Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

ЖҰМАҚ ПЕН ТОЗАҚҚА КІМДЕР БАРАДЫ?

03.11.2015 20340 0 пікір

Өлім – Алла Тағала тарапы-нан адамзатқа жіберілетін ұлы хабар. Оған әр адам өзінің болмысымен, өмір жолымен жетеді. Ал, құпиясын білу мүмкіндігі ешкімге берілмеген. Өйткені, өлімнің белгіленген мерзімі, арнайы заңы жоқ. Әркімді кенеттен Өлім періштесі тосуы мүмкін. Ол періштені Мәләкүл-Мәут немесе Әзірейіл дейді. Ол Жаратушыға тәуелді, әмір күтеді, уақытында келеді, міндетін орындайды. Адам баласының көзіне ол бір-ақ рет көрінеді. Яғни кімде-кім өлім періштесін көрсе, өмірлік уақытының біткені. Содан болар, адамзат өлім періштесінің атауынан шошиды. Кейбір қазада «Сұм ажал» деп, өлімді «Жалмаған қара жер» деп, табан тіреген жеріне қарғанып жатады. Негізі, бұл қателік. Түптің-түбінде ажал сол адамның жанына келеді. Сол жерге өзі жатқанда, қарғысы жанын ащы, жерін қатты етуі мүмкін.  

Өлім – екі әлем арасындағы шекара. Ол хақ, одан ешкім құтыла алмайды. Өмір бар жерде өлім бар. Алла Тағала: «Әрбір жан (періште, адам, жын, жан-жануар) өлімді татады...» («Әнбия» сүресі, 35-аят), – деген Құран Кәрім аяты арқылы ащы шындықты жеткізеді.

Біле жүр!
Ақылдан адасқандардың,
Ажалдан адаспайтынын.
Тақ үшін таласқандардың,
Табытқа таласпайтынын, – деген қазақ «Тақ пен табыттың иесі болмайды», - дегенді біліп айтады. Дүниені дүбірлеткен небір хас батырлар, елді билеп төстеген хандар мен патшалар, өткір тілді би шешендер, дәулеті тасыған бай, тақыр кедей, ер мен әйел, жас пен кәрі бұл өмір мен ана дүние шекарасынан өтті. Атамыз қазақ «Әдірем қалған дүние» деп бекер сөйлемеген. Бір қызығы, өлім жанына келіп жантаймайынша, адамзат оны мойындағысы жоқ. 

Мәселен, сауап және сый, төлем мен жаза болмаса, «күнә», «айып», «зұлымдық»  атауларының мәні жоғалады. Сол сияқты, өлім болмаса, өмір қадірін, дүние құнын, бір күндік уақытты еш пенде білмей өтеді. Адам өлімнен қорқып, өзін жеңер. Алайда,  өлімнен емес, бірінші Алладан, екінші Тозақ отынан қорыққаны жөн. Қазіргілер «Ана дүниеге өткенде, Аллаға не айтам?», - дейді. Көзімен көрмеген, қолымен ұстамаған, санасына сыймайтын Жаратқанның құпия әлеміне өту көпірден өткендей емес. Ол жаққа ақыл мен парасаттағы зор иман қажет! Ол – сенімдегі жеті парыздың жетіншісі, яғни  қайта тірілуге иман келтіру. «Бұл өмірде адамдардың бәрі бақытты, бірақ өздері білмейді», - дегенге қанаттанған бір ақынның:

Бақыттың кілтін Алла жасырып қойған,
Біреулер оны базардан іздейді,
Біреулер мазардан іздейді,
Мүміндер оны намаздан іздейді, – деген ұлағаты бар. Әбу Хурайра (р.а.) дүниеден өтерінде: «Өмір  сүріп,  азық  жинадым. Азығым амал, жүретін сапарым ұзақ. Сол азығымның қай жерде аяқталатынын білмеймін. Ол не тозақ, не жәннат болады», – деген екен.

Жұмақ пен Тозақ – Алла Тағаланың патшалығында Қиямет күні күтетін мекендер. Бұлар Жаратушы хикметі, адамзаттың үміті пен үрейі. Олардың хақтығын Құран Кәрімдегі керемет аяттар айқын дәлелдейді. Бұл мекендердің барына сенбегендер – Алланы танымағандар. Бұл мекендер ғайып болмайды, ешқашан жоғалмайды, мәңгілігін тоқтатпайды. Жәннат мекені жайлы Құран: «Раббыла-рыңның құзырында олардың (мүміндердің) сыйлары – ішінде мәңгі бақи қалатын, астарынан өзендер ағатын Адын (бейішінің) бақтары. Алла оларға разы әрі олар да Одан (Алладан) разы. Осы (сый) – Раббысынан қорыққан жан үшін», – деп баяндайды («Бәйинә» сүресі, 6-аят).

Қияметтің ұлы күнінде Жұмаққа Алланың рақымы, Тозаққа әділдігі жүреді. Адам баласы бұл өмірде Жәннаттың ғажайыптарын көре алмайды, Тозақты мекендеушілердің зарлы дауысын ести алмайды. Әркім өзіне-өзі  әзірлегенімен мекендерге өтіп, өтемін сол жақта өтейді. Алла тарапынан адамдарға зияндық жасалынбайды. Ал, Тозақ мекені  жайлы Құранда: «Ақиқатында, Кітап иелері мен мүшріктерден кәпір болғандар жәһаннам отында мәңгі-бақи қалады. Солар – жаратылыстың ең жаманы», – делінген («Бәйинә» сүресі, 8-аят). Ал, жақсылық пен жамандық адамның екі қанаты, жолының қарауылдары. 

Тозақ – отты түнек. Жанды түршіктіре құлаққа түрпідей естілетін сөз. Бұдан адамға бірден от жалыны елестеуі мүмкін. Алайда, ол мүмкін бе? Жалғанда шөкімдей оттың жалаңдаған ұшқыны қандай? Ал, алапат түнектің ордасында болу одан да жаман, Алла одан сақтасын! Негізінде, Тозақты еске түсіру үшін, сол шөкім от Алланың салмақты ескертуі. Дегенмен, Тозақ – пендені ойландыратын, есті жинататын, күнәларды санататын, жамандықтан тыйдыратын нәрсе. Керісінше, азғырғанға ергенді, сауапты ұмытқанды, жақсылық жасамағанды Алланың мейірім рақымынан айырушы мекен. Құдіреті күшті Жаратушы айтады: «Олардың (зиянға ұшырағандардың) үстерінен де оттан шатырлар (қабаттар),  астарынан да шатырлар  (қабаттар)  болады. Міне, Алла сол (азап) арқылы Өз құлдарын қорқытады. Уа, Менің құл-дарым, Менен қорқыңдар!» («Зүмәр» сүресі, 16-аят). 

Аллаға иман келтірмеген, шариғат үкіміне қарсы болған, Алла елшілерін жалған санаған адасқан қауымдардың барар жері сол жақ. Оның ғаламзаттың қай жерінде орналасқаны белгісіз. Хафиз ас-Суйутидің: «Тозақ мекенінің орналасуы жайында бір тоқтамға келу мүмкін емес. Ол бір Аллаға ғана аян және бұл тақырыпқа байланысты сенімді бір хадис жоқ», – дегенмен тоқтайды. Сол сияқты, келесі бір ғалымның: «Жұмақ пен Тозақтың орнын белгілейтін нақты мәтін жоқ. Ол мекендер Алла Тағаланың қалаған жерінде. Оның әлемін және Оның мекендерін білімімізбен қамту мүмкін емес», – деген пайымына: «Осы сұраққа «Алланың қалауында» деген тоқтам қолайлы жауап», – деген тұжырымды үшінші бір ғалым айтады. Жалпы, бұл дұрыс пікір.  

Тозақ сипаты – үрей! Қасиетті кітаптардағы деректер бойынша, Тозақ тереңдігінің көлемі ауқымды. Арақашықтығы үлкен, алып зор алаң, сансыз күнә көтерушілерді қамтиды. Орасандығы Жаратушының құзырында. Аллаға ғана мәлім, бұдан жер бетіндегі күнә атаулының көп болатындығы қорқыныш.

Оттың алаулары күнәлардың ауырпалықтарына қарай әркелкі. Яғни Тозақ оты бәріне бірдей емес. Алла Тағаланың: «Ақиқатында, мұнафықтар тозақтың ең төменгі деңгейінде болады да, олар үшін еш медеткер таба алмайсың», – деген «Ниса» сүресінің 145-аяты бар. Ғалымдар «Жұмақ сатылары жоғары қарай көтеріледі, Тозақ сатылары төмен қарай түседі», – десе, тақуа арғы аталарымыздың: «Аллаға серік қоспаған күнәһарлар тозақтың жоғарғы сатысында», – дегені бар. Кейбір жазбаларда Тозақ сатыларына атау беріледі. Яғни Жәһаннам (азынаған жел), Ләзға (күйік), Әл-Хутама (тамызық), Ас-Сағир  (жалын), Сахар (тамұқ), Әл-Джаһим (түнек), Әл-Һауиа (шыңырау).

Тозақтың жеті қақпасы және олардан Аллаға иман келтірмеген, Ібіліске ерушілер енетіндігі айтылады: «Һәм, асылында, жәһаннам – олардың (Ібіліс пен оның ізіне ергендердің) бәрінің уәделі орны!» («Хижр» сүресі, 43-аят) немесе «Оның (жәһаннамның) жеті қақпасы бар. Әрбір қақпаға олардың (Ібіліс пен оның ізіне ергендердің) бір бөлігі бөлінген» («Хижр» сүресі, 44-аят) деп мәлімделеді. 

Қиямет күніне дейін Тозақ есіктері ашылып, жабылып тұрады. Әбу Хурайра Мұхаммед (ﷺ) пайғамбарымыздың: «Рамазан айы кіргенде, Жәннаттың есігі ашылып, Тозақтың есігі жабылады, шайтандар кісенделеді», – деген нақты өсиетін жеткізген.

Тұрғындарының тағамы от, дәмі ащы сасық тікен. Сусыны қайнаған май тәрізді жалын-ды су, қанды ірің. Киімі от, төсеніштері мен жамылғылары от.   

Тозақты алапаты күшті үлкен періштелер күзетеді. Олар Алланың әмірін күтеді, саны кейбір деректер бойынша он тоғыз. Періштелерде рахымдық сипат болмайды. Бұл жөнінде Алла Тағала: «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңді және отбасыларыңды отыны адамдар мен тастар болатын оттан (тозақтан) қорғаңдар! (Тозақтың) үстінде Алланың бұйырғанын екі етпейтін, әмір етілгенді (бұлжытпай) орындайтын сұсты да күшті періштелер болады», – дейді («Тахрим» сүресі, 6-аят).  

Құран мен сүннет дерек-терінде Тозақ көруші, сөйлеуші, шағымданушы. Ұлы жазбаларда өзіне алып келе жатқан күнәһарды алыстан көре сала, оған деген жиіркеніші мен қаһарын білдіріп, Тозақ ащы үрейлі дыбыс шығарады.

Бұхари хадистер жинағынан Мұхаммед (ﷺ) пайғамба-рымыздың: «Алла Тағала, мен өзімді-өзім жалмап барамын» деген Тозаққа қыс және жаз айларында орындайтын екі амалға рұқсат берілді. Бұл сендердің қыста сезетін ызғары қатты аяз үскірігі мен жаздың аптап ыстығы», – деген Тозақ жайлы хадисін оқуға болады. Бұл Тозақтың жер үстіне тигізер әсері. Бұрынғы аталарымыз көлеңкені тасалап, жүзін төмен түсірген күйі күбірлеп, Аллаға сыйынып, Тозақты еске алатын.   

Бұл мекенге адамдар Алланың зұлымдығымен емес, әділдігімен өтеді. Бұл адамның өз таңдауы. Мәңгілік тұрғындарының көбісі – Аллаға иман келтірмегендер, Оған серік қосқандар. Бұл хақында Құранда көптеген аяттар келтірілген. Соның бірінде: «Ал, аяттарымызды өтірікке шығарып, оларға менменсіне қарағандар болса, солар – тозақтықтар, онда (тозақта) мәңгі бақи қалады», – делінеді («Ағраф» сүресі, 36-аят). 

Осы өмірде Тозаққа шақы-рушылар да болады. Ол өзінің соңынан ерткен халқын Тозаққа да алып барады. Бұған Перғауынның тірлігі мысал. Бұл жайында Құранда: «(Перғауын) Қиямет күні қауымын бастайды да, оларды тозаққа апарады. Һәм апарған жағы неткен жаман еді!», – деп айтылған («Һуд» сүресі, 98-аят).

Тозақтың мәңгі азабына ұшырататын ең ауыр күнә – Аллаға серік қосу. Бұл жайында жетпіс күнәні топтаған Имам Зәһабидің еңбегінде кеңінен баяндалады. Хадистерде ең үлкен күнә қатары Аллаға серік қосу, адам өлтіру, өз-өзін өлтіру,  ата-анаға қарсы шығу, жалған куәгер болу делінеді. Одан басқа, Алладан үміт үзу, Жаратқанның қаһарынан қорықпау, Алланың бұйрығын тәрк ету, Оның тыйымдарынан бас тарту, Елшілерді айыптау, сүннетке қайшылық тудырған ағымға еру, елі, діні үшін жиһадтан бас тарту, дін ұстанған адал әйелді қаралау, жетім дүниесін жеу, туыс-туғанмен қарым-қатынас үзу, жаратылысқа қорлық көрсету, өтірік, ғайбат, бақытсыздықта сабырсыз болу, өсімқорлық, тәкаппарлық, сиқырлау, әділетсіздік, зинақорлық, сатқындық, опасыздық, сараңдық, көре алмаушылық тәрізді күнә игерген адамдар және дінге сенбеген жындар Тозақ тұрғындары.

Жұмақ – қасиетті мекен. Құлаққа жұмсақ естілетін, жанды рахаттандыратын Жұмақ атауының өзі көңілге қонымды, жүректі қуантады. Алла Тағаланың бұл сыйына бөлену мүлдем бөлек, ерекше сезім. Негізінде, Жұмақ – Алланың тақуаларға арнаған ұлы марапаты, қымбат сыйы. Бұл күмәнсіз, зиянсыз, қоспасыз, кінәратсыз, кіршіксіз, таза, пәк, мәңгілік мекен. Орналасқан орны Аллаға мәлім! Оған адамдар Ұлы Жаратушының мейірімімен енеді. Жәннат тұрғындары ешқайда кетпейді, басқа мекенге өтпейді, мәңгілік тірі, мәңгілік сұлу, мәңгілік жас, мәңгілік рахатта болады.

Жұмақты елестету, нақты суреттеу, қиялға салу мүмкін емес. Жалғанда оған теңдес дүние жоқ. Жері айна тәріздес күмістен жасалған ақ мәрмәр. Онда күн де жоқ, аяз да жоқ, түсі ақ. Кейбір аңыз әңгімелерде «Жұмақ – жарқыраған әлем, саф ауа, тербелген шөп, сылдырлаған бұлақ, піскен жеміс, биік шаһарлар, сұлу әйелдер, жалт-жұлт еткен сансыз жасаулар» кейпімен суреттеледі. 

Құран Кәрімде баяндалғандай, Жұмақтың өзендері шексіз, сулары еш бұзылмайды, дәмі өзгермейді. Балдан тәтті, сүттен ақ Кәусар өзені Құранда айтылған. Алла Тағаланың Құранында Жұмақ жайлы: «Жемісі қатар-қатар банан ағаштарының (ішінде), һәм (мәңгі) созылған көлеңкеде, және ағып жатқан судың (қасында), «әрі көл-көсір жемістің (арасында), таусылмайтын әрі тыйым салынбайтын (жемістердің), сондай-ақ биік төсектерде», – делінген («Уақиға» сүресі, 29-34-аяттар).

Жұмақ тұрғындары жұмсақ мінезді, ашық жарқын болады. Тұрғындары үшін ең басты игілік – Алла Тағала уәде еткеніндей, ең бір қайырлы жұма күнінде Оның дидарын көру!        

Жұмаққа алғаш болып Мұхаммед (ﷺ) пайғамбар, сосын сахабалары енеді. Оларды бастап кіретін Әбу Бәкір Сыддық. Одан кейін Аллаға ерекше сенім білдірген, Одан айрықша қорыққан, елді әділ басқарған, ақиқатты адал ұстаған, ізгі амал жасағандар, есеп берместен енеді. Олар Жұмақта сапқа тізілгенде, ешбіреуі бірін-бірі басып озбайды. Жүздері толған айдай жарық әрі нұрлы болады. 

Жұмақ төрінің «Уәсила» деген атауы бар. Онда тек қана бір адам, яғни Алланың қалауы түссе, Оның Елшісі, таңдаулысы Мұхаммед (ﷺ) пайғамбар отырады. Ал, одан кейінгі жоғарғы сатыларды Алла жолында шахид болғандар иеленеді.

Жыл – ағаш, айлар – үлкен бұтақ, күндер – кіші бұтақ. Уақыты – жапырақ, сәттері – жеміс. Егер адам өмірлік сәттерін Жаратушыға арнаса, онда ағаштың жемісі тәтті болғаны. Ал, егер Аллаға құлақ аспаумен сәттерін өткізсе, жемісі ащы келеді. Қайта тірілер күні жинаған өнімнен кімнің жемісі тәтті, кімнің жемісі ащы болатыны анықталады. Ендеше, сол ұлы есеп күні баршамызға берілер есенің тәтті болуына қам жасайық, ағайын!

Нұрлан Асанов,
ҚМДБ-ның Өскемен аймағындағы өкіл имамы

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру