Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Кешірім айы

12.08.2011 5941 0 пікір

Рамазан айы – ораза ұстау мен намаз оқу, садақа беру арқылы нәпсімен күресіп, табысқа жету мезгілі. Аллаһ Расулы (с.ғ.с.) бұл қасиетті ай жайында: «Ей, адамдар! Сендерді мүбәрак бір ай көлеңкелеп тұр. Оның ішінде мың айдан да қайырлы түні бар. Аллаһ тағала осы айда ораза ұстауды парыз етіп, сауаптардың есесін арттырды. Кімде-кім осы айда қайырлы бір іспен Аллаһқа жақындаса, басқа айлардағы бір парызды орындағандай болады. Ал, бір парыз орындаса, басқа айлардағы жетпіс парыздың сауабын алады. Рамазан – сабыр айы. Оның сыйы – жәннат. Бұл ай өзгелердің қиыншылығы мен қайғысына ортақтасу айы. Мүміннің ризығы көбейетін ай.

Кімде-кім осы айда ораза ұстаған адамның аузын аштырса, бұл оның күнәларының кешірілуіне, жәһаннам азабынан құтылуына және өзінің сыйынан ештеңе жоғалтпай оразаның сауабына қол жеткізуге себепші болады»,–деді.

Сол кезде сахабалар: «Уа, Аллаһтың Елшісі (с.ғ.с.) ! Егер ораза ұстаған адам тоярлықтай тамақ болмаса ше? » дегенде, Расулуллаһ (с.ғ.с.) : «Кімде-кім ораза ұстаған адамға бір құрма немесе бір сусынмен, не болмаса бір жұтым сүтпен аузын аштыратын болса да, Аллаһ оған осы сауапты береді» деді де, сөзін былай сабақтады:

«Бұл айдың басы – рахмет, ортасы кешірім, соңы жәһәннамнан азат болу. Кімде-кім осы айда қол астындағы адамдарға жақсылық жасаса , Аллаһ оның күнәларын кешіреді және оны тозақ азабынан құтқарады».

Бұл айда мына мәселелерге ерекше мән беру қажет. Тәуһид кәлимасын көбірек айтып, Аллаһтан кешірім тілеп, жәһаннам отынан сақтану үшін Жаратушыға сыйыну.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) басқа хадисінде: «Кімде-кім ораза ұстаған адамның аузын сумен аштыратын болса, Аллаһ тағала да оған менің хауызымнан су береді. Тіпті, ол жәннатқа кіргенге дейін шөлдемейтін болады»,– дейді (Әли әл-Мұттақи, VІІІ, 477/23714).

Рамазанның қасиетті болуы Қадір түні осы айдың еншісінде. Қадір түні Аллаһтың кешірімі тасыған, Мұхаммед (с.ғ.с.) үмметіне шексіз қазыналарды сыйлайтын түн. Оның маңызы мен құндылығы жөнінде Құранда сүре бар. Бұл түн Құранның түсуімен нұрланған, Жәбірейіл (ғ.с.) мен басқа періштелер жер бетіне түсіп, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үмметтері үшін Аллаһтан истиғфар тілейді. Расуллуллаһ (с.ғ.с.) былай дейді:

«Қадір түнінің қасиеті мен артықшылығына сене отырып, сауабын тек Аллаһтан күтіп құлшылықпен өткізген адамның өткен күнәлары кешіріледі» (Мүсілім, «Мүсәфирин», 175).

Қадір түні тек Аллаһ Елшісінің (с.ғ.с.) үмметіне берілген ерекше сый, кешірім мен мәрхамат түні. Раббымыз осы түнді құлшылықпен өткізгендерге мың айдың, яғни 83 жыл 4 айдың сауабын береді.

Хазреті Мәуләна «Диуан Кәбир» атты кітабында осы мүбәрак ай жайлы бізге былай деп ескерту жасайды: «Рамазан келді, енді дүнияуи құндылықтардан қолыңды тарт, көктен рухани ризықтар келеді. Бұл – көңіл дастарханы жайылатын ай. Жүрекке ғашықтық пен иман толатын ай».

Көңіл алдамшы қызықтардан арылмайынша мәңгілік ләззатқа жете алмайды. Бұл сәбидің тісі шықпай тұрып, тамақ жей алмайтыны сияқты. Ораза бізді кейбір халал нәрселерден де тияды. Ал, харам мен күмәннан мүлде аулақ болуымызды ескертеді.

Ауызашарда: «Аллаһүммә ләкә сұмтү уә бикә әмәнтү уә аләйкә тәуәккәлтү уә алә ризқикә әфтартү». Қазақшасы «Ей, Аллаһым! Сен үшін ораза ұстадым. Саған иман еттім. Саған тәуекел еттім. Сен берген ризықпен аузымды аштым» деп Хаққа жалбарынамыз. Ауызашар дұғасы оразаның рухани жағын қамтиды.

Онда: «Аллаһүммә ләкә сұмтү» яғни «Ей, Аллаһым! Сенің ризашылығың үшін ораза ұстадым» деу арқылы риядан алыс екенімізді білдіреміз.

«Уә бикә әмәнтү» яғни «Саған иман келтірдім» деген кезде, құлшылықтардың негізі иман екеніндігінде. Яғни, намаз бен оразаны сергектік және денсаулық тигізер пайдасы үшін емес, исламның бес парызының бірі (Аллаһтың әмірі ) болғандықтан орындаймыз.

«Уә аләйкә тәуәккәлтү» яғни «Саған тәуекел еттім» деп әлсіздігімізді мойындап, Раббымыздың шексіз құдіреті мен ұлылығына мойынсұнғандығымызды айғағы.

«Уә алә ризқикә әфтартү» яғни «Сенің берген ризығыңмен оразамды аштым» деп ризықтың Аллаһтан екендігіне иман келтіреміз..

Әулиелер ораза ұстаған адамдарды бірнеше топқа бөліп қарастырады:

1. Оразаға ниет етіп, таңнан ақшам намазына дейін жеп-ішу мен жыныстық қатынастар сияқты құштарлық пен қажеттіліктерден өзін алыс ұстайды. Бұл – қарапайым мүміндердің оразасы.

2.Таңдаулы мүміндердің оразасы – тыйым салынған барлық нәрседен аулақ болу.

3. Ең таңдаулы адамдардың оразасы болса, Аллаһтан басқа барлық нәрседен өзін алыс ұстауы және олардан аулақ болуы (Бурсауи, І, 289).

Олар тамақ ысырабын да осындай дәрежелерге бөлген:

1. Шариғатта тойғаннан кейін тамақ жеу ысырап;

2. Тариқатта тойғанша тамақ жеу ысырап;

3. Ақиқатта Хақ тағаланың құзырында екендігін ұмытып тамақ жеу ысырап.



Екіншіден, ораза айындағы намазға деген ыждағаттылық, мұқияттылық. Бұл жайында шейх Сағдидің «Гүлстан» атты еңбегінде:

«Бала кезімде зүһдке, түнгі құлшылыққа қатты берілген едім. Бір түні әкемнің қасында болдым. Түні бойы көзімді ілмей, Құран кәрімді қолымнан тастамадым. Қатарластарымның ұйықтап жатқанын меңзеп:

– Мыналардың барлығы өліп қалғандай, ешқайсысы түнгі құлшылыққа тұратын түрі байқалмайды ғой,– дегенімде әкем:

– Ұлым ! Басқаларды сөз еткенше, олар сияқты ұйықтап жатқаның дұрыс еді. Өйткені, сенің көзге ілмеген адамдарың осы сәтте илләһи рахымшылықтан құр қалғанымен, оларға Кирәмән Кәтибин періштелері ештеңе жазбайды. Сенің амал дәптеріңе , діндес бауырларыңды менсінбеу мен ғайбат ету күнәсі жазылды, – деп жауап берді».

Ғайбат пен өсек-өтіріктен қаншалықты аулақ болсақ, харам жолмен келетін дүние-мүлік пен күмәнді нәрселерден де соншалықты аулақ болуымыз керек. Өйткені жеген тамақтың адал не харам болуы адамның рухани халіне ықпал етеді. Аллаһқа жақын болу қаншалықты күмәнді, харам нәрселерден аулақ екендігіне байланысты. Нәпсіні тәрбиелеу мен жүректі тазарту тек халал тамақ жеу арқылы жүзеге асады. Хазреті Мәуләна бұл тұрғысында:

«Кеше түнде бізге аян басқаша көрінді. Өйткені асқазанға түскен бірнеше жапырақ күмәнді тағам аянның жолын жапты»,–деген.

Хазреті Суфиян Сәури былай дейді: «Адамның діндарлығы тамағының адалдығына байланысты». Осыған орай оқырман ғибрат алсын деп мына бір оқиғаны айта кетсек :

Сұлтан Сәлім хан мұсылмандарды бір тудың астына біріктіру мақсатында Мысырға жорыққа шығып, жол-жөнекей Гебзе деген жерге келіп аялдайды. Маңайдың бәрі жеміс ағаштары екен. Жемістері самсып тұр. Жасақ демалып болғасын, әскербасыларына олардың қоржындарын тексеруге бұйрық береді. Алайда, қалың сарбаздың ішінен бірде-бірінің қоржынан жемістің қандай бір түрін таба алмайды. Бұған қатты риза болған Сұлтан Сәлім аспанға қолын жайып: «Аллаһым, саған шексіз мадақ. Маған харам тамақ жемейтін әскер сыйладың. Егер олардың ішінен бір адам бақша иесінің рұқсатынсыз бір жеміс жұлып жесе, мен бұл жорықтан бас тартар едім. Өйткені харам тамақ жейтін қауым ешқашан жеңіске жетпейді!» – деп Аллаһқа шүкіршілік етеді.

. Қасиетті Рамазан ораза, тарауих намазы, сәресі сергектік тұрғысынан да өте маңызды. Аллаһ Расулы (с.ғ.с.) былай бұйырады:

Аллаһ сендерге Рамазанда ораза ұстауды парыз етті. Ал, тарауих намазы сүннет. Егер бір мүмін шын ниетпен сауабын Жаратушыдан күтіп, Рамазанда ораза ұстап, тарауих намазын (шарттарын орындап, ықыласпен) оқитын болса, анадан жаңа туған сәбидей күнәлары кешіріледі» (Ибн Мәжә, «Саләт», 173).

Расында, осы айдың күндізі сияқты түндерінің де, әсіресе таңсәрі уақытында да береке бар. Негізінде жылдың қай айында болса да таңсәрі уақыты, ариф (рухани кемелденген ) адам үшін баға жетпес, ерекше табыс көзі. Өйткені сол сәттер Аллаһтың құлын оңашалыққа шақырған кездері. Хақ тағала таңсәріде құлшылық еткендер хақында былай дейді:

«Таңсәрі уақытымен және тыныштыққа қауышқан кездегі түнмен ант етемін» («Дұха» сүресі, 2-аят );

«Олардың жамбасы төсектен алыстайды, қорқынышпен, үмітпен Раббысына дұға етеді және өздеріне берген ризықтарынан қайырға (жақсылыққа) жұмсайды» («Сәжде» сүресі, 16-аят);

Раббымыз жәннат нығметіне бөленетініне уәде берген құлдарының сипаттарын баяндаған аяттарда былай деп бұйырады:

«Түнді Раббысына сәжде етіп, қиямға тұрып өткізеді» («Фурқан» сүресі, 64-аят);

«(Олар) түнде өте аз ұйықтайтын. Таңсәрі уақытында да истиғфар ететін» («Зәрият» сүресі, 17-18-аяттар).

Осман Нұри ТОПБАШ

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру