Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

ПАЙҒАМБАР (ﷺ) КІМДІ САҒЫНАДЫ?

26.10.2015 5828 0 пікір

Ардақты Алла елшісі (ﷺ) біздерді еске алып:

  مِنْ أَشَدِّ أُمَّتِي لِي حُبًّا نَاسٌ يَكُونُونَ بَعْدِي ، يَوَدُّ أَحَدُهُمْ لَوْ رَآنِي بِأَهْلِهِ وَمَالِهِ

«Үмбетімнен мені қатты жақсы көретін жандар – менен кейін келетін адамадар. Тіпті, олардың біреулері мені отбасы және мал-дүниесімен бірге көруге ынтық»[1],-деді.

Иә, пайғамбарымыз (ﷺ)-ға үмбет болған, жүрегінде оған  деген сүйіспеншілігі бар әрбір пенденің осы дүниедегі ең ұлы арманы – бір рет болсада оның (ﷺ) нұрлы жүзін көру.

Дегенмен, Алланың жазмышымен бұл өмірде Алла елшісі Мұхаммад (ﷺ)-ды көру біздерге нәсіп болмаса да, Жаратқан Иеміз ақырғы деміміз қалғанша оның (ﷺ) тура жолымен жүруді, сүннетіне ілесуімізді нәсіп етсін!

Әбу Һурайра (р.ғ.)-дан жеткен хадисте:

أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ أَتَى الْمَقْبُرَةَ فَقَالَ : السَّلامُ عَلَيْكُمْ دَارَ قَوْمٍ مُؤْمِنِينَ ، وَإِنَّا إِنْ شَاءَ اللَّهُ بِكُمْ لاحِقُونَ . وَدِدْتُ أَنَّا قَدْ رَأَيْنَا إِخْوَانَنَا . قَالُوا : أَوَ لَسْنَا إِخْوَانَكَ يَا رَسُولَ اللَّهِ ؟ قَالَ : أَنْتُمْ أَصْحَابِي ، وَإِخْوَانُنَا الَّذِينَ لَمْ يَأْتُوا بَعْدُ . فَقَالُوا : كَيْفَ تَعْرِفُ مَنْ لَمْ يَأْتِ بَعْدُ مِنْ أُمَّتِكَ يَا رَسُولَ اللَّهِ ؟ فَقَالَ : أَرَأَيْتَ لَوْ أَنَّ رَجُلا لَهُ خَيْلٌ غُرٌّ مُحَجَّلَةٌ بَيْنَ ظَهْرَيْ خَيْلٍ دُهْمٍ بُهْمٍ ، أَلا يَعْرِفُ خَيْلَهُ ؟ قَالُوا : بَلَى يَا رَسُولَ اللَّهِ . قَالَ : فَإِنَّهُمْ يَأْتُونَ غُرًّا مُحَجَّلِينَ مِنْ الْوُضُوءِ ، وَأَنَا فَرَطُهُمْ عَلَى الْحَوْضِ ، أَلا لَيُذَادَنَّ رِجَالٌ عَنْ حَوْضِي كَمَا يُذَادُ الْبَعِيرُ الضَّالُّ ، أُنَادِيهِمْ : أَلا هَلُمَّ ، فَيُقَالُ : إِنَّهُمْ قَدْ بَدَّلُوا بَعْدَكَ ، فَأَقُولُ : سُحْقًا سُحْقًا .

«Бір күні Алланың елшісі (ﷺ) қабірге келіп: «Алланың сәлемі болсын! Иман келтірген қауымның әлемі! Алла қаласа, біз де сендерге ілесерміз!» – деді.Сосын: «Бауырларымды көргім келді», – деді. Сонда (сахабалар): «Уа, Алла елшісі! Біз Сіздің бауырларыңыз емеспіз бе?», – деп сұрады. Ол (ﷺ): «Жоқ, сендер менің сахабаларымсыңдар, ал бауырларымыз әлі келген жоқ», – деді.Сахабалары: «Уа, Расулалла! Үмбетіңіздің кейін келгендерін қалай танисыз?» – деп сұрады. Ол (ﷺ): «Егер қара түсті көп жылқының ішінде біреудің маңдайлары қасқа, аяқтары ала жылқысы болса, сол жылқыларын танымай ма?» – деді.Сахабалары: «Әрине, таниды, Расулалла!» – десті. Ол (ﷺ):«Олар Қиямет күні дәрет алудың әсерінен маңдайлары мен аяқтары ақ болады. Мен хәуізге (Кәусар бұлағына) олардан бұрын барамын. Сонда бір адамдар адасқан түйенің қашқаны сияқты хәуізімнен әрі қуылып, қашады. Мен оларды: «Бері қарай! Бері қарай! Бері қарай!» – деп шақырамын. Сол кезде «Олар сенен кейін туралықты адасумен ауыстырды», – деген дауыс естіледі. Мен сонда: «Аулақ жүрсін! Аулақ жүрсін!» – деймін»[2], – деді»

Алла елшісі (ﷺ) сағынып, Кәусәр бұлағының алдында күтетін бақытты жандардың белгілері – жүздері мен аяқтары жарқырайды. Олардың жүздері мен аяқтарының жарқырауына не нәрсе себеп болды? Әрине, дүние тіршілігінде Алла Тағалаға құлшылық етіп, намаз оқу үшін ерінбей алған дәреттің септігі тиді.

Қайсы бір пенде дәретін алып, бес уақыт намазына берік болса, пайғамбар (ﷺ) сағынған жандардың қатарынан табылары сөзсіз. Сондай-ақ, тағы бір хадисте:

«Мұсылман яки мүмин пенде дәрет алып, бетін жуса, көздерінің барлық күнәсі дәрет суымен немесе судың соңғы тамшысымен жүзінен жуылып кетеді. Егер қолын жуса, қолымен істеген әр күнәсі дәрет суымен яки судың соңғы тамшысымен жуылып кетеді. Егер аяғын жуса, аяғымен жүріп істеген күнәлары дәрет суымен яки судың соңғы тамшысымен жуылып кетеді. Пенде осылайша күнәлардан тазарып арылады»[3],-деп сүйіншілеген.

Сонымен қатар, жоғарыдағы хадисте: «Бір адамдар адасқан түйенің қашқаны сияқты хәуізімнен әрі қуылып, қашады»,– делінген. Пайғамбар (ﷺ)-нің Кәусәр бұлағынан адасып, қуылған бұл бақытсыз жандар кімдер?  Хадистің жалғасында: «Олар сенен кейін туралықты адасумен ауыстырды»,- деген жауабы баяндалған.

Туралықты адасумен ауыстырғандардың қатарында қой терісін жамылған қасқырдай Құран мен сүннетті жалаулатып айдың аман күнінде  адасып жүргендердің де қаралары табылады.

Жалған жиһадқа шақырып, жастардың санасын сан-саққа жүгіртетін ағымдарға Алла елшісі (ﷺ) «Аулақ жүрсін! Аулақ жүрсін!» – деп, олардан теріс айналатындығын, сірә, түсінбесе керек! 

Нұрлан РАМАЗАН,
«Нұр Астана» орталық мешітінің наиб имамы
 


[1] Имам Мүслим риуаят етті.
[2] ИмамАхмад риуаят етті.
[3] Имам Мүслим риуаят етті.

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру