Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Qazіr

16 April 2024

7 Sháýýál 1445 Хижра

  DINI MEREKELER

Сұлтан Фатих – Пайғамбар (ﷺ) мақтаған қолбасшы (+ВИДЕО)

29.10.2015 8894 0 пікір
Ислам тарихы куә болған ең ғажайып қолбасшылардың бірі – Осман әулетінен шыққан Мұхаммед Фатих. Ол билікке келгенде жиырмадан сәл ғана асқан жігіт болатын. Ол – Осман әулетінен шыққанымен, ең әуелі мұсылман екенін жадында ұстаған тұлға. Жас жігіт Ислам империясының тізгінін қиын шақта қолға алды. Андалусия мемлекеті құлаған. Аббаси халифалығы құлдырай бастаған кез. Бұған қоса, 658 һижри жылы Айн Жалуд шайқасында асқан ерлікпен Моңғол-татар шапқыншылығына тойтарыс берген Мәмлүктер мемлекетінің де әлсіреген тұсы.

Аюбилер, Аббасилер мен Мәмлүктер құлаған соң, тағдырдың жазуымен Ислам әлемін қорғау Осман сұлтандығы иығына жүктелді. Еуропа солтүстік Африканы, оның ішінде Тунис, Алжир, Маракиш мемлекеттерін ығыстыруда еді. Осындай қиын шақта тарих сахнасына Осман мемлекетінің шығуы Ислам әлемін тұтастай құтқарып қалды десе болады.

Мұхаммед Фатих – Екінші Мұрадтыңұлы сұлтан Мұхаммед екінші (1451г./855һ.). Осман әулеті шежіресіндегі жетінші сұлтан. Оның лақап аты – Фатих (Жеңімпаз) және Әбу Хайрат (Жақсылықтың атасы). Сұлтан Фатих шамамен отыз жыл ел биледі. Оның дәуірі мұсылмандар үшін жақсылық пен берекетке тола болды. Ол Осман халифалығы билігін һижраның 855-жылы 16-мұхаррамда (18.02.1451ж.) алды. Сол кезде жасы 22-гі жігіт. Мұхаммед Фатих күш пен әділдікті тең ұстаған ерекше қабілетті тұлға болды.

Мұхаммед сұлтан ғұламаларды құрметтеп, олардың мәжілісіне қатысқанды ұнататын. Ілім мәжілісінен көптеген хадистерді тыңдап, тәлім алды. Сондай мәжілістердің бірінде:

لتفتحن القسطنطينية على يد رجل، فلنعم الأمير أميرها، ولنعم الجيش ذلك الجيش

«Константинополь бір кісінің қолымен фатх етіледі. Сол қолбасшы неткен тамаша қолбасшы, сол әскер неткен тамаша әскер[1]», – деген Пайғамбар () сөзін естиді. Сол күннен бастап Пайғамбар () мақтаған қолбасшы болуды армандады.

Тәлім-тәрбие берген ұстаздары оған Ислам мен иманды жақсы көруді, Құран мен Пайғамбар сүннетіне амал етуді бойына сіңірді. Мұхаммед Фатих шариғат қағидаларын аса ыждахатпен орындауымен, тақуалық және діндарлығымен ерекшеленді. Ғылым мен ғұламаларды құрмет тұтып, Ислам тәлімдерінің насихатталуына үлес қосты.

Әсіресе, сұлтанның шариғатқа қайшы бұйрықтарына қарсы тұрып, сұлтанды атымен атайтын ғалымдарды ерекше бағалайтын. Міне, сондай ұстаздардың тәрбиесін көрген сұлтан Мұхаммед шариғат әмірі мен тыйымдарын қатаң орындаушы, дін амалдарын ең әуелі өзі орындап, соң қарамағындағы адамдардан талап етуші тұлға боп жетілді. Ол үнемі ізгі де сөзіне амал етуші ғалымдардың батасымен жүрді.

Сұлтан Мұхаммед тарихи кітаптарды зерттеуге көп әуестенді. Өзінің ата-бабалары сияқты Ислам әлемінің тұтастығын нығайту жолында аянбай қызмет етті. Мемлекеттің қаржы қазынасын қатаң қадағалауда ұстап, артық шығындарды кесіп, қажеті жоқ ысырап, шашып-төгуді доғартты. Мемлекет әскерін әрі дамытып, жүйесін жетілдіре түсті. Әскерге бөлінетін қаражат пен жалақыны өсірді. Заманына сай қару-жарақпен қамтамасыз етті. Осман халифалығы қарамағындағы мемлекеттердің билік жүйесін ретке келтіріп, қызметке енжар және селқос қарайтын әкімдерді ауыстырды.

Осылайша, сырттан мемлекетке көз тігіп отырған жаулардың соғысу немесе шабуылдау әрекеттерін тыйып тастады.

Сұлтан Мұхаммед Канстантинопальді фатх ету жоспарында асқан күш-қайрат жұмсады. Сондай-ақ, Осман әскерінің қатарын сазбаздармен толықтыруда бұрын-соңды болмаған жоспарлар жүзеге асты. Әскер саны ширек миллонға жетті. Сол заманның көрсеткіші бойынша, бұл өте үлкен сан еді. Бұл әскер түрлі қару-жарақпен соғысудың әрқилы тәсілдерін меңгерді. Сонымен бірге, әскердің рухын көтеруге де мән берді. Әскерге Пайғамбардың () мақтаған әскері болу үшін тақуалыққа, діндарлыққа үндеді.

Әскери тактикалық тұрғыдан сұлтан Мұхаммед Еуропа жақтан қорған болатын қамал сала бастады. Қамал Босфор бұғазының ең тар тұссына – Азия құрлығындағы Баязид сұлтан кезінде салынған қамалға қарама-қарсы тұрғызылды. Осылайша, екі қамал арасы тек 660 метр ғана болды. Бұл тактикалық қадам арқылы сұлтан теңізден өтетін кемелерді толықтай өз бақылауына алды.

Константинопольді алу жоспарының ендігі қадамы – қару-жарақты дамыту. Ең маңыздысы, зеңбіректерді. Ол үшін сол заманның ең тәжірибелі инженерді шақыртып, қаржы, шикізат пен көмекші мамандармен қамтамасыз ете отырып, үлкен зеңбіректер жасап шықты. Сол кездегі құйылған ең үлкен зеңбірек салмағы жүздеген тоннаға жеткен. Оны қозғалту үшін жүз өгіз жегілетін болған.

Сонымен бірге, Осман теңіз әскерін дамытуға да ерекше ден қойды. Түрлі санаттағы кемелер жасап, флотты күшейтті. Себебі, Константинополь –теңізді қала. Оған теңіз арқылы ғана жол жатыр. Сұлтан кемелерінің саны соғыс қарсаңында 400-ге дейін жетті.

Константинопольге жорық

1453-жылы (857 һ. 26-рабиулаууал) Мұхаммед Фатих Константинопольді құрлық жағынан 250 мың әскермен, теңіз жағынан 420 кемемен қоршауға алады. Сұлтан Фатихтың тағы бір ғажайып әдісі – Эдирнеден Константинопольге дейін алпауыт зеңбіректерді тасымалдау үшін арнайы жасатқан жолы еді. Зеңбіректерді екі айға жуық мерзімде белгіленген жерге алып келді.

Қаланың ең осал тұсы бұғаздың тар жері еді. Алайда, ол жерге мықты қорғаныс жасалған еді. Кемелердің жақындауына мүмкіндік бермеді. Атырапты жіті зерттеген сұлтан мен әскери қолбасшылар жаңа айла-тәсіл тапты. Жаудың қорғанысына бетпе-бет келмей айналып өтіп, бүйірінен шабуылдау. Бірақ, бұл үшін кемелерді құрлықпен тасымалдау қажет еді. Бұл бұрын-соңды қолданылмаған әскери әдіс еді. Жаудың ешбір күдігін тудырмау үшін шайқас әдеттегідей жүріп жатты. Екінші жақтан түн жамылып 3 миль қашықтықтық құрлықты зәйтүн майымен майланған ағаш бөренелер үстімен дөңгелете отырып 70 кемені тасымалдап өтті. Күн қылау берген шақта қаланың қабырғанына оқ жетердей жерде жетпіс кеме шайқасқа дайын тұрды. Темір сауытпен қапталған және жақсылап суланған терілермен жабылған үш деңгейлі жылжымалы шағын қамалдар жасап шықты. Ең жоғарында садақшылар бекінген. Олар қамалдағы жауға оқ жаудырып, мұсылман әскерінің қамал қабырғасынан өтуіне жағдай жасады.

Бұл шайқаста қолданылған ең тың әскери тәсілдің бірі – жер асты жолдарын қазу еді. Бірқатар жерден қалаға алып кіретін жерасты жолдары қазылды.

Шешуші шайқас басталар күні сұлтан әскерге жан-тәнін тазартып, намаз оқуды, дұға-тілек жасап, қосымша құлшылықтар арқылы жүректерін тазалап, жеңіс тілеуге үндеді.

Сол күні қала мен оның маңайына жаңбыр жауды. Мұсылмандар мұны жақсылықтың нышаны деп қабыл алды. Ғұламалар да Бәдір шайқасы күні жаңбыр жауғанын айтып, жігерлендіріп тастады. Алайда, румдықтар жаңбырдың арты дауылға айналып, мұсылмандар жеңіліс табады деп ойлады. Бірақ, жаңбыр себелеп, жанға жайлы ауа боп тұрды.

Константинополь һижраның 857-жылы, 20-жумадулуләда фатх етілді. Бұл 1453 жыл еді. Қала тұрғындарының басым көпшілігі шіркеуді паналап, жан сақтамақ болды. Осман әскері бекітілген жоспар бойынша бір мезетте құрлық және теңізден қатар шабуыл жасады. Мұсылман әскері қаланың солтүстік мұнараларына туын тігіп, қалаға мұсылмандар енгенін білдірді. Қала толығымен мұсылмандар қолына өткенде, шаһарға Мұхаммед Фатих кірді. Сұлтан өз қолбасшылары мен әскеріне: «Сендер Алла елшісі () сүйіншілеген Константинопольді фатх етушілерсіңдер!» – деп, жеңіспен құттықтап, тұрғындарға қарсы қылыш көтеруге қатаң тыйым салып, халыққа жұмсақтық танытуды әмір етті. Сұлтан Мұхаммед атынан түсіп, екі дүние сұлтаны хабарлап кеткен қолбасшы болуды маңдайына бұйыртқан Жаратушыға шүкіршілік етіп сәжде етті. Мұхаммед Фатих Айя София шіркеуіне бет алды. Онда халық бас сауғалап өз мінәжаттарын оқып жалбарынып жатқан. Діндарлардың бірі шіркеу қақпасын ашты. Жұрт үрейленіп, құты қашты. Алайда, сұлтан халыққа тынышталып, ешбір нәрседен қауіптенбей үй-үйлеріне қайтуды әмір етті. Халықтың мұсылмандар жер бетіне зұлымдық тарату үшін, қантөгіс үшін келмегеніне көзі жетті. Тіпті, шіркеудің мінәжатханасына тығылып қалған діндарлар шығып, сұлтанның мейірімін көріп, Исламның иләһи дін екеніне анық көздері жетіп, мұсылман болғандарын жариялады.

Дегенмен, Мұхаммед Фатих насара дін қызметкерлеріне өз дін жоралғыларын толық сақтап, орындауына ешбір тыйым болмайтындығын жеткізді.

Сұлтан Мұхаммед Фатих қоластындағыларға өте мейірімді болды. Ол осы ұғымды билікте көрсете білген тұлға еді. Өйткені, ол Ислам мемлекетінің сұлтаны еді. Ислам – бейбітшілік діні. Бұл әр сүресі «Ерекше мейірімді, аса қамқор Алланың атымен» басталатын Құранға амал еткен басшы еді. Мейірімділік пайғамбары () залым, қанышер адамды мақтап «тамаша қолбасшы» деп атамаған болар еді. Осман сұлтандығы әлһи сүннет уал жамағаттың ақидада Матуриди мазһабын, ал шариғатта – Ханафи мазһабын ұстанған. Егер, бұл мазһабтар Құраннан бастау алатын және сүннетке сүйенген ақиқат жол болмаса, екі дүние сұлтаны ол қолбасшыны және оның әскерін бұлай мақтамаған болар еді.

Ербол Абдуахитұлы


[1] Ахмед

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру