Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

ЕҢ КӨРКЕМ ЕСІМ

Серікбол ХАСАН muftyat.kz 30.10.2020 9502 0 пікір
ЕҢ КӨРКЕМ ЕСІМ

Қазақта «мәмбет» деген сөз бар. Мағынасы майысып кеткені соншалық, бейпіл, балағат  ұғымдар қатарына кіріп кеткен. Смағұл Елубайдың сценарийі бойынша түсірілген «Оазис» деген фильм бар. Мазмұны терең психологиялық туынды. Фильмде екі кейіпкер бар. Бірінің аты – Мәмбет. Екіншісі –  Руслан. Бір қызығы, екеуі – бір-біріне кереғар адамдар.

Руслан жетімдер үйінде жетілгесін бе, мейірімнен ада, тіл мен діннен мақұрым қалған. Ал Мәмбет керісінше, тілі мен дінін сақтаған, иманды, өнегелі жігіт. Ол қашан да адасып жүрген адамдарға жол көрсетеді, жақсылыққа шақырады. Фильм авторларының бұл жігітке Мәмбет деген есім беруінің де себебі бар. Өйткені Мәмбет – Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбардың қазақыланған аты.

«...Руслан өзі өртеген ағашқа асылып өлмекші болады да, іске кіріседі. Дәл осы сәттің үстінен Мәмбет түседі. Қарапайым, иманды жан. Бейне сонау жаһилдік дәуірдегі араб қоғамына құтқарушы Исламды алып келген Мұхаммед секілді Русланды құтқаруға тағдыр Мәмбетті жібергендей еді. Фильм авторлары кейіпкер атының Мәмбет болуына да айрықша көңіл бөлгені байқалады. Бұл сөздің этимологиясы да Мұхаммед атауынан бастау алады» деп жазады Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының оқытушысы Әлімақын Жанболат (Әдебиет порталы).

Өкінішке қарай қазіргі уақытта «мәмбет» сөзі тілдік қолданысымызға ауылдан келген, түк көрмеген, тексіз, мәдениетсіз деген сөздердің синонимі секілді сіңіп кетті. Солай қалыптасты да. Өйткені бір замандарда дінді жеккөрінішті етіп көрсету, дін қайраткерлерін әжуалау әдейі қолдан жасалды. Мұхаммедті «мәмбет» деп келекелеу де – сол бір идеологиялық салқын саясаттың көрінісі. Жоғарыда аталған фильм авторлары «Оазистің» жағымды кейіпкеріне Мәмбет есімін беру арқылы құлаққа тұрпайы түрде сіңіп қалған сол бір атаудың асыл мағынасын аша түскендей.

Қазақта Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарымыздың құрметіне қойылған Мәмбет есімді тарихи тұлғалар аз емес. Мәмбет батыр Күнбасұлы, Мәмбет әулие Олжабайұлы т.б. Белгілі тарихшы, ғалым Мәмбет Қойгелді бар. Арғын, найман руларының ішінде Мәмбет, Мәмбетәлі аталары кездеседі. Алайда осы бір ұлағатты сөзіміз қоғамда қазақты кемсіту, мазақ ету, қорлау әрекеттерінің символына айналып кеткені жанды ауыртады. Неге бұлай болды?

«Кеңестік кезеңде қазақша сөйлеу, қазақ мәдениетінің иесі болу «дөрекі» саналды, орыс тілін білмеу «мәмбеттіктің» белгісі делінді. «Мәмбет» сөзі орыстандыру саясатының католизаторы болды. Біздің қазақтар сол сөзден өлердей қысылатынын сезген орыстардың әдейі ойлап тапқан саяси әдісі. Мақсат – орысша сөйлемейтін ауыл қазағын жеккөрінішті ету, ауыл өмірін жиіркенішті көрсету еді. Олардың бұл зымиян ойын орыстанған қазақтар да іліп әкетті. Елдің көзіне «мәмбет» болып көрінбеу үшін ауылдан келген қазақтардың өзі тілі жеткенше орысша сөйлеп қалуға тырысатын.

Бүгінгі таңда мәдениеттану саласында «мамбетизм» деген термин пайда болды. Бұрын ауылдан шыққан қазаққа, орысша білмейтін қазаққа қатысты қолданылатын «мәмбет» сөзінің мағыналық аясы кеңейді. Енді бұл сөз тек орыс тілін білмегендерге қатысты айтылмайды. «Мәмбет» атауы адамдардың мәдениетіне, күнделікті іс-әрекетіне, мінез-құлқына, тіпті түсінігіне қарай тағылатын болды» дейді белгілі ақын Темірғали Көпбаев.

Рас, империалистік отарлау кезінде шоқындыру саясаты жүргізіліп, сол мақсатта орыс тілін күштеп үйрету басталды. Осы кезде шоқындыруға қарсы шыққан жұртты отарлаушылар «мамбеты» деп атаған деседі. Анығы Аллаға аян. «мәмбет» сөзі – қазақ үшін қасиетті. Демек орыстандыру саясаты арқылы өңін өзгерткен «мәмбет» сөзінің түп төркінін тану өзімізге байланысты.

Ата-ананың бала алдындағы бір міндеті – жақсы ат қою. Балаға ат қоюға байланысты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қияметте өз және әкелеріңнің есімдерімен шақырыласыңдар. Сондықтан жақсы ат қойыңдар» деп өсиет еткен.

Қазіргі уақытта әлемде мұсылмандар арасында ең көп таралған есім – Мұхаммед. Шариғатымыз да балаға «Мұхам­мед» деп есім беруге тыйым салмайды. Өйткені «Мұхәммәд», «Ахмәд» сөздері мақтаулы, мадақтаулы деген мағынаны білдіреді. Қазақта да Мұхаммед аттас кісі есімі көп. Қазақ тілінің сингормонизм заңдылығы бойынша ауысып, қысқарған Мәмбет, Махамбет, Мақаш, Мұқан есімдерінің бәрінің де тұп мағынасы – Мұхаммед. Одан бөлек Махмұт, Ахмет, Мағжан атаулары да асыл пайғамбарымыздың құрметіне қойылған.

Қазақтың ұлы тұлғалары Махмұт Қашқари, Қожа Ахмет Яссауи, Ахмет Иүгінеки, Махамбет Өтемісұлы, Мұхаммед-Ханафия Шыңғысұлы (Шоқан Уәлиханов), Нұрмағанбет Баймырзаұлы (Балуан Шолақ), Ахмет Байтұрсынұлы, Мұстафа Шоқай, Мұхаметжан Тынышпайұлы, Дінмұхаммед Қонаев, Мұстафа Өзтүрік, Мұқағали Мақатаев, осы кісілердің бәрі де Мұхаммед Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) есімінен тарайды. Бұл кісілердің ата-аналары Алланың сүйікті құлы һәм елшісіне ұқсасын, ізін бассын, шапағаты дарысын деп Пайғамбар есімін берген болатын. Мұхаммед есімінің қазақтың салт-санасына сіңгені сондай, бата бергенде де Алла елшісінің есімін қосып айтады. Мұның бәрі де – пайғамбарға деген сүйіспеншіліктің айқын көрінісі.

 

Серікбол ХАСАН,

ҚМДБ Ғаламтор секторының меңгерушісі

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру