Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Пайдалы кеңес: БІЛІМ АЛУ

19.08.2015 6852 0 пікір

Бұл жалған дүниеде мақсатың (әрине әуелі Алланың разылығын табу) болсын. Не үшін жаратылғандығың жайлы көп ойлан. Барша әлемнің ішінде адамзаттың, адамзаттың арасындағы қауымның, қауымның ішіндегі міндетің мен жауапкершілігіңді біліп ал. Бұл өмірде жаратылғандағы мақсатыңды (құлшылық) біліп, оны жоғары дәрежеде атқарудың жолы, оны жан-жақты меңгеру арқылы болмақ.

Сен «адам» деген қастерлі де құрметті ұғымның иесісің. Өзіңді таны. Барлық нәрсе сенен басталады. Жаратылғандардың сұлтаны екеніңді ұмытпа. Адам деген жол һәм жолаушы секілді. Жолаушы жолды білгісі келсе, өзін тануы тиіс, яғни қабілет, ерекшелік, жауапкершілік пен құқығын...

Бір нәрсені біліп-үйренуге деген құштарлық, өзін-өзі тануға қарай басылған алғашқы қадам болып табылады. Осылайша білудің ғажайыптар әлеміне жетелейтіндігіне көзің жетеді.

Надандықтан, оба ауруынан қашқандай қаш. Білім – шындықтың негізі. Иманның өзі білуден басталады; Алла Тағаланы тану. Сені шындыққа жетелейтін негіздерді табуға тырыс. Оның аты «оқу». «Оқы!» деген әмір, мұғжизалы Құранның ең алғаш түскен аяттарының алғашқы сөзі. Көзбен ғана оқиды деп  қателеспеу керек. Құлақ, мұрын, тіл, ой, жүрек, рух, ақыл, түйсік, сезім осының барлығы оқитын басты құралдарға жатады. Бұл оқудың түрлері.

Білімпаздық пен даналық көзге жылтырап көрінетін дүниенің байлығынан әлдеқайда артық. Өйткені білім – нағыз патшалық.

Білім алғанда, маңызды нәрседен бастауды ұмытпаңыз. Ол үшін әрдайым «бұл білім мен үшін қаншалықты маңызды?» деп сұрау қажет.

Білімді, діни және дүниялық деп екіге бөлуге болмаса керек. Кез-келген мүміннің дүниесі дінінен, діні дүниесінен бөлек емес. Өз мамандығың жайлы білім сенің «ғылымхалың» болмақ. Ол да ақыреттік білімің сияқты аса қажетті әрі пайдалы десек болады.

Білімді жүк қылып арқалап жүруден сақтан. Алла елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) пайдасыз білімнен құтылу үшін Аллаға сиынған. Пайдасыз білім санаңа түскен тас секілді. Оны уақыт күттірмей түсіру қажет. Сананың тасы, бүйректің тасынан әлдеқайда қауіпті. Емдеу де аса қиын. Бүйректің тасын лазер сәулесімен бөлшектеуге болады. Ал санадағы тасты бөлшектеу мүмкін емес. Білімді мен ғалымды, ғалым мен білім алушыны тани алмау ғалымның кім, білімнің не екенін білмеуден туындайды. Білім мен ғалымның артықшылығын «Шын мәнінде Алладан ғалым құлдары ғана қорқады» («Фатыр» сүресі, 28-аят) деген аятынан табуға болады. 

Дайындаған:
muftyat.kz

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру