Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Жұма күні құдайы ас беру дұрыс па?

05.05.2014 6938 0 пікір

Жұма – күн атаулының төресі һәм ұлығы. Ислам тарихында бұл күні көптеген айтулы оқиғалар орын алған. Адамзаттың атасы Адам (а.с) осы күні жаратылып, жұма күні жұмаққа кіргізілді.


Жаннаттан жерге түсіріліп, жан тапсырған кезі де осы қасиетті күні. Риуаяттарда қиямет қайым да осы күні болады делінген. Бұл сөзімізді Әбу Һурайра (р.а) риуаят еткен пайғамбарымыздың (с.а.с) мына хадисі айшықтай түспек:


خَيْرُ يَوْمٍ طَلَعَتْ عَلَيْهِ الشَّمْسُ يَوْمُ الْجُمْعَةِ فِيْهِ خُلِقَ آدَمُ وَ فِيْهِ أُدْخِلَ الْجَنَّةَ وَ فِيْهِ أُخْرِجَ مِنْهَا وَ لا تَقُومُ السَّاعَةُ إلاَّ فِي يَوْمِ الْجُمْعَةِ

Яғни, «Жұма - күн шуағы шашылған күндердiң ең жақсысы. Адам (а.с.) жұма күнi жаратылып, жұма күнi пейiшке кiрген және жұма күнi жұмақтан шығарылған. Қиямет күні де жұма күнi болмақ», - деп хабар береді. (Хадисті имам Муслим жеткізген)

«Жұма» сөзі жинау, бас қосу деген мағыналарды береді. Сондықтан да күллі мұсылман баласы бұл күнді қуанышпен қарсы алып, Алла үйі мешіттерге жиналып, үгіт-насихат тыңдап, жамағатпен жұма намазын оқиды. Бұл күні ер мұсылмандар үшін атқаратын аса маңызды шара – ол апталық ғибадат жұма намазы. Жолаушы, сырқат емес ер адамдар жергілікті мешіттерге барып, көпшілікпен бірге жұма намазына қатысуы Алланың бұйрығы. Бұл жайында Жұма сүресінде былай дейді:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آَمَنُوا إِذَا نُودِيَ لِلصَّلَاةِ مِنْ يَوْمِ الْجُمُعَةِ فَاسْعَوْا إِلَى ذِكْرِ اللَّهِ وَذَرُوا الْبَيْعَ ذَلِكُمْ خَيْرٌ لَكُمْ إِنْ كُنْتُمْ تَعْلَمُونَ

Яғни, «Әй, мүміндер! Жұма күні намаз үшін азан айтылған кезде, дереу Алланы еске алуға (намазға) ұмтылыңдар, және сауданы қойыңдар, егер білген болсаңдар, сендер үшін жақсы», - делінген.

Екі дүние сұлтаны Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.с) жұма намазының сауабы жөнінде былай дейді: «Жұма күні мешіттің әрбір есігінде періштелер тұрып, мешітке келген намазхандарды жазып отырады. Жұмаға ерте келген адам құрбандыққа түйе сойғанның сауабын алса, одан кейін келген сиыр құрбандық еткеннiң сауабын алады. Үшiншi келген кісі қой құрбандық еткеннiң сауабын еншілесе, төртiншi келген адам бiр тауық сойғанның сауабын иеленеді. Ал, бесінші келген адам жұмыртқа садақа еткеннің сауабын алады. Мешіт имамы келген уақытта періштелер амал кітаптарын жауып, имамның сөзін (уағызын) тыңдауға өтеді». (Имам Бұхари мен имам Муслим жеткізген)

Дана халқымыз осы бір қасиетті күнді аса қадір тұтады. Өйткені, осы күні Жаббар Алланың жұмыр басты пендесіне деген рақымы мен мейірімі ерекше төгіліп тұратынын жіте түсінеді. Тіпті, тілектің қабыл болатынына оңтайлы жасырылған бір сәттің бар екендігін ұғынып, жұма күні Жаратушысына жалбарына дұға жасап, мінәжатын арттырады. Кешірімді Алладан қате-кемшіліктеріне кешірім сұрайды. Сондай-ақ, марқұмдарға білген құранын бағыштап, жарылқау тілейді.

Осы күннің ерекше қадір-қасиетін түсініп, қастерлеген кейбір мұсылман бауырларымыз бүгінде құдайы асты осы жұма күні жасауға тырысады. Көпшілік болып марқұмға дұға-тілек жасап, Алланың құзырындағы жағдайы жеңіл болса екен деп ниет етеді. Сондықтан да күндердің сұлтаны, қасиетті жұма күнін таңдайды. Ниет түзу, көңіл ақ. Ойда ала-бөтен дәнеңе жоқ. Алайда, бұл құдайы ас уақыты аптасына бір рет жамағатпен оқылатын жұма намазының уақытына сәйкес келіп жатады. Асқа шақырылған қонақтар арасында намазхандар мен жергілікті имам да бар. Сонда олар не істемек? Асқа бара ма, әлде аптасына бір рет қана орындалатын жұма намазына қатыса ма? Бір жағынан ет жақын туысының асы болса, екінші жағынан сауабы мол жұма намазы тұр. Жә, бір жұманы жіберіп алсам не бопты тәйірі, - деп буын бұрқыратып ет жеп отыруға да дәті шыдамайды. Өйткені, дәл осы уақытта мыңдаған мұсылмандар көпшілік болып жұма намазында сап түзеп тұрады. Сол себепті әуелі жұма намазына қатысуға тырысады. Оның себебі де бар. Сауалдың жауабын біз мына бір оқиға желісін өрбіту арқылы іздеп көрейік.


Бірде жұма күні Пайғамбарымыз (с.а.с) жұма намазының хұтбасын оқып тұр еді. Кенет алыс сапардан қалаға астық тиелген сауда керуені кіріп келді. Бұл хабардың мешітте жеткені сол-ақ екен мешітте отырған мұсылмандардың кейбіреулері орындарынан өре түрегеліп, керуенді қарсы алуға шығып кетті. Олардың бар ойы тезірақ өз үлестерін алып қалу болатын. Осы сәтте Алла тағала Пайғамбарымызға (с.а.с) былай деп уахи етті:


وَ إِذَا رَأَوْا تِجَارَةً أَوْ لَهْوًا انْفَضُّواْ إِلَيْهَا وَ تَرَكُوْكَ قَائِمًا قُلْ مَا عِنْدَ اللَّهِ خَيْرٌ مِنَ اللَّهْوِ وَ مِنَ التِّجَارَةِ وَ اللَّهُ خَيْرُ الرَّازِقِينَ


Яғни, «(Ей, Мұхаммед!) Бірер сауда немесе тамашаны көре қалса, олар сені тік тұрып (хұтпа оқыған) бетіңде тастап, саудасына жүгіріп кете береді. Сен айт: «Тамашадан да, саудадан да Алланың қарамағындағы сауап артық. Алла ризық берушілердің ең жақсысы». (»Жұма« сүресi, 11-аяты)


Әрине, ол кезде сахабалардың жұма намазын тастап, керуенге жүгірулерінің себебі де бар еді. Өйткені, азық-түлігі бітуге айналған олар керуендегі астықтан елден бұрын өз үлестерін алуға ұмтылды. Осы жағдай жоғарыдағы аяттың уахи етілуіне сеп болды. Алла тағала аятта ризық беруші һәм оны арттырушы бір Алла ғана екенін ұқтырып, құлшылықты құлшынып жасауды бұйырды. Ибн Касир тәпсірінде егер сол кезде мешіттен мұсылмандардың барлығы жұманы тасап керуенді күтіп алуға шығып кеткенде баршасы Алланың қаһарына ұшырайтын еді деп тәпсірлейді.

Сол себепті, құрметті мұсылман қауым! Біз осы күні мұсылмандар үшін аса маңызды жамағатпен орындалатын ғибадаттан қалыс қалмайық. Сондай-ақ, ағайын-туыс пен жора-жолдастың және әріптестеріміздің жұма намазын жіберіп алуына себеп болмайық. Дұрыс, сөз жоқ жұма қасиетті күн. Алайда, ас беру үшін аптаның кез келген күнін таңдауға болады. Яки асты жұма намазынан кейін берген жөн. Жалпы, мұсылман адамның күн тәртібі намаз уақыттарына қарай жасалады. Демек, ас беруші адам да жергілікті намаз уақыттарымен санасып, іс-әрекет еткені құба-құп. Өйткені, бұл күні аптасына бір рет оқылатын және осы күнге ғана тән жұма намазы бар. Оны оқи алмай қалған адам басқа намаздар секілді өзі жеке орындай алмайды. Себебі, бұл жамағатпен орындалатын құлшылық. Тіпті, оны себепсізден-себепсіз жіберіп алған адамның жағдайын Әбу әл-Жағд ад-Дамрийден (р.а) риуаят етілген хадисте былай деп баяндайды: «Пайғамбарымыз (с.а.с):

 

مَنْ تَرَكَ ثَلاثَ ْجُمَعٍ تَهَاوُنًا بِهَا طَبَعَ اللهُ عَلَي قَلْبِهِ

Яғни, «Кiмде-кiм жұма намазын үш рет себепсiз (елемей) қалдырса, Алла оның жүрегiн мөрлеп қояды», - деген. (Хадисті Имам Тирмизи мен Имам Ахмад жеткізген). Мұндағы «жүрегін мөрлейді» дегені жүректі жауып, Алланың жақсылықтарынан оны мақұрым етеді, жүрегіне надандықты, қаталдықты салады немесе оны мұнафық (екіжүзді) адамның жүрегіне айналдырады, деген мағынада. (әл-Мунауи, «Файдул-Қадиир шархул-жаамиъис-сағиир» 6-том, http://www.muhaddith.org/cgi-bin/dspl_cgi.exe/form-сайтынан)
Ендеше, сауап пен жақсылықтан қол үзіп қалмайық. Бұл ас беруші ағайынды сынап, мін айту емес, дұрыс жол нұсқап, сауаптан өзімізді де өзгені де құр қалмауға шақыру. Алла тағала ниеттерімізді қабыл, мұраттарымызды асыл етсін ағайын!

«Нұр Астана» орталық 
мешітінің наиб имамы 
Төлеби ОСПАН

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру