы белгілі. Ал сол күнәларды жалғастырып, қайта-қайта жасай беру - Алланың заңына ерегісіп, қарсы шыққан саналады. Ал, Алланың қылмыскер-күнәһарларға, шариғат заңдарына ерегісіп қарсы шығушыларға әзірлеген азабы өте қатты, тым ауыр. 

Алланың мейіріміне ғана сүйеніп, күнәлі істерге түскендер Оның азабының ауыр екенін ескере бермейді. Жаратушы Алла Өзінің кітабында былай деп айтқан:

نَبِّئْ عِبَادِي أَنِّي أَنَا الْغَفُورُ الرَّحِيمُ  وَأَنَّ عَذَابِي هُوَ الْعَذَابُ الْأَلِيمُ 

«Ей, Мұхаммед! Құлдарыма хабар бер. Күдіксіз Мен аса жарылқаушы, ерекше мейірімдімін. Және шын мәнінде азабым да өте күйзелтуші»[2].

Кім күліп күнә істесе, жылап тозаққа кіреді. Күнәһардың күнәсі себепті Алла тағала оны азапқа салатын болса оны құтқаратын ешкімнің де табылмайтыны ақиқат.

Қиямет күні барша билік Аллаға ғана тән болады. Ол күні ешкім ешкімге Алланың рұқсатынсыз арашашы, шапағатшы, жәрдемші бола алмайды.

Мұндай мәселелермен таныс адам өзін азапқа салуға ешқашанда беттемесі анық. Сондықтан діни сауатымызды арттыру – баршамыздың міндетіміз болып табылады.

Қиямет күні адам баласы дүниедегі барлық үлкенді, кішілі күнәлі істері үшін жауапты болып табылатындықтан бұ дүниеде сауапты істерді жиі атқаруға ұмтылуы керек. Бұл оның өзі үшін қайырлы. Ұлы Алла тағала Құранда:

يَوْمَ لَا يَنفَعُ مَالٌ وَلَا بَنُونَ  إِلَّا مَنْ أَتَى اللَّهَ بِقَلْبٍ سَلِيمٍ 

«Ол күні мал да, балалар да пайда бермейді. Бірақ кім Аллаға таза жүрекпен келсе ғана (пайда береді)»[3] деп айтқан.

Ғалымдар еңбексіз келетін табыстың негізгі түрлерінің бірі ретінде құмар ойындарын алға тартады. Сахаба Абдулла ибн Омардың ﴾р.а.﴿: «Құмар ойын – еңбексіз, оңай табыспен келеді», – деген сөзі бар. Сондай-ақ, ибн Жәриж Ата ибн Мәйсараның: «Еңбексіз, жеңіл жолмен келетін көлденең табыстың бәрі құмар ойын», – деп бағалағанын жеткізген. Ал Мәкхуль бұған қатысты: «Жеңіл жолмен келетін табыс – құмар ойын саналады, ал құмар ойын – ақша табу немесе ақшаның жеңіл әрі қиындықсыз және әділетсіздікпен жұмсалуы», – деп анықтама берген. Сондықтан, Ислам діні әр мұсылманды Алланың көрсеткен жолымен өз ризығын тауып, адал ас ішіп, иманның кәусардай таза бұлағынан сусындауын қалайды. Ал, құмар ойындардың адамды еңбек етуден тыйып, оны бос армандарға жетелейтіндігі анық. Құмаршы құмарға берілудің нәтижесінде Алланың алдындағы, қоғам, өзі мен отбасы алдындағы барлық жауапкершілікті ұмытып, өзіне берілген мүмкіндіктерден айырылады.

Шындығында, қандай да бір құмар ойын харам саналады. Бос уақытында құмар ойын ойнаған мұсылман одан лайықты деңгейде көңіл де көтере алмайды, дем ала да алмайды, ақша да таппайды. Әсіресе, қазіргі заманымыздағы дертке айналған, казино, букмекерлік кеңселерде ойнау, лоторея, карта ойнау сияқты жалпы бәс тігілетін ұтыс ойындары адамды бос үміт пен кездейсоқ жетістікке тәуелді етіп қояды. Оларға салынған адам Алла тағала бұйырған пайдалы да парыз істерден мақұрым қалады. Ұтыс ойындарында ойламаған жерден асығы алшысынан түскен адам маңдай терімен еңбек етпей-ақ, біреудің ақшасын тартып алып, қалтасына басқанмен тең саналады. Бірақ, бүгін ұтқан ақшасынан ертең ұтылып қалатындығын ескермейді. Әрине, мұндай құмар ойындарына Ислам діні түбегейлі қарсы. 

Расына келгенде, шариғатта рұқсат етілген ойындардың да бар екендігін айтуға тиіспіз. Ондай ойындардың басты ерекшеліктері – олардың адамға пайдалы және мағыналы болуында деп түсінуіміз керек. «Адамның денесі секілді, жүрегі де қалжырайды, сондықтан мағыналы ойын-сауық құрыңыздар», «Жүректі уақытымен демалдырып тұрыңдар, әйтпесе демалмаған жүрек соқыр жүрекке айналады»[4], дейді.

Мысалы, той-томалақтарда, салтанатты кештерде және сәби дүниеге келген кездерде мұсылман үмметі жиналып, өзара қуаныштарын бөліседі. Мұндай басқосулар шариғатта рұқсат етілген амалдар арқылы жүзеге асырылса құба-құп. Ал, арақ-шарап ішу, даңғазалық жасап билеу, дарақы күлкіге, бос әңгімелер мен өсек-аяңдарға жол беру – шайтанның істерінен саналатындықтан олардан сақтану қажет. Сондықтан демалыстың түрін жан-жақты екшеп барып қана таңдаған дұрыс.

Сонымен қатар, шариғатта әртүрлі спорттық ойындар мен жарыстарға да ерекше назар аударылады. Жалпы, спорт адамның денсаулығын жақсартып, өз-өзін сергек сезінуге күш беретіндіктен онымен айналысушы күнделікті діни құлшылықтарын да құштарлықпен жасайтын болады. Өйткені, спортшыда қалжырау, еңсесі түсу деген болмайды.

Қазіргі кезде көптеген спорт түрлерінің адам бойындағы ептілікті, күш-жігерді, ширақ қимылдау қасиетін, жүректілікті арттыратыны белгілі. Сондықтан да Пайғамбарымыз ﴾﴿ мұсылмандарды спортпен шұғылдануға шақырған. Бірқатар хадистерде Пайғамбарымыздың ﴾﴿ жүгіруден, күрестен жарысқа қатысқандығы, садақ ату, найза лақтыруға үндегені айтылады. Ал Құран кәрімнің «Әнфәл» сүресінің 60-аятында: 

وَأَعِدُّوا لَهُمْ مَا اسْتَطَعْتُمْ مِنْ قُوَّةٍ وَمِنْ رِبَاطِ الْخَيْلِ تُرْهِبُونَ بِهِ

«Сендер де шамаларың келгенше әртүрлі күш әрі ат байлаумен әзірлік көріңдер», - дейді. Пайғамбарымыздың ﴾﴿:»Күшті мұсылман әлсізден гөрі жақсырақ», - деген сөзі осы ойымызды қуаттай түседі. Және Бұхариден жеткен бір хадисте Пайғамбарымыздың ﴾﴿ бір топ сахабалардың жанынан өтіп бара жатып, олардың садақ атудан жарысып жатқанын көргенде: »Атыңдар, мен сендермен біргемін», - деп айтқаны келтірілген. Бүгінгі таңда да садақ ату, найза лақтыру секілді спорт түрлері олимпиада ойындарының қатарында бар.

Адамды ептілікке, мықтылыққа баулитын футбол ойыны болса мұсылман жастары арасында өте танымал әрі басты спорт түрі саналады. Бұл ойын жастардың бір-бірімен араласып, бауыр болуларына жағдай жасаумен қатар, жоғарыда айтқандай, денсаулыққа да пайдасы зор. Сондықтан, футбол секілді спорт ойындарына шариғат қарсы емес, егер ол ойын сені Аллаға құлшылық жасаудан қалдырмаса. Алайда, қазіргі күні көптеген спорттық жарыстарға бәс тігу секілді харам істердің араласып кетуі және қарапайым ойын үшін екі жақтың жанкүйелерінің бір-бірін өлтіруге дейін баруына, екі жақ болып жауласуына әсер етіп жатқаны өкінішті.

Ұтарын не ұтпасын білмесе де, «ұтармын» деген ықтималдыққа сүйеніп ақша тігіп ойнайтын ойындар Құранда «харам» еткен «мәйсир/құмар» («Мәйда» сүресі) санатына кіретіндіктен  шариғатта  тыйым салынады. Хазреті Әли мен Абдулла ибн Аббас және бірнеше табиғиндердің пікірі бойынша: «Нарды мен шахматқа құмар (ықтималдыққа сүйеніп ақша тігу) араласатын болса, ол – мәйсир», – деген деректер де айтылады[5].

Бұрынғы Ханафи мен Малики ғалымдары шахматты уақыт өлтіруші бос ермек ойындардың санатына жатқызып мәкрүһ деген. Өйткені, Пайғамбарымыз ﴾﴿ өзінің бір хадисінде: «...мұсылманның алданып, ермек еткен бос ойындарының (әл-ләһу) барлығы бекершілік. Тек садақ атып, атқа мінуді үйрену және әйелімен қалжыңдасу басқа»,–деген»[6] . Олардың пайымдауынша, хадисте айтылған үш ойыннан өзге ойындарды ақша тігілмесе де ойнау бос ермек (әл-ләһу), пайдасыз әрекет (әл-ғабәс) болғандықтан – харамға жақын мәкрүһ.

Осы тұрғыда имам Шафиғидің шахмат ойыны жайында айтқан мына сөзін келтіре кеткен артық болмас: «Шахмат ойыны адамның есте сақтау қабілетін дамытады, ойлау қабілетін тазартады. Соғыс өнері мен тактикасын үйретеді. Ол рұқсат етілген заттар қатарынан саналады. Осы жағымен де, садақ ату мен атқа міну тәліміне ұқсап тұр...»[7]. Ол өзінің тағы бір сөзінде: «Шахмат ойынында ақша тігілмей, жаман сөз айтылмай, намаз ұмытылмайтын болса ол харам емес»[8], – дейді.

Міне, спорт ойындарына құмартушыларға айтарымыз, ойынды ойнау барысында екеуара ақша тікпеу, ойын барысында бір-бірінің намысына тимеу, балағат сөздер айтпау, ойынның қызығына алданып намазды қаза етпеу және бүкіл уақытын соған арнап, одан да маңызды істерден өзін мақұрым етпеу керек.

Жалпы, құмар ойындарының зардабы елдің дамуына өзіндік кері әсерін тигізіп, адамның кері кетуіне ерекше ықпал ететіндігі сөзсіз екендігін нақты ұғынуға тиіспіз. Ел болып, бесігімізді түзейік десек, құмар ойындарына шатылып, шайтанның арбауына түспейік.  Иманымызды күшейтіп, өзімізге, отбасымызға, айналамызға, қоғамға, қоршаған ортаға пайдалы істермен айналысайық. Алла тағала бізді құмар сияқты лас ойындардың шырмауына түсуден сақтасын деп тілейік.

Әмірбеков Ғайырфулла Қуанышбекұлы
Жамбыл облысы. Жамбыл аудандық «Бәйдібек» мешітінің Бас имамы


[1] Бұхари, Мүсілім
[2] «Хижр» сүресі, 49-50 аяттар.
[3] «Шуғара» сүресі, 88-89 аяттар.
[4] Әли ибн Әбу Тәліп (р.а.).
[5] Қуртуби тәпсірі
[6] Тирмизи
[7] Бадаиғ, әл-Истихсан
[8] Фахруддин Рази

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру