Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Qazіr

25 April 2024

16 Sháýýál 1445 Хижра

  DINI MEREKELER

Нұрбек Есмағанбет: Көрші ақысы – Тәңір ақысы

17.08.2015 8372 0 пікір

قَالَ اللهُ تَعَالَى: ﴿وَاعْبُدُوا اللهَ وَلا تُشْرِكُوا بِهِ شَيْئاً وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَاناً وَبِذِي الْقُرْبَى وَالْيَتَامَى وَالْمَسَاكِينِ وَالْجَارِ ذِي الْقُرْبَى وَالْجَارِ الْجُنُبِ﴾

«Аллаға құлшылық қылыңдар. Оған ешкімді серік қоспаңдар. Әке-шешеге, туыстарға, жетімдерге, кедей-кепшіктерге, жақын көршіге, алыс көршіге, жаныңдағы жолдасыңа, қаражаты таусылған жолаушыларға, қолдарыңа қарағандарға (қызметшілерге) жақсылық жасаңдар. Алла даңдайсыған тәкаппарларды жақсы көрмейді».[1] 

«Көрші ақысы – Тәңір ақысы» деп, қоңсылықты қастерлеп, ерекше қадір тұтқан елміз. Әрине біздегі мұндай көршілік қарым қатынас мәдениеті Ислам дінімен тығыз байланысты. Шынында көршімен жақсы болу шынайы мұсылманға тән қасиет. Бұл жайында Құран мен хадистерде көп айтылады. 

Көрші ақысы Тәңір ақысы

Пайғамбар (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) көршілік ақысы тұрғысынан оларды үшке бөлген:

1. Бір ғана ақысы бар көршілер. Бұл мұсылман емес көршілер. Бұлардың тек көршілік ақысы бар.

2. Қос ақысы бар көршілер. Бұл мұсылман көршілер. Бұлардың көршілік ақысымен қатар мұсылман бауыр ретінде ақысы бар.

3. Үш бірдей ақысы бар көршілер. Бұл мұсылман әрі туыс болып келетін көршілер. Бұлардың көршілік, мұсылмандық және туыстық ақысы бар.[2]

Осылайша Ислам шариғаты мен әдебі барша мұсылмандарды көршілерімен, тіпті Аллаға сенбейтін болса да олармен  жақсы болуға шақырады.

Ибн Омардан (Оған Алла разы болсын) жеткен риуаятта Алла Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: 

عَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «مَا زَالَ جِبْرِيلُ يُوصِينِى بِالْجَارِ حَتَّى ظَنَنْتُ أَنَّهُ سَيُوَرِّثُهُ». رَوَاهُ الْبُخَارِيُّ وَمُسْلِمٌ.

 «Маған Жәбірейіл періштенің көрші ақысы туралы көп өсиет айтқандығы соншалықты мен оны мұрагер қылатын шығар деп ойладым»,− деген.[3]

Халқымыздағы көрші ақысы жайлы қалыптасқан ұстаным Исламнан келеді. «Ақыретте алдымен көрші ақысы сұралады» деген наным да бар. Бұл ұғымның Ислам дінінде негізі бар. Ұқба ибн Амирден (Оған Алла разы болсын) жеткен риуаятта Алла Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: 

عَنْ عُقْبَةَ بْنِ عَامِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «أَوَّلُ خَصْمَيْنِ يَوْمَ الْقِيَامَةِ جَارَانِ». رَوَاهُ أَحْمَدُ.

 «Қиямет күні ең бірінші дауласатындар – көршілер».[4] 

Жақсы көрші дүние тіршілігінің сәні

Көршінің жақсы болуы адамдардың тіршілігіне сән береді. Сондықтан адамдар үй таңдаудан бұрын көрші таңдауға мән беруі керек. Өйткені мұсылман баласының бұл дүниедегі тіршілігіне сән беретін нәрсе салиқалы көрші.[5] Пайғамбарымыздың бір өсиетінде былай делінеді:

«Уақытша тұрақтайтын жерлеріңдегі көрші жаман болса оның жарасы жеңіл. Ал үнемі тұрақтайтын жерлеріңде жаман көршіге жолықтырмауын Алладан сұраңдар».[6]

Ел аузында жақсы көрші туралы мағыналы хикая бар. Ертеде Лұқман хакімнің бір шаһарда екі үйі болыпты. Бірі хан сарайындай үлкен болса, бірі шағын, жұпыны екен. Бір күні Лұқман хакім үйін сатып, өзге қалаға көшпек болып, үйлерін сатпақ болады. Сонда ол кең сарайлы үйін арзанға, ал лашығын қымбатқа бағалайды. Алушы түсінбей, оның мәнісін сұрайды. Лұқман хакім: – Мына үйім лашық болғанмен, көршім – жақсы адам. Ондай көршіні Алла өзі нәсіп етпесе, шаммен іздеп таппайсың. Сондықтан үйдің құнын емес, абзал көршімді қымбатқа бағаладым, – депті.

«Қоныс сайламас бұрын көршіңді сайла», «Үй алма, көрші ал» деген мәтелдер Лұқман хәкімнен қалған екен.

Қоңсы жайлы қазақ арасында «ұлым жақсы болсын десең, ұлы жақсымен, қызым жақсы болсын десең, қызы жақсымен көрші бол» деген сынды мақалдар бар. Демек жақсы көршінің жақсылығы жұғысты болады.

Көрші таңдау мүмкіндігі туып жатса әрине мешітпен көрші болуға тырысқан жөн. Өйткені сол маңайда жақсы орта қалыптасып қана қоймай, күнделікті естіліп тұратын азанның дауысы құлшылыққа, ізгі амалдар жасауға итермелеп тұрады.

Ислам дінінде көрші қатынасының маңыздылығы соншалық, ол бұ дүниемен ғана шектелмейді. Тіршілікте салиқалы жандармен көрші болуға асығу қандай маңызды болса, қабірде де сондай жандардың қасына жерлеу маңызды. Алланың елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді:

«Марқұмдарыңызды салиқалы жандардың жанына жерлеңіздер!».[7]

Көршілер бір-бірінің күнделікті өміріне, елмен араластығына, жақсы-жаман істеріне бірден-бір куә адамдар. Көршілердің куәгерлігі ақырет үшін де аса маңызды болып есептеледі. Бір хадисте: «Бір мұсылман қайтыс болғанда, көршілерінен үш кісі ол жайлы жақсы куә болса, Алла тағала былай дейді: «Осы білгендерін құлдарыма куә ретінде қабыл алдым». Немесе «Бұл құлымның Өзім білетін күнәларын кештім» деп бұйырады» делінген.[8] 

Жақсы көрші іздемес бұрын жақсы көрші болуға тырысып бақ!

Жақсы көрші іздемес бұрын әр адам ең әуелі көршілеріне  деген өз мәмілесін түзеуі керек. Көрші ақысы туралы Алла Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзі үлкен өнеге көрсеткен. Өзіне жәбір көрсетіп, жолына нәжіс төсеп қоятын имансыз көршісі ауырып қалғанда оның хал-жағдайын сұрап барады. Сөйтіп, осындай керемет жақсы қарым-қатынасы арқылы сол көршісінің иман келтіруіне себепкер болады.. «Аспен ұрғанды таспен ұр», «Ұлық болсаң кішік бол!» сынды мақалдар ең әуелі көршіге қатысты амалға асуы керек. 

Көрші алдындағы міндеттеріміз

Көршілерімізбен әрдайым ізгі ниетте болып, сәлем беріп, оқта-текте үйлеріне бас сұғып, хал-жағдайларын сұрап тұру керек. Ауырып қалса үйіне барып, хал-жағдайын сұрау, ол жоқта бала-шағасы мен мал-мүлкіне бас-көз болып, қарайласу міндетіміз. Бір адамның бір емес, бірнеше көршілері болуы әбден мүмкін. Ал олардың ішіндегі жақсылық жасауға ең лайықтысы ең жақын тұратын көрші. Айша (Оған Алла разы болсын) риуаят етеді:

عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قالت: قُلْتُ يَا رَسُولَ اللَّهِ إِنَّ لِي جَارَيْنِ فَإِلَى أَيِّهِمَا أُهْدِي؟ قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّم: «إِلَى أَقْرَبِهِمَا مِنْكِ بَابًا». رَوَاهُ الْبُخَارِيُّ.

Бірде Алла Елшісінен (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Уа, Расулалла! Менің екі көршім бар, сыйды соның қайсысына берейін?» – деп сұрағанда, «Есігі ең жақын орналасқанына», – деп жауап берген.[9]

Жақсылық жасауға ең жақын көршінің лайықты болуының себебі әдетте ол жапсарлас көршісінің үйінде не болып жатқанынан хабардар болады. Үйге кім кіріп, кім шығып жатқандығын көреді. Қандай да бір қиыншылыққа тап болғанда да қасынан табылатын сол көршісі болмақ. Сондықтан да ол жақсылық жасауға бірден-бір лайықты көрші.

Көршіге көмектесу

Көмекке мұқтаж болған көршіге көмектесу ең алдымен көршінің міндеті.

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «لاَ يَمْنَعُ جَارٌ جَارَهَ أَنْ يَغْرِزَ خَشَبَهُ فِي جِدَارِهِ». مُتَّفَقٌ عَلَيهِ.

Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Сендердің біреулерің өзінің жапсарлас қабырғасына көршісінің арқалық бөренесін қоюына тыйым салмасын», – деген.[10]

Яғни егер бір зиян келмейтін болса, көршінің құрылысы үшін өз үйінің, не сарайының қабырғасын немесе дуалын тірек етуге рұқсат беруі тиіс екен.

Қазақ халқы: «Жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас, жаман кісіге мал бітсе, жанына қоңсы қондырмас», − деп көрші ақысын белден басатындарды қатты сынаған. Осыдан оның адамгершілікке де, мұсылманшылыққа да сыймайтындығын аңғару қиын емес. 

Көршіге зиян тигізбеу

Ислам дінінде көршіге қандай да бір залал тигізіп, жамандық жасауға қатаң түрде тыйым салынған. Әбу Һурайрадан (Оған Алла разы болсын) Алланың Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп ескерткен: 

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «مَنْ كَانَ يُؤْمِنُ بِاللَّهِ وَالْيَوْمِ الآخِرِ: فَلا يُؤْذِ جَارَهُ». مُتَّفَقٌ عَلَيهِ.

 «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне сенген болса көршісін еш зиянын тигізбесін».[11]

عَنْ أَبِي شريح رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أن النبي صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: «وَالله لا يُؤْمِنُ، وَالله لا يُؤْمِنُ، وَالله لا يُؤْمِنُ» قِيلَ وَمَنْ يَا رَسُولَ ؟ قَالَ: «الَّذِي لا يَأْمَنُ جَارُهُ بَوَائِقَهُ». رَوَاهُ الْبُخَارِيُّ.

Әбу Шурайхтан (Оған Алла разы болсын) жеткен риуаятта Пайғамбар (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Уаллаһи, ол иман келтірмеді! Уаллаһи, ол иман келтірмеді! Уаллаһи, ол иман келтірмеді!» – деп үш рет айтады. Сонда сахабалар: «Уа, Расулалла! Ол кім?» – деп сұрағанда, Алла Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Өзінен бір зиян келмейтіндігіне көршісі сенімді болмаған жан», – деген.[12]

Яғни, өзінен бір жамандық келмейтіндігіне көршісі сенімді болмаған адам толық иман келтірген болып есептелмейді. Ондай жанның жасаған ғибадаттары мен жақсылықтарының да сауабы аз. 

Ішкен асымен бөлісу

Әсіресе қиыншылық, жоқшылық уақыттарда көршінің жағдайына қарайласу қажет. Әнес бин Мәлік (Оған Алла разы болсын) жеткізген риуаятта Алла Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді:

عَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «مَا آمَنَ بِي مَنْ بَاتَ شَبْعَانَ وَجَارُهُ جَائِعٌ إِلَى جَنْبِهِ، وَهُوَ يَعْلَمُ بِهِ». رَوَاهُ الْبَزَّارُ.

 «Жанындағы көршісінің аш жатқандығын біле тұра өзі тоқ болып жатқан адам маған нақ иман келтірген емес», – дейді.[13]

Сондай-ақ Әбу Зәрр (Оған Алла разы болсын) былай дейді: «Досым Расулулла маған былай деп өсиет айтты: «Сулы ас пісірсең сорпасын мол ет. Сосын көршілеріңді ескеріп, оларға да сияпат жаса!».[14] 

Көршімен ақылдасу

Көршіге қандай да бір қатысы бар мәселелерде онымен ақылдаса отырып қимылдау керек. Пайғамбар (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде, тіпті, үйді, қораны сатарда әуелі қабырғалас көршісімен ақылдасуды бұйырады. 

Кешірімді болу

Көрші болудың қиындықтары да болады. Пенде болғаннан соң ара тұра реніштер де болмай қоймайды. Мұндай ұсақ түйектерге Алла разылығы үшін сабырлық таныту, әрі көршінің кем кетіктеріне кешіріммен қарай білу қажет. Ондай адамдарды Алла Тағаланың жақсы көретіндігі және көршісінің кесір кесапаттарынан қорғайтындығы хадистерде келеді.[15] Ислам әдебінде көрші ақысы жайында былай делінеді: «Көршілік ақысы не екендігін білемісің? Сенен жәрдем сұрағанда қол ұшын беруің, қарыз сұрап келсе көмектесуің, мұқтаждығын өтей алсаң өтеуің, ауырып қалса халін сұрауың, жақсылыққа қол жеткізсе құттықтауың, қайғыға душар болса көңіл айтуың, қайтыс болса жаназасына қатысуың, рұқсатын алмастан оған кедергі ететін құрылыс жасамауың, жақсы ас пісірген кезіңде иісімен қызықтырмай оған да ауыз тигізуің көршілік міндетің. Жеміс жидек сатып алсаң көз ақысын бер, немесе көрсетпей жегін. Балаңа да осыны үйрет..[16]

Қарбалас дүние тіршілігінің қамымен жүріп, кейде өзімізден басқаны ойлауға шамамыз келмей жатады. Қысыл-таяң шақта ауыртпашылықты бірге көтерісетін, қуансақ қызығымызды бірге бөлісетін, «алыстағы ағайыннан жақын» болатын көршілерді кейде ұмытып кетіп жатамыз. Енді біреулеріміз тіпті айналамыздағы көршілерді танымаймыз да. Көршісімен қоян – қолтық араласатын, шәй сұраса май қосып беретін, есігін жаппайтын, дастарханы жиылмайтын кең пейілді, дархан жүректі халықтың ұрпағы болуға лайықтымыз ба?

«Көршісіне зияны тиетін адам жұмаққа кіре алмайды», «Аллаға және ақырет күніне сендім деген адам көршісін сыйласын...» деген пайғамбар өсиеттерінен ұғарымыз жақсы-жаман екендігіміздің өлшемі, имандылығымыздың мөлшері де көршілерімізге деген мәмілемізден белгілі болмақ екен..

Раббым баршамызды Аллаға және ақырет күніне шынайы иман келтіргендердің қатарынан етсін!

Нұрбек Есмағанбет
ҚМДБ-ның Алматы қаласы бойынша өкіл имамы



[1] «Ниса» сүресі, 36-аят
[2]  (Ибн Хажар. Фәтхул-Бәри X, 456; Суюти, Әл-Жәмиғус-Сағир I, 146.)
[3] Бұхари мен Мүслім риуаят еткен.
[4] Ахмет риуаят еткен
[5] Ахмад б. Ханбәл III, 407
[6] Нәсәи, истиғаза 44
[7] Дәйлеми, I, 102
[8] Ахмед, ІІ, 291, VI, 159
[9] Бұхари риуаят еткен
[10] Бұхари мен Мүслім риуаят еткен
[11] Бұхари мен Мүслім риуаят еткен
[12] Бұхари риуаят еткен
[13] Әл-Баззар риуаяты.
[14] Мүслим, бирр 143
[15] Ахмад б.Ханбәл, V, 176
[16] Байхақи, Шуғаб, VII, 83; Қуртуби, V, 120-123

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру